2544
Әдина Жүсіп: Ертегі жазу – қиындық емес, қызық
Әдина Жүсіп: Ертегі жазу – қиындық емес, қызық
Қазақ қыздарының ішінде балаларға арнап ертегі жазатындар сирек. Оның үстіне бүгінгі заманның балаларын кітапқа үңілдіру қиынның қиыны. Осындай қызығы мен қиындығы мол ой еңбегін қатар алып жүрген Әдина Жүсіп «Ертегілер елінде» журналын балалар үшін қызықты етіп шығаруға аянбайтын жан. Біз 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, ертегіші-қаламгерді әңгімеге тартқан едік.
– Әдина, өзіңді ертегі жанрын серік еткен қаламгер қыз ретінде білеміз. Ертегі жазу ермек пе, еңбек пе? Ауыз әдебиетінің бұл жанрын таңдауға не түрткі болды?
– Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылында туып өстім. Мамандықты дұрыс таңдай білу – адам өмірінің ең бір шешуші, ұтымды кезеңі ғой. Біздің бала кезімізде таңдайтын үш қана мамандық бар сияқты болып көрінетін: мұғалімдік, дәрігерлік, заң қызметкері. Кейде заң қызметкері болып, «қылмыскерлерге қарсы күрессем» деп бала қиялға ерік беретінмін. Осы қиялым арманға ұласып, Ақтөбе қаласынан бір-ақ шықтым. Жанымда әкем бар. «Ата-ана баласына – сыншы» дейді. Осы сөздің шындығына менің әкем дәлел. Олай дейтін себебім, құжат толтырып отырған сәтте әкем: «Қызым, биыл филология факультетінің ішінен журналистика бөлімі ашылыпты. Сен құжаттарыңды соған тапсыр», – деді. «Әке, менен журналист шықпайды», – дедім бірден. «Тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір пайыз талант болса болды. Мен сені білем. Жаза аласың!», – деді рух беріп. Әкемнің айтуы бойынша құжаттарымды журналистика бөліміне тапсырдым. Бір үміт, бір күдік. Әкемнің «Сен жаза аласың!» деген сөзі қанат бітіргендей. Ал шын мәнінде, «бала кезден қағазға жазып, тастай берген шимай-шатпақтарымнан басқа ештеңе жоқ» деген ой меңдеп алған. Осылай екіұдай таразының екі басы бірін-бірі алма-кезек басып жүргенде, конкурстың да уақыты болды. Конкурста оқуға түскендерді шетінен айтып шықты. Арасында аты-жөнім аталды. Бақыт – қас-қағым сәт. Әкемнің жүзі нұрланып, қызының алғашқы жетістігіне балаша қуанғаны әлі есімде.
Кейін журналистикаға түскеніме қатты қуандым. Өмір жолымда тек жақсы адамдар кездесті. Солардың бірі – Бауыржан Бабажанұлы, Сәтжан Дәрібай, Дәурен Қуат, Шара Тұрмағанбетова. Осы кісілер сол кезде Ақтөбе қаласында шығып тұрған «Алтын Орда» газетінде жұмыс істеді. Бізді түрлі тақырыпта мақала жазуға баулыды. Тапсырмалар берді, жазғандарымызды редакциялап, газетке шығарып тұрды.
Бір күні мені Бауыржан Бабажанұлы «Иегова» сектасын зерттеуге жұмсады. Қысқаша айтсам, бірнеше ай осы сектаның құрамында болдым. Уақыт жетпей, сессияны тапсыруға бара алмадым. Кураторым үйге хат жазып, сессияға қатыспағанымды айтып бір шулатса, группаластарым жиналысқа салып, жан-жақтан ұрысты. Бірақ зерттеу жұмысым толық біткенше, ешкімге айтпауым керек. Ағаймен келісім солай болды. Кейін мақала шыққанда, бәрі бір-ақ білді. Мені сектаның құрамына кіріп кеткен деп ойлаған ғой. Міне, содан кейін журналистік зерттеумен айналысамын деп ойладым. Демалысқа ауылға барғанмын. Мектепте оқитын кішкентай сіңіліме ойдан ертегі жазу туралы тапсырма берген екен. Жазып бердім. Жазған жұмысыма қарасам, көңіл толарлықтай. Айналасы жұп-жұмыр, мән-мағынасы бар секілді. Осы себеп болды ма, дәптер арнап, ыңғайы келгенде, жазып қоятын болдым. Оқуды бітіріп, Алматыға келіп, газетке жұмысқа тұрдым. «Үш қиян» баспасының директоры Махмұд Қосмамбетовпен таныстым. Ол кісі «Ертегілер елінде» деген журнал шығарады екен. Осы журналға ертегі жазып көр деді. Шыны керек, ең бірінші жазған «Тентек қонжық» атты ертегімнің идеясын сол кезде газетке келіп жүрген оқырман айтып берді. Қалған ертегілердің идеясы – өзімдікі.
– Ертегі жазу да асқан шеберлікті, қысқа әрі нұсқа жазуды талап етеді. Балаларға арнап жазу қиынның қиыны. Тілі жатық, ойы жинақы болуы керек. Қолға қалам алғанда қандай жайтқа баса мән бересің?
– Ең бірінші, ертегім арқылы баланың жанын мейірімді етсем деймін. Ертегінің жағымсыз кейіпкерлері арқылы жаман іс-әрекет, өтірік, ұрлықтың түбі – жамандыққа, мейірімділік, қамқорлық, шындық – жақсылыққа, жетістікке жеткізетінін жазып келемін. Қысқа жазамын. Қарапайым ауызекі тілді сақтаймын. Ертегі жазудың да басты талабы сол ғой. Ертегілерімнің дені 3-4 сыныптың оқушыларына арналады. Ал мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ертегілерім өте аз. Оларға арнап жаза алмай жүрмін.
– Ертегі атаулы қазіргі заман балаларын сендіре ала ма? Олардың талғамынан шығу оңай емес шығар...
– Қазір балаларға арналған түрлі экшн немесе танымдық, болмаса әлемнің мықты ертегішілері жазған ертегілер мультфильм болып шығып, балаларды өзіне баурап алды дегіңіз келген шығар. Менің ертегілерімнің дені – мысал ертегілер. Бала – көңілі ақ, пәк, мүлдем таза ғой. Айналасын қалай көріп тұр, қандай түспен көріп тұр, солай қабылдайды. Оларды сендіру де, олардың ынтасын тудыру да – біздің, үлкендердің міндеті. Үйде – ата-ананың, бақшада – тәрбиешінің, мектепте – мұғалімнің міндеті. Осылардың барлығы өз міндетін дұрыс атқарса, бала сенеді, ертегіге деген ықыласы артады деп ойлаймын.
– Оқырман балалар әдебиетіне зәру дегенді жиі естиміз. Балаларға арнап жазатын жазушылар да азайып кеткен сияқты. Мәліметтерге қарағанда, бір жылда еліміздегі баспалардан балаларға арналған он шақты кітап қана жарық көрген екен. Балалар әдебиетіне қалам тербейтіндер неге аз? Жастар бұл салаға неге келмейді?
– Балаларға арнап жазатын авторлар аз емес. Тек олардың шығармалары жарыққа шықпай жүр. Мысалы, авторлардан түрлі әңгімелер, ертегілер түседі. Көлемі өте үлкен. Оны басуға журналдың форматы көтермейді. Қысқартуға обал. Әп-әдемі шығарманың жұлым-жұлымы шығып кетеді. Баспа да авторлардың шығармаларын өз қаржыларына шығара алмайды. Олар да тапсырыспен күн көріп отыр. Кітап шығару үшін мемлекет қаржы бөлу керек немесе демеуші табу керек. Жазғандары газет-журналдарда жарияланбайтын балалар жазушылары, ақындары өте көп. Өткен жылы әдебиет порталы «Рух» байқауын жариялағанда балаларға арналған шығармалар жазатын жастар көп қатысты. Шығармашылықпен айналысатын адамдар бұл саланың қаржысы бар-жоғына қарамайды. Жазады. Шығара алса шығарады, шығара алмаса жазып, жинап қоя береді. Өзім де сөйтетінмін. Сол ертегілерім «Ертегілер елінде» журналы арқылы жарыққа шығып жүр.
– «Ертегілер елінде» атты балаларға арналған журнал қашаннан бері жарық көреді? Мұнда тек ертегі ғана жариялана ма?
– «Ертегілер елінде» журналы 2000 жылдан бастап жарыққа шығып келеді. Газеттің мақаласын жазып тұру бір басқа да, журналдың редакторы болып, жауапкершілігін мойынға алу бір басқа. 2002 жылы Махмұд Қосмамбетов бір-екі ертегі жазғаннан кейін: «Осы журналдың редакторы бол да, шығарып отыр» деп тапсырды. Сол кезде жауапкершіліктің жүгі қаншалықты қиын екенін алғаш рет түсіндім. Суретші, дизайнер, авторлармен жұмыс істеу оңай емес. Әрқайсысының соңынан айқайлап, жүгіріп жүруің керек. Бұл сынаққа төзе алмай, жұмыстан шығып кеттім. Кейін «Айгөлек» журналында істедім. Журнал шығаруға, сол журналды басқаруға дайын болғанда ғана Махмұд ағайға қайта барып, «Ертегілер елінде» журналын қайта шығарайық деген ұсыныс жасадым. Бұл журнал 2013 жылдан бері қайта жарық көріп келеді. Ай сайын журналдың оқырмандарына арнап жаңа ертегі жазамыз. Қызықты ертегі жазатын авторлар болса, журналдың «Жаңа ертегі» айдарына жазып тұруға шақырамыз. Әзірге қаламақы төлей алмаймыз. Себебі журнал қазір бар болғаны 4000 тиражбен шығады. Журналда тек ертегілер ғана емес, балалар жазған ертегілер, мұғалімдердің балаларға арнап жазған түрлі тақырыптағы мақалалары, зерттеу мақалалары жарияланып тұрады.
– Балаларға арналған бірқатар байқауларда «үздік балалар шығармасы» аталымы бойынша топ жарып жүрсің. Мұндай бәйгелердің берері бар ма? Балалар әдебиетіне деген құштарлықты арттыра ма, әлде авторлар қаржылай демеу ала ма?
– «Дарабозға» биыл қатысып көрсем деп ойлап жүрмін. Ал «Алтын қалам», «Шабыт» конкурсында лауреат атандым. Мұндай бәйге ең бірінші жазуға деген жауапкершілікті арттырады. Екіншіден, қаржы кімнің қалтасын тесуші еді?! Қаламгерлер де қуануға қақылы.
– Өзің құрметтейтін балалар жазушысы кімдер? Қазір жас жазушыға ақыл-кеңесін айтып, жол сілтейтін қаламгерлер бар ма?
– Молдахмет Қаназ ағамыздың шығармаларын ерекше ұнатамын. Ертегілерімді ең бірінші жолдасым Берікбай мен қызым Ғаламнұрға оқып беремін. Олар жақсы екен десе, Шелек қаласында тұратын Мира Сембай деген ертегіші қызға жіберемін. Мира дұрыс-бұрысын айтады. Махмұд ағай кейбір өзіне ұнаған ертегілерімді мақтап отырады. Кейде сөз саптауларымның дұрыс еместігін де айтады. Бақытжан Қосбармақов ағай көрген жерде «ертегілеріңді серия етіп жаз» дейді. Үлгі ретінде кітаптар да әкеп берді. Бұлай жазу ойымда бар.
– Қалай ойлайсың, жаңа өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың арасында өзің секілді ертегі жазуға қызығатындары бар ма?
– Бастауыш сыныптың оқушыларының арасында ертегі жазатын балалар көп. Оқып отырып, кейбірінің жазғандарына тіпті таң қаласың. Біздің журналда Алтынай Берік деген ертегі жазатын тұрақты автор қыз бала бар. Болашақта осы қыздан мықты ертегіші шығады.
– Әңгімеңе рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы