302
Жапондар тіккен киім жеңіс әпермеді
Жапондар тіккен киім жеңіс әпермеді
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада да мәресіне жетті. Әсіресе, төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекені спортшы қауым ерекше күтетіні рас. Бұл – талай жылғы еңбектің нәтижесін көрсететін мүмкіндік. Бабы келіскен үміткердің бағы да жанатыны белгілі. Ал мұның екеуі де біздің спортшыларды айналып өтсе ше?!
ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына елімізден 46 спортшы барды. Әрине, жолдамаға ие болғанның бәрі жеңіс шыңына көтеріледі деген сөз емес. Алайда бұған дейін спорт додаларында жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген саңлақтарға үміт артылды. Олар фристайлдың могул түрінен шыққан Юлия Галышева, фристайл-акробатика бойынша жарысқа түскен Жанбота Алдабергенова, шаңғышы Алексей Полторанин, биатлоншы Галина Вишневская, Дарья Климина, Ольга Полторанина, Алина Райкова, скиатлон сайысы бойынша Анна Шевченко мен Елена Коломина, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, фристайлшы Дмитрий Рейхерд, сондай-ақ, осы ойындарға үш жыл бойы Голландияда жаттыққан шорт-трек құрамасы, т.б. Бірақ бұл үкілеп апарған «үздіктердің» кейбірі жиырмалыққа да ілінбей қалды. «Шорт-трек құрамасын күшейтуі тиіс» деп Оңтүстік Кореядан шақыртқан Ким Йонг А да іріктеуден өте алмады. Иә, әлемнің 92 елінен 3 мыңға жуық спортшы мен ресми өкіл қатысқан айтулы спорт жарысында топ жару оңай емес. Десек те, байтақ ел 46 спортшының ішінде бір Юлия Галышеваның жалғыз қола жүлдесін місе тұтып, шүкіршілік етеміз деп ойлап па екен?! Тіпті, Қазақстан құрамасына осы Олимпиадаға арнап киім тіккен жапон компаниясының да үміті желге ұшты. Бәлкім, сарапшы-мамандар айтпақшы, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басшыларынан сұрау алып, жауапқа тартатын кез келген шығар?!
Спортшының көз жасы немесе күтпеген сәтсіздік
«Талай сыннан сүрінбеген саңлақ еді» деп, тағаты әбден таусылған қазақ жанкүйерлері мен мамандар байрақты бәсекенің соңғы күнінде жарыс жолына шыққан шаңғышы Алексей Полтораниннен жеңіс күткені анық. Тіпті, Полторанин де, оның жеке бапкері эстониялық Мати Алавер де жүлде алатындарына сенімді еді. Жарыстан үш күн бұрын қатаң мәлімдеме жасаған Мати Алавер шәкірті медаль алмаса, осы маусымда алған жалақысын қайтарып беретінін айтты. «Мен ХОК басшысы Хуана Антонио Самаранчтың спорттағы ең маңызды дүние спортшы деген пікірімен толық келісемін. Спортта жаттықтырушының рөлі ерекше. Ол спортшымен жауапкершілікті теңдей көтеруі керек. Сондықтан спортшының сайыстағы нәтижесіне ең алдымен бапкер жауапты. Егер Алексей жүлдесіз қалса, осы маусымдағы бүкіл жалақымды қайтарып беруге дайынмын. Бұл әрекетім басқа да жаттықтырушыларға үлгі болады деп ойлаймын», – деді Алавер. Енді не болар екен? «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, Мати Алавер сөзінде тұра ма, әлде... Алайда алтын алқа тағады деген ардагер спортшы ондыққа да ілінбеді. Ол шаңғы спортынан ерлер арасында өткен 50 шақырымдық классикалық жарыста 15-ші орынға жайғасып, жүлдесіз қалды. Бұл қашықтықта алтынды финляндиялық Иво Нисканен, күміс ресейлік Александр Болшунов, қоланы тағы бір Ресей спортшысы Алексей Ларьков иеленген-ді. Әрине, өкінішті жағдай. Алексейдің мәре сызығын кескен сәтте жер бауырлап жатқанының өзі аянышты. Бәзбір спортшылар сияқты ыржалақтап тұрған жоқ. Кеудесін намыс оты өртеп бара жатқаны анық сезілді. Ол ол ма, жарыстан кейін журналистер алдына келген Полторанин жылап тұрып, сұхбат бере алмады. Өз-өзіне келгеннен кейін ғана бір-екі сауалға жауап берген ол: «Тек алтын алуды көздедім. Тіпті, күміс не қола алу туралы ойлаған емеспін. Нәтижесінде ештеңе ұтпадым. Күшім сарқылып қалды. Көзімдегі от та өшті. Олимпиаданы ұту маған жазылмаған сияқты. Не болғанын өзім де түсіне алар емеспін. Негізі Олимпиада ойындары мен бақ сынайтын жарыс емес екен», – деген. 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, танымал қазақстандық шаңғышы Владимир Смирновтың пікірінше, жанкүйерлердің А.Полторанинге деген сенімі жайдан-жай туындамаған. Жағдайдың бұлай қалыптасуына Алексейдің Әлем кубогының кезеңдеріндегі нәтижелері оң ықпал еткен. «Өкінішке қарай, ол қашықтықтың соңына дейін психологиялық, тактикалық тұрғыдан шыдай алмады. Оның дайындығы жақсы болатын, жарыстың басында бәрін де дұрыс істеді. Егер жарыс барысында өзімен жарысқа шыққандарға қарап, психологиялық тұрғыда сыр берген болса, жағдайға қарай тиісті шешім қабылдап, тактикаға көшіп, ең құрығанда қолаға қол жеткізуі керек еді. Осы міндетті ол орындай алмады», – деді Владимир Смирнов. Бұл – 31 жастағы Полтораниннің спорт мәнсабындағы төртінші Олимпиадасы. Оның спорттық өмірбаяны ауыз толтырып айтарлық көрсеткішке толы. 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымдық классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль және әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтынға қол жеткізді. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. Ел атынан байрақты бәсекеге қатысқан спортшылардың сәтсіздікке ұрынуына кім кінәлі? Соңғы екі жылда тыңғылықты дайындық жүргізген үміткерлерде неге жеңіске деген ұмтылыс болмады? Ең таңданарлығы, бір-бірімен ақылдасып алған ба, көбінің жарыстан кейін тілшілерге берген жауабы бір сарынды. «Додаға шықпас бұрын жарақат алып едім. Сол кедергі жасады» немесе «Ауа райының қолайсыздығы кері әсерін тигізді», тіпті, «психологиялық жағынан дайын болмадым» дегенді көп естідік. Үш жыл бойы Голландияда мемлекеттің есебінен жаттыққан Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев та нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтты. Көз жасына ерік берген Жұмағазиевтің: «Жарыс кезінде екі рет құлап, психологиялық жағынан жинала алмадым. Үш жыл бойы Голландияда дайындалған еңбегіміз нәтижесіз болды. Төккен тер ақталмады. Жіберген қателіктің бәріне өзім кінәлімін» дегені ақталу ма, әлде бойдағы сенімсіздікті сейілту ме? Сенім артқан спортшылардың көбі жүлдесіз қалды. Ең өкініштісі, сенім артқан саңлақтар медальсіз қалып жатқанда жарқ етіп, жарып шығатын ешкім болмады. Біз Полторанин мен Денис Тенді анаған да, мынаған да тықпалай береміз. Осы спортшылардың ізбасарларын дайындасақ, кім кедергі? Мысалы, шаңғыдан Ресейдің негізгі құрамасындағы спортшылар бұл олимпиададан шеттетілді. Есесіне, жастар келді де, бірнеше медальді қоржынға салды. Себебі басқа елде дер кезінде алмастыра қоятын, өз кезегін күтіп отырған қосалқы спортшылар көп. Ал Қазақстан үнемі бір «жұлдызға» ғана үміт артады. Саңлақтардың орнын басатын «сары ауыздар» жоқ.Қысқы спортта қаракөздер неге аз?
Елімізге бір қола медальді ғана бұйыртқан Пхенчхандағы қысқы Олимпиада көпке дейін есте қалатын болды. Бірақ спорт жарыс жолындағы жеңіс пен жеңілістен ғана тұрмайды. Оның қосалқы ықпалы көп. Кейбіреулер «Олимпиадаға қатысып жатқан спортшылардың көбі – өзге ұлт өкілдері. Спорттық сайыстарда неге қаракөздер аз?» деп өзгелерді орынсыз күстәналауға даяр. Бірақ өзі неге әу бастан қысқы спортты таңдап, жарық «жұлдыз» болмағанын түсіндіріп бере алмайды. Расында, тағы да «Кім кінәлі?» деген заңды сұрақ туады осындайда. Бүгінде Қазақстан атынан шығып жүрген спортшының көбін ата-анасы бала кезінен баулып, икемдеген. Әрине, баланы спорттың бір түріне беріп, одан нәтиже шыққанын күту, бірінші қаржыны, екінші төзімділікті талап етеді. Ал әлеуметтік жағдайын түзей алмай жүрген қазақ отбасы баласын қалай спортқа береді? Бұл – бір. Екінші, қысқы спорт үйірмелері тым қымбат. Екінің бірінің қалтасы көтермейді. Егер жағдай керісінше болсын десек, балалар мен жасөспірімдер, жалпы бұқаралық спортты дамыту керек. Ол үшін мемлекеттің нақты және ұзақ жылдарға арналған саясаты болуы тиіс. Үшінші, елімізде қысқы Азиада және Универсиада ойындары өтті. Сол айтулы додадан кейін қысқы спорт түрлері бойынша спорт мектептері мен үйірмелерге қанша бала жазылды немесе қатысып жүр? Қысқы спорт жарыстары өткен орындар қоғамның қарапайым өкілдері үшін ашық па? Әлде, бізде жаттықтырушы жоқ па? Мәселе – осында. Содан кейін де, басқа елдің атынан қатысқан қазақ қызының жетістігін айтып, шаттанып жүрміз. Бәзбір ақпарат құралдары: «Қазақ қызы – тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды! Бағың жансын, Динара! Қазақ елі сені өз қызындай көреді. Тарихи отандастарың бір-бірінен сүйінші сұрап, «ақ түйенің қарны жарылды» деп мәре-сәре болып жатыр», – деп бөркін аспанға ата қуанды. Иә, биатлоннан әйелдер арасындағы эстафета жарысында Беларусь құрамасы атынан шыққан Динара Әлімбекованың қазақ қызы екені рас. 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Абай ауылында дүниеге келген Динараның әкесі – қазақ, шешесі – беларусь. Үш жасында ата-анасымен бірге Беларусь Республикасының Могилев облысындағы Чаусы қаласына қоныс аударады. Әуелі шаңғымен жүгіру спортына барып, кейіннен биатлонға ауысқан. Орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Геннадий Таевский Динараны шаңғыға баули бастайды. Бірақ үлкен спортқа деген қадамы 11 жасында басталды. 2015 жылы өз елінде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтынға ие болды. Ал Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқан Динара әлемнің маңдайалды үздіктерімен тайталасып, өзінің Әлия мен Мәншүктің отанынан шыққан мерген қыз екендігін көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Дәл осы эстафетада бақ сынаған бірде-бір қазақ қызы жоқ ұлттық құрама 14-орынды қанағат тұтқан еді. Динара қазір әлем кубогының жалпы есебінде 73-орында тұр. Бірақ бәріміз бөркімізді аспанға атып, Оңтүстік Кореяның көк шулан бұлтына ілсек те, Динара өзге елдің азаматы. Ол Беларуське қоныс аударғалы Қазақ-станға бір-ақ рет, жеті жасында келіпті. Беларусь мемлекеттік дене тәрбиесі институты түлегінің командадағы лақап аты – Динозаврик. Пхенчхандағы жеңістен кейін Беларусь ұлттық олимпиялық комитеті Динара білім алған Чаусы жасөспірімдер спорт мектебіне 15 мың беларусь рублін аудармақшы көрінеді. Сондай-ақ, Беларусь президенті Александр Лукашенко Олимпиада чемпиондарын «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Әрине, қазақ қызы – Динара Әлімбекованың жұлдызы жарқырай түскеніне қуаныштымыз. «Әттең, Динара Қазақстан құрамасы атынан шықса ғой» деген өкініш өзекті өртейтіні рас. Дегенмен айтулы додаларда тұсауын кесіп жатқан еліміздегі жас спортшылардың болашағы зор. Атап айтқанда, фристайл акробатикадан 12-орынға табан тіреген Аяна Жолдас небәрі 16 жаста. Жас спортшы 4 жылдан кейін өтетін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында бабында болатынына сенімді. Сондай-ақ, спорттың осы сайысы бойынша Олимпиадаға алғаш қатысқан 17 жастағы Маржан Ақжігіт те, фристайлдың могул түрінен бәсекеге түскен 16 жастағы Аяулым Әміренованың да келешегінен үміт мол. Ал мәнерлеп сырғанаудан сынға түскен 18 жастағы Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекованың да бағы жанатын күн алыс емес. Тек 2022 жылы Бейжіңде өтетін олимпиадада бабы бен бағы қатар шапсын деп тілейік. Сонымен, екі апта бойы көгілдір экранға телмірткен спорт мерекесі тәмам. Бір қызығы, 2014 жылы Ресей Сочиде өткен қысқы Олимпиадаға 51 млрд АҚШ долларын жұмсаса, Оңтүстік Корея Пхенчхандағы олимпиаданы 13 млрд АҚШ долларымен-ақ атқарған көрінеді. Қазақстан Пхенчхан олимпиадасын жалпы есепте 28-орынмен аяқтады. Алғашқы үштік қатарында – 39 медальмен (14 алтын, 14 күміс, 11 қола) Норвегия, екінші орында 31 медальмен (14 алтын, 10 күміс, 7 қола) Германия, үшінші орында 29 медальмен (11 алтын, 8 күміс, 10 қола) Канада тұр. Айтпақшы, бұл Олимпиада кезінде де жапон шорт-трекшісі Кэй Сайтон рұқсат етілмеген дәруменді қолданғаны үшін жарыстан шеттетілсе, ресейлік бобслейст Надежда Сергеева және керлингтен қола медаль алған ресейлік спортшы Александр Крушельницкий допинг ережесін бұзды деген күдікке ілінді. Бұл жағдай онсыз да допинг дауынан арыла алмаған Ресей үшін оңай тимегені анық. Бұдан бұрын Спорттық арбитраж соты (CAS) жолдама алған 169 спортшының жарысқа тәуелсіз және бейтарап түрде қатысып, «Ресейлік олимпиада спортшылары» деген топ ретінде олимпиада туының астында жүлдеге таласады» деген шешім шығарған еді. Ал Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Пхенчхан олимпиадасы аяқталғанға дейін «Ресейлік олимпиада спортшылары» допинг ережесін бұзбаса, жабылу салтанатына Ресей туымен шығуы мүмкін екенін де хабарлаған. Олимпиаданың соңғы күні баспасөз мәслихатын өткізген ХОК президенті Томас Бах: «Ресейдің туын жарыстың жабылу салтанатына дейін қайтарғымыз келген. Пхенчхандағы екі ресейлік спортшының допингпен ұсталғаны Ресей туын қайтаруға үлкен кедергі болды. Сондықтан Ресейдің ХОК қатарына қашан оралатыны белгісіз», – деп қысқа қайырды. Жабылу салтанаты кезінде дүйім жұрттың алдына шығып, медальдарын тағынған ресейлік шаңғышылар Александр Болшунов пен Алексей Ларьковтың көзінен өз елінің туының көтерілмегеніне іштей қапалы екені анық байқалды. Тағы бір айта кетерлігі, АҚШ биатлон федерациясы Ресейдің Тюмень қаласында наурыз айында өтетін әлем кубогы жарысына бойкот жариялады. Федерация бұл туралы мәлімдемесін Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парағында жариялаған. Мәлімдемеде Ресейдің Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік кодексіне әлі күнге сай еместігі, ал бұл елге келетін спортшыларға қауіп төндіретіні жайында айтылған. Осылайша, АҚШ биатлон федерациясы Халықаралық биатлон федерациясының әлем кубогы жарысын Тюмень қаласында өткізу туралы шешімін құптамады.