47 қарияны қамқорлыққа алды

47 қарияны қамқорлыққа алды

47 қарияны қамқорлыққа алды
ашық дереккөзі
244
Ақтөбеде «Жас Отан» жастар қанатының студенттері қыс бойы қарияларға үй шаруасына көмектесті. Ауланы қардан тазартуға, үй жинауға қол ұшын берген жастар қарттардың ақ батасын алды. Қартайған кезде қолдан күш, бойдан қуат кетіп, қариялар аула ішіндегі қарды тазарта алмайды. Сондықтан көбі жастардан көмек сұрап, үйлеріне шақырады. Ақтөбе қаласының тұрғыны Самал Селбаева да «Жас Отан» жастар қанатының жастарымен тығыз байланыста. Өйткені 70 жастан асқан қария қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген кезде үй шаруасына қарайласатын адамның көмегіне зәру. – 40 жылдан астам уақыт бойы медицина саласында жұмыс істедім. Үш балам бар. Бірақ олардың бәрі басқа қалада тұрады. Аула ішін қар басса, үйге көмек керек болса, жастарға хабарласамын. Еріген қар суы жиналып, үй ішіне кірмес үшін ауланың іші мен сыртын қардан жиі тазартып тұру қажет. Сыртқы жұмыстарға үнемі жастар көмек көрсетіп келеді. Кейбірі өзімнің баламдай болып кетті, – деді Самал Селбаева. «Жас Отан» жастар қанатының студенттері қала бойынша 47 қарияны қамқорлығына алды. Қариялардың көбі жалғыз тұрады. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Экономика және құқық факультетінде білім алып жүрген Әлішер Тыныштық достарын ертіп, зейнеткерлерге көмек көрсетуді ізгілікті әдетіне айналдырған. – Ата-анам үлкенді сыйлап, кішіге үлгі болуға тәрбиелеп келеді. Өзімнің әжем бар. Ол да 75 жаста. Сондықтан «Жас Отан» ЖҚ филиалының төрағасы қарияларға көмек көрсету туралы ұсыныс жасағанда бірден қабылдап, топ құрдық. Қарияларға қамқорлық – парасатты парызымыз деп ойлаймын, – деді ол. Қала тұрғыны Самал Селбаева «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық филиалдарының қамқорлығына алынды. Коммуналдық төлемдерді уақтылы аудармаған соң үйіне электр жарығы мен газ беру тоқтатылған болатын. Бұл мәселені шешуге «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары көмектесті.

Серіктес жаңалықтары