279
Оңтүстікте тағы үш аудан құрыла ма?
Оңтүстікте тағы үш аудан құрыла ма?
Оңтүстік Қазақстан облысында қай салада болсын, өсім бар. Қала, ауылдардың аумағы ұлғайып халық саны көбеюде. Жер игеру, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында кооперативтер құрылып, шағын және орта бизнес дамуда.
Осыған байланысты тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы соңғы жылдары қарқынын үдете түскен. Экономикалық даму, демографиялық өсім сынды көптеген оң өзгерістер облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысын қайта қарауды қажет еткен-ді. Соңғы жылдары жиі айтыла бастаған бұл мәселенің сөз жүзінде қалмай түбегейлі шешімін табуына Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауы негіз болғаны анық. Елбасы Жолдауында Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажеттігі, еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор екендігі айтылған болатын. Осы орайда, 2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданған болатын. Яғни, Мақтаарал ауданын үш ауданға – Мақтаарал, Асықата, Жетісай, ал Сарыағаш ауданын екі ауданға – Сарыағаш, Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылды. Аудандардан келіп түскен ұсыныс алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында қаралып, депутаттар тарапынан қызу қолдау тапты. Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1997 жылы 24 сәуірде сол уақыттың талабына сай біріктірілген аудандардың енді өз алдына жеке шығуы жөніндегі тарихи ұсынысты тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдауда. Мысалы, өңірдегі халқы тығыз шоғырланған және демографиялық өсімі жоғары Мақтаарал ауданында тұрғындар саны бүгінде 304 684-ке жеткен. Ауданда 182 елді мекен, 1 қала, 3 кент және 20 ауылдық округ бар. Тұрғындар Мақтаарал ауданын үшке бөлу жөніндегі шешім Елбасының қолдауын тапса, алдағы уақытта жеке шыққан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы жақсара түсетініне сенімді. Мақтаарал ауданынан сайланған депутат Сәду Бекенов өткен 21 жылда ауданда атқарылған оң өзгерістерге кеңінен тоқталды. Мысалы, Мақтааралда «ғасыр жобасы» дерлік бірқатар құрылыс нысандары пайдалануға берілген, Тәуелсіздік көпірі салынып, халық ауданға Өзбекстан арқылы қатынау азабынан құтылды. Мақташылардың ағын су мәселесі шешілді. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жетісай мен Шардара қалаларының арасын жалғайтын жол салынуда. Депутат өңірдегі осындай жетістіктер Елбасы саясатының нәтижесі екеніне тоқталды. Ал, Сарыағаш ауданында бүгінде 326 915 халық тұрады. Аудан аумағы 762 203 гектар. 154 елді мекен, 1 қала, 1 кент және 23 ауылдық округтен құралған. Екі аудан да Өзбекстанның 10 ауданымен шектеседі. Аталған қос ауданда халықтың тығыз орналасу себебінен кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын өз деңгейінде дамыту үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды халыққа сапалы жеткізу мәселесінде түйткілдер бар. Шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына дер кезінде медициналық көмек көрсету, аудан орталығындағы ауруханалар мен перзентханаларға жедел жеткізу проблемасы да жоқ емес.
Алдағы уақытта жаңа құрылатын аудандарға атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы – Мырзакент кенті, Асықата ауданының әкімшілік орталығы – Асықата кенті, Жетісай ауданының әкімшілік орталығы – Жетісай қаласы болып белгіленіп отыр. Ал Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы – Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде – Абай ауылы белгіленді. Бір айта кетерлік жайт, Келес ауданы осыменен төртінші мәрте қайта құрылмақ. Сессияны қорытындылаған облыс басшысы мәслихаттың қабылдаған шешімінен кейін Үкімет пен Президент Әкімшілігіне құжаттар жолданатынын, аудандар Президенттің Жарлығымен құрылатынын айтты. Аудандарды қайта құрып, қосымша штаттық бірліктер ашудың шығыны 15 миллиард теңгеге жуықтайды екен.