Еуропаның қақ жүрегіндегі ел

Еуропаның қақ жүрегіндегі ел

Еуропаның қақ жүрегіндегі ел
ашық дереккөзі
...Алманияның астанасындағы Тегель әуежайына келіп түскенде, кеш қарайған. Бұл қалада бұрын төрт әуежай болған. 1945 жылы АҚШ, Франция, Ұлыбритания және КСРО – соғыстан жеңіліп, тізе бүккен Германияны төрт тарапқа бөліп алған алпауыттардың әрқайсысы өзіне тиесілі аумақта әскери және азаматтық әуежайлар салды. Қазір соның екеуі ғана жұмыс істейді: Тегель мен Шенефельд. Біріншісі кезінде француз секторында орналасқан болса, екіншісі советтік дәуірден қалған мұра. Сонау бала кезден «фашистік Германия» туралы оқып-білгеніміз біршама, Берлин қабырғасы мен Рейхстаг туралы ауызша-жазбаша хикаяттарға қанықпыз. Бұл елдің соңғы үш-төрт жылда Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған қалың нөпір босқындарды бауырына басқаны туралы газетте талай жазғанбыз. Бірақ түн желбегейін жамылған Берлин бір қарағанда басқа еуропалық қалалардан еш айырмасы жоқтай манаурап тұр. Иә, «мың естігеннен бір көрген артық» деген осы. Дәл осы сапар кәрі құрлыққа жол тартқанда, қарабайыр туристің қалыбына түспей, жергілікті ортаға сіңісіп, «еуропалық стандарттағы» тұрмысты іштен зерттемек ниетім бар. Сондықтан әуежайдың алдында тізіліп тұрған таксилерге мойын бұрмастан, қоғамдық көлікке отырудың жолын іздедім. Берлиннің көлік логистикасы айтулы неміс логикасына сәйкес барынша тыңғылықты ойластырылған екен. Қаланың кез келген бұрышына автобуспен, метромен немесе трамваймен жетуге болады. Обалы нешік, әуежайға іргелес метро станциясында жергілікті тұрғындар баратын тұрағымды тәптіштеп сұрап, жөн сілтеп, жол көрсетіп, тіпті сол жердегі қондырғыдан билет сатып алуға көмектесіп, бәйек болды. Екінің бірі ағылшынша сөйлейді, бірақ алғашқы сәтте бәрі әуелі немісше тіл қатысады екен. Германияда жүргендіктен, осы елдің тілінде сөйлеуге тиіссіз деген пиғыл байқалады. Көше аттары, вокзалдағы нұсқаулықтар, қоғамдық көліктердегі құлақтандырулар, газет-журнал, ғимараттардағы жазулар – бәрі тек неміс тілінде. Расын айтқанда, билет сататын автоматтарды қолданудың жөнін білгенмен, немісше сауатыңыз болмаса, біреудің көмегінсіз билет алудың өзі мұң. Метромен қала орталығына келіп жеттім. Google картасына сілтеме жасап, баратын қонақүйдің бағытын анықтап алғанмын. Станциядан Шпрее өзенінің шығыс жағалауынан шығасыз. Иә, қайда барсаң, алдыңнан бір өзен шығады. Астана өзінің Есілімен мақтанады, Лондон өзінің Темзасымен әйгілі, ал Ньюкасл Тайнның атын өз атына қосып алған. Міне, Берлинді қақ жарып Шпрее өзені ағып жатыр. Чехиядан бастау алып, Саксония, Бранденбург жерлерін басып өтетін, кешегі Шығыс Берлиннің иелігінде болған өзен бұл. Немісше тыңғылықты болудың қандай екенін осы өзеннің бойындағы көпірлердің санымен бағамдауға болатын сияқты. Бұл қалада аттай 1700 көпір бар екен, саны жағынан су үстіндегі қала Венециядан да көп. Берлиннің тарихы сонау XIII ғасырдан сыр шертеді. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаланың көп бөлігі тынымсыз атыс-шабыстан қирандыға айналған. Оның үстіне, Шығыс Берлинде советтік сұрқай архитектураның таңбасы сезіледі. Фридрихштрассе вокзалының тұрған жері қаланың орталығы саналғанымен, Шпреенің шығыс жақ бетінде апатты жағдайдағы, құлауға айналған ғимараттар қаз-қатар тізіліп тұр. Бір-екі көшенің бойы торкөз жамылғыға тұмшаланған, қараңғылыққа оранған үйлер. Көлік аз, тіршіліктің дыбысы жоқ. Осы тыныштықтың ішінде, Шпрее өзенінің жағасында сырт көзге елеусіз дәмхана тұр. Маңдайшасында «Cаpitalism kills love!» деген ғана жазу бар. Сөзбе-сөз аударғанда, «Капитализм махаббатты өлтіреді» деген мағына береді. Осыдан-ақ кешегі КСРО бақылауында болған ауданда жүргеніңіз түсінікті болады.

Әлемді таны – өзіңді таны

 22.45

Қонақүйге келіп орналасқанша түннің бір бөлігі өтіп кетті. Ньюкаслден әуелі Германияның Дюссельдорф қаласына жетіп, ұшақ ауыстырғаным бар, ол ұшақтың уақытынан кешігіп шыққаны бар, жатын орынға жеткенше түскі ас түгілі, кешкі астың уақыты өтіп кеткен. Сонда да таяқ тастам жердегі «Pizza Pasta» дәмханасына бас сұқтым. Тым құрыса, су немесе бір кесе шәй алмақшымын. Алдымнан шыққан аспаздан: «Халал бірдеңе бар ма?» деп сұрап едім, бажайлап қарап: «Қай елденсіз?» деді. «Қазақстаннан». «Е, Қазақстан ба?». «Естуіңіз бар ма?». «Бар болғанда қандай! Басты қаласы – Астана. Президенті – Назарбаев. Халық саны 17 миллион. Жер көлемі 2 725 мың шаршы шақырым!» деп судырата жөнелгені бар ма? Әдетте, Қазақстан жайлы хабары бар шетелдіктердің бар білетіні Астана мен Назарбаевтың атын атаумен шектелетін. Ал халық саны мен жер көлемін жатқа айтып тұрған бөтен елдің азаматын көріп тұрғаным осы. Бақсам, Сүлеймен – Түркия азаматы, Берлинде 37 жылдан бері тұрады екен, отбасы, туған-туысы түгел осында. «Түркітілдес елдердің бәрі біздің бауырлар. Мен бауырлас елдерден келген адамдарды көргенде қатты қуанамын. Менің арманым бар – Қазақстанға, Атажұртқа барсам деймін», – деп Сүлеймен әңгіменің тиегін ағытты. «Кейде олардың ақшалары болмай қалады, сонда оларға пиццаны тегін беріп жіберем»,– деп қояды. «Өткенде Түркіменстаннан бір қыз келген. Өзі немісше білмейді, ол – түркіменше, мен – түрікше сөйлестік, сонда да оның сөздерінің 80 пайызын түсіндім», – дейді. Осы кезде кафеге бір топ испан тектес жастар кірді. «А, қайдансыңдар? Аргентинадан ба? Онда Моңғолияның астанасы қай қала? Соны айтсаңдар, бір пиццаны тегін берем», – деп Сүлеймен сауданы қыздырды. Аргентиналық туристер аңтарылып тұрып қалды. Ұлан-Батыр түгілі, Моңғолияның атын бірінші рет естігендей. «Онда Тәжікстанның жер көлемі қанша? Онда қанша халық тұрады?», – деп Сүлеймен сұрақты қарша боратты. Тегін пиццадан қағылу оңай ма, жастар бір-біріне қарап, бірақ дұрыс жауап таба алмай, әбден састы. «Онда Перудің астанасы қай қала? Уругвай ше? Жер көлемі қанша? Халқының саны қанша?» деген сұрақтарға келгенде өңдеріне қан жүгіріп, бірлі-жарым болса да, дұрыс жауабын айтып жатты. «Шамасы, ғаламдану әлі төрткүл дүниені жаулап болмаған-ау, сірә» деп ойладым мен. Себебі жағрапиялық-аймақтық оқшаулану, тек өз елі мен оның айналасындағы елдердің түсін түстеп тану басым. Әйткенмен, осы тектес жастардың топтасып, басқа құрлыққа ел танып, жер көру үшін жолға шығуының өзі әлемдік деңгейдегі құбылыс. Әлемді таны – өзіңді таны.

Көк ту, сұрғылт тас...

 09.00 Уақыт оздырмай, Берлиндегі миграциялық саясат институтының директоры Ольга Гулинаға хабарластым. «Түркістан» газетіне эксклюзивті сұхбат беруге қуана келісті. Оқырмандарға бұл сұхбатты газетіміздің алдағы сандарында ұсынамыз. 11.00 Кеше Сүлеймен маған Берлинді өз танымы тұрғысынан таныстыруға уәде еткен. Сол сөзінде тұрып, әйгілі Бранденбург қақпасына алып келді. Бұл қақпа сонау XVIII ғасырда салынған, Берлиндегі ең әйгілі архитектуралық ескерткіш әрі осы қаланың басты символы саналады. 1989 жылы Берлин қабырғасы құлатылғаннан кейін бұл қақпа Германияның бірігуінің жәдігері ретінде қастерленеді. Қақпадан таяқ тастам жерде Рейхстаг тұр. Әлбетте, соғыстан күйреген Рейхстаг күрделі жөндеуден өткен. 1999 жылдан бері бұл жерде Германия парламенті – бундестаг қоныс тепкен. Бір кезде Рақымжан Қошқарбаев қызыл ту тіккен Рейхстагтың шығыс жақ мұнарасында қазір Еуропалық одақтың көк түсті жалауы желбірейді. Ал батыс жақтағы негізгі кіребіресте Германияның туы менмұндалап тұр. Советтік солдаттардың Рейхстагтың іші-сыртына жазған жазуларының кейбірі әлі өшпей, сақталған екен. Рейхстаг – туристердің ең көп келетін орны, ал Германия парламенті әлемдегі ашық парламенттердің бірі, кез келген адам ғимарат ішіне кіріп, тегін экскурсияға қатысып, көрмені аралап, тіпті бундестаг мәжілістерін тыңдауға қақылы. Соңғы он бес жылда Рейхстагты аралап көрген туристердің саны 35 миллионнан асқан. 12.00 Бранденбург қақпасына жақын маңайда Холокост құрбандарына арналған кешен бар. Аты солай болғанымен, бір көргенге – бірыңғай сұрғылт тастар. Бәрі бірдей төртбұрышты ірі қалыптағы әр түрлі көлемдегі 2700 тас плита қатар-қатар тізбектеліп, бір саябақтың орнын алып жатыр. Сырт қарағанда зиратты елестетсе, ішін аралап жүргенде лабиринтке ұқсайды. Бірақ еш тастың бедерінде не жазу, не сурет жоқ. Үнсіз айыптаудың көрінісі. «Осы тастарға қанша ақша шығын болды» деп қынжылып тұрған Сүлейменді түсінуге болар. Бірақ үнсіз мүлгіген алып плита тастарды аралап, әлденені іздеп жүргендер де бар. Бір кезде Германияны еврейлерден тазартуға тырысқан немістер осылайша Берлиннің қақ ортасында алып кешен салу арқылы өз кінәсін мойнына алғаны болар. Осыған орай Тайландтан келген бір танысымның сөзі есіме түсті: «Немістер қанша халықты қырды-жойды, бірақ олар қазір осының бәрін мойнына алып, жария етіп отыр, себебі жас ұрпақ кеше осындай қырғын болғанын білсін, мұндай қателіктерді қайталамасын дейді. Ал біздің елде қытайлар талай адамды өлтірген, бірақ олар ешқашан мойындаған емес» деген еді. Рас, мойындау – опыну мен кешірім сұраудың басты шарты, бірақ өткен қателік қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды-ау...

 Кешегі тарих – бүгінгі  табыс көзі

 13.00 Берлин қабырғасы 1961 жылы Германия Демократиялық Республикасын елдің батыс бөлігінен қоршау мақсатында тұрғызыла бастаған. Алғашында сым жүргізіліп, ор қазылған бөгет болса, кейін бетоннан құйылған, ұзындығы 150 шақырымға созылған қорғанға айналды. Әр түрлі деректерде осы қабырғадан өтемін деп өмірі қиылған жандар туралы әр қилы сандар айтылады. Ресми деректерде 136 адам өлген делінсе, басқа бір дереккөзге қарғанда бұл қабырға 1300 адамның өмірін жалмаған. Одан бөлек, талай отбасыны ажыратып, бауырлардың арасын алшақтатқан, бір халықты екіге бөліп, бір-біріне жау қылған... Алпысыншы жылдары бұл қабырғаны берлиндіктердің өзі «Масқарашылық қабырғасы» деп атауы тегін емес. 1989 жылы құлатылғаннан кейін де Берлин қабырғасы Германия тарихындағы, бәлкім, әлемдік тарихтағы қара таңба басылған оқиғалардың бірі. Оның құлатылуының өзі Германияның Еуропамен қайта табысуының белгісіндей, қырғи-қабақ соғыстың аяқталуының жаршысындай болғаны мәлім. Қазір бұл қабырғаның ізі ғана қалған. Мысалы, Нидеркирхнерштрассе көшесінің бойында бар-жоғы 200 метрлік сілемі сақталған. 1990 жылдан бері осы қабырға ресми түрде тарихи ескерткіш саналады. Бұдан басқа да бірлі-жарым үзіктері сақталыпты. Бірақ Берлин қабырғасының қалған бөліктері түгел қиратылып, қиыршық тасына дейін әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Тастан тас қоймай талап әкеткені соншама, бүгінде «Берлин қабырғасының» қалдықтарын АҚШ-тағы Майкрософт кеңселерінен тамашалауға болады деседі. Әйтсе де, Берлин дүкендерінде «Berlin wall» деген жазуы бар, бояуы солғын бетон сынықтарын әлі сатады. Түймедейі 5 еуродан, жұмыртқадайы 25 еуродан саудаланады. Расымен сол Берлин қабырғасының сынығы ма, әлде туристердің ақшасына құныққан саудагерлердің қолдан жасаған дүниесі ме – оны анықтап, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Шетелдіктер әлі де «Берлин қабырғасының» сынықтарын саудаласпай сатып алады. ...Сүлеймен Нидеркирхнерштрассе көшесінің бойымен 200 метрлік қабырғаны жағалай көп жүрді. Түртінектеп, кей жерін аяғымен теуіп, әлдеқайда бос жатқан сынығы жоқ па деп іздеп жүргені. Бірақ қабырғаның өне бойы жып-жылтыр, рас, кей тұсы тесіліп, ішіндегі темір топсалары торкөзденіп сұстиып тұрғаны болмаса, жерде жатқан сынығы түгілі, көлденең жатқан қиыршық тас көрінбейді. Қабырғаның дәл осы тұсы Шығыс Германияға қараған екен, яғни бұл тұстарына граффити түспеген, ал «Why», «Madness» деген жазулардың кейін бедерленгені аңғарылады. Сүт пісірім уақыт қабырғаны зерттеп жүрген Сүлеймен «People are not fool» деп қояды. «Адамдар ақымақ емес» дегені, яғни 15-20 еуроға бетон сынығын сатып алғанша, Берлин қабырғасының әлі қалқиып тұрған сілемінен қолға түскен бірдеңені іле кеткені жөн емес пе дегенді меңзеп тұр. Басын шайқап-шайқап, Сүлеймен «тәбәрік» іздеуді доғарды. Мен біраз ойланып жүріп, 10 еуроға бір «Berlin wall» сатып алдым. Жалған болса, ұяты – немістерге. Ал 150 шақырымдық қабырғаның сілемдері енді қанша жыл саудаланады дейсіз, әйтеуір бір күні таусылары анық қой. Тоталитарлық жүйенің ақыры осылай быт-шыт сыныққа айналатынының бір белгісі болсын. Осылай деп өзімді жұбатып қоямын.

СС пен гестапоның қанды іздері

 14.00 Берлин қабырғасы «Topography of Terror» кешеніне кіреді. Гестапо, СС, Рейх Бас қауіпсіздік кеңсесіне қатысты Германияның бар сұмдықтарын құжаттық дәйектеме түрінде жайып салған «Topography of Terror» кешені 1987 жылы Германияның 750-жылдығына орай ашылған екен. Әуелі тек бір жыл ғана көзайым болады деген көрме халықтың көп келуіне байланысты тағы жыл он екі айға созылған. Сонда да келушілердің қарасы үзілмеген соң, көрме әлі жұмыс істеп тұр. Қазір Берлиндегі туристер ең көп келетін жердің бірі. Күн дүйсенбі болғанына қарамастан, бұл күні де көрменің іші халыққа лық толы екен. Фотокамерасын асынған шетелдіктер де, әр суретті бажайлап қарап, құжаттарды асықпай оқып, іштей күбірлеп жүрген еуропалықтар да осында. 1933-1945 жылдары бұл жерде Құпия мемлекеттік полиция басқармасы – Гестапо мен оның «үй түрмесі», СС-тің бас кеңсесі орналасқан. Ал соғыс кезінде Рейхтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармасы да осы жерде орын тепкен екен. Генрих Гиммлердің Германия мен Еуропаның көптеген қалаларында концлагерьлер жүйесін құрған жобалары қағазға түскен жер. «Таза нәсілді» Германия құрудың жоспары осы жерде жасалып, қаны бөлек, жаны сұраусыздарды қырып-жоюдың барлық жай-жапсары қатталып, мөрленіп, құжат түрінде сақталған. Құжаттық көрмені аралап жүріп, неміс халқының дерек пен дәйекке қаншалықты ұқыпты екеніне тағы тәнті болдық. Қай жерде қандай концлагерь болды, онда қанша адам өлді, қанша адам азапталды деген ұзын-сонар құжаттардың көшірмелерінен бөлек, онда атылған, асылған адамдардың суреттері қабырға жағалай ілінген. Осы жердегі Гестапо түрмесінде бір мезгілде 50 тұтқын қамауда болған екен. «Гестапоның үй түрмесі» деп аталған жер негізінен саяси тұтқындарға арналған. Көрме дерегіне жүгінсек, бұл түрмеде 1933-1945 жылдары жалпы саны 15 000 адам тергеуге алынған. Олардың тек үш мыңының ғана аты-жөні белгілі. Көбісі осы түрмеден басқа абақтыларға немесе концлагерьлерге жөнелтілген. Әлбетте, қазір бұл ғимараттардың ешқайсысы жоқ, бірақ топырақтан аршылған іргетасынан кісі қанына бөккен, көз жасына жуынған ызғарлы табы сезіледі.

«Қайда жүрсем де – Түрікпін»

 16.00 Берлиннің орталығына жақын Кройц­берг ауданына келдік. Автобустан түсіп жатып, Сүлеймен «Welcome to Istanbul!» деді көтеріңкі дауыспен. Берлинің ішіндегі Стамбұлға келдік дегені. Германияда жалпы саны 1,6 миллиондай түрік болса, соның 180 мыңы осы қалада, дәлірек айтқанда осы ауданда тұрады екен. Айтса айтқандай, көшенің екі жақ беті түгел түрікше жазулар – түрік мейрамханасы, түрік кебаб дәмханасы, түрік асханалары, түрік қонақүйлері. Бір көшенің бойында «Hasir» деген атпен қонақүй де, мейрамхана да тұр. Осы көше тұтас Хасир деген түрік азаматының меншігі көрінеді. Германияда 170-тен аса диаспора болса, соның ішіндегі ең қарасы қалыңы – түріктер. Осы маңайдағы түрік дәмханасына соқтық. Англияда болсын, Астанада болсын, түрік тағамы мәзірінің айырмасы шамалы. Мұнда да көзтаныс тағамдар. «Әйтеуір, адал ас қой» деп қоямын. Әйтпесе, Еуропаны аралап жүріп халал ас ішетін жер табу оңай емес. Бір байқағаным, берлиндік шағын дәмханаларда көбіне даяшылар жоқтың қасы. Көбіне «self-service», яғни әркім ыдыс-табағын өзі көтеріп жүргені. Мұның себебін сұрағанда, Сүлеймен адам қызметі мұнда сағатпен бағаланатынын айтты. «Адам жалдау өте қымбат. Бір сағаты 18 еуро. Сондықтан мұндай шағын дәмханалар тек аспазды жалдайды. Мысалы, мен тек сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеймін. Айына жүз сағаттан шығады. Содан тапқан ақшам маған толық жетеді, Түркияға барып, қыдырып, ақшам таусылғанда, осында қайтып келем», – дейді ол. Германияда 37 жыл тұрғанына қарамастан, өзін түрік азаматы санайды. «Мен түрікпін, Түркия азаматымын, Түркияның төлқұжатымен жүремін», – деді ол көзі бағжаң етіп, азаматтығы жайлы сұрағанымда. «Қайда жүрсем де, мен түрік болып қаламын, егер соғыс бола қалса, Түркия үшін барып соғысамын, Түркия үшін өлемін», – деді даусын нығайтып. Сүлейменнің әке-шешесі өткен ғасырдың 80-жылдарында Стамбұлдан Берлинге жұмыс іздеп, ақша табу мақсатында қоныс аударған. Содан бері осы жақтан отбасылық мейрамханалар ашып, бауырларының бәрі байып кеткен көрінеді. «Бауырымның мейрамханасы бар, бірақ оған жұмыс істегім келмейді. Өз бетімше күн көргенді тәуір көрем», – деп өз жағдайынан хабар берді. «Осы елде қанша жыл тұрып, осы елде жұмыс істейтін, бірақ немісше бір ауыз сөз білмейтін түріктер бар», – дейді Сүлеймен. «Олар түрік банкінде, түрік шаштаразында, түрік мейрамханасында жұмыс істейді, оларға немісшенің қажеті де жоқ», – деп қояды. Германиядағы түріктердің қауымдастығы өз қазанында өзі қайнап жатқан оқшау ортаға ұқсайды. Рас, бөтен елде топтанып тұрмыс кешетін ұлыстар бар. Мысалы, Ұлыбритания осы елде тұратын араб, қытай топтарын жергілікті ортаға сіңістіре алмай әлек. Тіпті, үйден шықпайтын, тек өз қандастарымен ғана араласатын араб әйелдеріне тегін ағылшынша үйрететін мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. «Түркия Еуропалық одаққа мүше болуға ұмтылады. Әйтеуір бір күні мақсатына жете ме?» деп сұрадым одан. «Түркия үлкен қателік жасап отыр. Түркия – еуропалық мемлекет емес, оның аумағының үш пайызы ғана Еуропада. Анығы, Стамбул ғана. Қалған 97 пайызы – Азияда. Біз азиялық мемлекетпіз. Оның үстіне, Түркия Еуропалық одақтан гөрі түркітілдес елдерге жақын болуы керек. Міне, болашақ күш қайда жатыр», – деп Сүлеймен саяси сауаттылық танытты. Шамасы, Еуропаның кіндігінде өмір сүріп, кәрі құрлықтың бар игілігін көріп жүрген түріктер өздерін ешқашан еуропалық қалыпқа сыймайтындай сезінеді. «Менің неміс досым бар. Былай жүргенде бәрі жақсы, өте сыпайы, ал ішіп алса, «мен түріктерді жақсы көрмеймін» деп дүрдиіп шығады. Бұлардың бәрі сондай. Сырттай білдірмегенмен, ұлтшылдық, өзгелерді кемсітушілік бұлардың ішінде бұғып жатыр», – деді ол қолын бір сілтеп. «Мен Берлинге келгенде бар болғаны он жаста едім. Кім екенімді білген жоқпын. Кейін бәрі «сен – түріксің» деп кеудемнен түрте берді. Сосын мен өз тарихымды зерттедім. Одан кейін осы елдің тарихын оқыдым. Сөйтіп, тарихты оқып-білу әдетіме айналды. Себебі мен – түрікпін, мұны мақтан етемін», – дейді Сүлеймен. Туған жерден жырақ жүрген адам – бір мұңлық. Ал өз елінен біржола алыстаған адамның ішкі халін түсіндіріп беруге тіл жетпес. Топырақтан жаралған адамның жаны туған жердің құмы мен тасына көзге көрінбес жіптермен байланатын сияқты. Елде жүргенде елемеген ұсақ-түйектің өзі сыртқа шыққанда аса маңызды естелікке айналады. Жат жұртта қалған диаспоралардың ұлттық тіл мен дәстүрді, тарихи жадыны, ұлттық сана-сезімді сәнін бұзбастан сақтап қалатыны содан болса керек. Атажұртта отырған біздің ел ұмытқан кей салт-дәстүрді, ұлттық ән-күйді, қолданбалы өнердің жауһарларын Қытай мен Моңғолиядағы қазақ диаспораларының сақтап қалғанын көрдік, көзайым болдық қой. Онда да жалғыздың жұтылуы оңай да, қауым болып қоныс тепкен, ұлыс болып ұйып отырған диаспоралардың ұлттық «мені» ұзағырақ жасайды. Содан ба, кәрі құрлықта қауымдасып тіршілік еткен түрік диаспорасы еуропалық қоғамға оңайлықпен жұтылмайтындай көрінді, бәлкім, олар кәрі құрлықты түріктендірмесе, өздерінің еуропалануы қиын сияқты.

Сальвадор Дали – атом қаруына қарсы күрескер

 18.00 Сүлейменге рахмет айтып, мен Потсдам алаңындағы испандық суретші Сальвадор Далидің көрмесіне асықтым. Жеке адамдардың иелігіндегі 450 туындыны бір жерге жинап, арнайы ұйымдастырылған көрмеге баруды Ньюкаслден шықпай тұрып жоспарлағанмын. Суретші туындыларының түпнұсқасын өз көзіммен көруім бірінші рет. Дали – елу жылдан аса өз талантын сюрреализм стилінде шыңдаған суретші. Әрі мүсінші, режиссер, график. Алғашқы көрмесін он төрт жасында өткізген екен. Көзі тірісінде мойындалған, бар мұратына жеткен. Әйтсе де, Далидің шығармашылығы тұнған жұмбақ сияқты. Әр сызық, әр нүктенің өз айтары бар. Маңдайдағы көзбен емес, көкірек көзбен бажайлап қарау керек. Ашығын айтқанда, екі сағаттың ішінде айналасы елу шығармасын қарап үлгерген болармын. 450 туындысымен түгел танысып шығу үшін таңнан қара кешке дейін жүру керек. «Дон Кихот» кітабына салған графикалық сериясының ішінде Дон Кихотты алып диюмен алысқалы тұрған сәтінде бейнелеген екен. Бірақ дию – атом қаруының сипатын елестетеді. Расында, Дали ХХ ғасырдағы адамзат бетпе-бет келген қатерлердің бір де бірін өз шығармашылығынан тыс қалдырмаған: Гитлер, соғыс, атом қаруы, ажал... Берлин мені Далимен табыстырды, тәнті қылды. Енді испандық суретшінің шығармашылығы жайлы ойлағанда, әуелгі ассоциация ретінде Германияның астанасы ойға келетін болды. Жаһандану дегеніңіздің өмірдегі шынайы мысалы осы.

Кешегі мен бүгінгінің көлеңкелі тұстары

21.00 Фридрихштрассе вокзалының маңайынан тағы бір түріктің дәмханасын таптым. Осы маңайда «Макдональдс» та, «Пицца-барлар» да толып тұр. «China in Berlin» деген қытай мейрамханасын да, жапондық «Суши-бар» дәмханасын да көрдім. Жергілікті паб-барлар аяқ басқан сайын кездеседі. Бірақ олардың ешқайсысына соқпай, айналып келіп, түріктердің тағамын қанағат тұтқан жайым бар. Осындайда қазақтың ұлттық тағамдары қашан ғаламдану көшіне ілеседі екен деп армандайсың. 22.00 Фридрихштрассе – Берлиндегі ірі вокзал, тоғыз жолдың торабы. Күні-түні адам қарасы азаймайтын, ұдайы қозғалыс ордасы. Кісі көп жүретін жер болғандықтан, баспанасыздар жиі жағалайды. Іргесіндегі жолайрықтың ортасында, көше бойындағы аспалы көпірдің бір қабырғасына таяу жерде бір міскін жайғасыпты. Өткен-кеткенге қол жайып отырған қайыршы ғана емес, төсек-орнын сайлап, осы жерді тұрақ еткен панасызға ұқсайды. Әрі-бері сапырылысқан халыққа самарқау көз тастап, көрпесіне оранып алып, сыз көшеде жатыр. Жергілікті халық үшін үйреншікті көрініс сияқты. Қаланың сауда-саттық орталығы орналасқан Потсдам ауданында көшеде қайыр тілеп отырған бірен-саран адамды көргенім бар. Салыңқы қабақ, түнерген жүз... бірақ сырт қарағанда тепсе темір үзетін ер адамдар. Тіленшілікпен күн көруге арланбайтын жас жігіттерді Британиядан да көріп жүрмін. Жергілікті азаматтардың айтуынша, олардың көбі не ішкілікке салынып, не есірткі дертіне шалдыққандар. Үкіметтің қамқорлығын місе тұтпайды, емделуге еш бейілі жоқ. Берлиннің орталығынан қашық аудандарында босқындар мен панасыздар көбірек ұшырасады. Есесіне, ол аудандар күн батқаннан кейін қарақшылық, ұрлық, есірткі саудасының мекеніне айналатын көрінеді. Не де болса, Берлин – талай қанды қырғынды, талай зорлық-зомбылықты көрген қала екені бір сәт естен шықпайды. Бәлкім, түн қараңғылығына батқан қаланың сұлбасы сана түкпіріндегі кешегі қанқұйлы қызыл империяның елесін тірілткен шығар. Егер 28 жылға шегініс жасасақ, дәл осы тұс Шығыс Германияның аумағы болатын... 22.45 Қонақүйде Мысырдан келген екі студент қызбен сөйлестім. Артынып-тартынып жеткен беттері осы. Каирден Берлинге базар аралауға арнайы келгендей. Бұдан соң Мюнихке, одан әрі Венаға жол тартпақ. Менің де келесі межем Вена екенін есіме түскені сол, көңілсіз ойлардың көлеңкесі де қалмады.  

Ньюкасл – Берлин – Вена – Ньюкасл