853
Ғаббас Қабышұлының«Көңіл көгінде» атты эсселер жинағы түрік тілінде жарық көрді
Ғаббас Қабышұлының«Көңіл көгінде» атты эсселер жинағы түрік тілінде жарық көрді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер Ғаббас Қабышұлының түрік тіліне аударылған «Көңіл көгінде» атты эсселер жинағының тұсаукесер рəсімі өтті.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан жарық көрген кітаптың кіріспе сөзін елші Абзал Сапарбекұлы мен Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы жазса, алғысөз орнына Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жылы лебізі беріліпті. Кітапты түрік тіліне аударған Эльмира Қалжанова, редакторы – Азизе Кая.
Топтамаға жазушының 90-нан астам зиялы қауым өкілі туралы әр жылдары жазған естеліктері мен эссе-әңгімелері енген. Атап айтсақ, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл Жабаев, Ғали Орманов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқмағамбетов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мариям Хакімжанова, Сәкен Жүнісов, Мұқағали Мақатаев жайында естеліктер орын алған.
Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаев арнайы келді. Ал жазушы, «Ан арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» кітабы туралы 2015 жылы Мәлік Отарбаевқа айтып, алғаш рет Түркияда қазақ тілінде жарық көруіне мұрындық болғанын атап өтті. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлының Әзиз Несиннен аударған «Нау емене?» әңгімелер жинағының қатар шыққанына тоқталып, «Көңіл көгінде» кітабының енді түрік тілінде басылғанына қуанышын білдірді.
Сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан: «Көңіл көгінде» – қазақтың біртуар қайраткерлеріне лайықты баға бере білген жинақ. Оның Түркия төрінде түрік тілінде жарық көруі еліміз үшін тарихи оқиға. Жобаны жүзеге асырған Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне алғыс білдіреміз», – деді.
Мәлік Отарбаев кітаптың Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында жарық көргенін айта келе, жолдау мен бағдарламалық мақаланы түрік зиялылары жоғары бағалағанын айтып өтті. Елшіліктің соңғы жылдары атқарып отырған жұмысына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түрік тіліне аударылған нұсқасын кітапхана қорына тарту етті. Одан кейін елші Абзал Сапарбекұлының құттықтау хатын оқыды. Онда:
– Қадірлі Ғаббас Қабышұлы! Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және өзімнің атынан сізге зор ілтипатымды білдіре отырып, «Көңіл көгінде» атты эсселер жинағыңыздың түрік тілінде жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын. Соңғы жылдары туыстас түрік елімен әдебиет саласындағы байланысымыз күшейіп, 30-дан аса қазақтың көрнекті қаламгерлерінің әдеби туындылары түрік тілінде жарық көрді. Сіз де өз тарапыңыздан атақты түрік қаламгері Әзиз Несиннің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ және түрік халықтарының достығы мен бірлігінің артуына күш салдыңыз. Бүгін де түрік қаламгерлері бұл еңбегіңізді жоғары бағалайды. Екі бауырлас елді жақындастырып, әдеби байланыстың күшеюіне қосқан үлесіңіз үшін алғысым шексіз! – делінген.
Бұдан кейін ол Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының ыстық сәлемі мен жылы лебізін жұртшылыққа жеткізді.
– Жазушы Ғаббас Қабышұлы «Көңіл көгінде» кітабы арқылы қоғамның дамуына, руханияттың қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаларды түркі әлеміне насихаттап отыр. Бұрын атын естіген, кейбірінің шығармаларын оқыған әдебиет майталмандарын жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік алдық. Сіз осы еңбегіңіз арқылы екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды жақындата түстіңіз. Кітапқа ақ жол, өзіңізге амандық тілеймін», – делінген.
Мәлік Отарбаев Ғаббас Қабышұлына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының алғыс плакеткасы мен жазушы-публицист Қайсар Әлімге «Әлем жазушылары» қауымдастығы мен «Әлем-сөз» академиясының Алаш арыстарын түркі әлеміне танытқаны үшін арнайы сыйлығын тапсырды. Жиын барысында жүрекжарды алғысын юбілдірген жазушы Ғаббас Қабышұлы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің екі ел арасында алтын көпір орнатып, әдеби байланысты нығайтып отырғанына ризашылығын білдірді.
– «Көңіл көгінде» кітабымның түрік тілінде жарық көргені маған ерекше қуаныш сыйлады. Қолыма қалам ұстаған 60 жылдың ішінде аралас-құралас, дәмдес, сапарлас болған 91 адам туралы эссе жаздым. Оның 75-і жазушылар. Өкінішке қарай, ол адамдар қазір арамызда жоқ, тым ерте кетіп қалды. Нені көрдім, не айтқым келді, барлығын бұрмаламай, тек шындықты жазуға тырыстым. Алыптардың сөзіне, мінезіне артық ештеңе алып-қоспадым. Кезінде көп ағаларымның жақсылығын көрдім. Менің кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрмегелі 30 жылдан асты. Астанадан шықпаған жинағымды Анкарадан шығарып жатқаны үшін елшілікке айрықша алғыс айтамын, – деді жазушы.