Қоғамның айнасына айналған саябақ 

Қоғамның айнасына айналған саябақ 

Қоғамның айнасына айналған саябақ 
ашық дереккөзі
Қоғамда көңіл алаңдатар жайттар көп. Албырт жастықпен от басып, құрсағындағы нәрестесінен жеріген ана, ата-анасын қалдырып, шетел асқан бала. Осындайда «адам бойындағы мейірім деген ұлы қасиет неге азайып барады?» деген сауалға жауап іздейміз шарқ ұрып.  Мұның емі қайсы? Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театрында сахналанған «Аққулар ұйықтағанда» қойылымының премьерасы осы тәрізді сан түрлі ойға жетелейді. Ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күніне орай тұсауын кескен драмалық қойылымның авторы – жазушы-драматург Нұрғали Ораз, режиссері – Ержан Қауланов. Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы есіңізде шығар?! ... Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға, Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә. Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман? Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам? Қанша шырша өсті екен, құлады екен, «Жетім көлге» қараудан шаршамаған?.. деп басталатын жырда бір отбасы ғана емес, сандаған отбасының тағдыры баяндалатындай. Мұқағали Мақатаев баласының өмірі үшін күрескен ананы, айдынында жүзген аққуын қимайтын Жетімкөл қасіретін, аққусыз жетімсіреген айдын көлді, баласыз өткен бақытсыз өмірді өлең сөзбен қалай көркем өрсе, көрермен де поэма мен қойылымның өзара үндестігін іштей сезіп отырды. Бір-бірін ынтыға сүйген екі жас. Жастық шақтың қызуы екеуін де албырт сезімге ерте итермелейді. Көп ұзамай арада нәресте пайда болады. Қыз – Ая мен жігіт – Мерей үйленіп, отау құрайын десе, не жағдайы, не баспанасы жоқ. Мерей көлік жуушы болып жұмыс істейтіндігіне налиды. «Біздің көп ақшамыз болады. Екеуміз әлі бүкіл әлемді саяхаттаймыз...» деп арман қанатына ерік берген Мерей кенет Аяның «Ақшамыз болса, бөпемізге бесік сатып алайық!..» дегенін естіп, селк ете қалады. «Жо-жоқ, біз екеуміз ғана барамыз. Біз баланы алдыртамыз деп шештік емес пе?!» деп бейкүнә сәбиден тезірек құтылуға асыққан Мерейдің образынан бүгінгі жігіттерге тән боркеміктік, жауапсыздықты көресіз. Бірақ қалай? Түсік жасату үшін де ақша керек. Ал ақшаны кім береді? Ұзақ ойдың жетегінде жүрген Ая күн сайын саябаққа келіп, өзімен-өзі сырласады. Әрі-бері сапырылысқан жұрт. Ала сөмкесін көтеріп, пәтер іздеген жас отбасы. Алаяққа алданған қыз. Бұл саябақ – қоғамның айнасы ма дерсің. Қит етсе, жастардың бар кінәні аға буынға жаба салуы, қам-қарекетсіздікке жол беруі ше?! Жеке қалса, әлдебір көзге көрінбейтін ер кісі өмір заңдылықтарын тәптіштеп, ақыл айтқандай болады. Кейде пікір алмасып, көкейіндегі сұрағына жауап берсе, кейде үнсіз қалады еріксіз. Бірақ сондағы есінде мәңгі қалғаны: «Адамға жарық дүниеге бес күндік қонақ болып келудің өзі бір бақыт екенін ұмытпаңдар. Әрқайсысың бір-бір атаның ұл-қызы екенін естен шығармаңдар. Және де жарық дүниеге ұрпақ әкелу, оларға жақсы тәрбие беру – адамзаттың парызы» деген сөзі. Бірақ отырғышта таяғына сүйеніп отырған қарт кісі қашан да көз алдында. Себебі қай уақытта келсе де, терең ойға шомған қария ғана жылы ұшырасады. Бірде бұл қария Ая мен Мерейдің ұрысына куә болса, бірде жастарға ақыл-кеңес айтып, санасына сәуле құйғандай болады. Бұл қария кім? Ол неге саябақтағы адамдардан жылу күтеді? Бала-шағасы қайда? «Балам Канадада тұрады. Анасы көзі тірісінде немересін бір иіскесем арманым жоқ деген соң, бардық. Әншейінде ана жерім, мына жерім ауырады дейтін бәйбішем сағаттап ұшып, мұхит ассақ та, қыңқ демеді. Шіркін, ана көңілі қашан да балада екен ғой. Бірақ балам анасы қайтыс болғанда жерлеу рәсіміне келе алмады...», – деп терең күрсінгенде, «баласы үшін жанын шүберекке түйетін аналарға тағзым етпесек, несіне қара жер басып жүрміз?» деген ой маза бермеді. Ал қойылымда анасының шиеттей бала-шағаны жетілдіремін деп тыраштанып еңбек еткені, ақыр соңында ауыр дертке шалдығып, өмірден озғанын егіле айтқан Аяның «мына саябақта да анамның іздері сайрап жатыр. Қажет болса, осы жердің бәрін сүюге бармын...» дегені жүректі шым еткізді. Тағы бірде жалғыздықтан торыққан қарттың «ара-тұра 70 грамнан алып тұратыным» бар дегеніне елең еткен Мерейдің «Бірге ішсек қайтеді, а?!» деп қосыла кетуі, артынша ішімдікті төпелей құйып, тіпті масайған қарияның зейнетақысын тартып алуы да бүгінгі ақшаға қолы байланған жастардың типтік образын көз алдыңызға әкеледі. «Аққулар ұйықтағанда» драмасы жасанды түсік жасату, үлкенге деген құрметтің азаюы, жастардың өмірден түңіліп, сәл нәрсеге морт сынуын тағы бір еске салады. Бәрінен де жалғыз қалған қарияның кімге иек артарын білмеген жастарды панасына алып, «Үйде жалғыздықтан шаршадым. Бұдан былай бірге тұрайық. Немеремді де бірге бағамыз...» деп балаша қуанғаны қойылымның сәтті шешімі болды. Драма авторы Нұрғали Ораз: «Қойылымға баға беріле жатар. Бірақ өзім осы шығарманы сахнаға әкелу арқылы қоғамның бет-бейнесін, әсілінде шынайы көрінісін қаз-қалпында бергім келді. Жастарға сол арқылы тәрбие дәнін сеуіп, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмау жағын сіңіруге атсалыстық деп ойлаймын» десе, қойылымда Аяның рөлін сомдаған Нұржамал Әбілқиясқызы: «Кейіпкерім кішкентай кезінен қиындық көріп өскен, анасынан ерте айрылған Ая есімді қыз. Бойжеткен бойына біткен нәрестесінен айырылғысы келмейді, бірақ шешім қабылдай алмай түсініксіз күй кешеді. Бірақ адамның бар бақыты – бала екенін ұғады. Спектакльдің айтар ойы да – осы», – дейді. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мен драмалық қойылымның түпкі мақсаты да осы. Дастанда аққу мен баланың демі қатар үзілсе, қойылымда сәби дүниеге келіп, аққу өз көліне оралады.