Әлемді уысында ұстаған бір пайыз
Давос форумдарының нақты нәтижесі туралы ешкім тап басып айта алмас. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мемлекет басшылары, бизнесмендер, саясаткерлер, сарапшылар мен журналистер көбіне-көп белгілі бір тақырыптар аясында сөз қозғап, пікір алмасып, екіжақты, көпжақты кездесулерде келісімдер жасасып, болашақ әріптестік туралы уағдаласып... қазақша айтқанда, дәмдес-тұздас болысып, тамыр атануға таптырмас орын. Нақты іс-әрекеттен гөрі сөз жарысы, ой таласы, талғам бәйгесі... Кім қандай көлікпен келді, кім қандай мейрамханада тамақ ішті, кім қандай қонақүйге түсті, тіпті кім қандай етік киді деген мәселенің бәрі талқыға түсетін, жердің бетінде дәл қазір кімнің асығы алшысынан түсіп тұр дегенді тап басып анықтап беретін лакмус қағазы. Мысалы, мықтының мықтысы Давосқа ұшақпен келіп, тәулігі он мың доллар тұратын жұмақ-жайға түседі. Ал тұрмысы қоңыр төбел қонақтар курортты қалаға пойызбен жетеді. Адамзаттық деңгейде байлар мен кедейлер, қолында билігі барлар мен бағынушылар, жұмыс берушілер мен жұмысшылар, тағысын тағы, жік пен тапқа бөлініс Давосты айналып өтпеген. Бір ғана айырмашылық – мұндағы мерейі үстемдер өз уысына билікті де, байлықты да жинаған алпауыттар, ал төменгі сатыдағылардың өзі былайғы өмірде ірі мегаполистерде бір-бір пентхаусы бар ауқаттылар. Сонда форумға қатысушылардың ішінде қаражаяуы жоқ деуге болады. «Oxfam» халықаралық қайырымдылық қоры жыл сайын ғаламдық кедейшілік туралы деректерді жариялайды. Бұл ұйымның кезекті есебі Давос форумының дәл қарсаңында жариялануын дәстүрге балауға болар. Осы есепке жүгінсек, бүгінгі таңда әлемдік байлықтың 82 пайызы жер тұрғындарының бар болғаны 1 пайызының еншісіне тиетін көрінеді. Егер осы дерек рас болса, онда дәл осы 1 пайыздың ішінде Швейцария курортында оңаша бас қосып, әлемдік саясат пен ғаламдық экономика мәселелерін талдайтын шоғырдай топ та бар. Ал енді осы кілең үлде мен бүлдеге оранған, ішкені алдында, ішпегені артында болған топтың әлемдік деңгейдегі кедейшілік, тіпті аштық мәселелерін талқылап, оны жоюдың амалдарын ойластырып жатқанын елестетіп көріңіз. Әлбетте, әлемдік деңгейдегі жақсы мен жайсаңның кәсіби біліктілігін жоққа шығарудан аулақпыз, бірақ жер бетіндегі ең көрікті жердегі швейцариялық қымбат мейрамханада құстың сүтімен тамақтанып отырған адамдар дәл сол сәтте Африкада не басқа бір құрлықта аштықтан, жоқшылықтан не соғыс зардабынан көз жұмып жатқан адамдардың басындағы халді сезініп, толық түйсіне қояды дегенге сену қиын.Ұстамды Трамп, қостілді Макрон, ақылгөй Меркель
Біз байқаған бір жайт – ғаламдық көшбасшыларда бұрынғыдай бірауыздылық аз. Әр мемлекеттің басшысы өз елінің мүддесі тұрғысынан сөз қозғауы қалыпты жайт, бірақ сонда да белгілі бір мәселелерде, мысалы әлемдік экономиканың бағыты, халықаралық саясаттағы басымдықтар, демократиялық құндылықтар, ғаламдық қауіпсіздік, аймақтық кикілжіңдерді шешу, т.б. тақырыптарда ортақ пікірге ойысушы еді. Бәрі бірдей айтылған сөздің үдесінен шықпаса да, алма-кезек тақырыптардағы жарыссөздердің жалпы ауаны адамзаттық ортақ құндылықтарға, біртұтас ғаламдық үйлесімге үндейтін сарын аңғарылатын. Бұл жолы жеке-дара жол салудың алғышарттарын көрдік. Халықаралық саясат аренасына шыққанына көп болмаған Франция президенті Эммануэль Макронның да бұған қосқан үлесі мол. Ол Трампша «Ең адымен Америка!» деген мазмұнда ұрандамаса да, еуропалық калейдоскопта Франция жетекші әрі бірінші орында тұрғанын, ендігі жерде француз саясаты соған ұмтылатынын сыпайылап жеткізді. Давоста Дональд Трамптың баяндамасын тыңдауға келгендер залға сыймай қалған. Оның «твиттердегі» не телекамералар алдында айтқан екі сөзінің бірі жанжалға ұласатынына қарамастан, Ақ үй басшысының үнін естуге құмартушылар өте көп. Расында, қазіргі АҚШ президентін қолдайтындардан гөрі оның іс-әрекетін теріске шығаратындар, тіпті ашықтан-ашық жек көрушілердің қарасы қалың. Америкалық әлеуметтанушылар жақында жүргізген сауалнамаларда Трамптың рейтингісі 30 пайыздан түсіп кеткені жария болды. Бұл ілгері-кейінгі АҚШ президенттерінің рейтингісі ішіндегі ең төмен көрсеткіш саналады. Яғни, дәл қазір сайлау бола қалса, Трамптың жеңіске жетуге еш үміті болмауы тиіс деген сөз.
Өсім бар, өзгеріс те болады
Экономиканың өсімі тек АҚШ-та емес, жалпыға ортақ көрініске ұқсайды. Ғаламдық экономика біртіндеп дағдарыс салдарынан айыға бастағандай. Еуропа елдерінің экономикасы қайтадан оңалып келеді, ал Азияның көшбасшы елдері Қытай мен Үндістанның дамуы өзгеше қарқын алған. Латын Америкасы мен Африка елдерінен жағымды жаңалықтар жиірек естілетін болды. Қазақстан үкіметі де 2018 жылы ЖІӨ көрсеткіші 3,5 пайыз болатынын мәлімдеді. Экономика министрі Тимур Сүлейменов бұдан әрі өсу қарқыны үдей беретініне сенімді. Ал Халықаралық валюта қорының сарапшылары биылғы және келесі жылы әлемдік экономиканың жылдық өсімі 3,9 пайыз болады деп болжады. Мұның бәрі давостық қауымның көңіл-күйі көтеріңкі болуына себепші болса керек. Былтыр дәл осы уақытта әлемдік көшбасшылар мен бай-бағыландардың көңілсіз жиналып, күпті күйде тарасқаны есімізде. Ол – Ұлыбритания Брекситті қолдап дауыс беріп, Еуропалық одақты пұшайман қылған, АҚШ-та Дональд Трамп жеңіске жетіп, енді Ақ үйдің әлемдік саясатын ешкім болжай алмаған өтпелі кезең болатын. Одан бергі бір жылда Брексит пен Трамптың бет-бейнесі біраз бедерленіп қалды, бұл екі феноменнің анық салдары қандай болары әлі де белгісіз болғанымен, халықаралық қауымдастық «басқа салды – біз көндік» дегендей, олармен санасып тіршілік етуге бейімделе бастаған. Бірақ экономикалық сарапшылар бұл өсім ұзақ мерзімді өрлеу дегенге нана қоймайды. Керісінше дауыл алдындағы тыныштық секілді, жаппай өсімнің соңы бұдан да күшті тоқырауға әкелуі мүмкін деп күмәнданып отыр. Себебі Қытайдың өзі ғаламдануды қанша қолдап, ұрандатса да, әр ел көрпені өзіне көбірек тартуға тырысады. Көпполярлы әлемде тұрақтылық жоқ, бұрынғы алпауыттар бұдан былай ішкі мәселелермен алаң болмақ, оларды тықсырып, Қытай, Үндістан, Түркия елдері біртіндеп күш ала бастады. Ендігі бес-он жылда қазіргі калейдоскоп біржола өзгереді. Сол кезде Давоста пәрмені жүретін мемлекеттер қазіргілерден басқалар болады. Давос-2018 халықаралық форумында айтылған кесек сөздер АҚШ президенті Дональд Трамп When the United States grows, so does the world. American prosperity has created countless jobs around the globe and the drive for excellence, creativity and innovation in the United States has led to important discoveries that help people everywhere live more prosperous and healthier lives. АҚШ өркендесе, барша әлем өркендейді. Америкалық өркендеу әлемнің түкпір-түкпірінде сансыз көп жұмыс орындарын ашты, АҚШ-тағы шеберлік пен шығармашылыққа және инновацияларға деген ұмтылыс барша әлем тұрғындарының тұрмысының оңалып, денсаулықтарының жақсаруына көмектескен маңызды жаңалықтар ашуға түрткі болды. Франция президенті Эммануэль Макрон That is a huge advantage in terms of attractiveness and competitiveness. Talent will come where it is good to live. We can create a lot of jobs with such Бұл тартымдылық пен бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан алғанда өте үлкен артықшылық. Талантты адамдар қай елде тұрмыс жақсы болса, сол елге ағылады. Біз осындай стратегиямен көптеген жұмыс орындарын ашуға қауқарлымыз. Германия канцлері Ангела Меркель Ever since the Roman Empire, ever since the Chinese Wall, we know that shutting ourselves off doesn’t help to protect your borders. You also need good cooperation with your neighbours, you need good agreements, valid agreements, that are respected. Рим империясы дәуірінен бері, Қытай қорғаны заманынан бері біз есікті тарс жауып алып отыру шекарамызды қорғаудың жақсы амалы емес екенін жақсы білеміз. Көршіңізбен жақсы мәміледе болып, жақсы келісімдер, іске асатын нақты келісімдер жасау керек.