Сазы мен сөзі қалды арттағыға

Сазы мен сөзі қалды арттағыға

Сазы мен сөзі қалды арттағыға
ашық дереккөзі
Ұлтты ұлт ететін ұлттық өнері болғанда, өнерді өнер қылатын – жанкешті өнерпаздар. Адамның тағдырды таңдап алмайтыны секілді, өнер жолына өмірін арнайтындардың дені – туабітті талантына тәуелді өнерпаздар. Мұндайды қазақ халқы «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деп дәріптейді. Иә, құстың ұшуға жаралғаны сияқты талантты адамдар да өнер көгінде самғауға жаралған. Бұл жолда оларға тағдырдың артқан ауыр салмағы да, тіпті дуылдаған өнер ордасынан алыс – қиыр шетте дүниеге келуі де кедергі емес. Өмірдің түрлі өткелінде кездескен қиындықтарға мойымай, алға баса беретін осындай жандардың өнегесі – әрдайым өскен ортасының, туған халқының мерейін көтеріп тұрады. Ол бабалар аманатын арғы ғасырдан бергі ғасырға аман-есен жеткізген жыраулық өнердің хас шеберлерінің бірі болатын. Өзінің репертуарының молдығымен ғана емес, жыр-дастан айту, бөлекше домбыра тарту тәсілімен де қайталанбас тұлға еді. Қалдаш (шын аты-жөні Қалдыбек Ахметұлы Сәдіров) 1937 жылы Өзбекстанның Бұқара облысының Шафиркан деген жерінде дүние есігін ашты. Кейін отбасымен қазағы қалың Тәуелібай өлкесіне көшіп барды. Анадан қос жанары жарықты көрмей, суқараңғы болып туған ол, өзге балалардай асыр салып ойнау, хат тану бақытынан мақұрым қалса да, жаратылыс сыйлаған құймақұлақтық қасиетімен ерекшеленіп, естігенін қағып алатын ерекше бала болып өсті. Тоғыз жасынан ағашқа жіп тағып, қобыз қылып ыңылдатып жүрген бала, мүшел жасқа жеткенде домбыра ұстап, ән-жыр, терме-дастан айта бастады. Тойларға шығып жырлайтын болды. Зағип Қалдыбек енді Қалдаш жырау атана бастады. Оның даңқы өзі туып-өскен Тәуелібай өлкесінен асып, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан қазақтарына белгілі болды. Репертуары жыл санап толығып, молая берді. Оның өнер қоржынында өзбек, қазақ, қарақалпақ халық әндері, қазақ эпостары мен термелері, әндері мен күйлері – жалпы мыңнан аса музыкалық шығармалары болды. Нағыз таланттың өзгешелігі болады десек, Қалдаштың соншалық көп шығармаларды жатқа білетін феномендік қасиетінен басқа өнерпаздардан ерекшелігі, жоғарыда айтып өткеніміздей – оның домбыра тартысы. Қалдаштың домбыра ұстап, тартуы – қазақ түгілі күллі әлемде бұрын-соңды шертпелі аспап шеберлерінің ешқайсысында кездеспеген тартыс. Ол домбыраның құлағын оң келтіреді, солақай тартады. Және алдына қырынан ұстап, кәдімгідей тартпай, домбыраны шалқасынан жатқызып – оң қолымен перненің үстінен саусағымен басып тартады. Яғни Қалдаштың пернені басуы – пианиноның клавишін басқанға ұқсайды. Әрине, халық өнері халықтың той-томалағында көрініп, тыңдаушы қауым да солардың арасынан табылатыны белгілі. Дегенмен бүгінгідей өнерді төрткүл дүниеге әп-сәтте танытуға мүмкіндік мол заманда ел ішінен шыққан талантты өнерпаздарды театрларда өтетін дәстүрлі өнер концерттерінде, фестивальдарда, радио-теледидарда көрсетіп, халыққа кең таныстырудың маңызы зор. Қалдаш жырау бұл жағынан алғанда да назардан тыс қалған өнерпаз емес-ті. Өмірінің соңына дейін көрші ел – Өзбекстанда тірлік кешкен Қалдашты мұндағы өнерсүйер қауымның тілегімен атамекені – Қазақстанға талай рет шақырып, радио-теледидарда өнерін көрсетуге жол ашқан жандардың бірі – белгілі жырау, өнертанушы ғалым Берік Жүсіптің еңбегі зор. Ол біраз жылдан бері тағдыры ерекше өнерпаздың атажұртында өнер көрсетуіне мұрындық болып, оның репертуарындағы ән-күйлерді, терме-жырларды аудио-бейнетаспаға жазып алды. Жырауды көзі көрген кісілердің айтуынша, Қалдашқа ең алдымен Сейдулла деген ағасы ұстаздық еткен. Шәміл Тілеубергенов деген ұста кісі жас жырауға үш қырлы домбыра жасап берген көрінеді. Біраз жылдар бойы Тәуелібай өлкесіне, Қарақалпақстан, Қазақстан, тіпті, Түркіменстанда да ән шырқап, ел арасында аты шыққан Қалдашты алғаш рет Алматыға әкеліп, сахнада өнер көрсетуіне қолдау білдірген Өзбекстанның Науаи облысы қазақтарынан шыққан өнер жанашыры Төребай Сәрсенбаев атты кісі екен. Қалдаш жырау өзі тірлік кешкен Өзбекстанда жүріп те ол жақтағы қазақ өнерінің туын биік ұстап, талай-талай мәртебелі өнер додасында топ жарып, туған халқының атын асқақтатты. Мәселен, 1999 жылы Өзбекстанның Термез қаласында «Алпамыс» дастанының 1000 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған жыршылар фестиваліне екі қазақ жырауы қатысты. Оның бірі – Қазақ елінің атынан барған Алмас Алматов, екіншісі Өзбекстан қазақтары атынан барған Қалдаш жырау болатын. Осы фестивальда Қалдаш «Алпамыс» дастанының қазақша нұсқасын шабыттана орындап, жүлделі орындардың бірін иеленді. Бұл – қазақ ұлты қай жерде жүрсе де, өзінің ұлттық өнерінің мықтылығын паш ете алатынының жарқын көрінісі еді. Өткен жылдың жазында жетпіске шыққан Қалдаш жырау Алматыға келіп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында өткен дәстүрлі өнер шеберлерінің концертіне қатысып, насихат термелерді төкпектетіп, қандастарының алдында шабыттана өнер көрсеткен-ді. Соңынан Қазақстан Ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, өзінің ғұмыр жолы, өнері жайындағы сұрақтарға жауап беріп, төгілте терме айтты. Жұбайы Қырмызы Қалдыбайқызы екеуі сегіз баланы тәрбиелеп өсіріп, содан он жеті немере, үш шөбере көрген қарт жырау тың көрінген. Құлағы ауырлап қалғаны болмаса, домбырасын күмбірлете қағып, желдірте жыр төкті. Бұл – «могиканның соңғы тұяғындай», баяғы жыраулардың жолын жалғастырушы даңқты Қалдаш жыраудың елімен соңғы жүздесуі екен. Арада жарты жылдан аса уақыт өткенде жыраудың соңғы ғұмыр кешкен өлкесі Өзбекстанның Үшқұдық қаласынан Қалдаш жыраудың дүние салған хабары жетті... Әрине, «Өлмесе, ата-бабаң қайда кетті» деп қазақ айтқандай, мәңгілік ештеңе жоқ. Бірақ қиын тағдырымен де, бөлекше өнерпаздық тұлғасымен де ешкімге ұқсамайтын Қалдаш жыраудың өмірден озуы – қазақ өнері атты алып теңізге тоқтаусыз құйып тұрған ағынды асау бір өзеннің тоқтап қалғанындай еді. Десек те, Қалдаш секілді тарландар құлпыртқан қазақтың жыраулық өнерінің үні көмескіленбесе керек. Олардың жырын тыңдаған, одан үлгі алған ұрпақ киелі өнерді әрі қарай жалғастырып, құдіретті қазақ өнерін ғасырлардан ғасырларға жалғай беретіні анық.