4191
Адами капиталдың көрсеткіші – білімде
Адами капиталдың көрсеткіші – білімде
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» тарауында білім беру мәселесі кеңінен көрініс тапқан.
Адами капитал деген не? Әдетте, капитал десе ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасында түсінік келеді. Ал бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз – адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы.
«Адам капиталы» терминінің өзі алғаш рет Нобель сыйлығының иегерлері, америкалық макроэкономистер Теодор Шульц пен Гарри Беккердің ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы еңбектерінде пайда болды. Т.Шульц нашар дамыған елдердің қиын жағдайын зерттей келе, кедей адамдардың әл-ауқатын жақсарту жерге, техника немесе олардың күш-жігер жұмсауына емес, бәрінен де білімге байланысты деген қорытындыға келді. Ол экономиканың мұндай сапалық қырын адам капиталы деп атады. Г.Беккерге келетін болсақ, ол адам капиталының теориялық моделін жасап және осы мәселе бойынша «Адам капиталы» кітабын жарыққа шығарды.
Адам капиталының теорияшылары экономикалық өсу үшін оған салым салуға назар аударады. Бұл жерде жұмыспен ұтымды қамту, еңбек нарығының оңтайлы қызмет етуі ерекше маңызға ие. Білім беру мен денсаулық сақтауды, еңбек өнімділігі мен табыс деңгейлерінің байланысын, кәсіпкерлік қызметті уәждеуді экономикалық қамтамасыз етуге дәлелі жетік көзқарас қажет.
Адам капиталы – мемлекеттің, сондай-ақ, экономикасы мен оның еңбекке жарамды азаматтарының бәсекеге қабілеттігін арттырудың қажетті ресурсы. Қазақстанда 2050 жылға қарай дүниежүзінің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған курс өзіндік адам капиталын дамытуға орасан мол инвестициялар салуды талап етеді. Өйткені тек біліктілігі жоғары қызметкерлер ғана постиндустриялық қоғам, яғни «Білім мен жалпыға бірдей еңбек қоғамы» жағдайында қызметтің барлық түрлерінде жоғары тиімділікке қол жеткізуге қабілетті.
Осыған байланысты білім, енді, экономикалық категорияға айналды. Ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары болады. Қазір «Білім экономикасы», «Парасатты экономика», «Ақылды экономика» деген тіркестер пайда болды. Әлемдік қауымдастық бірнеше онжылдықтар бойы әр мемлекеттердегі адам дамуының деңгейін, негізгі өткір үрдістерін талдап келеді. Осы сараптамалар негізінде Адам Дамуының Индексі (АДИ) ғылыми есептері дайындалады. АДИ мемлекеттердің білім беру, денсаулық жағдайы және жан басына есептегендегі табыстары бойынша үш бағытта жіктейді:
- болжамды өмір жасының ұзақтылығына қарай денсаулық және ұзақ өмір сүру;
- ересектердің сауаттылығымен және жалпы біліммен қамту коэффициентіне қарай білімге қол жеткізу деңгейі;
- жалпы ішкі өнім деңгейіне сәйкес лайықты өмір сүруге болатын жан басына есептегендегі табыс АҚШ долларымен өлшенеді.
- АДИ өте жоғары елдер;
- АДИ жоғары елдер;
- АДИ орта елдер;
- АДИ төмен елдер.
Білімге инвестиция құйсаң...
Адам капиталы – еңбек ресурсын жақсарту үшін жасалған инвестиция. Қазақстанның ең басты байлығы – адам капиталы. Бүгінде халқымыздың 100 пайызы білімді деп айта аламыз. Сол себептен де осы 26 жыл ішінде Қазақстан елеулі табыстарға қол жеткізді. Адам капиталы туралы ой қозғағанда әуелі білім ойға оралады. 1991-2015 жылдар аралығында елімізде 1579 орта білім беру мекемесі жаңадан салынды. 2005 жылмен салыстырғанда, мектептердегі мультимедиялық кабинеттiң саны 789-дан 2861-ға өсті. Сонымен қатар елімізде 20 Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Одан басқа, ұстаздардың сапалық құрамы да өзгерді. Мектептерде ІТ технологиялар қарқынды дамуда. Егер 2001 жылы 62 оқушыға 1 компьютерден келсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1,8 құрайды. Сондай-ақ, оларды интернет желісіне қосу да оң жолын тапқан. Ал 1991 жылы жоғары білімі бар ұстаздардың саны республика бойынша 66 пайыз болса, қазіргі кезде олардың саны 91 пайызға жетті. Мұның бәрі білім сапасына, оның ішінде адами капиталын дамытуға қосқан үлес деп айтуға болады. Сол сияқты кәсіптік техникалық білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. 1991 жылы колледждің саны 114 болса, қазіргі кезде 807 колледж бар. Соның 43 пайызы – жекеменшік. Елбасы Н.Назарбаевтвың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» бөлімінде: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты» деп атап өтті. мамандар әлемнің барлық елдерінің экономикасын зерделеуді негізге ала отырып, экономикалық өсудің тек 16 пайызына физикалық капитал, 20 пайызына табиғи, 64 пайызына адам капиталы септігін тигізетінін есептеп шығарған. 2015 жылы Қазақстан АҚШ азаматтары үшін визасыз кіру жөніндегі қысқамерзімді бағдарламасына бастамашылық жасап, Қазақстан азаматтары үшін 10 жылдық іскерлік және туристік визаларды бере бастады. Бұл визалық режимдер инвестиция және туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі ел арасындағы байланыстың артуына ықпал етті. Бүгінде АҚШ-та шамамен 26 мың Қазақстан азаматы тұрса, елімізде 5 мыңнан астам АҚШ азаматы мекендейді. Өткен жылы бұл мемлекет Қазақстан азаматтарына 18 мыңға жуық виза беріп, көптеген қазақстандыққа сапар жасауға мүмкіндік туғызды. Ал білім беруге байланысты АҚШ Қазақстанда ағылшын тіліне қолжетімділікті жақсарту және ағылшын тілі мұғалімдерінің жаңа буынын даярлау мақсатымен даму бағдарламасын ресурстармен қамтамасыз етуге атсалысуда. Былтыр 2800-ден астам Қазақстан мұғалімдері ағылшын тілінен біліктілігін арттыру жөнінде интернет-семинарларға қатысты. Осы мақсатта америкалық мұғалімдер еліміздің өңірлерінде ағылшын тілін оқытуды жақсартуға көмектесетін болады. Мәселен, «Ағылшын тіліне қолжетімділік жөніндегі микростипендия» бағдарламасы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 480 жас шәкіртке мектептен кейінгі сабақтарға қатысуға және жазғы оқу лагерьлерінде білім алуға көмектесті. Мұнымен қоса, АҚШ қазақстандық 230 журналистің кәсіби біліктілігін жақсартатын «Журналистерге арналған ағылшын тілі» бағдарламасын қаржыландырады. 1993 жылы басталған «Болашақ» президенттік стипендиясы бағдарламасының арқасында Қазақстан жастар әлемнің ең үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Бұл – Қазақстан студенттеріне шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу үшін төленетін бүкіл әлемге мойындалған стипендия. Ал АҚШ стипендиаттарды іріктеу процесінде және осы бағдарламаға атсалысатын АҚШ университеттерінің қатарын кеңейтуге көмектесу үшін «Болашақ» бағдарламасымен ынтымақтастық орнатқан. 1993 жылдан бері 12,5 мыңнан астам қазақстандық студент «Болашақ» стипендиясына ие болды. Олардың 2315 стипендиаты АҚШ-та білім алса, қазір мұхиттың арғы бетіндегі жоғары оқу орындарында 358 стипендиат оқиды.