Құлдырау құрықталды ма?

Құлдырау құрықталды ма?

Құлдырау құрықталды ма?
ашық дереккөзі
2017 жыл еліміздің жеңіл автокөліктер нарығы үшін табысты жыл болды. Өткен жылы ресми дилерлер 41 698 автокөлік сатқан, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 5,9 пайызға артық. Отандастарымыз көлік сатып алуға 999,4 млн доллар жұмсапты, яғни қазақстандықтардың темір тұлпарға жұмсаған шығыны 30,4 пайызға артқан. Қараша айындағы көлік сатылымы 4 711 көлікті құрап, 2016 жылғыға қарағанда 10,5%-ға артқанын көрсетті. Қараша айындағы нәтиже бойынша нарық көлемі 106,3 млн долларға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткішті 7,6%-ға басып озды. «Жылдың авторетейлдегі басты қорытындысы екі жылдан астам уақытқа созылған нарықтағы құлдыраудың аяқталуы болды. Өткен жылдың қараша айы 2014 жылдың ортасында нарықты жаулаған рецессиядан шығып, өсімнің үздіксіз артып келе жатқан жетінші ай болып табылады. Саланы қайта қалпына келтіру қазақстандық өндірушілердің ұсыныстар аясын кеңейтіп, сондай-ақ, тұтынушының жаңа валюта бағамына бейімделуі мен макроэкономикалық фонның тұрақталуын қамтамасыз етті», ‒ дейді «ҚазАвтоПром» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алфёров. Оның айтуынша, 2017 жылы жеңіл автокөлік сатылымы айтарлықтай тұрақталған. Қыркүйектен бастап ай сайынғы сатылым 4700 автокөлік деңгейінде, ал дилерлік түсім 100 млн доллардан төмендемеген. Жалпы, 12 ай бойы сатылған автокөлік саны 46 мыңнан асып түскен. Бір жыл ішінде сатылған 27 414 автокөлік (65,7%) импорттың үлесінде болса, 14 284 сатып алушы (34,3%) қазақстандық автозауыттардың өнімдерін таңдаған. Қаңтар-қараша айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең көп сатып алатын брендтер көшін Toyota бастап тұр: 2017 жылдың 11 айында республика аумағында аталған жапондық марканың 8 319 автокөлігі сатылған. Lada моделінің сатылымы 7 721 көлікті құраса, үшінші орынға 4 062 көлік сатқан Ravon тұрақтаған. Үздіктер бестігін 3 253 көлікпен Hyundai және 2 328 көлікпен GAZ маркалары аяқтайды. Сондай-ақ, табысты маркалардың үздік ондығына Renault (2 288), KIA (2 123), UAZ (1 685), Nissan (1 550) және Chevrolet (1 406) енген. Жеңіл автокөлік модельдерінің арасында алдыңғы қатарда Toyota Camry (3 098), жол талғамайтын Lada 4x4 (2 628) және Ravon Nexia (2 221) тұр. Lada Granta (1 546) мен Lada Largus (1 521) модельдері үздік бестікті аяқтаған. Сонымен қатар тұтынушылардың фаворитіне айналған көлік модельдерінің алғашқы жиырмалығына Toyota Rav4 (1 367), Ravon R4 (1 218), Toyota Land Cruiser 200 (1 102), Renault Duster (1 024), Toyota Land Cruiser Prado (1 007), Volkswagen Polo (950), Toyota Corolla (875), Hyundai Creta (854), Lada Vesta (839), Hyundai Elantra (825), Hyundai Tucson (772), Renault Sandero (643), Hyundai Accent (582), Toyota Hilux (509) және Lexus LX (499) енген. 2017 жылы Қазақстанның көлік нарығындағы көшбасшы дилерлік топ мәртебесін БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО холдингі сақтап қалды. Жыл қорытындысына сәйкес жаңа жеңіл автокөліктерді (LCV қоса алғанда) сатып алушылардың 29,1%-ы дәл осы топтың ұсыныстарына тоқтаған. Сату нарығындағы 17%-дық үлес КМК Astana Motors еншісіне тиесілі. Қазақстандық авторетейл қатысушыларының ішінде көзге түскен ондыққа Вираж (9,0%), Toyota City Алматы (4,9%), Allur Auto (4,3%), Mercur Auto (3,3%), Aster Auto (2,2%), Тойота Центр Жетісу (2,2%), Урал-Кров (1,7%) және Автомир (1,3%) кірген. «ҚазАвтоПром» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының дерегіне сүйенсек, өткен жылы жеңіл автокөлік сатып алуда Алматы (10 762 автокөлік), Астана (7 660), Шымкент (3 007), Атырау (2 856), Қостанай (2 594), Қарағанды (2 438), Орал (2 189), Өскемен (2 032), Ақтау (1 601) және Ақтөбе (1 555) қалаларының тұрғындары айрықша белсенділік танытқан. Сала мамандары 2018 жылы да отандық көлік нарығындағы динамика жалғасатынына сенімді. Мұнай бағасының көтерілуі және қазақстандық автозауыттардың жоспарды орындауы арқасында нарық 60 мың көлікке дейін артуы мүмкін деген болжам бар. Саланы қалпына келтіруге жеңілдікпен берілетін автонесиелер мемлекеттік бағдарламасының үшінші үлесті несиесі және пайдалану бағдарламасын дамыту айтарлықтай қолдау көрсететін болады дейді мамандар. Отандық автокөлік нарығының ілгерілеуіне жаңа жылдан бастап көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуге алу ережелерінің өзгеруі де оң ықпал етері анық. Мемлекеттік нөмірді қайта алу кезінде 30 күннің ішінде қайтадан баж салығын төлемеу үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің нұсқауымен Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын азаматтар автокөлігін есептен шығарған кезде жаңадан тіркелген көлікте ескі мемлекеттік нөмірін қалдыру үшін 2,8 АЕК көлемінде баж салығын қайта төлейтін. Бұл талап Арнайы ХҚО немесе Ішкі істер министрлігінің тіркеу және емтихан алу бөлімшелерінде болған кезде де қойылды. Бір жылда орташа есеппен 11 мыңға жуық азамат мемлекеттік нөмірді сақтауға өтінім береді, бұл автокөлік құралдарына 63 млн теңгеден асатын мемлекеттік баж салығына тең. Сонымен қатар, жоғалған немесе іске жарамсыз автомобиль нөміріне міндетті түрде алдыңғы және артқы нөмірге (2 бірлік) мемлекеттік баж салығын төлеу қажет болатын немесе көлікті қайта тіркеу міндеттелетін. Мысал келтіре кетсек, мемлекеттік нөмірлердің дубликатын жасау үшін орташа есеппен жылына 1,9 мың азамат 11 млн теңгеден астам қаржыға өтініш береді екен. Қосымша шығындарды болдырмау үшін, жаңа Салық кодексіне сәйкес автокөлік иелеріне мемлекеттік нөмірге 6 798 теңгенің орнына 3 399 теңгеге өтінім беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.