Депутат есім жазылған автонөмірлерге рұқсат беруді ұсынды

Депутат есім жазылған автонөмірлерге рұқсат беруді ұсынды

Депутат есім жазылған автонөмірлерге рұқсат беруді ұсынды
ашық дереккөзі
Депутат Омархан Өксікбаев елімізде адамның аты жазылған автонөмірлерге рұқсат беруді ұсынды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды. Арнаның хабарлауынша, мәжілісмен Омархан Өксікбаев Еуропа, Америкадағыдай көлікке нөмірдің орнына иесінің есімін жазуға рұқсат беруді ұсыныпты. Мұндай нөмірлердің құнын қымбаттатып қойсақ, бюджетке түсім де артады дегенді айтады депутат. Халық қалаулыларының ұсынысы жүргізушілерді қызықтырып қойған тәрізді. Өйткені, елімізде қымбат көліктерге ғана емес, вип-нөмірлерге де әуес жүргізушілер жетерлік. Тіпті, 001, 777 деген секілді бағалы нөмір алу үшін жарты миллион теңгесін аямайтын азаматтар да бар. Енді жұрттан осылай ерекшеленгісі келетін автосүйгіштер көлігіндегі нөмірдің орнына өз есімін жазып жүруі мүмкін. Халық қалаулысы осындай бастаманың сәтті іске асатынына сенімді. Өйткені, үш жыл бұрын вип-нөмірлерді саудалауды бастаған Ішкі істер министрлігі осы уақыт ішінде 16 мыңға жуық бағалы нөмір сатқан. Бұл бюджетке 5 жарым миллиард теңге табыс түсіріпті. Енді жүргізушілер есімін жазып жүрсе, түсім бұдан да арта түседі дегенді алға тартады мәжілісмен. Мамандар көлік нөміріне жүргізуші есімін жазу туралы ұсыныс талай рет жасалғанын айтады. Бірақ, әркез қандай да бір себептермен бұл қолдау таппаған. Сондықтан мұндай ережені баяғыда енгізу керек еді деген пікірде. КТК арнасының хабарлауынша, көлік иесінің есімі жазылған нөмірлер шетелде кеңінен қолданылады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде қалталы шейхтар вип-нөмір үшін жарты миллион долларға дейін төлейді. Ағылшындар да нөмірге есімін жазу үшін ақшасын аямайды. Мұнда осындай қызмет құны 10 миллион долларға дейін жеткен. Ал, елімізде әзірге сан нөмірлер ғана сатылады. Мәселен, 001-ден  009-ға дейін және 777 деген нөмір жарты миллион теңге тұрады. Әрі қосымша ақыға қасына қалаған әріптерді қосып алуға болады. Ал, егер машина иесіне есімін жазуға рұқсат берілсе, мынадай сандар болмайды. Яғни, жүргізушінің аты мен көлік тіркелген аймақтың нөмірі жазылмақ. Бірақ, бұл әзірге ұсыныс қана. Оның қабылдануы үшін әлі талай талқылаулар болады. Сондықтан ереженің жақында ене қоюы екіталай.