Сайын даланы сүйген ер

Сайын даланы сүйген ер

Сайын даланы сүйген ер
ашық дереккөзі
Алаш арыстарының халқына сіңірген тарихи еңбектері Қазақстан егеменді ел болғаннан кейін ғана шын мәнінде таныла бастады. Бүгінгі ұрпақ халқының болашағы үшін алысып өткен асыл арыстарының еңбегін бағалап, тарихтың тақтасына алтын әріптермен жазуда. Осылай десек те күні бүгінге дейін түрлі себептермен халқымызға әлі жете таныс емес, қоғамдық-мәдени тарихымызда өзіне лайықты бағасын ала алмай келе жатқан ардақтыларымыз да жоқ емес. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегейі, жиырмасыншы ғасырдың басында халқын жарқын болашаққа бастап шыққан көрнекті қазақ зиялыларының қатарында аталуға тиіс – Нәзір Төреқұлов. Нәзір Төреқұлов есімінің соңғы уақытқа дейін көпшілік қауымға онша танымал болмай келгендігінің бірнеше себептері бар. Бастылары оның негізінен Түркістан Республикасында, Мәскеуде, шетелде қызмет атқаруы, ұлтжандылығы, соның салдарынан Қазақстан басшылығындағы коммунистердің оған деген барынша теріс көзқараспен қарауы дер едік. Бұған қазақ совет әдебиетінің классигі С.Мұқанов жазған «Өмір мектебіндегі» мына жолдарды оқығанда көзіңіз жетеді. «...Мен Төреқұлұлының өзге жердегі қызметін білмеймін және білуге де тырысып көрген емеспін. Өйтетін себебім, Қазақ Республикасының 43 жылдық тарихында оның саясатын, экономикасын, мәдениетін басқаруда еңбегі бар адамдар туралы баспасөзде мақалалар, кітапшалар, кітаптар шығып келеді... Осынша тарихи деректердің бір де бірінде Нәзір Төреқұлұлының аты жоқ». Күні кешеге дейін Қазақстанның мәдениет, идеология саласында ықпалы күшті болып келген кісінің бұл жазғандары көп нәрсені аңғартса керек. Әсіресе «Мен Төреқұлұлының өзге жердегі қызметін білмеймін және білуге де тырысып көрген емеспін» – дегені тек Сәбеңнің ғана емес, совет өкіметі кезіндегі республика басшылығының Н.Төреқұлов туралы ресми пікірі де болып табылатын. Н.Төреқұловтың есімін алпысыншы жылдардың соңында Бейсекеңнің (Бейсембай Кенжебаевтың) аузынан естідім. Университетте оқып жүрген кезіміз болатын. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен профессор Б.Кенжебаев лекция оқитын. Бір күні сабақ арасындағы үзілісте Бейсекеңді ортаға алып, сұрақтар қоя бастадық. Әңгіменің неден басталып, немен аяқталғандығы дәл есімде жоқ. Сөз арасында профессор бізге бейтаныс Нәзір Төреқұловтың есімін атады да: «Мен Нәзірдей білімпаз, көп тіл білетін қазақты көрген жоқпын», – деп әңгіменің арнасын ары қарай басқа жаққа бұрып әкетті. Осы жолдар есімде қалып қойыпты. Кейіннен кітапханалардан Нәзір туралы мәліметтер іздестіргенде Сәбеңнің жоғарыдағы пікірінен басқа ештеңе кездестіре алмадық. Сөйтсек, Н.Төреқұлов ұлтшылдардың тізіміндегі жабық есім екен, оның үстіне ол туралы деректердің дені республика көлемінде емес, алыс-жақын шетелдерде жатыр екен ғой. Осындай объективті, субьективті себептердің салдарынан Н.Төреқұловтың есімі халқына кештеу танылып жатқан жайы бар. Қазір, Нәзірдің есімі халқына қайта оралды. Белгілі ғалымдар Б.Кенжебаев, Ө.Тұрманжанов, Т.Қожекеев, Р.Бердібай, С.Бәкіров, С.Тілеуқұлов, Ш.Оразымбетов, жазушы-журналистер Ж.Әлмашұлы, Ж.Арыстанов, Б.Қойшыбаевтың, т.б. еңбектерінде Н.Төреқұловтың шығармашылығынан диссертация қорғалды. Сондай-ақ, С. Қирабаев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукеновтің, т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектерінде арнайы болмаса да ішінара Нәзірге қатысты пікірлер кездесіп қалып отырады. Бұл ретте соңғы жылдарда құрылған «Нәзір қорының» айтарлықтай жұмыстар атқарып келе жатқандығын атап айту керек. Ысмайылов Ыбырай қажы құрған бұл қор Н.Төреқұловтың қоғамдық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеудің бірден-бір орталығына айналып, осы бағытта бірнеше кітаптар шығарды. Алда Нәзірдің өмір жолын зерттей түсу, толық шығармалар жинағын шығару сияқты үлкен міндеттерді межелеп отыр... Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым, көсемсөзші, әдебиет сыншысы Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Түркістанның маңындағы Қандөз ауылында туылған. Нәзір қазақ топырағында өмірге келгенімен де оның балалық шағы Өзбекстанның Ферғана, Қоқан өңірінде өтеді. Сауатын Қоқан медресесінде ашып, араб тілін үйренеді, ислам дінін бойына сіңіріп өседі. Мұсылман отбасында дүниеге келіп, жасынан мұсылманша хат танып, білім алуы Нәзірдің адами, азаматтық болмысының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Ол Қоқан қаласындағы медреседе (1900-1903), орыс мектебінде (1903-1905), коммерциялық училищеде (1905-1913) оқып, білімін Мәскеудің коммерциялық институтының экономика факультетінде (1913-1916) жалғастырған. Өзбек жерінде ер жетіп, білім алуы, Мәскеудің беделді жоғары оқу орнында оқуы қазақ Нәзірдің тез есейіп, азамат ретінде қалыптасуына айтарлықтай септігін тигізді. Сонымен, «Нәзір Төреқұлов кім, бізге несімен қадірлі?» дегенде оның қоғам қайраткерлігін алдымен атар едік. Түркістанның түбіндегі Қандөз ауылында заңгердің отбасында туылып, Ферғана өңірінің Қоқан қаласында ержетіп, Мәскеуде жоғары білім алған Нәзірдің қоғамдық жұмыстарға бет бұруы 1916 жылдан басталады. Осы жылғы 25 маусымдағы патша жарлығымен мыңдаған қазақ жастары майданның қара жұмысына жіберілді. Кейбір деректерге қарағанда, 250-300 мыңдай қазақ адам төзгісіз ауыр жұмыстарда еңбек етті. Мәскеудегі сауда институтының 3-курс студенті Н.Төреқұлов оқуын тастап, Минск түбіндегі қара жұмыстағы қандастарына келеді. Осында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есболов сияқты ұлтжанды азаматтармен танысып, солармен бірге түрлі түсіндіру, ұйымдастыру, көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді. Осы кезде ол парасат-білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті, саяси көзқарасы қалыптасты, әлеуметтік оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оның саяси бағыты айқындала түсті: патша үкіметінің өзге ұлттарға жасап отырған озбырлығы оны мазалай берді. Осындай ойлардың жетегімен ол Түркістан жастарының «Еркін дала» атты саяси астыртын ұйымын кұрып, жұмысына басшылық жасады. Бұл ұйымға А.Байтұрсынов сияқты бірсыпыра ұлтжанды қазақ зиялылары мүше болды. Ұйымның негізгі мақсатын «Халқымыздың көзін ашып, мәдениет жолына ілгері бастыру, мұның үшін түрлі мектептер, стипендиялар ашпақшы һәм газет, журнал, мектептерге керек түрлі кітаптар шығармақшы. Ресейдегі өзгеріске қарай халыққа мұқтаж саяси шаруашылық жайы, жер туралы болған түрлі пікірлердің бағытын түсіндіру, халықты оятып, өнер-білімге қозғау үшін ел арасында әр түрлі үлгілі ойындар істеп көрсету» /«Қазақ», 1916, №236/-деп белгіледі. Сөйтіп, Минскідегі кезең – Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге атқарысқан қоғамдық қызметтер кейіннен үлкен достыққа ұласып, Н.Төреқұлов өмірінің сара жолын айқындап берді. Әлиханмен достық қарым-қатынас кейіннен саяси көзқарастар бірлігіне айналды. Жиырмасыншы жылдары алаш­ордашылдар Қазақстанда саяси қуғынға ұшырағанда, олар Тәшкенге барып, Нәзірді паналады. Алашордашыл ақын-жазушылар Түркістанда моральдық қолдау беріп қана қойған жоқ, шығармаларын газет-журнал беттерінде жариялап, кітаптар шығарды; кейбіреуі осында оқуға, қызметке кірді. Кейін Н.Төреқұлов Мәскеуге ауысқанда да алашордашылар Нәзірдің төңірегінен табылып, қанатының астын паналады. Бұл фактілер Нәзірдің алашордашылармен саяси бағытының бір болғандығын ғана емес, олардың дем берушісі, серкелерінің бірі болғандығын да дәлелдейді. Ақпан төңкерісі болысымен ол Түркістан өлкесіне оралып, жаңа қоғам орнату ісіне белсене кірісіп кетті. 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен жалпықазақтық бірінші құрылтайға Ферғанадан өкіл болып, ұлт қамын ойластырған келелі әңгіменің ішінде болды. 1918 жылы Торғай облыстық кеңесінің бірінші құрылтайына мандат комиссиясының мүшесі болып қатысады. Торғай облыстық «Қазақ мұңы» газетін ұйымдастырып, редакторлық етті. Кейіннен Қоқанға қайта оралып, қалалық совдепревкомның хатшылығына сайланды. 1918-19 жылдары Ферғана облревкомы төрағасының орынбасары, төрағасы, облыстық ағарту комиссары, Түркістан Орталық атқару комитетінің мүшесі қызметтерін атқарады. 1920 жылы Түркістан Республикасының оқу-ағарту комиссары, Түркістан Компартиясы уақытша Орталық Комитеті саяси бюросының жауапты хатшысы, РКГІ/б/ Орталық комитеті Түркістан бюросының мүшесі болады. Түркістан республикасы басшыларының бірі Тұрар Рысқұловпен қызметтес, пікірлес болып, үлкен мақсаттар жолында бірге күресті. Осы кезде екеуі Түркістанда Түрік Республикасы мен Түрік партиясын құру идеясын да көтерді. Н.Төреқұлов 1920-22 жылдары Түркістан Республикасы Кеңестері Орталық атқару Комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Сөйтіп, құрамына қазіргі Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Жамбыл, Алматы облыстары кірген көпұлтты үлкен мемлекеттің басшысы болды. Мұндай биік дәрежеге ол асқан білімінің, парасаттылығының, ұйымдастырушылық қабілетінің, сіңірген қажырлы еңбегінің арқасында жетті. Түркістан Республикасының басшысы ретінде ол түркі халықтарын біріктіру мақсатында Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев, Абдулла Әуляни, Сағидулла Тұрсынқожаев сияқты қоғам қайраткерлерімен бірге өлшеусіз еңбек сіңірді. Халықтың жағдайын жақсарту жолында қыруар жұмыстар атқарды: экономика, жер, ұлт, мәдениет, дін мәселелері бойынша бастаған бағыттың дұрыс болғандығын бүгінгі күн көрсетіп отыр. Ол түркі халықтарының дамуына ерекше көңіл бөлді. Үкіметтің жанынан түрлі ұлттармен жұмыс жасайтын арнаулы бөлімдер ашты. Қазақ бөлімін тікелей өзі басқарды. 1922-1928 жылдары Н.Төреқұлов Мәскеудегі Ұлттар Комиссариаты жанындағы күншығыс халықтарының Орталық баспасын басқарды; шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде /КУТБ/ дәріс оқыды; біраз уақыт осында проректорлық қызмет атқарды. Баспаны басқарған жылдарда шығыс әдебиетінің асқан білгірі ретінде ғалымдық дарыны жарқырап көрінді. Қазақ, орыс, өзбек, түркі, араб, парсы, ағылшын, неміс, француз тілдерін еркін меңгерген жан-жақты білімдар Н.Төреқұлов Мәскеу зиялылары арасында кеңінен танымал болды. 1923 жылы Орталық баспаның жанынан татар, башқұрт, түркімен тілдерінде «ҚызылШарқ», қазақ тілінде «Темірқазық» журналдарын шығарды. Алғашқы нөміріне өзі алғысөз жазып, басылымның алға қойған мақсаттарын айқындап берді. Журналдың тұңғыш санында Ғ.Тоғжановтың «Ұлт деген не?», «Ұлт мәселесі», М.Дәулетбаевтың «Қазақ һәм музыка», Ә.Бөкейхановтың «Керейдің ажалы», «Бекет батыр», «Мырза Едіге», Қ.Кемеңгеровтің «Қазақтың саяси-тарихи тұрмысы» сияқты материалдары орын алғандығынан-ақ, оның алға қойған мақсаты, бағыты айқын көрінеді. Осы журналдың айналасына Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтұрсынов, Ғ.Тоғжанов, Б.Кенжебаев, Ө.Тұрманжанов, Ж. ­­Арыстанов сынды Алаш азаматтары топтасып, түрлі тақырыпта мақалаларын жариялап тұрды. Шығыс халықтары баспасының жұмысына араласып, түрлі аудармалар жасап, қазақ тілінде кітаптар шығарды. Олардың ішінде ондаған мектеп, жоғары оқу орындарының оқулықтары, фольклорлық, әдеби мұра үлгілері бар. Мәскеуде Н.Төреқұлов баспагерлік, публицистік, ғылыми жұмыстармен айналысты. Халықтың сана-сезімін оятуда үгіт-насихат жұмысына айрықша мән берген ол баспасөздің рөліне ерекше көңіл бөлді. Ол басшы қызметтерде жүрген кездерінде баспасөз органдарын ұйымдастырды да, олардың жұмысының жағдайына тікелей ат салысып тұрды. Мысалы, «Қазақ мұңы» /Торғай, 1918/ «Халық сөзі» /Қоқан,1918/, «Вестник просвещения и коммунистической культуры» /1920/, «Жаңа өріс», «Ақжол» /Тәшкен, 1922/, «Темірқазық» /Мәскеу, 1923/ басылымдарының шығуын тікелей ұйымдастырып, редакторы болды. Төңкерістен кейін Тәшкенде шығып тұрған қазақ, өзбек, орыс тіліндегі газет-журналдардың жұмысына белсене қатысты; кейбіріне алқа мүшесі, енді біріне автор ретінде мақалаларын жариялап тұрды. Ол А.Байтұрсынов шығарып тұрған «Қазақ» газетінің белсенді авторларының бірі болды. Сондай-ақ, «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде түрлі саяси әлеуметтік мәселелерге арналған мақалаларын жариялады. Қоғамдық, мәдени өмірдің барлық салаларында дерлік, қазақ, өзбек, орыс тілдерінде қалам тербеген Н.Төреқұловтың публицистік мақалаларын түрлі құжатханалардан жинап, бастырып шығару, сөйтіп қазақ журналистикасының тарихынан лайықты орнын беру атқарылар ғылыми ізденістердің еншісінде. Н.Төреқұловтың осы кездерде жазған макалаларынан оның биік азаматтық бейнесі, әлеуметтік-саяси бет-бағдары айқын көрінеді. Патшалық Ресейдің қол астындағы қазақ елі жайлы Нәзір былайша жазады: «Сол дәуірден бастап, қазақ ұлтының малын, жанын күн демей, түн демей талап тоз-тозын шығарды. Қазақ көрмеген қорлық, тартпаған зорлық, шекпеген жәбір-жапа қалмады. Жаман ниетін жасырмай ашық та, жақсылыққа жеткерем деген жымысқы ниетпен астыртын да талады. Бұрынғы аста-төк байлықтың, арқа басы кең заманның аты да қалмады. Арда халықтың ескі тіршілік қалпы бүлініп, Еуропа тұрақты ұстанған ең қиянат пен қанды қылмыс басына түсті. Бұл дәуірдегі қазақ әдебиеті бастан аяқ ескі заманның кең жайлауын, асып-тасқан бұлақтарын сағынумен көз жасын көлдетті. Ресейден ауып келіп, 40-50 жыл ішінде әбден байыған, қолы жеткен байлығы өз төрелерінен көрген қорлығын ұмыттырған, шошқа бағып, дәулетке масыққан бұл жаңа байлар әбден семірді. Қазір Шымкенттен бастап, Пішкек, Лепсіге дейінгі жолдың екі бойындағылар, тау аралықтарындағылар, су басындағылар, көл атырабындағылар, әне солар» (Н.Төреқұлов. Шығармалар. А. 1997, 21-бет), Тебіреніспен, жүрекжарды сезіммен жазылған бұл жолдардан Нәзірдей халқын сүйген абзал азаматтың ұлтым деп соққан жүрек лүпілі айқын сезіледі. Н.Төреқұлов осы ойларын тағы бір мақаласында «Империализм дәуірінде Африка, Азия, Америка құрлығының бір бөлігі секілді жаһанның әр түкпіріндегі елдер империализмнің құрбанына айналған. «Ұлы мемлекет» нәмін иеленген ескі Ресей, Германия, Англия, Франция, Италия, АҚШ және Жапония секілді «Мәдениетті ұлттардың» көпшілігі залымдық жолына түсіп, қомағай жыртқыштың бейнесін танытуда. Үйреншікті отарларының қанын сорып, тырсыя семірген елу миллион ағылшын ұлтының буржуазиясы мен капиталистері төрт жүз қырық мың миллион һәр түрлі ұлт адамдарына һүкімін жүргізіп, жер шарының сегізден бір бөлігін жеке дара иеленіп отыр. Бұл езілген ұлттарға азат ету үшін жаһандық революцияны тездету ең мұқымғамал деп санау керек, әрі діни дәстүрден қол үзбей, соған лайық қарекет жасау ләзім, әрі үстем ұлттардың діни дәстүріне батыл қарсы тұрған жөн (христиандық)» (сонда, 33-34 беттер) – деп жазады. Ары қарайғы ойын «Ресейде басталған жаңа заман адамзат баласын азаттыққа бастайды, оның ұжданы мен діни бостандықты һәр уақытта құрмет тұтады. Соның ішінде езілген Шығыстың дінін де» (сонда) деп жалғастырып, сол кезде өріс алып келе жатқан атеистік көзқарастың дұрыс емес екендігіне назар аударады. Бұл жердегі Нәзірдің «...діни дәстүрден қол үзбей, соған лайық қарекет жасау ләзім, әрі үстем ұлттардың діни дәстүріне батыл қарсы тұрған жөн» – деген пікірі күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қазіргі таңда Батыстың басқыншылық саясаты өз мақсатына жету үшін дінді де барынша пайдаланып, исламды қаралап, құбыжық етіп көрсетуге тырысуда. Өйткені гуманизмге негізделген ислам діні – адамзат қоғамын іштей ірітіп, өздерінің арам ойларын жүзеге асырмақ болғандардың алдында тұрған бірден-бір тосқауыл. Осындай жағдайда осыдан бір ғасырдай бұрын көрегендікпен айтылған Нәзір ойларының өміршеңдігі өзіне назар аударады. Н.Төреқұлов исламның әлемдік дамудағы өзіндік аса маңызды орны жайлы өрелі ойлар айта білді. «Ислам халықтары өздерінің, қадір-қасиеттерін һәм жаһил әмірлерінің анық бағасын һәм еуропаның бет кеудесін жетік тани бастады. Ислам әлемінің тәуелсіздігі мен құлдықтан біржола құтылмағы сол халықтардың өз қолында, ауызбіршілігінде, ұйымшылдығында. Егер Еуропаға сатылуға әзір тұрған «ібіліс шайқы», «ұятсыз шайқы» секілді әмір мен хандардың қолында ықпал болса, XX ғасырда ислам демократиясы Еуропамен жігі ажырамастай шек-шекарасыз һәм ұсқынсыз тәрбиеге бой алдырады» – деген жолдардың айтары айқын. Нәзірдің «Сәлем сізге, ей, Ислам әлемінің тәуелсіздігі жолында Еуропа басқыншыларымен күреске шыққан арабтың, түріктің, үндінің балуан жігіттері. Сіздердің мақсаттарыңыз жолында төгілген қандарыңыз һақтың назарында. Сол себепті күрес түбі әманда жеңіс болсын деген мүбәрек тілектемін» – деген жалынды жолдарынан оның әлемдік ауқымда әділетті қоғам орнату жолындағы күресте исламның маңызды рөл атқаратындығына деген сенімін көреміз. 1921 жылы Н.Төреқұлов «Ислам және коммунизм» тақырыбында арнайы мақала жазды. Дін атаулыға, оның ішінде әсіресе ислам дініне қарсы атеистік күрестің күшейе бастаған кезінде жарық көрген бұл мақаласында Нәзір ислам дінін қорғауға шақырады. «Біріншіден, ислам негіздерін баяндамақ һәм қорғамақ мәселесіне келсек, исламды қызғыштап қорғау, яки дарында болмақ тек дін иелеріне ғана тән емес» (сонда). Бұл жерде Нәзір исламдық құндылықтарды қорғау діни адамдардың ғана емес, әрбір мұсылманның, парасатты адамның асыл парызы екенін ашық айтып, соған шақырып отыр. Нәзірдің ойынша ислам – қоғамдық дамуда прогресшіл рөл атқарған, табиғатынан өміршең, тарихи қажеттілік, «Ислам санасы революция нәтижесінде пайда болған құбылыс, ру шеңберінде бұғып келген араб тайпаларының тіршілігін ислам мен улы дүмпу (демек революция) олардың ауыз бірлігіне шығарды... Исламның жүзеге шығуынан ілгері араб ұлтының тарих майданында белгілі болғанынан хабарымыз жоқ та болар. Арабстанның солтүстік бөлігі Үрім Қайсаридің қол­астында болып, ен жазирадағы сеңдей соғылысқан арабтар жылдың мүһаррам айынан басқа қалған он бір айында өзді-өзі қырқысып жататын. Ислам көшпенді бәдәуилерге ауызбірлік жолын үйретіп, ынтымақ дарытты, басын біріктіріп, біртұтас араб ұлтына ұйыстырды, жаңа партияның іргесін қалады. Ендеше бұл тұрғыдан келгенде, қырыққа бөлініп, өзара қырқысқан араб руларын тұтас ұлтқа ұйыстырудағы алғашқы қарекетін исламның пайда болғаны деп түсінбек ләзім» (сонда, 31, 32-беттер). Н.Төреқұловтың дін жайлы пікірлерінен оның исламды терең білетіні, асыл қасиеттерін бойына сіңірген абзал азамат болғандығы көрінеді. Кейіннен Нәзір Кеңестер Одағының араб еліндегі тұңғыш елшісі болып тағайындалғанда оның Ресей мұсылмандарының арасынан шыққан аса ірі қоғам қайраткері, білімпаз, ислам құндылықтарын бойына сіңірген абзал азамат болғандығы да ескерілген болуы керек. 1928-1936 жылдар – Н.Төреқұлов өмірінің үшінші кезеңі. Ол 1928 жылы КСРО-ның һиджаздағы /Сауд Арабиясы/ бас консулы болып бекітілді де, көп ұзамай-ақ өкілетті елші қызметіне тағайындалды. Осы жерде Н.Төреқұловтың Орта Азия халықтарынан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, өкілетті елші екендігін де айта кеткен жөн. Бұрын дипломатиялық қарым-қатынастар болмаған араб елдеріне Н.Төреқұлов алғаш рет түрлі байланыстарға жол ашты. Екі елдің арасындағы түрлі саяси, экономикалық, мәдени қатынастардың орнығуына тікелей қол жеткізді. Осындай орнықты істерінің арқасында ол өз әріптестері арасында зор беделге ие болды; Сауд Арабиясындағы шетел елшілері корпусының құрметті төрағасы – дуайені болып сайланды. Бұл жерде Нәзірдің бұрынғы Кеңес Одағында осындай биік дипломатиялық қызметке көтерілген тұңғыш қазақ азаматы екенін айтумен бірге КСРО-дағы түркі халықтарының арасынан шыққан аса көрнекті дипломат болғанын да ескерте кеткен жөн. Н.Төреқұловтың дипломатиялық қызметі әлі де зерттеле түсуі керек. Бұған қатысты Сауд Арабиясының, Мәскеудің архивтерінде көп деректерді алдағы уақыттарда зерттеп, шетелдермен, оның ішінде араб елдерімен де дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып жатқан кезімізде кәдеге асыру болашақтың ісі. 1936 жылы Н.Төреқұлов дипломатиялық қызметтен босатылған соң, Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарында дәріс оқыды, КСРО Ғылым Академиясының Марр атындағы тілтану институтында түркі тілдері секторын басқарып, ғылымға біржола бет бұрды. Жалпы, Н.Төреқұловтың энциклопедиялық білім иесі болғандығын жоғарыда айтып өттік. Оның қаламынан шыққан көптеген публицистикалық ғылыми мақалаларды айтпағанның өзінде ол – «Жаңа әліппе» /М.,1926/ сияқты елеулі еңбектердің авторы. Ол атақты тарихшы академик В.В. Бартольдтың «Түркістан тарихы» атты еңбегіне рецензия жазып, оның құнды жақтарымен қатар кемшіліктерін де дұрыс көрсетіп берді. Сондай-ақ, тәжік, өзбек әдебиетінің классигі С.Айнидің «Бұқар революционерлері» атты кітабы Н.Төреқұловтың алғысөзімен шықты. Өз ұлтын шын сүйген адамды халқының әдебиеті мен тарихы бейжай қалдыра алмайды. XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының барлығы дерлік әртүрлі мамандық иелері болумен бірге ұлттық әдебиеттің де білгірлері болған. Н.Төреқұлов та әдебиеттің ұлттың өмірінде, рухани тіршілікте атқаратын аса маңызды қызметіне назар аударып отырған. Ол: «Әдебиет – халық айнасы. Ақынның жыры, әні, жазушының кестелі, майда сөзі елдің тілін кестелейді, тұрмысын суреттейді, сезімін оятады. Елге тура жол бастайды, түзу тәрбие береді, қысқасы елдің білім жүзінде тереңдігін әпереді, елдігіне жеткізеді», – деп білді. Нәзір өзі шығарып тұрған «Темірқазық» журналында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын, әдебиет жайлы пікірлерді жиі жариялап тұрды. Оның өлең де жазғандығы белгілі. Сынға араласқан Н.Төреқұлов әдеби процестегі сынның рөлін «Сыншы /критик/ әр уақыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» жұртқа зиян, жазушы мейлі «өлетін» болсын, критикасы мейлі көңіліне ауыр тиетін болсын, жазушының мінезі ауыр-ақ болсын, «аждаһадай жұтам» деп тұрған болсын, болмаса «жат тұрған бұл дүниеге мен бір ғаріп» деп көзіне жас алып жалынған болсын, сыншы еш нәрсеге қарамай, өз міндетін атқаруы тиіс! Жазушының жазғанына сыншы – би; сыншының сынына оқушы – би» деп білген. Осы бағытта өзі де бірнеше сын мақала жазды. Оның С.Сейфулиннің «Асау тұлпар», «Тар жол, тайғақ кешу», «Бақыт жолында» сияқты шығармаларына жазған рецензиялары белгілі. Нәзір Сәкеннің тым революцияшыл болып кеткендігін ұнатпаған болу керек; шығармаларын аяусыз сынайды. Қыза-қыза келе артық кететін жерлері де бар. Нәзірдің осы мақалаларынан оның пікірлерін ашық, жеріне жеткізе айта білетіндігі, қажетті жерлерінде юмор, ирония, сарказм сияқты жылы-жұмсақ, ащы әдістерді тиімді пайдаланып отыратын ерекшелігі де байқалады. Нәзір Сәкеннің «Асау тұлпар» (1922) атты жинағы туралы «Қарасам, «Асау тұлпар» шынында да «асау» екен, бірақ асау болғанда «білімсіз асау» екен! Дәлел керек пе?! Дәлел керек болса, мен үндемейін, Сәкеннің өзін сөйлетейін» (Нәзір Төреқұлов. Шығармалар. Алматы, 1997, 54-бет) дейді де осы пікіріне нақтылы мысалдар келтіреді, «Мысалы, қатын туралы жырласаң» деп, осы тақырыптағы «Маржан», «Марияға», «Жазғы түнде», «Надежда, Үміт, Омила» сияқты өлеңдегі «Мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады, бір-бірімізді құшақтадық» дегеннен басқа «білімді» білмейді. Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген әйелі – осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда?» – деп, сынның қара бұлтын қоюлата түседі. Осындай тәртіппен Сәкеннің «Айт күні», «Азия» өлеңдері де өз «сыбағаларын» алған. Нәзір Сәкеннің «Айт күні» өлеңін былайша сынаған: «Бірінші, сабаз исламды білмейді. Ақиқаттың қай күні түскенінен, «туысқандықтың» қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ. Махаббат, әйел туралы қанша «білімді» болса, «ислам» туралы да сонша» (сонда, 5-бет). Сонда ақын өлеңінің көркемдік жағын талдап жатпаған, ислам туралы айтқан ойларына көңіл толмағандықтан «сабаз исламды білмейді» деп, қысқасынан қайырып, оған екі дәлел келтірумен ғана шектелген. Нәзір: «Сөздің қысқасы: мұндай білімсіздікпен өлең жазып, әуре болып жүрудің өзі ұят. Білімсіз болғанда ұятты болу керек. Болмаса, Еуропаны жамандау керек болса, ауылда жүрген әншейін бір қарт ақынға: «Базарбай, кәні, бір Европаны жамандап бер» – десең, сол да шамасы келгенше жамандай берер еді. Сол Сәкеннен өткізбесе, қалыспас еді. Бірақ не пайда? Жамандағанда, біліп жамандау керек. «Уа, Еуропа, Еуропа» дегеннен болмайды. Әдебиет «митингі» емес. Біздің міндет-Еуропаның білімін, техникасын алып, капитализмнің бізге керекті өнерін үйреніп, кеңес үкіметін көркейту, күшейту... Жаңа өлеңдерінен Сәкеннің өз ақылыменен жазғандары түкке жарамайды» – деп, түгін қалдырмайды. Қыза-қыза келе қатты кетеді: «Ал десең де байғұс Сәкен өзінен шығарып, бір ұнамды, пікірлі өлең айта алмаған. Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жағынан өзіне шығарып жағуға тура келгенде «білімсіздігін интернационалға қалай көрсеткен» кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз». Ащы мысқылға, кекесінге, ашуға толы рецензияда кейде тым қатты кетіп қалатын жерлері де бар. Революционер Сәкенді «сабаз», «байғұс» деп кекетеді. Мұнысын Нәзірдің өзі де біліп отырған сияқты. «Әдебиет – көптің малы. Аяқбай, Таяқбайдың малы болмайды. Бұл себепті әдебиет – үйіне кіретіндер әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс», – деп қатты кету себебін түсіндіреді. Көп күттірмей-ақ Н.Төреқұловтың бұл пікіріне қарсы Сәкенді жақтаған мақалалар қаптап кетті. С.Мұқановтың «Сынға сын» мақаласында «Нәзірдің бұл сыны – қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі», «Нәзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс» дей келіп, «Нәзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ о жақ, бұ жағын саралай қарап, сөкет нәрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығармалардың ешқайсысын көрмейді... Тек бұл жинақтың қате-кемшіліктерін ғана тереді» – деп, Төреқұловты кінәлады. Нәзір айтқан пікірлерге партиялық тұрғыдан дау айтты. Солай бола тұра «Асау тұлпар» төрт аяғынан түгел басқан шығарма деп ешкім айтпайды. Тұлпардың сүрінген, жығылған жерлері де бар» – деп, Нәзір сынын түгел жоққа шығармай, жалпы негізімен келіскендей де болады. «Бірақ, сол қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма» екендігін қатты ескертеді. Н.Төреқұлов С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» атты пьесасын да сәтсіз жазылған деп тапқан. Мұнда да ондағы кемшіліктерге, әсіресе махаббат тақырыбының қалай шешім тапқанына наразы. Сәкен десе тілі қышып тұратын Нәзірдің тілі мұнда да мірдің оғындай діттеген жеріне қадалып жатады. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы да Нәзірдің Сәкенге қояр талабы жеткілікті. Алдымен, шығарманың жанрын белгісіз деп кінәлайды. Оның сол кездегі қазақ қоғамының көркем бейнесі бола алмағанын сынайды. Романда кейбір қайраткерлерге берілген бағамен келіспейді. Шығармада «далада қонғаны, тоқтағаны, не жылынғаны», Сәкеннің өзі домбыра шерткені, «кәрлен кесемен қымыз ішкені, қызбен қыдырғаны суреттеле бергенін» өзін марапаттауға құрылған деп қатты сынайды. Шығарманың олпы-солпы жерлерін, жанр талаптарына жауап бермейтіндігін қадай көрсеткен Нәзірдің бұл пікірлерімен Сәкеннің өзі де келіскен, бірақ арға тиетін артық сөздеріне реніш білдірген. Н.Төреқұловтың тіл білімі саласындағы еңбегі де айтарлықтай. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өмірінің соңғы жылдарында КСРО Ғылым Академиясының түркі тілдері бөлімін басқарып, түркология ілімінің дамуына өзіндік үлес қосты. Түркі тілдерін жетік білетін ол қазақ, өзбек диалектілерін, түркі-татар морфологиясын зерттеді. Ол түркі халықтарына ортақ латын алфавитін жасау комиссиясында жауапты қызмет атқарды. Қазақ тіліне қатысты күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған құнды пікірлер айтты. Мысалы, ол аты-жөнді /фамилияны/ жазғанда орыстың «-овын» қолдануға қарсы болды: «ұлы», «қызы» деп жазуды сол кездің өзінде-ақ ұсынды. Сондай-ақ, шеттен келген сөздердің шеттік түбірін сақтап емес, қазақ тілінің үндестік /сингармонизм/ заңына, яғни қазақ тілінің заңдылықтарына орай жазылуын, айтылуын жақтады. Қазақтардың басқа ұлттарға орынсыз еліктей беруіне қарсы болды. Басқа да ұлттар сияқты қазақтың да өзіндік ұлттық бет-бейнесін, болмысын сақтап қалу қажеттігін ескертіп отырды. Тілдің даму, байи түсу жолдарын анықтау – тіл біліміндегі аса маңызды проблемалардың бірі. Әсіресе, шет тілдерден келген сөздерді, терминдерді қалай қабылдауымыз керек дегенде күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан жақтары баршылық. Ал Н.Төреқұлов болса, «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» (Н.Төреқұлов. Жат сөздер. Мәскеу, 1962, 6-бет) – деп жазды. «Басқаның сөзін бұзбай айтам деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың» (сонда), – деп ескертеді. Нәзір шеттен келген сөздердің қазақ тілінің үндестік заңына толық бағынуын талап етеді. Ол парсының «стан» жұрнағы жалғанып «Қазақстан» деп жазылып жүргеніне қарсылық білдіріп, тіл заңына орай «Қазақыстан» деп қолдануды ұсынады. Нәзірдің «Біз термин іздегенде, ең әуелі қазақшадан іздейміз. Қазақшада бізге керекті термин табылмаса, бізге жақын тілдес түрік елдерінен (араб-парсы емес) түрікше сөз іздейміз. Онан соң барып еуропасын аламыз» (сонда, 22-23 беттер) – деген тұжырымы өзінің өміршеңдігін танытып, қазақ термин жасамында басшылыққа алынып отыратын негізгі ұстанымдардың біріне айналды. Рас, мұндай ұсыныстарды А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Е.Омаров, М.Дулатов сияқты ұлт білімпаздары да айтқан болатын. Н.Төреқұловтың пікірлері де Алаш зиялыларының айтқандарымен бір ыңғайда көрінді. Солай десек те, Алаш зиялыларының пікірлеріне қарағанда, Нәзірде аз ғана айырмашылық бар. Нәзір терминдер жасағанда араб-парсы сөздерінен гөрі еуропалық сөздерге басымдық беру қажет деп санайды. Өйткені «біздің мәдениет кеңес мәдениетімен бірге кетпек. Біздің алдымыздағы 50-60 жыл ішінде қазақ баласы орыс мектебін көрмей жоғары білімді ала алмайды. Қазақ Еуропаның өнер-білімін Мәскеу, Берлинсіз үйрене алмайды» (сонда, 27-бет). Осы жерде Нәзірдің не себепті алдағы 50-60 жыл деп отырғандығы ойлантпай қоймайды. Н.Төреқұловтың бұл пікірлері сол кездегі ғылыми жұртшылық тарапынан қолдау тапты. «Еңбекші қазақ» газеті Н.Төреқұловтың ұсыныстарын қолдаған арнайы мақала жариялады. Онда мынадай сөйлемдер бар: «Жат сөзді қазақша шоқындырып алмасақ, қазақ тілі бұзылады. Жат тіл сөзді алғанда отқа май құйып, сәлем еткізіп, қазақ тілінің заңына бағындырып алу керек... Қазақ тілін ардақтағысы келген, өз тілін де дұрыстағысы келген адам тіл бетіне секпіл салып, ажарын бұзғысы келмеген адам Нәзір кітабын оқып ойлансын» («Еңбекші қазақ»14.04.1926). Міне, осындай сан қырлы дарын иесі, Түркістанның адал перзенті Н.Төреқұлов кемеліне келген шағында империяның құрбанына айналды; 1937 жылы «халық жауы» атанып, жазықсыз жазалауға ұшырады.  

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор