Екі елдің сахнасында қойылған – "Баянды бақ"

Екі елдің сахнасында қойылған – "Баянды бақ"

Екі елдің сахнасында қойылған – "Баянды бақ"
ашық дереккөзі
340
 Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы Махамбет атындағы драмалық театры Анкара, Малатия қаласында және Қахраманмараш провинциясы Афшин муниципалитетінде гастрольдік сапарда болып қайтты. Театр ұжымы жазушы-драматург, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклінің тұсауын сәуір айында кескен болатын. Одан кейін ЕХРО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада өткен Атырау облысының мәдениет күндерінде М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жұртшылық назарына ұсынған еді. Енді міне, Түркия төрінде көпшіліктің талқысына салып, бауырлас ел тарапынан жоғары бағаға ие болып, еліміздің мәртебесін тағы бір мәрте аспандатып, олжалы оралып отыр. Театрдың көркем жетекшісі – жазушы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев. Туынды режиссері – Мұқанғали Томанов, қоюшы-суретшісі – Темірбек Мұхтаров. Тарихи драма қазақ және түрік тілдерінде қатар жазылып, қос елдің театр сахнасында тұңғыш рет қойылғанымен ерекшеленеді. Алдыңғы буын драматургтердің шығармасы осыған дейін көрерменге аудармашы арқылы жетіп келсе, Мәлік Отарбаевтың өз ана тілімізбен қатар, түрік тілінде де еркін қалам тербеп жүргенін айта кеткеніміз жөн болар. Оқиға желісінде соғыс жылдары Орта Азия елдері мен қазақ жеріне жер аударылған Ахыска түріктерінің тағдыры баяндалады. Аумалы-төкпелі кезде қазақ жеріне тап болған бас кейіпкер Жасминнің өмірі арқылы екі мемлекет арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар насихатталады. Жазушы-драматург алғашқы дебютінде елімізде шоғырланған этнос өкілдерінің ұлт ретінде сақталып қалуына қазақ халқы мен тәуелсіз мемлекетіміздің қосқан баға жетпес үлесін атап көрсетуді мақсат етіпті.  width= Мәлік Отарбаев – 2014-2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ-дағы өкілі болды. 2016 жылдың сәуір айынан бастап, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарады. Алғашқы кітабы – «Ойқазан» атты әдеби-философиялық ойтолғауы 2010 жылы жарық көрді.  Түрік тіліне аударған туындылары: «Сүйінбай Аронұлы» өлеңдер мен эсселер кітабы, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы, Н.Оразалиннің «Қоздағы шоқ» жыр кітабы, Т.Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» кітабы,   Ұ.Есдәулеттің «Жырлар» өлеңдер кітабы, Р.Отарбаевтың «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағы, Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз» атты пьесасы мен шығармалары, Т.Нұрмағамбетовтың «Біз – түріктерміз» пьесасы, А.Кемелбаеваның «Мың тасбақа» пьесасы, Ғ.Мұтановтың «Уақыттың рухымен сырласу» поэтикалық эссе жинағы. Қазақ жазушылары Б.Шаханов, М.Байғұт, С.Елубай, Н.Дәутайұлы, Н.Қапалбекұлы, Д.Әшімханұлы, Н.Ақыш, Ж.Шаштайұлы, Т.Сәукетай, Е.Айғалиұлы, Қ.Түменбай, Р.Отарбаев, М.Ізімұлы, К.Сәттібаев, Қ.Сәрсенбай, С.Дүйсенбиев, С.Хасан, Н.Ораз, Ж.Шағатай, Ж.Қорғасбек, А.Алтай, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, С.Нұғыман, Г.Шойбекованың әңгімелері қамтылған «Хүзүн Кушағы» (Сырлас буын) атты әңгімелер антологиясы. Қазақ тіліне Юнус Әмренің 100 өлеңі кітабы, «Баян» әдеби-философиялық туынды, Х.Токактың «Олар таңның атуын күте алмады» әңгімелер жинағы, Х.Танердің «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» шығармалар жинағы, С.Пашазаде Сезаи, О.Сейфеттин, Р.Халит Карай, Р.Нұри Гүнтекин, Р.Ылгаз, К.Кондук, Х.Танер, М.Изгю, М.Кутлуның әңгімелерін аударған. Бұдан бөлек, «Сүйінбай Аронұлы» өлеңдер және эсселер жинағын, «Хүзүн Кушағы» (Сырлас буын) атты әңгімелер антологиясын, «О.Сүлейменовтің 10 түркі тілдеріндегі жырлары» өлеңдер жинағын, «Сана сәулетшісі» мақала мен зерттеулер жинағын, «Сәулелі сөздің шуағы» мақалалар жинағын құрастырып, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романын, «Т.Әбдіктің өмірбаяны мен әңгімелер жинағын», С.Елубайдың «Ақ боз үй» романын, М.Байғұттың «Дауыстың түсі» әңгімелер жинағын, Б.Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт» романын, А.Аширидің «Идикут» романын, Н.Қапалбекұлының «Құс қанаты» әңгімелер жинағын редакциялап, баспаға ұсынды. Түрік тілінде жазған көркем әңгімелері шетелдік және республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді. Әзербайжан, орыс, қырғыз тілдеріне аударылды. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Казахстан-Россия: литературный альманах» атты жинаққа «Бүржарған» атты әңгімесі енді (2016 ж.).  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, басқарма мүшесі және хатшысы. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. «Ақ Жайық» журналының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың және «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері.

Серіктес жаңалықтары