390
Көкмойнақ жырдың көкжиегі
Көкмойнақ жырдың көкжиегі
Бүгінде алпыс деген ағалық жастың асуына көтерілген көрнекті ақынның адами өмірбаянынан гөрі шығармашылық жолы туралы әңгімелеу әлдеқайда керегірек екендігін білмейді емеспін. Алайда әр ақынның өлеңдері өз өмірінің өткелдері мен бел-белестерінен сыр шертетіні шындық.
Ол не туралы жазса да, алдымен өзінің көрген-білген, оқыған-тоқыған, сезімін толқытқан ой-толғамдарын санасында саралап, айтар сөзін айшықтап, өз жүрегінен өткізіп барып қолына қаламын алары ақиқат. Ақындардың «өмірім – өлеңдерімде» дейтін себебінің сыры осында. Мен де осы пікірге сүйеніп, Есенғали ақынның қашан, қайда туғанын біліп, өлеңдеріне арқау болған құпия сырларына қанықтым. Ақынның өз өмірін өзі ғұмыр кешіп жатқан кезеңнің сыр-сипатымен сабақтастыра отырып ой толғап, өлең өрнектейтінін айғақтайтын мысалдарға жүгінгенім жөн болар. Оған мына жыр үзінділері куә:
...Ғұмырнамам жазылып жатыр менің,
Жыр дейтұғын бір құстың тіліменен...
...Аялаумен өсіп ем сол құсымды,
Саған шертсін сол құсым
соңғы сырды...
Өлеңін бөпесіндей әлдилеген, жыр құсының тілін тапқан айбоз ақынның жыры мен сырына сүйсініп, оқи бергің келеді, оқи бергің...
Сыр бойындағы қараша ауылда өскен бала арман қуып Алматыға аттанды. Оңаша отырып, «күміс көл, күмбірлі өзен, күрең белмен» сырласып, өзі туған белес-қырды өлеңге қосып, жүрегі алып-ұшқан балаң ақынның аңсары көкмойнақ жырдың көкжиегіне жету. Ол көкмойнаққа қоршаулы қора емес, кеңдік керектігін сезінген соң да алыс сапарға аттаныпты. Елден кете сала ақ жаулығы желбіреп шығарып салған анасы, Келінтөбесі есіне оралады.
Жасыл қырға еңкейді әне бұла күн,
Қол бұлғайсың, қоңыр ауылым –
мұратым.
Қазақтың бір қара шалы тәрізді,
Жақсылыққа жол көрсетіп тұратын...
Осылайша туған жері табындырған балаң ақын келе-келе шабыты шалқар шайыр болатынына сенген. Ол шынында солай болды да... Сенімі де, үміті де ақталды.
Қазіргі қазақ поэзиясының парасат биігіне көтеріліп, рухани жаңғырып, жаңаша түрленуіне үздік үлес қосқан ақындардың бірегейі Есенғали Раушанов екендігі риясыз шындық. Оның күміс қоңыраудай сыңғырлаған, көк күмбездей күмбірлеген, соны сипатты өлең өрімдерінің өрнектері өзгеше: ойы терең, сөзі зерен, сезімі берен деп бағалаймын. Маржан жырларының мақамы мен мазмұны да, сазы мен назы да, әуені мен әсері де, нақышы мен бояуы да басқаша – тек талантты ақынға тән қайталанбас қолтаңба.
Әдетте, әр ақынның дарынын даралап, сөзін саралап, ерекше еліктіріп, өзіне еріксіз тартып алатын сиқырлы да сырлы тақырыбы болатыны белгілі. Есенғалидың таңдауы адамды сарғайтар сағынышқа, мөлдір мұңға, алданыш аңсауларға, мерейлі мейірімге арналыпты. Содан болар, оның өлеңдері бірде өзегіңді өртеп, бірде жүрегіңді лүпілдетіп, бірде көңіліңді күмбірлетіп, бірде жаныңды жабырқатып, бірде қуанышқа кенелтіп, бірде ойыңды онға бөліп, сан алуан күйге бөлеп, сезімнің сергелдеңіне түсіріп, сарсаңға салатын таңғажайып құдіретімен таңғалдыратыны бар. Қысқасы, Есенғалидың тек өзіне тиесілі өз ақындық әлемі бар. Оның ақындық жолындағы кредосы «тізілдіріп тізбелеп, үзілдіріп үзбелеп, қиюын тауып» жазу.
Есенғали ақынның көзі қарақты, қиялы қанатты, ойы ұшқыр, сезімі сырлы. Оның өлеңдері өз өмір кешулерінен ойына оралған, жан-жүрегін тебіренткен, сезімін серпілткен дүние дүрмектерінен, қоғамдық құбылыстардан, адам мен табиғаттың тылсым тірішілігінен бастау алып, баршамыздың санамызды сәулелендіруде. Ақын – әр нәрсеге мән беріп, сөзіне сән беріп, жарқыратып жыр шашудың шын шебері. Ол – сырлы сөздің суретшісі. Оған мына бір өлең жолдары дәлел:
Тілім-тілім,
Бұжыр-бұжыр денесі,
Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,
Борбас үлек – атасы,
Бопық мая – енесі.
Төс табаны отты басса күймеген,
Тасты басса қамырдайын илеген,
Қатар қойып отыз інген қайытқан,
Қатар қойып отыз шана сүйреткен.
Үлек жоғалттым,
Кім көрді?..
Түйелі ауылда бала кезінен бота-тайлақ бағып өскен, түйекеш ата-ағаларының небір әңгімелерін естіп, құлағына құйып алған ақынның Ойсылқараны мүсіндеуінде мін бар ма?! Осы өлеңді оқи отырып, алуан түрлі бояумен қайталанбас сурет салса, қоладан мүсін құйылса, өнердің өлмес туындысы болары хақ. Елде жүріп ержеткен Есенғали ақынның сайын сахарада желмен жарысқан сәйгүлік тұлпарлар туралы да тамаша өлеңдер жазғаны анық. Әлгі, «Біздің елдің жылқысы – кіл көкмойнақ, Үйірімен ағекем кірді отқа айдап» деп басталатын өлеңнің екі түрлі сипаты – екі түрлі ойға шомылдырып, түйін түйдіреді. Ақынның ежелден ер қанаты саналатын сәйгүліктерді сүйсіне суреттей отырып, ағасынан «ырыс басы – көк жұлын – ұлыс басы» болған тұлпарлардың тұяғы – құлынды құтқаруды тілеген баланың шырылдаған дауысын өлеңде өрнектеуінің түпкі сыры тереңде жатыр. Жылқы мінезді қазақтың рухын көтеретін текті түліктің өртенуі ұлтымыздың кешегі кеңестік замандағы көрген қорлығы мен зорлығын астарлай бейнелеп тұр деп ұйғарамыз. Осы ой келесі бір өлеңінде жалғасын тапқан.
Тұсаулы тұр бозшолақ,
Ойқы-шойқы, орда-шорда бітімі,
Кетіпті әбден жануардың ыпыны,
Бұл кешегі бір күндерде,
Үш қиянның еліне,
Шапса бәйге бермеген,
Есіл біздің көкжұлынның тұқымы.
...Ымырт қамап келе жатыр кең сорды,
Дәл осы кеш,
Кеш секілді ең соңғы,
Жетімсіреп жауыр құнан қарайды
Жеті атамды түгендеймін мен сорлы...
Бұл да кешегі ен даланы еркін жайлап, бертін келе ақ патшаның арбауы мен кеңестік саясаттың алдауына түскен қазақ халқының қилы тағдыры деп түсінетін жыр-толғау. Азаттық таңы атар алдындағы азапты өмір-тіршіліктің бейнелі көрінісі. Әр сөзіне мән, әр ойына сән беріп жазатын ақынның алқалы топқа арнаған тұшымды да түйінді толғамдары ұлтының жүрегіндегі көкейтесті мәселелері. Осы орайда «Қазақ ауылы» өлеңіне арнайы тоқтала кету жөн болар. Оқиғасы кешегі Қазан төңкерісі кезіндегі қазақ ауылдарын кезек-кезек итше талап, шаңырақтарын шайқап, отбастарына ойран салған ақтар мен қызылдардың әділетсіз әрекеттерін әшкерелеуге арналған. Таныс тақырып, әйтсе де Есенғалидың сол зорлықтың зарын баяндаған жыры өткеніңді ойыңа түсіріп, келешегіңнің жолы жарқын болуын көксеген ақ тілектің жоралғысы. Шындықты кесіп айтатын, өткір сөзі тура тіліп түсетін, түсінігі кісілігінің қадірін асырып тұрған ақиық ақынның болмысы осындай. Қуанышы да, қайғысы да – қазағының тағдыры. Ақеден көңілді ақын көсіле сілтеп, ақтарыла айтып, жалтақсыз, жеріне жеткізе жазудан жаңылған емес. Қай кезде де азамат ақын ақиқатты айтуға асық. Ұлтының намысын қорғап, жыртысын жыртуға келгенде алдына жан салған емес. Өмірбақи өлеңдеріне өтірік қоспай, жаныңды нұрландыратын жалынды жырлар жазуда. Аз жазса да азырқанған жоқ. Мәселе мән-мазмұнда, көркемдікте екендігін есінен шығарған емес. Таланттылығын – талғампаздығынан танимыз. Адамның ішкі жан дүниесін зерттеп, зерделей білетін білікті, білімді болмысына бас иесің. Соныға сүрлеу салуға құштар. Еркін ойлы, ерке мінезді, болмысында бұлалығы басым ақынның өлең-жырлары сондай сирек қасиетімен құнды. Ол су татыған сұйық сөздерден ада. Ақын өлеңдерінің тұспалын түсініп, тылсым сырына үңіліп, ишарасына илану үшін оқырмандарға ұшқыр қиял, орамды ой, терең түйсік қажет. Аңғалдығымыз бен алауыздығымыз, жершілдігіміз бен жетесіздігіміз, рушылдығымыз бен рухсыздығымыз туралы тебірене, тепсіне, тереңнен толғай, жүректі қозғай жазған жырлары жұртымызды жігерлендіріп, ойландырса, опынбас едік деген ойдамыз. Ұлтына деген шексіз махаббаты, жақсылыққа деген сарқылмас сағынышы жүрегіне жыр құйған Есенғали ақынның сиқырлы сазы сезіміңді тербеп, жүрегіңді біресе сыздатып, біресе уылжытып, біресе егілтіп, біресе жабырқатып асып-төгілген жырларын қанша, қашан оқысаң да құмарың қанбайтыны шындық.
Қысқа қайырым мақалада ақынның шығармашылық жөніндегі қыр-сырын тұтас қамтып, таразылай талдап, кең көсіліп жазу мүмкін еместігін ескеріп, осылайша оның өлеңдерінің көркемдік, мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктерін екшеп, жалпы сипаттама берумен шектелдім. Әйтпесе, оның табиғат, махаббат, көңіл күй хақындағы тамаша туындыларын сан-салаға бөліп, мысалдар келтіріп, таңғала да тамсана, қызу әңгіме қозғауымызға болар-ақ еді. Әттең... Әттең, бағзы заманның оқиғасын бүгінгі күннің мәселесіне салыстыра сабақтастырып, үзбей үндестіріп, тарихи тақырыпқа арналған арналы поэмалары туралы да пікір білдіре алмадым...
Енді ақынның анасына арнаған өлеңдерінен мынандай мысалдар келтіре кетейін:
... Ана, аманмын,
Бәрі өзің көргендей,
Қызбалау, тентек балаңның
Ойланар шағы келгендей.
...Қызғалдақ гүлің мен едім,
Жайнаған биік қырларда.
Таңғы шық – мөлдір өлеңім,
Төгіліп кетпей тұрғанда.
Шық тұнған гүлді нұсқадың:
«Жол болып, мынау өмірде,
Өзіңнен биік ұстарың,
Мөлдірлік болсын» дедің бе?!
Бұл балаң ақынның анасына жазған хатынан бір үзік. Есейіп, ержетіп, оңды-солын айыратын кезіндегі жан сыры.
Ал ақынның азамат атанып, елге бір оралғандағы ойы өлеңге былайша көшіпті:
Мен оралдым, айтып енді,
Анашымның қартайғанын.
Желдеп кетіп, қайта келді,
Жез бұйдалы нар тайлағың.
Асыл таңның алдым зерін,
Шайдым нұрмен көңілімді,
Тас боп қатқан тандыр желін,
Тақырлардың өңі кірді.
Бүлдіргенді дала қандай,
Бүрін жарды бақ ғажайып.
Қатарланған қара нардай
Қарияларым қапты азайып,
Қаратөбе жазығында,
Қаңбақты жел айдады әрі...
Қара нардың қазығында
Қара бота айналады.
Осы екі өлеңнің үзінділерінен көп сырға қанығып, өткінші өмірдің қуанышына сүйініп, өкінішіне күйініп, көңілің неше түрлі күйге бөленеді десеңізші?! Ақын сөзінің сиқыры мен салмағы осылайша ойға қалдырып, жан-жүрегіңді тербесе, оның өлеңдерінің өміршеңдігі, көңіліңді көкке өрлетер көркемдігі деп білемін.
Сөз соңында жақұт жырлары қазақ поэзиясының көсегесін көгертіп, парасат биігіне көтерген аса көрнекті ақын Есенғалиға айтар тілек: жаза бер, жасай бер!
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты