Жаңғырудың  бір сипаты  – жаңару

Жаңғырудың  бір сипаты  – жаңару

Жаңғырудың  бір сипаты  – жаңару
ашық дереккөзі

Даңқты тарихына көз жүгіртсек, көшпенділік кезеңде ешкімге есесін жібермеген жаужүрек, өркениеті озық, мәдениеті қалыптасқан Қазақ елінің жаңа дәуірде білім мен ғылымдағы дамуы кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Бірақ дер кезінде дербестігін алып, тәуелсіз мемлекет болып бой тіктеген Қазақстан қазіргі жаһандану дәуіріндегі жалпы адамзат жетістіктеріне ортақтасуға, озық елдердің тәжірибесін пайдалану арқылы қарқынды көшке іркілмей ілесуге, үздік үрдістерінен үлгі алуға мол мүмкіндік бар. Дамыған елдердің тағылым-тәжірибесін пайдаланып қана қоймай, әрі қарай әріптестікте әрекет етіп, тіпті, бәсекелестікке түсуге де тәуекелі жетеді. Оның бір саласы – білім беру жүйелерін жетілдіру. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. На­зар­баевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» атты мақаласы мемлекеттік идео­логиямызды тереңдетіп, жүзеге асыру­ға негіз болды. Соның аясында «Туған жер» бағдарламасы қолға алынып, республика­лық деңгейде жүйелі жұмыс жасай бастауы – бізге, жаңа буын жас толқынға сенім жүктеді. Өйткені төрт ішкі бағдарламадан тұратын «Рухани жаңғыру» үдерісінің бір бағыты – тәрбие және білім. Мен болашақ педагог ретінде осы саланың дамуы және сол арқылы мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын? Абай атамыз айтады: Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық... – деп. Сол сияқты іші қуыс үйде тұрып айғайласақ, өз даусымыз өзімізге жаңғырып естілетінін, құдыққа қарап дауыстасақ, жаңғырығы құлағымызға келетінін жақсы білеміз. Бірақ мұндай жаңғырық құбылысын жаңғыру үдерісімен шатастыруға болмайды. Әсіресе, рухани жаңғыру дегеніміз – ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын, тарихи жадын серпілту. Ұлттық болмысын санада ояту. Мәселен, қазақ атқа мінсе, рухтанып кетеді... Ауыз әдебиетінің жауһар мұралары шертілсе... Домбырадан төгілген күй, жыр-терме, дәстүрлі әндер тыңдаса, денесі шымырлап, қаны бойына сыймай тулап, арқасы қозып кетеді. Heгe бұлай? Өйткені осы ұлттық құндылықтарымыз арқылы біздің бойымыздағы ұлттық кодқа жан бітіп, мәні артып, ояну, жандану құбылысы жүреді. Бірақ бұрынғылардың барлық қасиетін бойымызға қайта сіңірудің де қажеті жоқ. Өйткені «Қазақ десем өзіме тиеді...» деп басталатын ашыну мен өкініш туғызатын керітартпа «қасиеттерімізден» арылуға тиіспіз. Жаңғырудың бір сипаты – жаңару. Сол сияқты Әбіш атамыз «Абылай хан» драмасында басты кейіпкерінің аузымен айтатын: Білекке сенер заманда Ешкімге есе бермедік. Білікке сенер заманда Қапы қалып жүрмейік, – деген сөзі қай кезде де, әсіресе қазір біздің басты ұранымызға айналуға тиіс. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін өз тұсымыздағы мемлекеттік және қоғамдық бастамалардан қалыс қалмай, шамамыз келгенше үлес қосуымыз керек. Сондықтан әркім алдымен өзін қамшылауы қажет. Мен мектепте үздік оқушы болдым. Университетте белсенді студент ретінде білім алумен қатар барлық қоғамдық жұмыстарға атсалысамын, араласамын. Жұрттар қол жеткізген жетістіктерін айтып мақтанса, мен асыл армандарыммен мақтанамын. Бірақ мұнымды естіген (оқыған) адам мені бірден «қияли» деп ойлайтын шығар. Мейлі, ойлай берсін. Сол асыл армандарым алдамаса, осал адам болуға тиіс емеспін! Университетіміздің өзін-өзі басқару ұйымы – Студенттік парламент депутатымын. Өз тобымның басшысымын. Осындай жауапкершілікті арқалай жүріп, осал болуға хақым бар ма? «Ендеше, неге өз кезеңімде жүріп жатқан ауқымды мәселелерге араласпаймын?» деп ойлап, тәрбие мен білім бағытында бірнеше жобаларды қолға алдым. «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» атты кіші бағдарламалар аясында жобаларымызды жасап, іс жүзінде орындауға кірістік. Оның нәтижелерін, жобаларымыз сәтімен іске асқанда, игілігін ел (әсіресе, жастар) көре бастағанда мақтанышпен жариялаймын.  

Айжұлдыз АМАНДЬІҚ,

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 2-курс студенті

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы