Буковина бізге жат емес

Буковина бізге жат емес

Буковина бізге жат емес
ашық дереккөзі
238
Үш күн ішінде әйгілі қазақстандық кинорежиссерлердің 5 шығармасы: Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ермек Тұрсыновтың «Жат» және Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал» фильмдері көрсетілді. Фестивальдің салтанатты ашылуында Қазақстанның Румыниядағы елшісі Дәулет Батырашев, қазақ кинематографымен танысудың арқасында румын көрермендерінің Қазақстан халықтарының тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін жақынырақ тануға мүмкіндігі бар екенін айтып, бұл арқылы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық алмасуды дамытуға қомақты үлес қосылатынына сенім білдірді. Бұл – румындардың қазақ киносымен алғашқы таныстығы емес. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қазақ киносының тұңғыш фестивалы Бухаресте 2015 жылдың қарашасында өткен болатын.  Ал 2016 жылдың қыркүйегінде Румыния астанасында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қазақ киносының екінші фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы жылдың қараша айында қазақ киносының кезекті фестивалі Румынияның екі ірі қаласы – Констанца мен Клуж-Напокада да өтпек. Қазақстан мен Румынияның мәдени ынтымақтастығынан бөлек, экономикадағы әріптестігі, саясаттағы серіктестігі де нығайып келеді. Биылғы жылдың 5 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 440 млн доллардан асты. 2005 жылдан бері Қазақстанға Румыния тарапынан тартылған инвестиция көлемі 830 млн доллардан асып түскен. Мұнай құнының құлдырауына байланысты соңғы 3 жылда арадағы сауда айналымы төмендеп кеткені рас. Бірақ бүгінде түрлі салалардағы әріптестікті жандандыруға көптеп көңіл бөліне бастады. Румыниядан Қазақстанға инвестиция 2005 жылы тартыла бастады. Себебі бұл кезеңге дейін сауда-экономикалық қарым-қатынас белсенді түрде дами қойған жоқ. Десе де екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың тұғыры осыдан 25 жыл бұрын, 1992 жылдың шілдесінде қаланған болатын. 1993 жылдың қарашасында Румынияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі   ашылды. Ал 2003 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Румыниядағы дипломатиялық миссиясы жұмыс істей бастады. Екі мемлекеттің саяси қарым-қатынастарының  жандануы 1998 жылдың  қыркүйегінен – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Румынияға алғашқы ресми сапарынан басталды. Араға бір жыл салып қазақ пен румын басшысы Қазақстанда кездесті. 1999 жылдың қарашасында елімізге жұмыс сапарымен келген Румыния президенті Э.Константинеску Нұрсұлтан Назарбаевпен әріптестікті дамытудың жаңа бағыттары туралы ақылдасты. Румын халқының келесі басшысы И.Илиеску де Нұрсұлтан Назарбаевты сенімді серіктес деп танып, ынтымақтастықты нығайтуға күш салды. Оның 2003 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға ресми сапармен келгендегі мақсаты да сол еді. Қазақстан мен Румыния арасында саяси диалогты жандандыруға, екі жақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, БҰҰ, ЕҚЫҰ  және басқа халықаралық ұйымдардың шеңберінде де күш жұмылдырылуда. Қазақстанның Румынияның 2001 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ету арызына және 2003 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі сайлауында қолдау көрсетуі елдердің арасындағы екі жақты байланыстардың табысты дамуы мен нығаюына оң ықпалын тигізді. Өз кезегінде Румыния да Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық етуін белсенді қуаттап, сенімді серіктесіне қолдау көрсетті. Румынияның ЕҚЫҰ-да төрағалық еткен тәжірибесі, ДСҰ-на кіруге дайындығы, «Еуропаға жол» атты бағдарламасының қабылдануы, басқа да халықаралық интеграциялық үрдістерде қатысуы, еуропалық құрылымдарға интеграциялану тәжірибесі Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын жүзеге асыруда көп септігін тигізгенін де айта кеткен жөн. Еуропалық және халықаралық стандарттарға сай елдің заңнамаларын кең ауқымда сәйкестендіру бойынша румындық тәжірибе Қазақстан үшін аса пайдалы болды. Ал румындық тарап Қазақстанның саяси, экономикалық тұрғыдан дамуына мән беріп, түрлі салалардағы, сонымен қатар, қоғамның әрі қарай демократизациялану саласындағы жетістіктерін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, 2007 жылы Румыния Президенті Т.Басеску ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атына жолдаған жеделхатында Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуі Орталық Азия өңірінде ЕҚЫҰ үлгі қалыптары мен міндеттерінің таратылуына қолғабыс береді деп мәлімдеді. Парламентаралық қарым-қатынастардың нығая түсу дәлелдерінің бірі –  екі елдің бас заңдылық органдарында депутаттық достық топтарының қызмет атқаруы. 2005 жылғы президенттік сайлауда Румыния парламентінің 8 депутаты және 2007 жылғы парламенттік сайлауда Румыния парламентінің 4 депутаты бақылаушы ретінде қатысып, сайлауға оң баға берді. Сонымен бірге, Румыния парламентінің 4 депутаты 2008 жылы 28 маусым – 3 шілде аралығында Астанада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысып, қазақстандық әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізді. Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономикалық байланыстар да динамикалық түрде дамып келе жатқанын айтуға болады. Румынияның шағын және орта бизнес, сауда және еркін мамандықтар министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2015 жылы қазақстандық-румын тауар айналымы 1,42 млрд АҚШ долларын (экспорт – 1,34 млрд доллар, импорт – 119,5 млн доллар), 2014 жылы – 3,27 млрд доллар АҚШ долларын құрады (экспорт – 3,15 млрд доллар, импорт – 119,5 млн доллар). Қазақстанға 2016 жылдың І тоқсанына дейін жалпы сомасы 841,3 млн АҚШ долларын құрайтын румындық инвестиция құйылды. Румыниядан Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың негізгі бөлігі металл және металдан жасалатын өнімдер (44,8%) және машиналар мен электрожабдықтар (45,5%). Ал қазақ даласынан румын жеріне жөнелтілетін негізгі тауар – шикі мұнай (97,3%). Қазақстан мен Румынияның сауда-экономикалық ынтымақтастығының негізгі бағыттары – энергетика, машина жасау, металлургия, көлік және логистика, және жеңіл өнеркәсіп. Румынияда 28 румындық-қазақстандық кәсіпорын, ал Қазақстанда 39 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең маңызды тетіктерінің бірі – Қазақстан-румындық сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия. Үкіметаралық комиссияның 12-отырысы 2016 жылы11-12 қазанда Астанада өткізіліп, оның барысында Комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды. 2016 жылы  қаңтарда Бухаресте жаңартылған румын-қазақ сауда-өнеркәсіп палатасының тұсаукесері мен оның бірінші отырысы өтті. Мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастық та белсенді дамуда. Қазақстанда, атап айтқанда Алматыда «Ұлы Штефан», Қарағандыда «Дачия» және Павлодарда «Буковина» румын ұлттық-мәдени қоғамдары жемісті қызмет атқаруда. 20 мыңнан астам қазақстандық румындар – халықтар арасындағы достықтың дамуы мен нығаюының байланыстырушы көпірі. Қазақстан Румыниямен саяси диалогты әрі қарай нығайтуға және сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілетуге ниетті.  

Серіктес жаңалықтары