Араб әлемін анық таныған

Араб әлемін анық таныған

Араб әлемін анық таныған
ашық дереккөзі
571
  Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Азамат. Күрескер. Дипломат» атты еске алу кеші болып өтті.  Нәзір Төреқұлов – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарқырап шыққан жас қазақ қайраткерлерінің шоғырындағы ең ірі тұлғалардың бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов туралы, оның ерен еңбектері мен дипломатиялық қызметтері жөнінде дипломат, ғалым Тайыр Мансұров тағылымды еңбектер жазды. Н.Төреқұловтың өмір жолын  терең зерттеп, зерделеп, ол туралы бірнеше кітаптарын орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде баяндап, әлемге жария етті. Бұл жөнінде Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері, академик Е.Примаков былай деп баға береді: «Әрбір мемлекеттің сыртқы саясаты өткеннің тәжірибесіне сүйенсе, өзінің дипломатиялық мектебінің тұтас бір ұрпақтары жасаған амалдар мен әдістерді пайдаланса ғана барынша тиімді болмақ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бізден тым алыс та емес аса маңызды оқиғаларды ұмыта салу ештеңемен ақтауға болмайтын нәрсе. Мысалы, Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынас ондаған жылдар бойына «елеусіз қалып», тек 1990 жылы толық көлемінде қалпына келтірілгені мәлім. Ал бұл қатынастар өткен ғасырдың 20-30 жылдары, тұтас он жылдай уақыт бойы қарқынды өрлеп, шын мәнінде әріптестік қатынастар болды. Қандай да бір мемлекетке қатысты саяси бағдар көбіне оны кім және қалай жүзеге асыратындығына байланысты болады. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Н.Төреқұловтың аса көрнекті рөлі даусыз. Сол жылдардағы басшылықтың ислам жеріндегі өз өкілі ретінде, біріншіден, діннің барлық қалтарыстарын терең түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін саналы түрде таңдап алған кадр саясатына да тиісті бағасын беру керек. Нәзір Төреқұлов өзінің тынымсыз іскерлігі, ізденімпаздығы, жасампаздығы мен өмірде жиған мол тәжірибесінің арқасында жасындай қысқа ғұмырында туған халқы үшін көп іс тындырды. Оның тұлғасы Абай мен Шоқанның ұлы мұрасының ықпалымен, Әлихан, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты. Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың 15-20 жылдарына – аса күрделі, қым-қуыт, ғаламшардың алтыдан бір бөлігінде ауқымды әлеуметтік тәжірибе – жаңа қоғам орнату тәжірибесі жүргізіліп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Еске алу кешіне жазушы, нәзіртанушы, түркітанушы, «Нәзір қоры» сыйлығының лауреаты С.Сахабат, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды тарих кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Тілеуқұлов пен жоғары оқу орнының студенттері, мектеп ұстаздары қатысты. Халықаралық дәрежедегі дипломатиялық саясатты жүргізуде өзіндік үлесі бар, көрнекті қайраткер Нәзір Төреқұловтың қазақ халқы үшін жасаған еңбегі ұшан теңіз. «Нәзір Төреқұлов туралы ел арасында аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірінде Нәзір мен Тұрар 1937 жылы қамауға алынғанда өзара хат жазысып, онда олардың ел жайына, ұлт болашағына алаңдайтыны айқын көрініс берген. Иә, осындай арда азаматтардың елі мен жері үшін жасаған еңбегін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сондықтан Алаш зиялысының ұлт үшін жасаған еңбектерін үнемі еске алып отыруымыз керек», – деді Сәрсенбек Сахабат. Одан соң сөз алған Г.Тілеуқұлов Төреқұловтың қазақ тілінен өзге, түрік, араб, парсы және орыс тілдерін жетік меңгергенін, сондай-ақ, шығыс әдебиетін, тарихын терең білгені жайлы айтып өтті. Кеште Н.Төреқұловты еске алушылар ұлттың ұлы қайраткері – қазақтан шыққан тұңғыш елші және ғалым-ағартушының солақай саясаттың құрбаны болғанын да әңгіме етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихтағы бірталай «ақтаңдақтардың» беті ашылып, бұған дейін айтылмай келген, айтылса да мардымсыз сөз етілген көптеген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімдері қайта жаңғыртылып, олар туралы кеңінен жазыла бастады. Міне, сондай тұлғалардың бірі – Нәзір Төреқұлов. Қазақ қайраткерінің Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Айта кету керек, Нәзір Төреқұлов Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып істеген жылдары республиканың барлық ұйымдарында демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы қаулыға қол қоюды ұйғаруы – оның азаматтық батылдығы мен көрегендігін айғақтайтын шара. Ағартушы, көсемсөзші, сондай-ақ, жаңа түркі әліпбиі жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде Н.Төреқұлов араб жазуынан латыншаға көшудің қажеттігін негіздеді. Латыншаға көшірудің барлық түркі этностарына, ұлттық сезіміне, жазба мәдениетіне қатыстылығын анық біліп, дайындық кезеңінің басты міндеті бір жағынан үгіт-насихатқа мейлінше зейін қою, латыншаға көшуге көмектесетін жергілікті ұйымдастыруды нығайту, екінші жағынан жаңа түркі әліпбиіне көшуді ғылыми негіздеуді қамтамасыз ету деп санады. Сәрсенбек САХАБАТ, халықаралық Нәзір Төреқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын: – Биыл Нәзір Төреқұловтың 120 жылдығы атап өтілуде. Соған байланысты еске алу шарасы өтті. Нәзіртанушы ғалым ретінде айтсам, осы уақытқа дейін Төреқұловтың дипломат болғаны көп айтылып келді де, Түркістан автономиясына сіңірген еңбегі, Түркістан республикасын басқарғаны тасада қалды. Осы мәселеге көңіл бөлсек деймін. Оқулықта Түркістан автономиясын бір бөлек, Орынбор автономиясын бір бөлек беріп жүрдік. Бұл дұрыс емес. Біз Түркістан қайраткерлерін танытуымыз керек. Сонда қызмет істеген Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысы да Қазақстан Республикасын құруға алғашқы қадам жасады.

Серіктес жаңалықтары