319
Тұрмыс сапасы қандай?
Тұрмыс сапасы қандай?
Тұрмыс сапасы қалай анықталады? Күнкөріс деңгейі де, жалпы ішкі өнім де тұрмыс сапасын толық сипаттап бере алмайды. Халықтың жағдайын өздерінен – халық өкілінен сұраған абзал. Ұлттық экономика министрлігі жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 56 пайызы өз тұрмысына қанағаттанады екен.
Еліміздегі күнкөріс деңгейі – 25 мың 667 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда күнкөріс деңгейінің артқанын көруге болады. Десе де бұл сома тұрмыстық қажеттілікті қаншалықты қамти алады? Бұл сауалға сайлаушылармен кездесуінде Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова жауап берген еді. «Барлық елде күнкөріс деңгейі төмен. Ыңғайсыз болса да, бұл көрсеткіш адамның физиологиялық жүйе ретінде функциясын атқаруына ғана белгіленген сома. Дамыған елдер өте жақсы жасаған. Олар күнкөріс деңгейімен ештеңені байланыстырмайды. Біз болсақ, барлығын күнкөріс деңгейі көрсеткішімен өлшейміз. Кез келген өзгеріс болса болды, төменгі жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерде өзгеріс болады. Айта кетейін, биыл күнкөріс көрсеткіші айтарлықтай өзгерді, оған миллиардтаған қаржы кетеді. Бұл тек, азық-түлік және азық-түлік емес карталарының өзара өлшемін анықтауда ғана болған жағдай», – деді Г.Қарағұсова.
Ұлттық экономика министрлігінің үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша, өз тұрмысына қанағаттанатын халықтың басым бөлігі ауыл халқы (63 пайыз). Сондай-ақ, ер адамдар әйелдерге қарағанда өз тұрмысына көңілі тояды екен. Десек те осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, халықтың тұрмысы біршама төмендеген. 2015 жылы көңілі тоқ халықтың үлесі 61 пайыз болған еді.
Сауалнамада отбасылардың қаржылық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, білім алуы ескеріледі. Сонымен қатар халықтың денсаулығы бойынша да сұрау салынады. Сауалнамаға қатысушылар денсаулық саласындағы бірқатар түйткілдерді тізіп беріпті. Атап айтқанда, медициналық мекемелердегі кезектің көптігі, арнайы дәрігерлердің жетіспеушілігі, ақ халаттылардың біліксіздігі. Сол сияқты дәрігер қабылдауы мен дәрі сатып алуға қаражаты жетімсіз.
Материалдық қамтамасыз етілу (ауқаттылық) деңгейі бойынша, респонденттердің 52,1 пайызы өздерін орташа деңгейге жатқызған. Халық орташа есеппен табысының 31 пайызын тамақ пен киімге жұмсайды да, ұзақ пайдаланатын тұрмыстық заттар – теледидар, тоңазытқыш және тағы басқаларын алуға онша ұмтыла бермейді.
Жалпы, соңғы жылдары халықтың әл-ауқаты өзгермеген сияқты. Әлеуметтің 59 пайызы жылдан жылға тұрмыс жағдайының нашарлағанын атап өтсе, 33 пайызы ғана жақсарды деп көрсетіпті. Десе де, жұртшылық болашақтан үмітін үзген емес. Ал Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келесі жылдан бастап күнкөріс деңгейін есептеу тәсілі өзгеретінін айтқан болатын. Мұндай өзгеріс шамамен 3 миллион адамға базалық зейнетақы, мүгедектер, асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдемақы, атаулы көмек және мүгедек балаларды күтушілердің жәрдемақы мөлшерін өсіруді қамтамасыз етпек. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 63 миллиард теңге бөлу көзделген. «Қазақстандық тамақтану академиясын тарту арқылы министрлік өз зерттеулерін жүргізді. Негізгі әдістемелер анықталды. Тиісінше, статистикалық мәліметтер талданды. Біздің елде ең төменгі күнкөріс деңгейі нормативтік-статистикалық әдістеме арқылы анықталады. Келесі жылы күнкөріс деңгейі 16 пайызға артып, шамамен 28 мың теңгеге дейін жетеді», – деді вице-министр.