Ақын, публицист Садықбек Хангелдиннің жазбаларынан
Ақын, публицист Садықбек Хангелдиннің жазбаларынан
Қайда менің күлкімді алған күндер?!
Көкіректегі мағыналы ой қағазға өрнек болып түсуді қойып, компьютердің қатпар-қатпар бағдарламаларындағы сандық килобайттарға айналғалы бері адамның сөзі түгілі ойлау машығы өзгеріске түспеді ме? Десе де, өткен дәуірдің мұрасы – қағаз мұрағаттардағы, оның ішінде екінің бірінің қолына түсе бермейтін қойын кітапшадағы Сөздің қадірін білетін оқырман әлі де баршылық шығар. Ақын, журналист Садықбек Хангелдиннің қойын кітапшасындағы бұл жазбалары – жан сыры, шын сөзі әрі өткен күндердің белгісі, бұл – кеше ғана дәуірлеп, одан соң күрт құлдыраған қоғамның бейнесі. Бүгінде Садықбек Хангелдиннің өзі де, ол өмір сүрген дәуір де жоқ өмірде. Бірақ шұрайлы тілмен жазылған тағылымды шежіресі мен әсерлі де шыншыл әңгімесі қалды.
СТАЛИН
Біз кедей едік. Бірақ сенімді едік. Өйткені Сталин дейтін бір алапат күш бар. Елімізді соғыстан аман алып қалған сол. Сол Сталин аяқ астынан ауырды деген хабар дүңк ете қалды. Артынша ертеңгілік сабаққа келсек, мектептегі көңіл-күй өзге. Әдеттегідей екпін жоқ. Иығы түскен адамдар. Химиядан сабақ беретін Дәметкен дейтін апамыз болатын. Бірінші сабақ сол кісінікі еді. Класқа кірді де: «Жетім қалдық қой, оқушылар» – деп жылап жіберді. Бәріміз қосылып жыладық. Енді қалай күн көреміз деп жыладық. Әлемнің тұтқасы сол кісі – амандығымыз соның арқасы еді, енді қараңғылық орнайды екен деп түсіндік. Болмаса қаптаған қалың қолды жау келіп шауып кете ме, кім білсін? Әйтеуір кеудені кернеген үрейде шек жоқ.
Бірнеше күн радио зарлап тұрып, ақыры елдің барлық құбырынан азалы сигнал берілді де, Сталинді о дүниеге табыс еттік. Күн өтті, апта өтті, ай өтті – Әлем орнынан қозғалған жоқ. Ай мен Күн де ырғақты алмасуда. Бәрі бұрынғы қалпында. Бізге ешкім тиген жоқ. Жаңа соғыс басталмады. Бұрынғысынша мектепке келеміз. Сабақ бұрынғысынша жүреді. Не керек, өмір жалғаса берді.
Есімде қалған бір оғаш оқиға – Байнияз әкем Сталин өлді дегенді естігенде: «Сол керек ол сұмға, әлдеқашан құруы керек еді, подлец» – деп қойып қалды. Менің төбе шашым тік тұрып, шошып кеттім. Күннің жалықпай бізге нұр шашып тұруы Сталиннің арқасы деп жүрген менің бала жүрегіме өз әкем Бәкеңнің түйеден түскендей мына сөзі кеудеме қанжардай қадалғаны бар. Сөйтсем, он жыл жер ауып келгені сол «күн көсемнің» арқасы екен ғой. Мұның бәрін ол кезде мен қайдан білейін. Хабар-ошарсыз кеткен – жұмыс бабы солай шығар деп жүрдік қой. Үйдегілер ол кісі жайлы сөз қозғамаушы еді. Қозғауға болмайды екен ғой.
ДҮРБЕЛЕҢ
…Биыл Кеңес өкіметінде тың игеру дейтін ғаламат жоба жүзеге аса бастады. Бұл Сталиннің соғыстан бұрын жоспарлаған шаруасы екен. Бірақ заман өзгеріп кетіп, қол бармай қалған көрінеді. Енді ел билігі реформатор Хрущевтің қолына тиген кезде әлемді тітіреткен ең батыл қадамдардың бірі осы болды. Бұл мәселені о баста жоспарлағанда, сөз жоқ, үлкен елдің бос жатқан жерлерін барынша тиімді пайдаланып, көп халықты астық проблемасынан құтқару болды. Бірақ осы басты жанашырлық әрекеттің ар жағында соны пайдаланып, Одақтағы бар кеңістікті орыстандыру саясаты жатқаны да даусыз.
Қазақстан осы жобаның сынақ алаңына айналды. Біріншіден, қазақ даласы орталықтан оқшау жатқан ұшан-теңіз кең дала. Оны түбегейлі өзіңе қаратып алмай болмайды. Екіншіден, бұл далада түрен тісі тимеген, қаймағы бұзылмаған құнарлы шалқар жер жатыр. Рахатын көру керек деп айтуға жақсы. Үшіншіден, қазақтың қарсы келер-ау деген зиялы жұртының тамырына балта шабылып, есік айқара ашылған. Төртіншіден, түрмеге сыймай кеткен жұмыс қолын жанға батпайтын шығынмен пайдалы іске салу. Бесіншіден, және ең бастысы, осы мол далада қазақтың ұлттық басымдығын жою.
Тарихтан белгiлi бұл әрекеттi әңгiме қылғанда менiң есiме келетiнi ел аузында жүрген жантүршiгерлiк аңыздар едi. Ешқандай алдын-ала дайындығы жоқ жапан далаға қыстың көзi қырауда мыңдаған адамдарды кеңес өкiметiнiң әр түкпiрiнен әкелiп шашып жiбергенде, қазақ даласы қып-қызыл майдан даласына айналған. Қақаған суықта баспанасыз, төсек-орынсыз, iшер ас, киер киiмсiз, тым болмаса жұмыс жасар құрал-сайманы сай емес, жалаң ұранның жемтiгi болып, тағдыр тәлкегiне түскен Құдайдың кiнәсiз пенделерi қазақ елiнiң етiне өшпес таңба салған, өздерiн де аямаған. Қызу насихатпен төңкерiлiп келiп қалған қызба жастар отқа түскен көбелектей күн кешкен. Келгендердiң iшiнде ойдан қашқандар мен қырдан қашқандар, қылмыскерлер мен қызық көргендер қиын сынға төзбей әуелi бiрiн-бiрi түтiп жесе, келе-келе жергiлiктi қонақжай қазақ жұртына да қырғидай тиген. Қолдан тудырған өрт көбейген. Тiптi, тамтығы қалмай жанып кеткен елдi мекендер болған. Кiсi өлтiру ушығып кеткен. Басшылар амалсыз армияны пайдалануға мәжбүр болған.
Міне, бізге ол тұста толық жетпегенмен, шетпұшпағы құлағымызға тиіп жатқан осы келеңсіз жайт Сыр өңірінде бей-жай жүрген бізге де бір оқыс үрей әкеліп, қазақ ұлтының елдігіне қауіп төнгендей көрінетін. Жерді кең көлемде үстін-үстін жырта берген соң оның құнары жоғалғанын, ежелден мал өсіріп күн көрген қазақтың шұрайлы жайылымнан айрылып, мал шығыны болғанын, көз қуантар көк жасыл әлемнің ұшы-қиыры жоқ құлазыған шаңдаққа айналып, экологиясы бұзылғанын, әлімсақтан дала тұрғыны қазақтың ықтиярсыз жаппай қоныс аударуынан елімізде 700-ге жуық қазақ мектептері жабылғанын біз кейін білдік қой. Елгезек елдің жеңімпаз жұртын жымын тауып жұмылдыра білген, сөйтіп өміршең жүйенің «даңқын» асырған әлеуетті саясаттың, дүниені дүрліктіріп, белден басқан безбүйрек әрекеттің, іс жүзінде іш тастаған әлектің бізге бұйырған әуселесі осындай.
НАДЕЖДА
Мен Қызылорда пединститутында әдебиет үйірмесін басқарып жүргенде педучилищенің директоры Ұлмекен Рысбекова бір күні маған қолқа салды:
– Садықбек, бізде де өлең жазатын қыздар бар. Ақындарыңды ертіп келіп, өлең оқыңдар, менің қыздарымды да тыңдаңдар, – деді. Сөйтіп үйірменің кезекті отырысын педучилищеде өткіздік. Көп өлең оқылды. Жиын аяқталғаннан кейін бір бармақтай сап-сары қыз:
– Аға, менің өлеңдерімді де оқып көріңізші, – деді. Түріне қарасам, орыс. Көзі шегір, ерні қалың, бетінде аздаған секпілі бар. Бірақ сөзіне құлақ салсаң, кәдімгі қазақтың тап-таза жалпақ тілі, онда да сонау ілгеріден келе жатқан нақыл сөзімен тақпақтап сөйлейді. Сөйтсем, сол училищеде оқығанмен, шындығында таза орыстың қызы екен. Қазақ ортасында өсіп, қазақ мектебін бітірген. Ең қызығы, Жетісу өңірінен келіп оқып жатса керек. Аты-жөні Надежда Андреевна Лушникова.
Сол жерде отырып, біраз өлеңдерін редакциялап бердім де. «Тағы да өлең жазып қой» – деп кеттім. Әрине, алғашқы бала қанат өлеңдерде көркемдік, ұйқас, ырғақ дегендеріңіз ақсап-ақ жатқаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бірақ терең ой, барынша мөлдір, қаймағы бұзылмаған халықтық тіл бар екені де көзге ұрады. «Көбірек жаз, тезірек жаттығасың» дедім. Өзі жап-жас, мектеп оқушысының шамасында. Мынандай талаппен талпына түссе, сөз жоқ, үлкен ақын болып кетуі тиіс.
Кейін өлеңдерін алып келген де, үстінен қарап, Жазушылар одағының бөлімшесіне алып келдім. Асекең (Асқар Тоқмағамбетов – ред.) бұрынғы әдетінше төбесін бір сипап қойды да, «Ыһы!» дейтін дағдысымен бір жымиып алды. «Мына қыздың тілін-ай, ә!» деп өлеңдерін тәртіпке келтіре бастады.
– Мұны біз Алматыға жіберейік, мұндай құбылыс бізде көп емес қой, – деді.
Сөйтіп өз атынан алғы сөз жазды да, «Лениншіл жасқа» салды да жіберді. Көп ұзамай Надежданың суреті мен бір топ өлеңі жастар газетінде «Сәт сапар» айдарымен жарқ ете қалды. Бұл қазақ әдебиетіндегі орыс қызының тұңғыш өлең жазу фактісі еді. Бүкіл оқырман қауым гу ете қалды. Тың құбылыс қой. Бір айдан кейін келсем, Асекең Қазақстан ғана емес, басқа туысқан елдерден де хат алғанын, қоржынындағы хат бір қаптан асқанын айтып, төбесін тағы бір сипап қойып, әдетінше шиқылдап күліп мәз болғаны бар.
Содан біздің Надежда даңқты ақын болып шыға келді. Сол тұста солтүстікте Раиса Қалиматова дейтін шешен қызы қазақ тілінде жап-жақсы өлең жазып, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүретін. Шиеліде Абдулхамит Исаев деген шешен жігіті қазақша прозамен айналысып жүрді. Енді, міне, Надежда жаңа жұлдыздай жарқ етіп, Асекең басқаратын әдеби ұйымның жұмысы жақсы баға алып жатты. Надежданы кейін ауылымыздың қазақ жігітіне тұрмысқа беріп, комсомолдық тойын өткіздік. Бұл 1965 жыл болатын. Мен ол кезде обком комсомолда істейтінмін. Сосын жас отбасы Алматыға аттанды. Надя баспада қызмет атқарды, өлеңдер жинағын шығарды. Одан кейінгі жылдары айтыс ақыны болып алды. Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайын басқарды. Қазір өсіп-өнген үлкен отбасының анасы, Ұзынағаштағы ауылында тұрады.
МҰЗАФАР
Бір күні обкомолға Мұзағаң келе қалды. Кәдімгі қазақтың қайратты қаламгері, ақын Мұзафар Әлімбаев. Жүрегі жұмсақ, жаны кең, бүкіл Алаш ұрпағын өз құшағында ғана көргісі келетін елпілдеген елгезек кісі. Төрт жыл соғыста болып, туған елге деген алқалы сағынышын ала келген Арқаның арқалы ақыны елге келгеннен кейін отансүйгіш кеудесінен жыр селін ағызған болатын. Ел сенімін абыроймен атқарып келген жауынгер ақын үлкен қуаныш үстіндегі шалқар шабыт кеңістігінде жүрген. Бұрқыратып өлең жазады, қазақтың қанатты сөздерін жинайды. Жыл сайын кітап шығарып, бұл кезде оқырман қауымының жүрегін жаулап алған кезі.
Мұзағаң балалар журналы «Балдырғанның» бас редакторы. Осы журнал жарық көргелі бері он жылдан асып барады. Жұртшылықтың аңсап көрген басылымы дүниеге келгеннен-ақ оның тағдыры Мұзағаңның қолында. Дарынды редактор журнал тізгіні сенімді қолға табыс етілгенін көп ұзамай-ақ дәлелдеп берді. Басылым оқушының асығып күтетін, сүйікті серігіне айналды.
Қазір жаппай баспасөзге жазылу науқаны басталған кез. Мұзағаң да өзі шығарып отырған журналының ел ішіндегі таралымын кеңейту мақсатында жолға шығып, қазағы мол Сыр өңіріне ат басын тіреген екен ғой.
Обкомолда мені көріп қуанып қалды. Таңданғанын жасыра алмады
– Сен осында ма едің, Садықбек? – деді маған қарап. Кеудесіне қонған ойды тайсалмай айтып табанда ағынан жарылатын ақ көңіл адам қарап тұра алмай:
– Билікке бой ұрғаның ба, әлде қызық көріп келдің бе? – деп бір қойды.
Күтпеген сұраққа мен не дерімді білмей абыржып қалдым. «Екеуі де бар еді» дейін бе. Бірақ мен үндей алмадым. Ол кісі менің жауабымды күтпеген де болар, сөзді ары қарай өзі жалғастыра берді.
– Жақсы жұмысқа келгенсің. Қызметің құтты болсын! Бірақ бұл өте жауапты жұмыс қой. Қыруар күш салуды талап етеді. Ал сен жап-жақсы ақынсың. Қалам ұстаған адамға мұны қиыстыру қиын шаруа. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді данагөй жұртым, қиналармын-ау деп қорықпаймысың?
Осы бір отты сөзді өзім де білетінмін, ол өзімді де мазаламай қойған жоқ еді. Бірақ нақ осылай алдымнан шығар деп зер салмаппын. Кәдімгідей қысылып қалдым. Амал қанша? Ағам тауып айтып отыр. Оған не деуге болады. Мұны тікелей сұрақ деп емес, жаны ашығандықтан аға салған ақыл деп қабылдадым.
Кейін қызметтес болып қатар жұмыс істеген кезімде ағаның аталы сөзін талай естіп, санама сәуле тапқан сәттерім аз болған жоқ.
АҢҒАЛДЫҚ
Ал тұңғыш жинағымның шығу тарихы былай болатын. Қолжазбадан хабар болмай кеткен соң төрт жыл өткеннен кейін баспаның сол кездегі директоры Дүйсенбек Еркешевке хат жаздым. «Ағатай, мен ақын едім деп кеуде кере алмаймын. Бірақ тұңғыш жинағымды Асқар Тоқмағамбетовтің жолдамасы-алғысөзімен баспаға жіберіп, оған Одақтағы Сырбай Мәуленовтің ұлықсаты мен бас редактор Жәрдем Тілековтің бұрыштамасы қойылғанын білемін. Алайда кітап содан бері хабарсыз кетті. Қолжазбам баспа талабын қанағаттандырмай жатса, солай болды деп бір ауыз хат жазыңыздаршы – алаңсыз болайын деп едім. Алматыға барып ауызба-ауыз сөйлессем бе деп те ойлап едім. Оған менде мүмкіндік болмай тұр. Жұмыс бабы солай – шыға алмаймын. Тастап жүре беретін жұмыс болса солай істер де едім. Өкінішке қарай, жұмыс ондай болмай қинап тұр. Мүмкін болса, мені әуре қылмай-ақ көмектесіңіз», – деп өтініш білдірдім.
Директор хатты алған да, бөлімдегі жігіттерге тапсырма берген. Сөйтіп жоспардан тыс сол тұста жарық көрген «Тұңғыш кітап» сериясына салған да жіберген. Ал бұл сериядан тез шыққанымен, кітаптың көлемі тура келмейді. Тез шығару үшін амалсыз қолжазбаны аяусыз қиған. Сонымен, биттің қабығындай кішкене төрт бұрышты ақ кітап кешікпей менің қолыма тиді. Редакторы Тұманбай Молдағалиев – менің ең жақсы көретін ақыным.
Сондағы қуанышты, әрине, ешбір биік сезіммен салыстыруға болмайды. Бұл бұрын-соңды басымнан кешпеген мөлдек, тосын сезім. Кейінгі кітаптарым шыққанда да қуандым ғой. Әр кітапқа оқшау қуанасың. Бірақ бірінші кітаптың қуанышына тең келе қоймас.
Сол тұңғыш кітап шыққанда менің аңғарғаным – мәселе кітаптың құндылығында ғана емес екен. Мен өлеңім ортанқол дүние болған соң шықпай қалды-ау деп, өзімді өзгеден кем тұтып божырап жүрмін ғой. Салыстырып қарасам, басқа жарық көрген кітаптардан кем жері жоқ. Ұялмай оқитын өлеңдер. Мәселе мезгілімен қозғау салып, баспаның жоспарына енгізіп отыру керек екен ғой. Баспаның поэзия бөлімінде отырғандар өздері білетін, көңілі жақын немесе бір кәдеме керек болар-ау деген адамдарының шығармаларын жыл сайынғы дәстүрлі жоспарға енгізіп отырады екен де, мына біз сияқты беймәлім, сыртта жүрген, баспадағыларға ықпалы жоқ адамдардың кітаптары жыл сайын ығыстырылып, жоспарға енбей жата береді екен. Жоспарға енбеген кітап жарық көрмейді. Ол кімнің кітабы болса да бәрібір.
Мен болсам, мұның бәрінен хабарым жоқ. Әкім болдым деп үндемей жата бергем. Сөйтіп, өзімді-өзім товорчестводан қол үздіріп алғанымды байқамағам. Сол кітап мезгілімен шықса, мен қызынып жаңа кітап шығаруға ұмтылар ем. Ол кітабым тағы тез шыға қойса, етім қызып, басқа дүниені ұмытып, бірыңғай шығармашылық шаруашылыққа көшіп кетер ме едім. Олай болған кезде кіммен иық тіресерімді кім біледі. Әйтеуір, нақ осылай тоқырамаған болар ем. Сезім де жүдемеген болар еді, қайта түлей түскен болар еді. Шабыт сөнбеген болар еді. Енді, міне, көшкен жұртта қалған иттей ұлып отырмын. Амал қанша, керуен кетіп қалды. Мен мөңіреп қала берем.
ӨЗБЕКӘЛІ
Алматыдағы жұмыс қауырт шаруадан басталды. Орталық Комитет Қазақстан Комсомолының кезекті ХІІ съезіне дайындалып жатқан. Ол кезде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Ол КазГУ-дің тарих факультетін бітіріп, өз еліне – Шымкент облысына мұғалім болып келген. Соңғы 12 жылдан бері комсомол қызметінде. Аудандық, облыстық, Орталық комитеттердің бірінші хатшылық қызметтерін атқарып, өзін әбден танытып үлгерген және өзі де өскен белгілі қоғам қайраткері. Осы Орталық Комитетке келгеніне сегіз жыл болып қалды. Өзі биыл қырыққа толады. Одақтағы ең тәжірибелі бірінші хатшы.
Шетелдерде бірнеше рет болған. Өзі де көптеген шетел жастарының өкілдерін қабылдап, әбден дағдыланған. Республиканың жағдайын бес саусағындай біледі. Басшыларға ғана емес, бұл кезде ол елдің әр түкпіріндегі шағын ұжымдарға дейін белгілі, аңызға айнала бастаған адам. Өзінің білім деңгейін үнемі көтеріп отырады, ақыл-парасаты әр сөзінен көрініп тұратын, қарамағындағыларға талапшыл, өзі де еңбекқор адам.
Сол жылдың желтоқсанында жаңа құрылған Торғай облысына обкомолдың идеология жөніндегі хатшысы болып кетті. Тек өзіне ғана жарасатын тік мінезі болатын. Маңайында жүрген адамдардың тірлігіне риза бола бермей ме, әлде солардың болмысының ортанқолдығына қынжылып, өзі оны жөндей алмайтынына намыстана ма, әйтеуір көбіне тұнжырап, кездескендерге жылы қабақ таныта бермейді. Мүмкін, жастар арасында ұзақ отырып қалдым, басқаға беріп жатқан жауапты партия жұмысын мезгілімен маған да бере қоймады деген өкпесі де бар шығар. Ал басшылар соны білетін болар. Жоғарыдағылар әдетте мінез танытпай иіліп тұратын адамдарды ұнатады. Өз пікірі бар, керек жерінде мінез көрсете алатын адамдарды қолдауға бара бермейді.
Әйтпесе, обком партияға бірінші хатшы немесе министр етіп, тіпті партияның Орталық Комитетіне хатшы етіп жіберсе де лайық әрі дайын адам еді. Бірақ әлгідей болды. Біз олқысынғанмен, шешім қабылдайтындар басқа болған соң амалың қанша, қаншама риза болмағаныңмен іштей қынжылып қала бересің. Біз де сөйттік. Ол обкомолда бес-алты жыл жұмыс істеп, елеулі із қалдырды. Облыс өңіріндегі идеялық тәрбие жұмыстары жаңа жолға қойылды. Мәдени мекемелер жаңаша жұмыс істей бастады. Облыс орталығы өз бейнесін түбірімен түлетіп, көз қуантар мәдени орталыққа айналды. Жаңадан парк, музей ашылды, үлкен кітапхана пайда болды. Ұлттық театр ашылды.
Содан Өзекең Орталық Комитетке шетелдермен байланыс жасайтын бөлім меңгерушісі болып шыға келді. Біз оған қуанғанымен, онша қанағаттана қойған жоқпыз. Одан Мәдениет министріне орынбасар болып кетті. Біз, әрине, оған да риза болған жоқпыз. Ондай жұмысқа Орталық Комитеттің нұсқаушысын да жіберуге болар еді. Ол практика бұрыннан бар, кейін де солай болып келеді. Бірақ Өзекеңді әлгідей етіп қорлады. Бұл біздің де намысымызға тиіп жатыр. Қайтесің. Одан соң, неге екені белгісіз, Алматы облыстық атқару Комитетіне төрағаның мәдениет жөніндегі орынбасары етіп жіберді. Осыны әдейі ұйымдастырып, Өзекеңнің өсуін тежеп отырған бір мықтылар бар-ау дедік біз. Бірақ қанша қорлағанмен, алтын кездік қап түбінде жата ма? Кешікпей Өзекең Мәдениет министрі болып тағайындалды. Артынша айналып келіп ЦК-ның секретары болып шыға келді. Ақыры өз орнын тапты-ау деп, әкеміз базардан келгендей масаттанғанымызды көрсеңіз.
Өйткені жоғарыда айтқанымдай, біздің түсінігімізде Өзекең – өте іскер, алымы күшті, пайымы терең, жан-жақты білім-тәжірибесі мол болымды тұлға. Ол республиканың бүгінгі жай-күйін ғана емес, бұрынғы тарихын да жақсы білетін. Қазақтың көне салт-дәстүрін бейнелеу, би өнерлерін зерттеп жүретін кең тынысты ғалым адам. Осы тақырыпта талай еңбектер жазып, ғылыми атақ та алды. Сол төңіректе есте қалатын нәрселер жасап, мына соңғы төңкерістің тұсында зейнеткерлікке кетті. Денсаулығы да мықты емес екен, осыдан жыл жарым бұрын үлкен шығармашылық жұмыс үстінде дүниеден өтті.
Бізде Кеңес үкіметі тұсында қалыптасқан «қазақта кісі қызығарлық би жоқ» деген солақай ұғымға «мат» қойып, арнайы мамандар шақырып, қазақтың небір көркем билерін жарыққа шығарған осы Өзекең. Алматыда ұлт аспаптар мұражайын ашқан да Өзекең. Мәдениет министрілігі мекендеп отырған тарихи үйді қалыпқа келтірген және Қожа Ахмет Йассауи мавзолейін жөндеу жұмысын жолға қойған да біздің Өзекең. Шын қайраткерліктен осындай із қалуы керек.
ӘБІЛМӘЖІН
«Уақыт сазы» атты кітабымның сигнальный экземплярын Әбекең Комитетке өзі әкеп берді. Әбекең деп отырғаным, баспаның сол кездегі директоры Әбілмәжін Жұмабаев. Бұрын ол да ЦК-да істеген. Өзі Қызылорданың азаматы. Жұмсақ мінезімен, бай жүрегімен жаныңа жылу беретін сирек адамдардың бірі осы Әбекең. Өзім өте жақсы көрем. Сыпайылық пен ішкі мәдениеті жымдасып, ағамды өз ортасында өте сұлу етіп көрсететін. Ілтипат пен мейірімділік өзінен үлкенге де, кішіге де айрықша жарық беріп тұратын. Мына әрекетіне мен не дерімді білмей қалдым. Қатты риза болдым.
Кейін ол кісі Кітап палатасына ауысты. Мен өзімнің 50 жылдығыма таңдамалымды әзірлеу үстінде «Пернелер» өзімде бір-ақ дана болған соң, мүмкін болса тағы біреуін тауып бересіз бе дегенмін. 20 жыл бұрын шыққан тырнақтай кітапты қайдан табасың. Ал Әбекең соны ерінбей кітап қорынан тауып әкеп берді. Адамға осындай ғажайып жақсылықтар жасайтын пенделер өте аз ғой. Мен Әбекеңе әрқашан бас иіп, іштей тілеуін тілеп жүрем.
«Уақыт сазы» қолыма тиген күні мен Қызылордаға жүрейін деп тұрғанмын. Өте дұрыс болып кетті. Қалтама салып алып, тартып кеттім. Алматыға барғанда не бітіріп жүрсің дегендерге тым болмаса бетке ұстар дүние осы болар. Басқасын болса да өндіре алмадық. Оны өздері көріп отыр. Сонымен туған жерге барған соң мақтанып, қызыл кітапты ашып жіберіп, ал кеп оқиын, ал кеп оқиын. Ана жарадан кейін өзіме өзімнің шын риза болған кезім еді осы бір уақ.
СІЛКІНІС
Адам ашуланса әр түрлі күтпеген әрекеттерге баратын көрінеді ғой. Мен өзімің соңғы кезде басымнан кешкен жағдайымды, үлкен апатқа ұшыраған, карьерамның қабырғасы сынған, үмітімнің үзілген жері деп түсініп, қатты қабарып жүргем. Өмірден түңілгенім сонша, жора-жолдас, дос-жаранмен хабарласудан қалдым.
Ашу үстінде көп жыл қол үзіп кеткен өлең жазу ісіне бет бұрғанымды білмей қалдым. Әрине, қол суып, сезімге мұз қатқан қатқыл кеуделі пендеден қайбір құлпырған ой түлеп ұша қойды дейсің. Әйтеуір өзіңді қамшылап, өлімнің тырнағынан алып қалу ғой. Кеудені кернеген ызғарлы сезімді жібіту, өзекті ойда жинақталған жөргекті жүктерді түсіру, шуағы болса – ашу, жылуы болса – шашу, сөйтіп алшақтап кеткен жұртыңмен шұрқырасып табысу. Ол қуанса, сен – сергу.
Сөйтіп сол жылы «Жалын» баспасына кезекті өлеңдер жинағымды бердім. Оны «Сенім» деп атадым. Сондағы айтайын дегенім – өзіңе елдің сенім артуы деген не? Оның салмағы қандай болады, қалай алып жүру керек, сенімді ақтай алсаң, қайда барасың, ақтай алмасаң, жағдай қандай күйге түсіреді деген толғаныстар еді. Алдын ала айта кетейін, «Сенім» содан баспада алты жыл жатып, 1985 жылы жарық көрді. Бірақ сол екі арада «Жазушы» баспасынан менің екі жинағым шығып үлгерген еді. 1982 жылы – «Уақыт сазы», 1984 жылы – «Күтемін сені».
...Сөйтсе де өршеленіп, өзімді-өзім жани бердім. Шыбын жанымды шымшылап, дегбірін алдым. Ұйқыға кеткен сезімдерімді түрткілей бердім. Ой мұхитына құлаш сермедім. Ау, бір бастау, одан қаланған негіз бар еді ғой. Қайда менің күлкімді алып, ұйқымды алып, сезімімді сілкілеген, кеудемде алмас қылыштай жарқылдаған сонау сиқырлы найзағайлар?!
Кешікпей бір қайыққа ілінгендей болдым. Көп оқимын. Әлемдік поэзияның соңғы үлгілерімен таныстым. Қазақ ақындарының да аяқ алысын бағдарлап байқадым. Біраз кешеуілдеп қалғаным болмаса, көштен көз жазып қала қоймаған сияқтымын.
Сөйтіп, білекті сыбанып жаза бастадым. Жаппар Ием өзі жар болсын! Бағымды тағы бір сынап көрейін. Қазір кітап шығарып жатсам, мені біреу нашар кітабын беделімен шығарып жүр деп айта алмайды. Орталық Комитеттен кеткенімді бәрі біледі. Енді тартынатын не жөнім бар. Білім бар, тәжірибе де жетіп қалар, өмір көрдім, енді жазбағаным ұят шығар дедім.
Оңашада өзiңмен қалғанда, алдыңа қағаз жайып, қолыңа қалам алғанда, сан жылдан берi жаныңды шымшып, жүрегiңдi тербеп, сезiмiңдi түрткiлеп жүрген ойлар жентектелiп келе бередi екен. Жарық дүниеден орын ала алмай, кеудеңде қыстығып жүрген керқұла сөз бұлқынып, жүректi жарып ұшып, жөңкiле бередi екен, еңкiлдеп, серпiле бередi екен. Өзiмдi-өзiм ұмытып, екпiнiмдi баса алмай, елiге бердiм, егiле бердiм.
Сөйтiп, алты жылда алты кiтап әзiрлеп, әрең басылдым. Алтыншысын өзiмнiң 50 жылдығымның қарсаңында шығаруға әзiрлегем. Сол 60 жылдығымның қарсаңында әрең шықты.
Мiнеки, кiтап шығарудың қазабаты осы. Бiрақ жазғандарыма әдiл бағасын алармын деген үмiтiм ақталмады. Менiң творчеством туралы ешкiм аузын ашып, анау екен немесе мынау екен деген жоқ. Бұл не? Iлiп алар ештеңе таппағаны ма, әлде кемшiлiгiн асырып, жақсылығын жасыра алмағаны ма? Ау, биттiң қабығындай алғашқы екi кiтабым да назардан тыс қалған жоқ едi ғой. Сапасына қарай пiкiр туған жоқ па едi? Мен оған қуанған жоқ па едiм. Маған сол қуаныш қазiр керек едi ғой. Болмаса жазғыштар көбейiп, сыншылар жетпей, кезекте тұрмын ба? Әлде сынның сыры кетiп, сыншылар самарқау тартты ма? Қалай да қайранмын. Осы үнсiздiктен шошынам.
ВРЕЗКА
Садықбек Хангелдин (1938-2014) – ақын, публицист. «Шапақты шақ», «Уақыт сазы», «Сенім» т.б. онға жуық жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтерде абыройлы еңбек еткен, елдің мәдени, рухани өрлеуіне үлес қосқан қайраткер. 2001-2014 жылдары «Түркістан» газетінің тұрақты авторы. Шығармашылықтың азабы мен замана сынақтары туралы бұл жазбалар қаламгердің «Құбыла» (2006) атты естелік жинағынан алынды.
Дайындаған Гүлбиғаш ОМАР