Кондитерлер қант бағасына алаңдаулы

Кондитерлер қант бағасына алаңдаулы

Кондитерлер қант бағасына алаңдаулы
ашық дереккөзі
Қант бағасының қымбатшылығы жайында газетіміздің №33 санында «Қант  елімізге көбіне сырттан тасымалданады. Неге?» (17.08.2017) атты мақала жарияланған болатын. Бұл мақалада екі жылдан кейін қант шикізатын импорттауға берілген жеңілдік алынатыны жайлы айтылған еді. Отандық кондитерлер мен сусын өндірушілері тап осы мәселеге алаңдаулы. Өйткені бұл отандық өнімнің бағасы күрт көтеріліп, Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында отандық тәттілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Яғни, одаққа мүше елдерден тасымалданатын тәттілер арзандап, отандық өнім шарықтап шыға келмек. Бұл мәселе таяуда Кедендік одақ елдерінің үкімет басшыларының Еревандағы отырысында қаралды. Әзірге қазақстандық өндірушілер қантты импорттау кезінде инвестициялық артықшылықтарды қолданып отыр. Екі жылдан кейін, яғни 2019 жылы Кедендік одақ елдері арасындағы өзара тауар алмасуды міндеттеу мақсатында баж салығына қатысты жеңілдік жойылып, қант өндірушілер ресейлік шикізатқа тәуелді болмақ. Қазақстан кондитерлер қауымдастығы президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, Кедендік одақ елдерінен тасымалданатын қант бағасы анағұрлым қымбат,  сондықтан тәтті тағамдар өндірісіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сарапшының дерегіне сүйенсек, кондитерлік дайын өнім салмағының 50 пайызын қант құрайды. Ал осы тәттілердің өзіндік құнының 40 пайызы қант бағасына тікелей тәуелді. «Қант шет елдерден импортталса, онда оған 30-40 пайыз мөлшерде кедендік баж салығы төленеді. Бұл дайын өнімнің бағасы сәйкесінше өсуіне әкеп соқтырады. Ал егер тек Кедендік одақ  елдерінен сатып алсақ, біз ресейлік-беларусьтік олигополияның белгілейтін бағасына тәуелді болып қаламыз. Мәселен үстіміздегі жылдың жазында Ресейде өндірілген қанттың бағасы бір апта ішінде 50 теңгеге өсті, бұл 30 пайыз жоғары. Дәл осы кезде қантты тасымалдауда да қиындықтар туындады. Осы қиын кезеңде қанттың қажетті көлемін басқа елдерден импорттап, осылайша бағаны тұрақтандырып, ал өндірістің толық жұмыс жасауын қамтамасыз ете алдық. 2017 жылдың жазы ресейлік өндірушілердің қазақстандық кәсіпорындарды қантпен толығымен қамтамасыз ете алмайтындығын айқын көрсетті, оның үстіне басты шикізаттың бағасында айтарлықтай тәуекелдер бар екенін байқатты», – деді Әлихан Талғатбек. 2016 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстан бір жылда 550 мың тонна қант тұтынған. Оның ішінде 90 мың тонна кондитерлік өнімдерге, ал 110 мың тонна тәтті сусындарға қолданылады екен. Өкінішке қарай, нарыққа қажетті өнімді еліміз толығымен өзі өндіруге қауқарсыз. Былтыр Қазақстанға жеткізілген қанттың 24 пайызы Ресейден, 21 пайызы Украинадан, 16,6 пайызы Әзірбайжаннан, 13 пайызы Польшадан, 10 пайызы Чех республикасынан әкелінді. Қазіргі таңда отандық және импорттық кондитерлік өнімдердің бағасында аса айырмашылық жоқ. Сәйкесінше отандық сусындар мен кондитерлік өнімдер Кедендік одақ елдері арасында жоғары сұранысқа ие. Қазақстан кондитерлер қауымдастығы президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, отандық өнім бағасының төмендігі сұранысты арттырып отыр. Тәттілердің өзіндік құнының 40 пайызы қант бағасына тікелей тәуелді. Еліміздегі кондитерлік фабрикалар өндірісте ресейлік қантты пайдаланады. Бірақ ЕуразЭҚ елдерінен тасымалданатын қанттың сапасы ылғи да мінсіз бола бермейді. Бұл мармелад, кәмпит, карамель және басқа да тәттілерді жасау процесінде кедергі келтіріп, ауыр шығындарға батырады екен. Ал ең басты кемшілігі, тасымалдау жұмыстарының әуресі. Биыл жазда кондитерлер мен сусын өндірушілер қант тапшылығын бастан өткерді. Өйткені ортақ кеңістік елдерінде паромның жетіспеушілігі мен теміржол вагондарының жетіспеуі қанттың кешігіп жетуіне түрткі болды. Осы қысылтаяң шақта ресейлік қант өндіруші зауыттар бағаны бірден 30 пайызға көтеріп жіберген. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау кез келген мемлекеттің басты экономикалық бағдарламасына енгізілген. Әсіресе, ортақ экономикалық аймақ елдері үшін бұл мәселе аса маңызды фактор. ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырын өндіруші қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаева Ресейдің өз азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін айтуда. «Қазақстан қантты Кедендік одақ аумағынан тысқары елдерден импорттау арқылы ресейлік азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр деген уәж айтылуда. Алайда қазақстандық импорттың үлесі Ресейде өндірілетін қант көлемімен салыстырғанда бар-жоғы 1 пайызға жетер-жетпес. Сондықтан бұл бағаға және де азық-түлік қауіпсіздігіне ешқандай ықпал жасай алмайды», – дейді сарапшы. Сондай-ақ, сарапшылар ресейлік монополияны да еске салып өтті. Қазіргі таңда солтүстік көршімізде бес ірі қант өндіруші бар. Олар жылына 6 миллион тонна қант өндіреді. Оның 5,8 миллион тоннасы ішкі қажеттіліктерге жұмсалса, қалған 2 миллион тоннасы экспортқа бағытталады. Бір таңғаларлығы, әлемде ресейлік қантқа сұраныс аз көрінеді, сондықтан аталған өнімді өз нарығын толық қамтамасыз ете алмаған көршілерге тықпалау тиімді сияқты. Nielson халықаралық зерттеу компаниясының зерттеуіне сәйкес, үстіміздегі жылы кондитерлік өнімдер категориясында секторлардың барлығында дерлік тұтыну көлемі  күрт төмендеген. Көптеген қазақстандықтар үнемдеу мақсатында, тәтті тағамдардан бас тарта бастаған. Ал кондитерлік өнімдер мен көпшілік ұнататын сусындардың бағасы тағы өсетін болса, жұртшылық жаппай арзан шетелдік өнімге көшетіні шүбәсіз. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен ортақ кеңістіктегі беделіне айтарлықтай сын. Осы орайда кондитерлер мен сусын өндірушілер алыс шетелдерден келетін қант шикізатын импорттауға белгіленген жеңілдікті ұзартуды сұрап отыр.