1282
Сүт кластерін дамыту – табысты іс
Сүт кластерін дамыту – табысты іс
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 60-қадамында: «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Жұмыс селода кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылды» деген болатын. Бүгінде осы тапсырмаға орай, еліміздің түкпір-түкпірінде сүт кластеріне ойдағыдай көңіл бөлініп келеді.
Биыл наурыз айында Ақмола облысында құрылған «Әлихан-Әмір» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өндіруші кәсіпорындарға күніне 2,5 тонна сүт жеткізіп тұрады. Жазғы айларда тапсырылатын өнімнің күнделікті көлемі 7-8 тоннаға дейін жетеді. Зеренді ауданында құрылған сүт бағытындағы кооператив Көкшетау қаласындағы зауыттарға 500 тонна сүт тапсыруды міндетіне алған.
Зеренді ауданы Қараөзек ауылында орналасқан «Әлихан-Әмір» АӨК 31 шағын шаруашылықты біріктіріп отыр. Облыс орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан кооператив сүтті «Milk Project» және «Natige» зауыттарына қайта өңдеуге тапсырады. Айта кетерлігі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Әлихан-Әмір» кооперативі мүшелерін «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүтті бағыттағы мал сатып алу үшін қаржыландырса, кооперативтің өзі Қордан несие алып, модульді сүт қабылдау бекетін сатып алды. Модуль мемлекет тарапынан инвестициялық субсидияларды есепке ала отырып, жеңілдетілген жүйе бойынша сатып алынған және Қорға несиені қамтамасыз ету үшін кепіл ретінде тапсырылды.
Кооператив мүшесі Қабиден Нематовтың бұрын кішкентай қорасында екі сиыры ғана болатын. Қордың несиелік қаржысына ол 16 ірі қара малдың сатып алып, қажетті мал азығын дайындаған. Қазір жаңадан кең қора салып, сауыншыларға жұмыс беруде.
«Әлихан-Әмір» АӨК мүшесі Нематов Қабиден: «Бұрын екі сиырымыз болатын. Қазір мал басын көбейтіп, сүтті кооперативке тапсыратын болдық. Бұл әдіс жақсы екен. Біріншіден, сүтті өздері алып кетеді, екіншіден, біз 6 пайызбен несие алып отырмыз. Елбасына, Үкіметке осындай бағдарламалар үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Сүттен түскен ақшаға ертеңгі күнімізді уайымдамай, отбасыларымызды асырап отырмыз», – дейді ол.
Бүгінде ауыл тұрғындары мал азығын бірігіп дайындайды. Шөп шабу, оны жеткізу жұмыстары ортақ техникамен іске асырылады. Өнімнің сапасы жоғары. Сүт қабылдайтын азаматтар оның сапасын қатаң қадағалайды.
«Әлихан-Әмір» АӨК төрағасы өз бизнесін 2004 жылы ескі «пирожковоз» көлігімен бастаған екен. Өз қорасындағы сиырларды сауып, сүтін қалаға флягпен тасып жүреді. Туыстары мен көршілері де оған қосылып, сүтті тапсыра бастайды. Көп ұзамай талапқа сай арнайы сүт тасымалдау көлігі мен сүт салқындатқышты алып, өнім көлемін ұлғайтты. Биыл Қордың көмегімен модульдік сүт қабылдау бекетін сатып алып, оны Қараөзек ауылына орнатты.
Бұл тұрғыда «Әлихан-Әмір» АӨК төрағасы Құнанбай Серғазинов: «Біз сүтті кооператив мүшелерінен және 8 ауылдағы 200 отбасынан қабылдаймыз. Орта есеппен, бір айда олардан 15 миллион теңгеге сүт сатып аламыз. Биыл Көкшетаудағы қайта өңдеу зауыттарына 500 тоннадан астам сүт жеткіздік. Қазіргі таңда бізде екі танкер, төрт сүт тасымалдау көлігіміз бар», – дегенді айтады.
Көкшетау қаласындағы «Natige» ЖШС филиалы басқарушысының орынбасары Өстай Әбумханның айтуынша, зауыт аталмыш кооперативпен әу бастан жұмыс істеп келеді. Сүттің көрсеткіштері стандарттарға сай, сапасы жақсы. Ақысы аптасына бір рет төленеді. Зауыт Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басқа да кооперативтерімен ынтымақтасуға дайын. Себебі өндіру қуаттылығы сүттің қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметов: «Ақмола облысында Қордың қатысуымен 38 кооператив құрылып, бір мыңнан астам шағын шаруашылықты біріктірді. Оның ішінде 25-і сүт, 13-і ет бағытында жұмыс істейді. Облыста кооперативтерді және олардың қатысушыларын қаржыландыруға 700 млн теңге бағытталды. Жалпы, облыста Қордың барлық несие бағдарламалары бойынша 2 миллиардтан астам теңге ауылдық жобаларға бағытталды», – дейді.
Бұл жұмыс ауылшаруашылық өнім көлемін ұлғайту, кәсіпорындарды шикізатпен қамту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «ҚазАгро» холдингі құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі мақсаты – ауыл халқының қаржылық қызметтер мен ресурстарға қолжетімділігін арттыру.
Айта кету керек, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қатысуымен республикада 400-ден астам кооператив құрылды. Компания 5,8 мың отбасылық мал бордақылау алаңын, 134 сүт қабылдау бекетін, 54 мал сою бекетін, 133 мың мал мен басқа да жануарларды сатып алуды қаржыландырды.