Мәдени диалог – ұлттық татулықтың үлгісі 

Мәдени диалог – ұлттық татулықтың үлгісі 

Мәдени диалог – ұлттық татулықтың үлгісі 
ашық дереккөзі
1733
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі ұлттық мәдени орталықтарының «Мәдени ашықтық − бейбітшілік пен келісімнің негізі» атты азаматтық форумы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған алқалы жиынға Парламент депутаттары,  АӨСШК-ке мүше елдер: Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Арменияның және басқа да мемлекеттердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.  Олар ұйымның 25 жылдығына арналған «АӨСШК сәті» көрмесі мен ұлттық-мәдени орталықтардың өнер көрмесін тамашалады. Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай ашты. Ол форумның маңыздылығына тоқталып, бейбітшілік пен келісім ел тұрақтылығы мен дамуының негізі екенін атап өтті. «Қоғамдық келісім мен татулықты сақтаудың бір шарты – ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, салт-дәстүрлерімізді сақтау. Мұның маңыздылығын Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқын көрсетті. Біздің басқосуымыз Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде өткізілуі де жиынның маңызын арттыра түседі», – деді ол. Ассамблея аясында өткізілген АӨСШК халықаралық форумы 2008 жылдан бері дәстүрлі диалог алаңына айналғанын атап өткен ол биылғы жиынның тақырыбы да жайдан-жай таңдалмағанын еске салды. «Мәдени ашықтық – адамдар мен ұлттарды жақындастырып, тіл табыстырады. Мәдениет – ұлттың болмысын сипаттайтын, жасампаздық рухқа ие үлкен күш. Ол этностардың бір-біріне деген құрмет сезімін оятуға, біріктіруге, тәрбиелеуге және олардың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтауға бағытталады. Мәдени ашықтық ұлттар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Елбасы «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» деп атап өткені белгілі. Жаһандық сын-қатерлер кезінде Азия халықтарының мәдени және рухани ашықтығы, олардың ішкі жаңғыруға деген ұдайы ұмтылысы мен дамуы –  бейбітшілік пен келісімді сақтаудың кепілі.  Сондықтан кез келген ұлт мәдениет пен дәстүр арқылы мәңгілік бола алады», –  деді Дархан Қамзабекұлы. Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов АӨСШК әлемдік саясатта өзінің лайық орнын алып, ұйымға мүше елдердің арасында қауіпсіздік пен сенімділік орнықтырғанын атап өтті. «Біз ұзақ жолдан өтіп, елдердің тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға деген ортақ мақсатын біріктірген құрылымды құрдық. Бұл – мемлекеттердің өзара сенім іргесін бекем етіп, қауіпсіздікті сақтауға негіз болатын тиімді тетік. Осы тұрғыдан алғанда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, дамып келе жатқан Қазақстан этникалық және діни қарым-қатынаста толеранттылықтың үлгісін көрсетіп отыр», – деді ол. Оның айтуынша, еліміздегі әртүрлі этностар мен  конфессиялардың арасында өзара түсіністік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың үздік моделі қалыптасқан. Ұлтаралық келісім мен мәдени диалогты жүргізудің мұндай өнегесі бейбітшіліктің де негізі болып отыр.  Ал АӨСШК хатшылығының атқарушы директорының арнайы өкілі Виджай Шарма бұл жиынның бейбітшілік пен келісімді одан әрі орнықтыра түсудегі маңызына тоқталды.  Оның айтуынша, елдер арасындағы мызғымас келісімге үндейтін мұндай бастамалар мәдениетті, спортты дамытуға, терроризмге қарсы  бірлесе күресуге ықпал етеді. «Біздің мақсат-мүддеміз де бір, отбасылық құндылықтарымыз да ұқсас. Осынау ортақ мүддемізді біріктіріп, мәдениетімізді жоғары ұстай білсек, қауіпсіздігіміз де нығайып, рухымыз да биік болады», – деді ол. Форумда ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов та сөз сөйлеп, мәдениет болмаса, орнықты даму мүмкін емес екенін, рухани ашықтық тұрғысынан Қазақстан әлемдегі көшбасшылардың бірі болып отырғанын атап өтті.    

Серіктес жаңалықтары