БҰҰ: Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл талқысы

БҰҰ: Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл талқысы

БҰҰ: Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл талқысы
ашық дереккөзі
227
Апта басында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Отырыстың талқысына салынған басты мәселе – Солтүстік Кореяның құрлықаралық ядролық зымыран сынағы. Кеңесте бас хатшының саяси мәселелер бойынша орынбасары Джеффри Фелтман бұл сынақты «қауіпті арандатушылық» деп айыптады. «БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриштің пікірінше, Солтүстік Корея халықаралық міндеттемелерін бұзып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қауымдастыққа нұқсан келтірді», – деді Фелтман. Қауіпсіздік кеңесі бұл мәселеде ортақ шешімге келіп, зымыран сынағына қатысты шара қолдануы мүмкін. Әлбетте, мәселе қарсы зымыран жіберу емес, керісінше дипломатиялық қарым-қатынас негізінде Пхеньянды тәубесіне келтіру. Фелтманның айтуынша, тиімді және батыл дипломатиялық қадамға баратын кез келді. Десе де гуманитарлық мәселелер саяси жағдайдың астарында қалып қоймауы тиіс. Әсілі, Бас хатшының да басты тапсырмасы осы. Фелтманның пайымдауынша, Солтүстік Корея халқы халықаралық қауымдастықтан көмек күтеді. Жуырда жасалған сынақ сәтті өткен. Ядролық дайындау институтында инспекция барысында КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынға таныстырылған  жарылғыш өте қуатты. Жарылғыштың барлық қосымша бөлшектері осы елдің аумағында жасалады. «Корея Еңбек партиясының стратегиялық ядролық қару жасау бастамасымен елдің солтүстігінде суасты құрлықаралық оқтық сыналды», – деп хабарлады Корея орталық телевидениесі. Бұл осымен алтыншы рет жасалған сынақ. Алты жарылыстың да қоршаған ортаға зияны ұшан-теңіз. Десе де Солтүстік Корея баспасөзі таратқан мәлімет бойынша, жарылыстан радиация таралмаған, ракдиоактивті заттардың таралуы тіркелген жоқ. Есесіне,  Қытай сейсмологтары жарылыс салдарынан болған екі жер сілкінісін анықтады. Зілзаланың қуаты – 6,3 және 4,6 магнитуда. Қазақстан солтүстіккореялық сынақтарға қатысты өз пікірін білдірген еді. «2017 жылғы 3 қыркүйекте Корей Халық Демократиялық Республикасының Үкіметі сутек бомбасына сынақ өткізгені туралы хабарлады. Осы орайда, Қазақстан КХДР-дың бұл әрекеттері мүлде қолайсыз екенін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын өрескел бұзатынын атап өтіп, осы сынақты батыл түрде айыптайтындығы туралы мәлімдейді. Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың ХІV бабы бойынша 9-шы Конференцияға Жапониямен бірлесіп тең төрағалық ете отырып, Қазақстан  КХДР-дың бұл іс-әрекеттері дүниежүзілік қауымдастықтың ядролық қаруды жою мен оны таратпау тәртібін күшейтуге ұмтылған күш-жігеріне, сонымен қатар бүкіл әлем мен Корей түбегіне және жалпы сол өңірге ауыр қауіп төндіріп отыр деп есептейді», – делінген министрлік таратқан хабарламада. Сондай-ақ, Қазақстан әлемде ядролық сынақтарға толық тыйым салынуын қолдай отыра, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға және ядролық проблема бойынша көпжақты келіссөздерді жалғастыруға шақырады.    

Серіктес жаңалықтары