1008
Түрікше сөйлеген «Ай мен Айша»
Түрікше сөйлеген «Ай мен Айша»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы түрік тіліне аударылды.
Кітап Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен белгілі қаламгердің 85 жылдық мерейтойына орай жарық көрді. Оның үстіне биыл Анкара қаласындағы Еуразия Жазушылар қауымдастығы жазушы Шерхан Мұртазаға «Түркі әлемі әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» арнайы сыйлығын тағайындады. Сондай-ақ, осы лайықты құрметке сәйкес, автордың «Ай мен Айша» романын түрік тілінде тәржімалауға ортақ шешім қабылданған болатын. Романды Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев аударып, баспаға дайындады. Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты Bengü баспасынан жарық көрген кітаптың алғысөзінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Тәуелсіздік – Отанымыз үшін, мемлекетіміз үшін, жалпы әрбір саналы азамат үшін ұлағатты ұғым, тәу етер жалғыз кие. Еліміз ширек ғасыр бұрын бодандықтың шекпенін лақтырып, азаттыққа қол жеткізгеннен кейін, барлық түркітілдес елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, дамудың даңғыл жолына түсті. Әрине, Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін үлкен күш жұмсалды, орасан зор жұмыстар атқарылды. Межелі мақсатқа жету үшін, әсіресе, қазақ зиялылары табандылықтың үлгісін көрсетіп, айрықша күрескерлік танытты. Тәуелсіздікке дейін де, кейін де еліміздің жарқын болашағы үшін тер төгіп, қоғамның жаңғыруына ықпал еткен азаматтардың бірі Шерхан Мұртаза болатын. Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылық жолын таразылай отырып, халыққа сіңірген ерен еңбегін үш санатта қарастыруға болады. Біріншіден, ол – мемлекет және қоғам қайраткері. Екіншіден, ол – классик жазушы. Үшіншіден, ол – қарымды журналист. Биыл аса ардақты ақсақалымыз, қазыналы қариямыз 85 жасқа толып отыр. Бұл бір жазушының ғана мерейтойы емес, ұлттық руханиятымыздың, қазақ әдебиеті мен журналистикасының да қуанышы деп есептеймін», – дейді.
Ал кітапқа жылы лебізін білдірген Якуп бей Омароғлы: «Кейбір өмір – роман іспетті. Кейбір роман – өмір сияқты. Шынтуайтына келгенде, екеуі де туынды емес пе?! Жаратылған және жазылған туындылар. Әрине, екеуін дұрыс оқу ойдың тереңдігіне және көңілдің кеңдігіне де байланысты болса керек. Қазақстанның аты мәшһүр, классик жазушысы Шерхан Мұртазаның өмірі де шығармалары сынды қызық, туындылары да өмірі сынды тартымды. Жазушының ең үлкен шығармаларының бірі – 1937 жылы Сталин тарапынан революционер деп танылған, кейін пантюркист деп тұтқындалған және көп ұзамай ату жазасына кесілген Тұрар Рысқұлов туралы жазған «Қызыл жебе» роман-эпопеясы. Тұрар Рысқұловпен туысқан болған жазушының өмірінен көптеген ұқсастықтар көреміз. Сол сияқты шығармаларын алғаш рет қазақ тіліне аударған Шыңғыс Айтматовпен де сәйкестіктері айқын байқалады. Шерхан Мұртаза өзге де әңгіме-романдарында өз өмірінің естен кетпес оқиғаларын баяндап отырады. «Ай мен Айша» романы – балалық шақтың естеліктерін, бала кезінде өз көзімен көрген қоғамды және бүгінгі күнгі мәселелерді, қазақ әйелі мен қайраткер ананың мейір-шапағаты мен жанкештілігін, адамгершілік қасиеттері мен сол кездегі залымдардың зұлымдығын шебер көрсете білген қомақты шығарма. Бұл туындыны оқып отырып, әрі күлдіретін, әрі жылататын тұстарға куә болдым», – дейді.
«Ай мен Айша» кітабының таныстырылымын алдағы уақытта Анкара қаласында өткізу жоспарланған. Ал жақында Алматы қаласында өткен тұсаукесер рәсімінде Еуразия Жазушылар қауымдастығы тағайындаған «Түркі әлемі әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» арнайы сыйлығы мен Қазақстанның Түркиядағы елшісі А.Сапарбекұлының құттықтау хаты тапсырылды. Сондай-ақ, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Жүсіп Баласағұн» медалімен марапатталып, Анкара қаласы Кечиөрен муниципалитінің мэрі Мұстафа АК-тың түркі әлемі әдебиетіне ерекше үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірген алғысхаты оқылды.
Түрік жазушысы, «Соңғы қаған», «Тұмар ханым», «Рухым қайта оянды» тарихи романдарының авторы Әмірұллах Өздемир түрік тіліне аударылған «Ай мен Айша» романы туралы былай дейді: «Шебер жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шерхан Мұртазаның қаламынан туған «Ай мен Айша» романының Түркиядағы ең алғашқы оқырманымын. Өйткені түрік тіліне аударылған алғашқы нұсқасын редакциялау бақытына ие болдым. Қазақ елінде «Халық жазушысы» атанған осындай ұлы ұстаздың, заңғар ойшылдың, түрік тілінде енді ғана жарық көріп отырған үлкен шығарманың әрі оқырманы, әрі редакторы болу мен үшін мақтаныш, баға жетпес байлық. Тұтас бір дәуірді, сол дәуірде өмір сүрген қалың халықтың өмірін бейнелеген «Ай мен Айша» романы туралы сөз етпестен бұрын, Тұран аймағында туған осындай шебер жазушыларды таныған сайын шексіз қуанатындығымды және мақтаныш ететіндігімді білдіргім келеді. Тіпті адамның көңілін толқытып, ой салатын жоғары шеберлікпен жазылған шынайы шығарманы оқып, «Әттең, автормен бұдан бұрын неге таныс болмадым?» деп көкірекке өкініш сезімі ұялады. Ортақ рухани мұраға ие болып отырған біздердің, әсіресе әдебиет пен өнер саласындағы кешеуілдеген жағдайымыз мені қаншалықты қапаландырған болса да, болашақта «Ай мен Айша» сынды ірі туындылардың сол кем-кетігімізді жамайтындығына, болашақ ұрпақ алдындағы пендешілігімізді жасыратындығына кәміл сенемін».
«Ай мен Айша» романы – бүгінгі ұрпақ үшін сөзсіз ғибратты туынды, түгел түркіге ортақ шығарма. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде жазушы Мархабат Байғұт көптің ойында жүрген пікірді ортаға салды. Ол «Шерхан Мұртазадай бірегей тұлғаны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ұсынсақ, тіпті «Еңбек Ері» немесе «Халық Қаһарманы» деп танысақ, неге болмасқа?!» деді. Шынында да, қазақ халқының басынан өткізген өмірін, тыныс-тіршілігін қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа баға жетпес құнды дүние ретінде қалдырған жазушы, публицист Шерхан Мұртазаны қалай құрметтесек те, жараспай ма?!