258
Қалдықты қазақ жинайды, өзгелер өңдейді
Қалдықты қазақ жинайды, өзгелер өңдейді
«Атамекен» ҰҚП-де ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі және кәсіпкерлер қатысуымен целлюлоза-қағаз өнеркәсібі және қаптама салаларына арналған жиын өтті.
Ағаш қорының тапшылығына қарамастан Қазақстанда қағаз-целлюлоза өнеркәсібі өмір сүріп келеді. Жергілікті кәсіпорындар қағаз қалдықтарын қайта өңдеумен айналысады. Қағаздың жоғары сұрыпты, борланған түрлері шығарылмаса да тұрмысқа қажетті қағаз сүлгілер, дәретхана қағазы, картон түрлері шығарылады. Осы салада еңбектеніп жатқан бірнеше ірі кәсіпорын бар.
«Қағаз өндіру саласында қандай түйткілдер бар. Бастысы, шикізат, кәсіпорындардың бәсекеге төзімділігі. Шикізат қағаз қалдықтарынан құралады. Бүгінгі жиында салалық қауымдастық жұмысын қайта қарастырамыз. Екінші мәселе Қазақстан аумағынан макулатураны шығаруды 6 айға дейін шектеу. Біздің ұсынысты ҚР Инвестициялар және даму министрілігі, кәсіпкерлер де қолдап отыр. Жоспар бойынша шектеу мамыр айынан басталуы керек еді, алайда күзге қалдырылды», – деді ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Арман Мәмбетаев.
Осыған дейін аталмыш шектеу іске асқан болатын және бұл мүмкіндік осы саладағы кәсіпкерлердің, тынысын кеңейткен ал қазіргі таңда компанияларда макулатура тапшылығы қатты сезіліп тұр. Сондықтан экспортты шектеу қажетті шара.
«Бұл шектеу бастамасы көтерілгеннен бастап шетелдік компаниялар және қоқыс жинайтын кәсіпорындар тарапынан наразылық туындады. Дегенмен, шектеу қағаз қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындар үшін қажет. Біз отандық кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Бүгінгі шара аясында целлюлоза-қағаз одағын құрмақ ойымыз бар. Біздің макулатураны Ресей өңдейді, ал жергілікті кәсіпорындар жұмыссыз тұр. Қазақстанның осы саладағы мүддесі мемлекеттік органдар тарапынан, заң тұрғысынан қорғалу керек», – деді Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров.
«Кәсіпкерлер де бұл бастаманы қолдап отыр. Бүгінде кәсіпорындар айына 500-1000 тоннаға дейін макулатура тапшылығын көруде. Өзіміздің нарықты қамтымай отырғанда сыртқа шығарудың өзі қисынсыз», – деді кәсіпкер.
Қағаз өндірушілер нарықта аз, сондықтан оларды қолдау орынды. Бұл кәсіпорындарсыз салада даму болмайды, ал қағаз өнімдері адам үшін аса маңызды. Сондықтан бұл өнеркәсіп кластері қажет.
«Бұл мәселе көтерілгенде министрлік өз позициясын айтты. Қағаз қалдықтары жылына 20 млн тоннаны құрайды, оның 55 мың тоннасын ғана отандық кәсіпорындар игерді. Егер шектеу орындалса, ішкі нарық осы көлемді орындай ала ма, жоқ полигонда шіріте ме, мәселе осында. Айта кетейін, 2019 жылдан бастап қоқыс қалдықтарын, оның ішінде макулатураны полигондарда сақтауға қатаң тыйым салынады. Біздің айтпағымыз, игеру мәселесі, сондықтан өңдеу көлемін арттыру керек», – деді ҚР Энергетика минстрлігінің өкілі.
Министрлік өкілі айтқан сан бүкіл қоқыстың көлемі, ал оны жинау күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан саясаты қоқысты өңдеу көлемін ұлғайтуға ден қойған. Ол үшін қоқыстарды бөлу, бөліп жинау көзделген.
«Қоқыс жинау, оны сұрыптау үлкен мәселе. Халық қоқысты аралас жинай салады да, бірден жәшікке лақтырады. Ірі қалаларда қоқыс сұрыптайтын зауыттар болса, өңірлерде ол да жоқ. Сондықтан қайта өңдеуге жарайтын шикізаттан қағылып отырмыз. Ал адамдарға қоқысты сұрыптап, бөліп тастауды балабақшадан үйрету керек, қоқыс тастау мәдениетін өзгерту керек», – деді «Жасыл мерке» компаниясының акционері Дабылбек Жанбабаев.
Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершіліктері (РОП) операторы 2017 жылы 1 млрд 250 млн теңгені өтемақы ретінде кәсіпорындарға бөліп отыр. Оператор тарапынан бұл нақты қолдау болып табылады. Қазір полиэтилен пакеттерін экологиялық таза қағаз пакеттеріне алмастыру мәселесі көтерілуде.