6892
Теміржол – ел экономикасының тұғыры
Теміржол – ел экономикасының тұғыры
Өңірлерде вагон тіркемелерінің теміржолдан тайып кеткені туралы жиі естиміз. Осының түпкі себебі неде? Мамандардың айтуынша, рельстердің тазаланбауы, қоршалмауы, өткелдерге белгілердің қойылмауы қайғылы жайтқа жиі душар етеді.
Жыл басында Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы маңайында жүк тиелген пойыз рельстен шығып, жергілікті тұрғындарды әбігерге салған болатын. Аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Шідерті-Бозшакөл» бағытындағы көмір тиелген 64 вагонның 24-і рельстен тайып кеткен. Адам шығыны жоқ, бірақ жергілікті темір жол сүріліп, жолды уақытша жабуға тура келді. Павлодар қаласына келуі тиіс 10 шақты жолаушы пойызы кешігіп барды.
Шын мәнінде, адам шығыны жоқ болғандықтан, жүк пойыздарының қауіпсіздігіне аса мән берілмейтін сияқты. Мысалы, Астана-Павлодар теміржолында жүк пойызының 9 цистернасы рельстен шығып кетіп, төртеуі аударылды. Төтенше оқиға «Астана-Павлодар» теміржолының 146-шы шақырымында орын алған. Оның жанармай құйылған 4 вагоны аударылып, екеуінен жанармай төгілген. Аударылмай қалған 5 цистернада керосин болған. Төтенше оқиға салдарынан алты жүк пойыздың, екі жолаушылар пойызының қозғалысына шектеу қойылған болатын. Әлбетте, шенеуніктер мұндай оқиғаларды жеңіл жағдайға балап, адам шығынының жоқтығын алға тартады. Кейбір кездері жолаушылардың зардап шеккені бұл мәселені басты назарға алуды талап етеді. Мәселен, Ақтөбе облысында аударылған жүк пойызының кесірінен жүздеген жолаушы жолдан қалды. Пойыз рельстен шығып кетіп, вагондар бір-біріне мінгесіп қалған. Апат салдарынан бұзылған рельсті жөндеу жұмыстары кезінде Маңғыстау мен Атырауға бет алған пойыздар Шұбарқұдық кентінде бір тәулікке аялдауға мәжбүр болған. Пойыздың бір тәулікке кешігуі әжептәуір шығынға батыратыны белгілі. Осы апатта жолдан қалған жолаушыларға өтемақы берілді. Алайда өтемақымен жолаушының көңілін тапса да, қауіпсіздікті сатып алу мүмкін емес-ау.
Дәл осындай оқиға былтыр да Ақтөбе облысында орын алған еді. Соның кесірінен Астанадан батыс өңіріне бет алған жүздеген жолаушы жарты жолда қалып қойған. Хромтаудағы Дөн кен байыту комбинатының рудасын тиеген 49 вагон солтүстіктегі Ақсу қаласына қарай жолға шыққан. Әйтеке би бекетіне жақындағанда 22 вагон рельстен шығып, шойын жолдың быт-шытын шығарады. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен Астанадан Атырау мен Ақтөбеге қатынайтын жолаушылар пойызы бірнеше сағат бойына тоқтап тұруға мәжбүр болды. 300-ге тарта жолаушы автобуспен Ақтөбеге жеткізілген еді.
Теміржол қауіпсіздігінде тіркеменің жолдан шығып кетуі ғана қауіп тудырмайды. Шойын жолдың уақтылы тазалануы, жолдағы артық қоқысты тазарту, уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізу де қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі. Мысалы, Павлодар облысында теміржолды су шайып, пойыздар жаппай кешіккені есте. Наурыз айында қызылсу шойынжолдағы қатынасты қиындатқан еді. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тасқыннан рельстер бұзылып, жолаушылар пойызы кестеден жаңылды. Жүздеген жолаушы діттеген жеріне жете алмаса, жолға шығып қойғандары Ресей шекарасы арқылы айналып өтуге мәжбүр болды. Ал Жамбыл облысында дәл осындай жағдай жылда орын алады. Мұнда Асы өзені арнасынан асып, бірнеше ауылды су басып қала жаздады. Өкініштісі сол, шойын жолды су жылда шайып кетеді.
Жүк пойызына қатысты мәселеде алдымен экономикалық шығын түгенделетіні анық. Ал адам шығыны қайғылы оқиға кезінде ғана ескеріледі. Жуырда Алматы маңында ер адамды пойыз басып кетті. ІІД-нің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 18 шілдеде орын алған. Алматы бекетінің желілік ішкі істер басқармасына Семей-Қызылорда пойызының жедел тоқтағаны туралы хабарлама түскен. «Азаматтарымыз теміржол аумағында жол жүру ережелерін сақтамайды. Сондықтан осындай қайғылы оқиғалар болып жатады. Биыл елімізде 57 адамды пойыз қаққан, оның жартысынан астамы қаза тапты. Балалардың жарақат алуы алаңдатып отыр. Жыл басынан бері бес оқиға тіркелді, екі жағдайда бала көз жұмды», – дейді ІІД баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова. Мәселен, теміржолды тыйым салынған жерден кесіп өткені үшін жыл басынан бері 15 мың 838 адамға айыппұл салынған. 751 рет пойыздың шұғыл тоқтауы тіркелген. Оның 358 жағдайында теміржолда адам, 304 жағдайында мал тұрған. Сонымен бірге, теміржолға бөгде зат қойып кету бойынша сегіз оқиға тіркелген.
Сәуірде ҚТЖ «Магистральді желі дирекциясы» мен Бас көлік прокуратурасы, Көлік комитеті мен «Атамекен» кәсіпкерлері теміржол қауіпсіздігі түйткілдерін талқылаған болатын. Өйткені теміржол қауіпсіздігінің сақталмауы зор экономикалық шығынға әкеп соқтырады. Соңғы 3 айда теміржолда 22 адам жазатайым жағдайға тап болған, өндірісте 14 жағдай тіркелген. Кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала, мас күйінде 3 адам, суицид жасаған 5 адам тіркелді. ҚТЖ Еңбек және экология департаментінің директоры Рашид Нұртазаевтың айтуынша, осындай оқиғалар жиі тіркеледі.
Негізі, еліміз теміржолы жақсы дамыған елдердің қатарында. Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның логистикалық құзіреттілік индексінде үздік 40 елдің қатарына қосылуды жоспарлауда. Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан теміржол инфрақұрылымының сапасы бойынша 2016 жылдың қорытындысында 136 елдің ішінде 26-орынға тұрақтады. Ал логистикалық құзіреттілік индексі бойынша Қазақстан 77-орында тұр.
Таяуда Астанада өткен экономикалық форум аясында IV Халықаралық көліктік-логистикалық «New Silk Way» бизнес форумында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин еліміздің теміржол жүйесі жоғары стандартқа ұмтылатынын хабарлады. «Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің көліктік желісіне ықпалдасу жұмыстарын қарқынды жүргізуде және оның дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Соңғы 9 жылда Қазақстандағы инфрақұрылымдарды, көлік пен логистиканы дамытуға салынған жалпы инвестицияның көлемі шамамен 26 миллиард долларды құрады. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасын «Жібек жолы» экономикалық белдеуімен түйіндестіру бастамасы инвестиция тартуға және Қазақстан мен Қытайдың инфрақұрылымдық жобалары бойынша іс-шараларды үйлестіруге мүмкіндік берді. Бүгінгі күннің өзінде біз еліміздің шекарасында 50 миллион тоннадан астам жүкті өткізуге қабілетті темір жол логистикалық инфрақұрылымын құрдық. Соңғы жылдары шамамен 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынды. Біз 2020 жылға қарай үздік 40 елдің қатарына қосылу мақсатын алға қойып отырмыз», –деді Асқар Мамин.
Еліміздің теміржол торабында қауіпсіздік шараларының сақталмауынан түрлі оқиғалар орын алады. Бірінші адами фактор ықпал етсе, бірде қарапайым белгілердің жоқтығы да опық жегізеді. Қалай десек те, темір жол қауіпсіздігі күн тәртібінде қараулы тиіс мәселе.