Құқықтық сана үстемдік құрған қоғам

Құқықтық сана үстемдік құрған қоғам

Құқықтық сана үстемдік құрған қоғам
ашық дереккөзі
Қазақстандағы адам құқығы мен бостандықтарының іргетасы – Конституция. Осы термин екінің бірінің аузында жүрсе де, оның латынша мағынасын түйсініп жататындар некен-саяқ. Анығында, сөздің түбірі «құрылым», «құрылыс» деген мән береді. Яғни, Қазақстанның Конституциясы осы мемлекеттің құрылымына негіз болатын, оның құрылысын айқындайтын басты құжат. Қазақша айтқанда, мәміленің басы, заңның атасы. Расында, Конституциясы жоқ мемлекеттер де бар. Мысалы, Ұлыбритания, Канада, Жаңа Зеландия, Швеция, Израиль. Анығын айтқанда, бұл елдерде конституциялық нормалар қалыптасқан, құқықтық дәстүр мен сот прецеденттерінің жиыны бар. Басқаша, айтқанда, негізгі құқықтық нормалар бір ғана басты заңға топтастырылмаған, керісінше, конституциялық нормалар көп заңның топтамасы арқылы айқындалады. Мұны құқықтық тілде «кодификацияланбаған конституция» деп атайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің тұңғыш Конституциясын 1993 жылы қабылдады. Бұл Ата заң демократиялық қоғамның алғашқы кірпіштерін қалады. Әйтсе де, Ата заңмен жүріп-тұру дәстүрі қазақ тарихында бағзыдан бар. Әріге бармай-ақ, Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті Жарғыны» алыңыз. Сол тұстағы құқықтық нормаларды бір заң аясында біріктіріп, жалпыға ортақ құқықтық дәстүрді қалыптастырған басты заң болатын. Оған дейінгі «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын», Шыңғысханың «Ұлы жасақ» заңдарын еске түсірсек, қазақтың тұрмысы адам құқығы мен бостандықтары, қоғамдық тәртіпті сақтау, көпшіліктің билік құруы секілді ұғымдармен біте қайнасып кеткенін аңғарамыз. Күнделікті өмірде Конституция қарапайым адамдардың тұрмысына тікелей ықпал етпейтіндей көрінуі мүмкін. Әйтсе де, біз өмір сүріп отырған қоғамның ішкі тәртібі, билік пен халықтың ара қатынасын реттейтін ережелер, мемлекеттің заңдық нормаларының бәрі осы Ата заң арқылы реттеледі. Мысалы, 1995 жылы жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның саяси, әлеуметтік, құқықтық тұрғыда жаңа кеңістікке ауысуына себепкер болды. Егер тәуелсіздік жылдарындағы саяси оқиғалардың шежіресін жасайтын болсақ, 1995 жылға дейінгі және 1995 жылдан кейінгі деп екіге бөліп қарауға негіз бар. Себебі дәл сол сындарлы сәттен бастап басты заң ғана емес, бағыт өзгерді. Егер «көш жүре түзеледі» деп, кетіп бара жатқан көшті тоқтатпайтын, алдын кеспейтін қазақы психологияға салсақ, онда бағытымыздың дұрыс-бұрыстығын көшті жалғастыратын келесі буын ұрпақ айтар. Конституцияға, яғни Ата заң деп ардақтайтын басты заңға жасалған әрбір өзгерістер мен толықтырулар қазақы сана-сезімге айтарлықтай толқу әкелетіні шындық. 1995 жылғы Конституцияға 1998, 2007 және 2011 жылы реформалар жүргізілді. Қазақстанның Ата заңына енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтырулар биылғы жылдың наурыз айында енгізілді. Бұл өзгерістер Президент, Парламент пен Үкімет арасындағы құзыреттерді қайта бөлісу мәселелеріне қатысты болатын. Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізілді. Осылайша, қазақ қоғамы кезекті рет конституциялық реформаны жүзеге асырды. Салыстыру үшін айталық, әлемдегі ең көне Конституция саналатын АҚШ-тың Ата заңына 230 жылда бар-жоғы 27 түзету енгізілген. 2017 жылғы конституциялық реформа қоғамдық қызу талқылауға түсті. Саясаткерлер, заңгерлер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер атсалысқан қоғамдық талқы жеміссіз болған жоқ. Себебі қоғамдық пікірді ескеріп, Президент Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдаған болатын. Ал қоғамның осы реформаны жан-жақты қарастырып, айтысып-тартысқанының өзі Ата заңға енгізілетін әрбір өзгерістің Қазақстан азаматтары үшін маңызы зор екенін білдіреді. Себебі мемлекеттің тұтастығы, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы, әрбір азаматтың құқығы мен бостандықтары, демократиялық құндылықтардың енгізілуі осы Ата заң нормаларына тікелей байланысты. Конституцияның жаңа редакциясы туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын: «Саяси жүйе бұрынғыдан да демократияға және тұрақтылыққа бет алды, дегенмен, Қазақстан Респбликасының негізгі іргетасы президенттік басқару жүйесі болып қала береді». Қазақстанның Ата заңында оның «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» екені жазылған. Бұған қоса, «оның басты құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені айқындалған. Ал шын мәнінде құқықтық мемлекет болу үшін әрбір адам өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жатқа білуі тиіс. Заң талаптарын біліп қана қоймай, оны сақтауды әдетке айналдырғанда ғана қоғамда құқықтық сана үстемдік құрады. Заң үстемдік құрған, заңды сыйлайтын және оның талаптарынан аттамайтын қоғам құрылғанда ғана шынайы демократиялық және зайырлы әрі әлеуметтік мемлекеттің іргесі бекиді. Мұны жылына бір рет, Конституция күнінде ғана емес, күнде есімізге түсірсек, қанекей.