264
Өңірлердің дамуы – Қазақ елінің қарқынды дамуы
Өңірлердің дамуы – Қазақ елінің қарқынды дамуы
Өткен аптада Ақмола облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Кеңеске Сенат төрағасы, Премьер-министр және оның орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарлары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Кездесуде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Соңғы 2 жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады», – деп атап өтті.
Аталмыш кеңесте Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыру, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктері, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкімет шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері қарастырылды.
Сонымен қатар, Елбасы шикізаттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асырумен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің назарын аударды. Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Мырзахметов келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрады.
Өңірлерді дамыту бойынша кеңеске Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Бурабай қаласында өткен кеңесте облыстарға тән ортақ түйткілдер күн тәртібіне қойылды. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаралды. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, өңірлерде белсенді түрде өнеркәсіптік өндірістің көлемін сақтау, Индустриаландыру картасына енгізілген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Өңірлердегі құрылыс қарқыны қандай?
Өңірлер бойынша салынып біткен құрылыс жұмыстарының көлемі екінші тоқсанда 1 миллиард теңгеден асқан. Павлодар, Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, облыстарында және Алматы қаласында құрылыс жұмыстары жиі жүргізілген. Бүгінде бағдарлама бойынша тұрғызылған баспана халыққа үлестіріліп, кейбірін осы жылдың соңына дейін беру жоспарланған. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында бірінші жартыжылдықта 223 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды, олардың 206-сы тұрғын үй, 17-сі тұрғын үйге жатпайтын жайлар. Алматы облысы, Талдықорған қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 168 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Ал Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға 11 миллиард 763 миллион теңге бөлініп, ауқымды жұмыс атқарылды. Былтыр облыста барлық қаржы көздері есебінен 275 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. «Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек 7 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақтылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті. Ал кейбір облыстарда құрылыс жұмыстары кідіріп тұр. Олардың ішінде Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Аймақтардағы құрылыс жұмыстарының төмендеуіне құрылыс материалдары мен энергия тасымалдаушы тарифтерінің өсуі кері ықпалын тигізген. Сол сияқты тұрғын үй мен әлеуметтік объектілер құрылысына берілетін мемлекеттік инвестициялар қысқарған. Астана қаласында да жыл басынан бері құрылыс қарқыны саябырсып қалды. Осы орайда Бурабайда өткен кездесуде Елбасы қала әкімі Әсет Исекешевке инфрақұрылым салу, жер мен баспана алу үдерісіне, балабақшадағы орын жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді реттеу мен қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту бойынша тапсырмалар берді. Инвестиция тарту – белсенді жүргізілуі тиіс «Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауға тиіс», – деді Қазақстан Президенті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысына тартылған инвестиция көлемі 21 пайызға төмендеген. Инвестицияны игеру бойынша Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Алматы және Астана қалалары өзгелерден оқ бойы озық. Мәселен, Алматы қаласында Индустриалдық аймақ аумағында 13 жаңа өнеркәсіп өндірісі құрылысын жүргізуде. 2019 жылға дейін балмұздақ өндірісі фабрикасы, ет өңдеу кешені, мұнай өнеркәсібі үшін қағаз ыдыстар, құбырлар шығаратын зауыттар ашылады. Керісінше, инвестиция тартуды қажетсінетін облыстар қатарында Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары бар. Облыстардағы инвестиция көлемінің төмендеуі Индустрияландыру картасының ірі және маңызды жобаларына салынған инвестицияның игерілуімен байланысты. Мысалы, Павлодар облысындағы Бозшакөл кен байыту комбинатына салынған инвестиция қысқарып қалған. Биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінген. Соған қарамастан, өңірлердегі шағын несие беру жұмыстары баяу жүргізілуде. Десе де шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға өскен. Әсіресе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда, Атырау облыстарында және Астана қаласы, Алматы қалаларында шағын және орта кәсіпкерліктер көбейген. Жалпы, өңірлердің дамуына қатысты сын көп. Өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асуы барлық облыста бірдей емес. Атап айтқанда, ауыл, аудан, қала аумақтарында салынуы тиіс құрылыс жұмыстары, инфрақұрылым, абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары баяу жүргізілуде. Әсіресе, аймақ экономикасын ілгері сүйреуі тиіс инвестиция тарту өңірлердің барлығында дерлік кенжелеп тұр. Дегенмен 2020 жылы аяқталуы тиіс бағдарлама Қазақстан экономикасын жаңа сатыға көтергені айқын.