328
Әлемдік өркениетке ашылған терезе
Әлемдік өркениетке ашылған терезе
Cоңғы кезде латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсуде. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтып өткен мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі көпшілікке ой салып, тың серпілістің туындауына мұрындық болды.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері «Латын қарпіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» деген тақырыпта өткен ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында қазақ тілін латын алфавитіне көшіру турасында ой бөлісті. Оған ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары, ҚХА кеңесінің, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Ғылыми-сараптамалық топтардың, кафедралардың және ассамблея құрылымдарының басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым және мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.
Қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі тұрғысында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай қазақ қоғамын қазіргі таңда латын әліпбиіне қарқынды көшу шарасы күтіп тұрғанын, бұл мәселе негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясаттың жемісі екеніне тоқталды. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу осыған дейін Елбасының кезекті Жолдауы мен «Қазақстан – 2050» стратегиялық тұжырымдамасында айқындалғанын, сонымен қатар, Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс» дегенін қатысушылар есіне сала кетті.
«Біз бәріміз де өзіміздің тәуелсіз таңдауымыздың тек біздің жалпыұлттық мүдделерімізбен – бәсекеге қабілеттілік пен прагматизм, сана ашықтығы мен ұлттық кодты сақтау мүдделерімен байланысты екенін анық түсінеміз. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – терең объективті қажеттіліктен туындаған уақыт талабы. Бұл тек қазақ тіліне қатысты. Президент айтқандай, кирилл әріптері өз рөлін атқара береді. Сондықтан кирилл әліпбиін пайдаланып, орыс тілінде сөйлейтіндер алаңдамауларына болады. Қазақ тілі − мемлекеттік тіл, яғни оның болашағы үшін елдің барлық азаматтары мүдделі болуы тиіс», − деді Дархан Мыңбай. Оның айтуынша, Елбасының идеясымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы бұл шаруаға тікелей атсалысуға кірісіп кеткен. Алқалы отырыстың бас баяндамашысы Дархан Мыңбай мырза атап өткендей, бүкіләлемдік банктің дерегі бойынша дүниежүзіндегі ең ірі 30 экономиканың ішінде 22 елде, ал он жетекші экономиканың жетеуінде латын әліпбиі қолданылады. Сондай-ақ, ІЖӨ-і жан басына шаққанда ең жоғары деңгейдегі 20 аса қуатты елдердің 18-і латын әліпбиін пайдаланады екен.
Ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің пайымына жүгінсек, қазақ қоғамы үшін қазіргі әліпби ауыстырудың мәні басқаша, бұл тәуелсіздіктен кейінгі жүргізіліп келген Елбасы саясатының жарқын жемісі. «Әліпби ауыстыру дегеніміз – әріптің таңбасын өзгерту емес, оның саяси мәні терең. Бұл – тілдік реформа. Реформа кезінде әрқашан талас-тартыс өрбитіні орынды. Сондықтан да оның аса нәзік тұстары көп», – деді Ерден Задаұлы.
Алқалы жиын барысында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те қазақ тілінің латын қарпіне көшуі уақыт талабы екенін жеткізді. «Еліміздің ертеңін, кейінгі ұрпақтың болашағын ойлайтын болсақ, латын қарпіне көшуіміз керек. Бұл – дер кезінде қозғалып отырған мәселе. Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясын жариялағанда «Қазақстан халқы 2025 жылға қарай 100 пайыз мемлекеттік тілге көшеді. Екіншіден, латын әліпбиін енгіземіз. Үшіншіден, Қазақстан «Қазақ елі» деп аталады» деген болатын. Бүгінде Президент соған сенімді түрде аяқ басып келе жатыр», – десе,
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко да бұл бастаманы қазақ елінің оң шешімі және ол қазақ қоғамының дамуы үшін қажет екенін айтып өтті. «Бұл – стратегиялық тұрғыда дайындалып келген қадам. Елбасы тіпті, латын қарпіне көшу үшін елімізде тұрып жатқан түрлі этностарға қиындық тудырмайтындай етіп, ыңғайлы жағдай туғызып отыр. Латын әліпбиі мәселесінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан қолдау тауып, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып отырғаны қуантады. Бұл әліпби тек қазаққа ғана емес, күллі қазақстандықтарға ортақ рухани бірлікке шақыратын тетікке айналуы керек. Өйткені әлемдік ақпарат айдынының тізгіні латын әліпбиінің ықпалында. Бұл арада бұрыннан келе жатқан кириллицадан бас тарту жайлы сөз жоқ. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы баспасөз өкілдерімен болған кездесу кезінде айтты», – деді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі Сергей Вишняк мұндай ауқымды реформа кезінде ең әуелі, науқаншылдыққа ұрынуға болмайтынын ескертіп, қателіктер кетіп қалмас үшін тіл мамандарының тұжырымына тоқтауды жөн санайтынын жеткізсе, қоғам қайраткері Әділ Ахметов: «Бүгінгі таңда қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отырған латын әліпбиі жайында ең алдымен түсініспеушілік болмауы керек. Сол себепті де осындай игі шаралардың жиі-жиі атқарылғаны дұрыс. Баса айтқым келетіні, біз латын әрпіне ауысып жатқамыз жоқ, бұл бұрын болған жазу, соған қайта оралып жатырмыз. Өйткені жазулар тарихына қатысты дереккөзге үңілсек, латын әліпбиінің 2500 жылдық тарихы бар. Яғни, осынша уақыт әбден сүзгіден өтіп, пісіп-жетіліп, сұрыпталған әріп бұл. Ағылшын тілінің маманы ретінде байқағаным, латын әліпбиіне көшу, ұлттық әліпбиге латын графикасын қолдану әлемдік үрдіске айналған. Адамдар экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресте барынша көп жетістіктерге қол жеткізген елдердің тілін біліп, үйренуге ұмтылады. Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің басым көпшілігі латын әліпбиін пайдаланатын болғандықтан, бұл үрдістен шет қалуға болмайды», – деді.
Жыл өткен сайын ақпараттық кеңістік кеңейіп, жаңа технологиялық құралдар ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Ал Қазақстанды көштен қалдырмайтын – латын әліпбиі. Себебі латын – қазақ тілін жетілдіріп, қолданыстағы мүмкіндігін арттырады. Бүгінгі таңда дамудың басты белгісі – компьютерлік жүйе. Оның тетігі – латын әліпбиі негізінде қаланған. Сондықтан да қазақ тілін латын қарпіне көшіру – уақыт талабы. Тіпті, бүгінде иероглифпен жазатын жапон және қытай тілдерінің ғалымдары латын графикасына негізделген әліпбилік транскрипцияларын жасап жатқан көрінеді. Демек, кез келген ақпаратты латындандыру – бүгінде объективті әлемдік тренд.
Ғылыми-сараптамалық кеңесті қорытындылаған Дархан Мыңбай мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын талқылау мен оған көшу шарасына бар күш-жігерін жұмсау жөнінде тастүйін шешімге бекігенін білдіріп, Үндеу қабылдады. Үндеуде латын графикасын енгізу Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіруі үшін, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үдерісінде айтарлықтай нәтиже бере алатыны дәйекті мысалмен көрсетілген.
Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау. Елбасының пәрменімен бүкіл ел болып жұмыла кіріскен талқылаудан ешкім қалыс қалған жоқ. Әсіресе, тағдыр-талайын Қазақстан елімен байланыстырушы ұлт пен ұлыс өкілдері де өз тарапынан ой тастап, ұсыныс білдіруде. Себебі латын әліпбиі басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысын арттырып, халықаралық бизнес пен туризмді дамыту тұрғысынан тілдің мүмкіндігін кеңейтпек. Ең бастысы, цифрлы технологияларды игеру жеңілдейді.
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Латынға көшу – қазақ тілін үйренуге мүмкіндік
− Біріншіден, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі − Қазақстандағы рухани жаңғырту бағдарламасының өзегі. Ол елдегі үштілділікті қалыптастыруды, жас ұрпақтың үш тілді бірдей үйренуін жеңілдетеді. Мысалы, EXPО Қазақстанмен танысу шетелдік қонақтардың қазақ тіліне, мәдениетіне, дәстүрлеріне деген заңды қызығушылығын тудырғанын көрсетті. Латын графикасындағы мемлекеттік тіл шет елдердегі латын әліпбиін қолданатын миллиондаған азаматтардың тілге деген қызығушылығын қанағаттандырады. Яғни, қазақ тілі үйрену үшін қолжетімдірек, ал ел халықаралық бизнес пен туризмді дамыту тұрғысынан тартымдырақ бола түседі. Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, тарихи Отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Біз Қазақстанға инвестициялар мен технологияларды трансферттеу үшін қосымша көздерге ие боламыз. Екіншіден, латын әліпбиіндегі мемлекеттік тіл қазақстандық лингвистикалық кеңістіктің халықаралық коммуникациялар мен әлемдік экономикаға қосылудың жаңа арнасына айналады. Латын әліпбиінің арқасында біз халықаралық ғылыми-техникалық лексиканы біздің ұлттық сөздігімізге барынша оңтайлы түрде бейімдей аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, латын графикасы цифрлық технологияларды енгізуді және біздің басты міндетіміз – әлемдік көшбасшылардың отыздығына кіруді жеңілдетеді. Латын графикасын қабылдау – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған таза прагматизм. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу, ұлттық әліпбиге қосымша латын графикасын қолдану әлемдік үрдіске айналған. Адамдар экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресте барынша көп жетістіктерге қол жеткізген елдердің тілдерін біліп, үйренуге ұмтылады. Жапония мен Қытайда иероглиф жазуымен қатар жапон және қытай тілдерінің латын графикасына негізделген әліпбилік транскрипциялар бар. Әліпбилерді, кез келген ақпаратты латындандыру – бүгінде объективті әлемдік тренд. Төртіншіден, бұл қадамнан кейін әртүрлі салаларда, соның ішінде білім беруде инновациялар, жаңа технологиялар пайда болуына мультипликативтік әсер ететін болады. Латын графикасы медицинада қолданылады, жол белгілері, автомобильдің мемлекеттік нөмірлері латынша бейнеленген, ол паспорттарда, ұялы телефондарда, көрнекі ақпаратта пайдаланылады. Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу – процесті ретке келтіреді, жүйелі етеді, жаһандық коммуникация құралдары неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді болады.Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ұлы көшке бастар қадам
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бастаманы қолға алуды ұсынып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді. Дегенмен дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін мазмұнды да мәнді іс-шаралар мен ұлт үшін құнды батыл қадамдар жасауды тапсырды. Бұл барлығымызға жүктелген жауапкершілік. Озық отыз елдің қатарына ілігеміз деген ұлы мұратына халық тек экономикалық игілікпен ғана қол жеткізбейді. Озық мәдениеті мен толағай толымды тарихымен халқының жанымен, рухымен мәңгі бірге жасайтын тілімен, яғни рухани құндылықтарымен де қол жеткізуі керек. Бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Ол – ұлт мұраты мен міндетіне қызмет ететіндей болу. Әліпби – тек графикалық сызба емес. Ол күллі бір жұртшылықтың даму траекториясына әсер ететін құрал. Сыртқы формасымен өлшесек, латын қарпі – ғаламдық қауымдастыққа интеграцияланудың алтын көпірі. Жаңа жоба туралы естідім. 25 әріпке енгізілген жоба қазақ тілінің әуезділігін, үнділігін, ерекшеліктерін сақтай ала ма? Латынға көшудегі ең негізгі мақсат – әлем көшіне ілесу. Қазақтың тілі өз тілінде қалады. Әліпбиді ғана латынша таңбалаймыз. Несін жасырамыз, 42 әріп қолымызға байлау болды. Егер латынға көшсек, қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді, керісінше қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады. Не үшін Ахмет Байтұрсынов: «Бай тіл де, байтақ жер де – қазақтікі» деп айтты? «Латынға өткенде не пайда береді?» дегендерге айтарым, тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болғаны дұрыс. «Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің арманы бітпес» демекші, латын әліпбиіне көшу – Алаштың арманы. Латын – келешек ұрпақ үшін керек. Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туады. Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысы мен ұлттық құндылықтар өзгермеуі тиіс. Сол ұлттық құндылықты түзетін таңдайдағы тіл мен көмейдегі сөз ғана.Әділ АХМЕТОВ, академик, Халықаралық түркі академиясының профессоры:
Латын графикасының
орфоэпиялық ресурстарын зерттеу керек
− Парламентте өткізілген тыңдауда латын әліпбиінің пилоттық нұсқасы талқылауға ұсынылды. Көпшілігі ағылшын тіліндегі «апострофты» диалектикалық белгі деп атайды. Бұл – мүлдем қате. «Ү» әрпі қос әріппен жазылуы керектігіне байланысты көбі әртүрлі пікір айтуда. Негізі латын әліпбиін бұрын да пайдаланғанбыз, қазір тек соған оралып келе жатырмыз. Тұңғыш қазақ дипломаты Нәзір Төреқұлов латын әліппесінің нұсқасын ұсынған болатын. Сонда апострофты дауысты дыбыстарды жіңішкертудің бірегей таңбасы ретінде ұсынған. Екі әріпті жаздың не, апострофты қойдың не? Апостроф диалектикалық белгі емес, ол – таңба. Мен мұны лингвист ретінде айтып отырмын. Тағы да айта кететін нәрсе, қазақ тіліндегі «у» әрпі буын құрайтын болса дауысты, буын құрай алмаса дауыссыз болады. Ағылшын тілінде де у-дың орнына ұсынылып отырған «w» әрпі кейде дауысты, кейде дауыссыз. Ағылшын тілінің, латын графикасының орфоэпиялық ресурстарын жете зерттеу керек. Содан кейін барып латын әліпбиінің стандартын ұсынуға болады.Сергей ВИШНЯК, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Уақытты дұрыс таңдау маңызды
– Тіл – халыққа адами социум құру үшін берілген механизм. Механизм ретінде ол қоғам дами түскен сайын және дамуы үшін жетілдіріліп отыруы тиіс. Бұл тұрғыда алфавиттің рөлі зор. Дұрыс құрал таңдауымызға қарай, механизм де үйлесімді жұмыс істемек. Қазақстан азаматы, ҚХА мүшесі ретінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты айтарым, латын әрпіне көшуі үшін ертеректе қолайлы кездер де болды, бірақ ол уақытта сананың жаңғыруына алып келмес еді. Сондықтан уақытты да дұрыс таңдау маңызды. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, Елбасы сол таңдауын жасады. Қарсылық пен қолдау қашан да болады. Қарсылық – көбіне қауіптенуден туындайтын эмоция. Қолдау нақты тұжырымнан туындамағанымен, үміттенуді білдіреді. Елбасы сол үмітті сезе алды. Қазақбай ҚАСЫМОВ, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы:Латын қарпіне көшу мемлекетіміздің беделін арттырады
– Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқан Қазақ елінде, қазақтың қасиетті жерінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың, этностардың басын бірлікке топтастырып, бүгінгі өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын одан әрі жарастыра нығайтудағы ҚХА-ның жұмысын мен әрдайым мақтанышпен айта аламын. Ал латын әліпбиіне көшу мәселесіне келсек, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын қарпіне көшу мәселесіне қозғау салды. Тәуелсіздікті нығайтатын біздің ең басты рухани тірегіміз осы – ұлттық жаңғыру. Кеше ғана біздің Парламентіміз қазақ алфавитін латын қарпіне көшіру туралы үлкен тарихи шешім қабылдады. Біз оған қалай үлес қосудамыз? ТМД елдерінің көбі латынға көшіп алды. Бізге де кеш емес. Бұл мемлекетіміздің беделін арттырып, жұлдызын жарқырата түседі. Негізі алфавитті енгізу немесе оған қайта оралу – әрбір тәуелсіз мемлекеттің өз құзырында. Мемлекеттік тілінің болуы және оның дамуы мемлекет тұтастығының және егемендігінің сақталуы деп білемін. Қазақ әліппесінің латын тіліне қайта оралуы – түркі тілдері арасынан лайықты орнын алуына алып келеді және барлық түркі елдерінде қолданылады деген ойдамын. Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, Мәжіліс депутаты:Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың факторы
– Тіл – әрбір ұлттың, мемлекеттің басты біріктіруші құралы. Сондықтан да Қазақстан Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөлді. Мәселен, 2006 жылы ассамблеяның XII сессиясында Мемлекет басшысы қазақ әліппесін латынға көшіру туралы мәселе қозғаған болатын. 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясында Президент 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге тапсырма берсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тіл реформасын жүзеге асыруға негіз болды. Әліпби реформасына тарихи дәлелдер негізге алынған және ол Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, әлемнің ғылыми-білімдік, технологиялық және коммуникациялық кеңістігіне жедел кіруді көздейді. Сондай-ақ, тілдің жаңғыруына алып келмек. Қазақ тілінің байлығын көрсетпек, оның тек коммуникация құралы ғана емес, рухани жаңғырудың күшті факторы екенін дәлелдемек. Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы, көптеген қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар латын әліпбиін енгізуге қолдау білдірді. 1338 этномәдени бірлестік пен 150 мың адамды біріктіріп отырған Қазақстан халқы ассамблеясы да қолдауы тиіс.Тамырдан жаңғырсақ, адаспаймыз
Таяуда ғана қоғамдық талқылауға ұсынылған латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі жайында түрлі пікірталас өрбуде. Алайда бұл соңғы нұсқа емес екендігін ескеру керек. Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Сонау Тәуелсіздік таңынан бастап бұл мәселеге ерекше дайындалдық. Енді міне, сындарлы шақ туғанда халқымыз үшін, оның ең асыл қазынасы тіліміз үшін аса өзекті жұмысты жұмыла атқарудың бастауында тұрмыз. Жаңа әліпби көпшілік, зиялы қауым, сарапшылар айтып жатқандай жаңғырудың ең маңызды алғышарттарының бірі. Дәуір сұраныстарынан, замана қажеттілігінен және келешегіміздің қамына орай әлем халқының жартысынан астамы қолданатын, қазіргі кезеңде шын мәніндегі халықаралық әліпбиге айналған латынға көшу – Елбасы айтқандай, терең логикасы бар маңызды қадам. Бұл тарапта Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар шара атқарды. Бұл мәселе Тілдерді қолдану және дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында қазақ жазуын одан ары жетілдіру деп көрсетілгендігін де жақсы білесіздер», – деді министр. Осы ретте ол 11 қыркүйекте Парламентте мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған бірінші парламенттік тыңдау өткенін, аталған шараға қатысушылар оны бірауыздан қолдағанын атап өтті. «Қазіргі уақытта латын әліпбиіндегі қазақ тілінің нұсқасы ұсынылды. Бұл – талқылауға арналған, түбегейлі нұсқа емес. Оны қазір бекітіп жатқанымыз жоқ. Әрине, 18 млн адамның 18 млн пікірі бар. Сондықтан жан-жақты, тыңғылықты талқылайық», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Дөңгелек үстел отырысында философия ғылымдарының профессоры, академик Ғарифолла Есім: «Ұлт, тарих, мәдениет осының бәрін алып, өзімізді бүкіл әлемге жария ету үшін керекті құрал, ол – латын әліпбиіне көшу», – дей келе, тамырдан жаңғырсақ қана адаспаймыз. Тамырымыздан жаңғырған кезде – ұлт, тарих, мәдениет осының бәрін алып, өзімізді бүкіл әлемге жария ету үшін керекті құрал, ол – латын әліпбиіне көшу», – деп тәптіштей кетті. Сондай-ақ, ғалым: «Біз әріпті көбейтпеуіміз керек. Түрік ағайындар, өзбек, әзірбайжан, т.б. латынға көшерде қосымша символдар қосып, көбейтті. Егер біз өркениетке қадам басқымыз келсе, ағылшын әрпі бойынша өткеніміз дұрыс болады. Ұрпақтарымызға жеңіл болсын», – деді. Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов та зиялы қауым өкілдерінің ойына қосыла отырып, өзіндік идеясын ортаға салды. «Қазіргі қалыптасқан күрделі геосаяси жағдай жедел түрде бірнеше мегажобаларды жүзеге асыруымызды талап етеді. Соның бірі Елбасымыз ел назарына ұсынып отырған теңдессіз жоба – латын әліпбиіне көшу. Егер біз өзіміз үшін, өзіміздің балаларымыз үшін латынша графиканы ашатын болсақ, онда бізге рухани жағынан да, мәдени жағынан да ғылымның кең көкжиегі ашылады. Ал ағылшын тілі табиғи тіл сияқты болып қабылданады. Әмбебап болу үшін ағылшын тілін білу қажет. Себебі әлемдегі ғылыми-танымдық әдебиеттің барлығының 80 пайызы дәл осы тілде өндіріледі. Латын қарпіне көшу арқылы біз де өзіміздің әдебиетімізді экспортқа шығара аламыз» деп ойын қорытындылады. Ұлттық әліпбиге көшу – қазақ тарихының алдында тұрған сындарлы белес. Осы белесте демократиялық тұрғыда бұл саланың мамандары – отандық тіл ғалымдарының, ұлт зиялыларының кеңесіне құлақ түріп, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген нақылды ұстанып, ортақ бір шешімге келетіні сөз.Ассамблея мүшелері латын әліпбиін қолдайды
Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысында мемлекеттік тілдің латын графикасына өту жайы талқыланды. «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында өткен кеңестің отырысына кеңес мүшелері мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ пен облыстық мәслихаттағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшілері мен белді өкілдері қатысты. Отырысты Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов жүргізді. Шара барысында ОҚО ҚХА төрағасының орынбасарлары облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочоришвили, Қазақстандағы өзбектер қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының жетекшісі Икрамжан Хашимжанов, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Байдулла Қонысбек, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңісбек Мәуленқұлов, ОҚО ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, профессор Асма Қалыбекова сөз сөйлеп, елімізде уақтылы қолға алынған бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұсынған қазақ тілінің латын графикасына негізделген əліпби жобасын осындай отырыстар мен жиындарда жан-жақты саралап, талдап, талқылауға шақырды. «Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан сияқты түркі тілдес елдер латын әліпбиіне әлдеқашан өтті. Елбасының қағидатты мәселе деп айтатынындай бар. Кеңес империясының ұлттарға жасаған шовинистік пиғылдары көптеген буынға отаршылықтың уын ішкізіп, рухсыздандыру мақсатына жұмыс жасады. Азат елдің баласына ондай құлдық қамыт керек емес. Екіншіден, әлемнің 80 пайызға жуығы ағылшын тілінде сөйлейді. Латын әліпбиі халықаралық тілді меңгеруге де жәрдем береді. Сондықтан да біз Елбасының тапсырмасының орындалуына бірігіп күш жұмсаймыз», – деді Қазақстандағы өзбектер қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының жетекшісі Икрамжан Хашимжанов.