655
Тауық жылы қамбаға бидай толар
Тауық жылы қамбаға бидай толар
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, 19 миллион тонна астық жиналуы тиіс. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым аз (23 миллион тонна), есесіне 2015 жылы дәл осындай өнім алынған болатын. Десек те, бұл аздық етпейді. Өйткені ішкі нарықтағы азық-түлік қажеттілігі, тұқым себу, жем, техникалық өңдеуге 10 миллион тонна астық жұмсалады. Олай болса, қалған өнімді экспортқа шығаруға еш кедергі жоқ.
Қазіргі таңда өңірлер тегіс егін орағына кірісті. Қазір 4 миллион 265 мың гектар астық жиналды. Әзірге орта есеппен әр гектардан 13,4 центнер астық алынуда. Ал 2016 жылы 23,7 миллион тонна астық жиналып, әр гектардан 15,4 центнер астық алынған.
Мысалы, еліміздегі астықты өлкелердің бірі Қарағанды облысы мол өнімнен күдерін үзген. Қарағанды облысы ауылшарушылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожиннің айтуынша, былтырғы жылы бір гектардан 14 центнер астық жиналған. Ал биылғы жылы астық өнімділігі гектарынан 7-8 центнерді ғана құрап отыр. Ылғалдың жетіспеушілігі өнімнің төмендеуіне ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Жауын-шашынның аздығы астық өнімдерінің өсіміне кері әсерін тигізді.
Десе де басқа өңірлер бойынша оң көрсеткіш байқалуда. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында гектарына 22,8 центнерден өнім алынуда. Облыста күздік бидай орағы аяқталып қалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 72,43 мың гектар жерге күздік бидай егілсе, соның 70 мың гектары жиналып, 159,70 мың тонна өнім алынған.
Өткен жылы 45 мың гектар алқаптан 124,33 мың тонна (әр гектарға 27,6 центнерден) өнім жиналған. Яғни биыл күздік бидайдың көлемі өскендіктен, өнім көлемі де көбейіп отыр. Облыста жаздық дақылдар жиын-теріні басталып кетті. Биыл 174,66 мың гектар алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілсе, соның әзірге 22 мың гектары (12,5 пайызынан) жиналған. Әр гектардан 11,9 центнерден өнім алынуда.
Батыс Қазақстан облысындағы ең астықты аудан Зеленов екендігі белгілі. Биыл бұл ауданда күздік бидайдың әр гектарына 24,6 центнерден өнім алынған. Оған қоса 91,79 мың гектарға егілген жаздық дәнді дақылдардан әзірге гектарына 14 центнерден айналуда. «Биылғы егін шығымы өткен жылғы деңгейде. Жаздық дақылдарды да бір ай уақыттың ішінде жинап алсақ дейміз. Сонымен қатар күздік бидай егу жұмыстары қоса жүргізілетін болады. Биыл 80 мың гектар алқапқа күздік бидай егу жоспарлануда», – дейді басқарма басшысы Берік Есенғалиев.
Шаруалардың егіні жайқалып тұр
Республикамыздағы негізгі егін өлкелері жаппай егін оруға кірісті. 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы – 1 млн 122 мың гектар. Былтырғы жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артық. Ауылшаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, шаруашылық дақылдарының ең көп егістік алқабын шаруа немесе фермер қожалықтары құрайды, облыста егілген егіннің 54,3 пайыз шаруалардың үлесінде. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының және жұртшылық шаруашылықтарының егістік үлестерінде 45,1 пайыз және 0,6 пайыз. Дәнді және бұршақты дақылдардың, майлы және бақша дақылдарының көбейуі есебінен егістік алқабының өсуі байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқабы 6,3 пайызға артық. Бұршақты дақылдардың егістік құрылымының негізгі үлесін бидай құрайды. Бидайдың үлесі – 79 пайыз, арпаның үлесі 17,8 пайыз, сұлы – 1,9 пайыз, басқа дәнді дақылдар – 1,1 пайызды құрайды. Жыл басында Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдегендей, биыл майлы дақылдар алқабы кеңейтілді. Өткен 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егістік алқабы 12,2 пайызға өскен. Майлы дақылдардың егістік алқабының 58,3 пайызын – шашақты зығыр, 21,4 пайызын – күнбағыс, 10 пайызын – қыша мен 7,6 пайызын – мақсары құрайды. Алғашқы жиын-терін бойынша, бақша дақылдарының алқабы да аз емес. 11 облыс бойынша өсім байқалады. Республика бойынша бақша дақылдарының алқабы – 24 мың гектар аумақта. Оның басым бөлігіне қарбыз бен қауын егілген. Алғашқы бақша өнімдері Ресей мен Беларусьқа экспортталғаны белгілі.Ақ маржан – күріш орағы басталғанда
Күріш орағы әуелі Сыр өңірінде басталатыны белгілі. Биыл да өңір маусымдық дәстүрден жаңылған жоқ. Ақ маржанға алғашқы орақ түсті. Өнім көлемі жаман емес. Ағымдағы жылы 181 мыңнан астам гектарға дән сепкен қызылордалық диқандар арпа, бидай, жоңышқа, мақсары, жүгері мен сұлыны жинап алды. Сонымен қатар 600 мың тоннадай мал азығы дайындалды. Ендігі кезек – күріште. Қазіргі таңда облыс көлемінде күріш дақылының суы толық байланып, атыздардың суы қашыртқыға шығарылды. Сыр еңбеккерлері орташа есеппен әр гектардан 55-60 центнерден өнім жинауды көздеп отыр. Қызылорда облысы бойынша күріш 90 мың гектарға егілген. Қызылорда облысында егілген күріштің үштен бірі Шиелі ауданының еншісінде. Биыл Шиелі ауданы жалпы 30 мың гектар егін ексе, оның ішінде күріш дақылы 13 мың 352 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың гектарға артық. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары мен екпелі шөп көлемі де молайды.Астық сапасы неге төмен?
Елімізде астық сапасының төмендеп кеткені жайлы көктемгі дала жұмыстары кезінде де айтылған. Алайда нақты себебі көрсетілмеген болатын. Таяуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын астық сапасы неліктен төмендап жатқандығын түсіндірді. «Егер де 2011 жылы астық сапасы 88 пайызды құраса, 2016 жылға қарай астық сапасы екі есеге төмендеді. Өткен жылы сапалы астықтың үлесі тек 44 пайызды құрады. Осы ретте салада орын алған жүйелік түйткілдерді анықтадық, сондай-ақ өнімнің деңгейін арттыру бойынша қажетті шараларды қабылдадық», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баспасөз мәслихатында. Оның сөзіне қарағанда, астық сапасының төмендеуіне қолайсыз ауа-райы мен дәнді дақылдардың ауруы ықпал еткен. Сонымен қатар 2014 жылы элиталы тұқымдарды субсидиялауды тоқтату мен субсидиялау кезінде ең төменгі нормаларды белгілеу себеп болған көрінеді. Ең төменгі нормалардың салдарынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер сапалы тұқымды сатып алуға қызығушылық танытпады, өйткені төменгі нормамен төленетін субсидиялар олардың шығындарын жаппайды. Нәтижесінде, егілген элиталы тұқымның үлесі 2014 жылдағы 6,3 пайыздан, 2016 жылы 3,5 пайызға дейін қысқарды. Жағдайды түзету үшін осы жылдан бастап бірегей және элиталық тұқымды өндіру жұмысы жаңартылды. Биылғы жылы тұқым шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейгенін айта кеткен жөн. Ең төменгі мөлшердің күші жойылғаны фермерлердің субсидия алуға деген қызығушылығын арттыра түсті.Ақ Күріш – Иранға, әппақ ұн – Қытайға...
Биыл өнім көлемі аз болса да, экспорт көлемі кемімек емес. Қазірдің өзінде отандық ауылшаруашылық өнімдеріне қызығушылық танытқан елдер қатары қалың. Мәселен, Иран елімізден күріш алуды көбейтпекші. Ал Ислам Ынтымақтастығы ұйымы елдері астық экспортын арттырмақ. Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкеновтің айтуынша, осыған дейін ИЫҰ елдеріне 1,5 миллион тоннаға жуық қазақстандық бидай экспортталған. Биыл бұл көлем тағы 1 миллион тоннаға еселенбек. Ең бастысы, соңғы жылдары қазақстандық астықты экспорттауда болашағы зор нарықтардың қатарында Иран мен Қытай ерекше орынға ие. Мәселен, Қытай бағытында астық пен ұн экспортының көлемі тұрақты артып келеді. 2014/2015 маркетинг жылында Қытайға 110,4 мың тонна астық пен ұн экспортталса, 2015/2016 маркетинг жылында 298 мың, 2016/2017 маркетинг жылында 289 мың тонна жеткізілген. «2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасында жүргізілген бірнеше халықаралық келіссөз Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау барысындағы фитосанитария мен карантинге қатысты мәселелерді одан ары реттеуді, сонымен қатар елдер арасындағы сауда ынтымақтастығын одан ары жолға қоюды көздейді. Қытай астықтан бөлек майлы дақылдардың тұқымын импорттайды және Қазақстанның өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға дайын екендігін білдіруде», – делінген Ауылшаруашылығы министрлігінің мәлімдемесінде. Ең бастысы, астық ішкі қажеттіліктерге толық жеткілікті. Әзірге әр облыста әр түрлі өнім алынуда. Жиын-терін аяқталғанда, нақты өнім көлемін көруге болады. Ал тауық жылы қамбаға мол астық толарына жұртшылық толық сенімді.