Қазақстанның келешегі – қазақ мектебінде

Қазақстанның келешегі – қазақ мектебінде

Қазақстанның келешегі – қазақ мектебінде
ашық дереккөзі
Әдеттегідей жаңа оқу жылы таяған шақта баланы мектепке орналастыру, оқулықпен қамту, құрал-жабдық сатып алу мәселесі  көсе-көлденең шығады. Әсіресе, баласы білім ұясын енді аттайтын кейбір ата-ана алдында үлкен таңдау тұрғандай әбігерге түседі.      Мұны таңдау деу де әбестік болар, баласының болашағын ойлаған саналы ата-ана ойланбастан қазақ мектебіне жетектеп апарары анық. Ал қоғамда әдейі сына қағу үшін айтылып келетін «қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген пікірге әлі күнге имандай сенетіндердің бар екенін жасырып қайтеміз. Жақында мектеп алдында алты жасар баласына ұрсып тұрған ананың әңгімесіне амалсыз құлақ түрдім. Мәселе – баласын қай сыныпқа беру туралы екен. Құжатты не қазақ сыныбына, не орыс сыныбына өткізуді шеше алмай тұрған ананың өзі орыстілді. Бірақ баланың тілі – қазақша.  Анасының сұрағына қазақ тілінде жауап беріп тұр. «Балам, ты пойдешь учиться в русский класс? Ты был в садике в русской группе», – деген анасына: «Мама, садикте орысша топта болғанмен, сөйлеуді ғана білемін. Ал жазуды үйренбедім ғой» деп, қарсылық танытып баққан баланың ықтияры жоқ екені сырт көзге де көрініп тұр. Алайда өз дегенінен танбаған ана еш уайымдаудың қажеті жоқ екенін, мектепте бәрін басынан оқытатынын айтып, мейлінше көндіруге тырысуда. Ол ол ма, әлгі ананың шешімін қолпаштаған орыс сыныбының екі мұғалімі де құрақ ұшып жүр. Әрине, оларға да орыс сыныбында бала санының көп болғаны керек шығар. Себебі соңғы жылдары аралас білім ұялары біртіндеп қазақ мектебіне айналып жатқаны бар. Арагідік баланың да басын сипап, анасына да кеңес айтып, жандәрмен болған екі мұғалім де «Баланың тілі қай тілде шықты, сол тілдегі сыныпқа барсын. Баланы қинауға болмайды» деп айтқан жоқ. Керісінше: «Әлі кішкентай ғой, бәрін де үйреніп, орысша оқып кетеді. Ештеңеге уайымдамаңыз, бұлар жас шыбық сияқты емес пе?!»,– деп екіұдай күйде тұрған ананың «шешімін» құптады жарыса. Ал анадай жерде білім теңізінде мектеп  қайығының ескегін алғаш ескелі тұрған балақай адасқан жолаушыдай жылап тұрды. Содан бері осы көрініс көз алдымнан кетер емес. Ара-тұра «әлгі ана баласын қай сыныпқа берді екен?» деген ой маза бермейді. «Баланың болашағына балта шаппаса» екен деп іштей тілеймін. Бірақ шарасыз үрпек балапан анасының айтқанынан шықпайды ғой. Шынында, біз, ата-аналар бала құқығын шектеуге неге құштармыз? «Мир» телеарнасының «Вместе» сараптамалық бағдарламасы Беларусь президенті Александр Лукашенконың республикалық мұғалімдер кеңесінде сөйлеген сөзінен үзінді берді. Лукашенконың: «Кейбіреулер баласын гимназияда оқытқанды бедел санайды. Меніңше, дұрыс емес. Кенже ұлым Николай ауылдың қарапайым мектебінбе оқиды. Осы күнге дейін талай адам гимназияға ауыстыруыма кеңес берді. Көнбедім. Себебі ауыл мектебінен де жақсы білім алып шығуға болады. Оның бәрі мұғалім мен мектепке жауапты басшылықтың қолында...» деген пікірі орынды  сөз. Осының өзі  қаншама адамға ой  салары  сөзсіз. Білімді барлық мектеп береді. Ал оны балаға сіңіре білу – мектептің жүрегі – мұғалімдердің құзырындағы шаруа. Сол сияқты таяуда KAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанның «Баласын орыс сыныбына беретіндерге жаным ашиды» атты мақаласы түрлі пікірталастың өзегіне айналды. Мақаланы интернет сайттары түгелдей дерлік көшіріп басты. Себебі бұл мәселеде аяғын әлі күнге қия басып жатқандар жетерлік. Автор өткір толғамының бісмілләсін Елбасы Н.Назарбаевтың биыл, 20 сәуірдегі белгілі қаламгерлермен кездесуінде айтқан «Ел боламыз, Қазақстанда тұрамыз, ұрпағымызды тәрбиелейміз деген адамдар балаларын қазақ мектебіне, қазақ балабақшаларына беріп жатыр» деген сөзімен бастаған. «Бүгінде орыс мектебінде баласын кімдер оқытады? Орыс мектебінде болашағын Қазақ елімен емес, солтүстік көршімен байланыстыратын қауым оқытады, оның көбісі тарихи Отанына қайтқысы келетін орыс ұлтының өкілдері мен аздаған жатырынан жерінген қаракөздеріміз. Басқа бірде-бір қауым орыс мектебіне баласын бермейді. «Балаңды қазақ мектебіне бер!» Бұл – кезінде замананың зарына, қаймана қазақтың қайғысына айналып, оқытқысы келсе де, қазақ мектебін таба алмай әуреге түскен, қазақ мектебін аштыру үшін айтылған өткен замандағы ұран, ал бүгін парыз. Парыз дейміз-ау, ертең баласын Қазақ елінде үлкен табысқа жетсін дейтін қауымда одан басқа таңдау жоқ», – дейді ол. Қалай десек те, бұл пікірдің астарында шындық жатыр. Қазақстанда орыс тілінің тасын өрге домалатқысы келгендер қателескенін кеш түсінетіні кәдік. Оған дәйекті дәлел көп. 18 млн 22 мың 500 адамның 12 млн 780 мыңы, яғни 71 пайызы – қазақтар. Құдайға шүкір, қазақтың саны өсіп жатыр деген сөз. Екіншіден, бүгінгі таңда әлем халқы ғана емес, қазақ қоғамы да ағылшын тілін меңгеруге көшкен. Әсіресе, жастар мектеп жасынан ағылшын тілінде жетік сөйлеуге машықтанып келеді. Осы тұста «Баласын орыс сыныбына беретіндерге жаным ашиды» атты мақала авторының келесі пікіріне зер салып, құлақ түрмеске тағы болмас. «Қазақ мектептерінде білім сапасы артты. Кезінде алғаш мектепке барып жүрген кезде қазақ мектептерінде білім жоқ, орыс мектептері жақсы білім береді деген қолдан жасалған ертегі бар еді. Бірақ уақыт оның да өтірік екенін дәлелдеді. 2016 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде толық 125 балл жинаған 19 оқушының бәрі тек қазақ сыныбының түлегі, республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен 10 мектептің 8-і таза қазақ мектебі, бірі орыс, бірі аралас мектеп. 2017 жылы 139 балл жинаған Тасан Саят Елтайұлы қазақ мектебінің түлегі, 2017 жылғы үздік көрсеткіш те қазақ мектептерінің еншісінде. Соңғы бес жылда ҰБТ нәтижесі бойынша да, жалпы рейтинг бойынша да қазақ мектептері оқ бойы озық тұр. Қазір еліміз бойынша 83 пайыз бала қазақ сыныптарында, 16 пайызға жуық бала орыс сыныбында, 1 пайызға жетпейтін бала өзге тілді мектептерде білім алады. Ал өткен 2016 жылы 1-сыныпқа барғандардың 89 пайызы қазақ сыныбына, 10 пайыздан асар-аспасы орыс сыныбына барғанын ескерген жөн», – дейді автор. Бұл көрсеткіш қазақ балаларына білім грантының көптеп бөлінуіне де басты себеп. Мәселен, мемлекеттің жоғары білім гранттары 2014 жылы 65 пайыз қазақ тобы, 35 пайыз орыс тобына, 2015 жылы 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына, 2016 жылы да 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына бөлінген. Ал биыл жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек өтініш беріп, олардың 67 627-сі (76,3 пайыз) қазақ тілінде және 20 968-і (23,6 пайыз) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген.

«Еліміздің келешегі – ұлттық мектепте»

XX ғасырдың аяғына дейін ұлтты әлсіретіп, оның ана тілін жою мақсатында түрлі сұрқия саясат жүргізілгені белгілі. Соның қатарында орыс тілін жаппай халыққа бірдей ету үшін, ұлттың өз ана тілінде мектепте білім алуына тосқауылдар жасалды. 1970 жылдары біртіндеп жабылып қалған қазақ мектептерін қайта ашу ісі оңайға соққан жоқ. Сол заманда қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшаларды қайта ашу, оны қорғап қалу мақсатында алғаш рет осы істің басы-қасында жүріп, нәтижесіне жеткенше табанынан таусылған бір азамат болса, ол – Шона Смахан­ұлы еді. Сатира жанрында есімі мен еңбегі ерекше құрметпен аталатын, халық жанашыры Шона Смаханұлы «Балаңды қазақ мектебіне бер!» деген ұран тастады. Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі хатшысы О.Сүлейменовпен келісіп, Одақ жанынан қазақ мектептеріне қатысты ағарту жұмысымен айналысатын бөлім ашады. Ол қазақ мектептерінің жыл сайын саны азайып, жабылып жатқанын, бұл әрекет ары қарай жалғасын табар болса, қазақ ұлтының болашағына қауіпті екенін сол кезде ел басқарған Д.А. Қонаевқа мәлімдеген. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Шона Смаханұлының жазған өтінішіне берген жауабында: «Бұл мәселемен бір адам кабинетіме басын сұғып кірсе, кәне. Бәрі қызмет сұрап келеді, бала-шағасына пәтер сұрап келеді, атақ-дәреже сұрап келеді. Бірақ туған халқымның үмітін ақтайын деп ел аманатын арқалап алдыма келген  тірі пенде болған емес осы уақытқа шейін. Сонда қалай? Ел мүддесінен гөрі, өз мүддесін жоғары қоя бастағаны ма бұ зиялы қауымның? Талап-тілегің өте орынды, Шөке. Өтініш-хатыңда тиісті құзырлы мекемеге қол қойып, пәрмен беріп жөнелтем. Оған алаңдама. Хабарласып тұр», – деп  жазған. Демек, оған дейін қазақ балабақшасы мен қазақ мектебін ашу туралы ешкім мәселе көтермегені осы жауаптан аңғарылады. Тілі үшін тірескенмен тіресіп, күрескенмен күресіп жүріп Алматыда қаншама қазақ мектептерін ашқызды! Жалғыз өзі жалықпай, шүлдірлеп сөйлесетін сәбилерімізді үйме-үй үгіттеп жүріп, қазақ балалар бақшасына апарғызды. Ал қазақ балалар бақшасын ашу үшін жоғары-төменді шенеуніктерге дүркін-дүркін хат жазып, қара терге түскеніне халық куә. Өмірінің соңына дейін ағартушылықпен айналысқан Шона Смаханұлының еңбегінің арқасында 24 қазақ мектебі бой көтерді. Қазақ балалары өз ана тілінде білім ала бастады. Осыдан алты жыл бұрын газетіміздің тұрақты авторы Мұхтар Қазыбектің «Шона ағаның бастауымен» («Түркістан», 27.10.2011 ж.) деген мақаласы жарияланды. Онда автор тіл жанашырының ұлттық мектеп мәселесін, қазақ сыныптарын өз алдына ашуды алға тартып, жұрт алдында ашық қойғанын мына мысалдар арқылы көз жеткізіп еді. «Шона Смаханұлы жиында әсерлі сөз сөйлеп қазақ мектептерін дамытудың бес шарттан тұратын ұсынысын айтты. Олар: Біріншісі, «Айнабұлақ» ықшам ауданында қазақ мектебін ашу жөніндегі ынталы топ құрылсын. Ол ерікті түрде жұмыс істесін. Екіншіден, ынталы топ қазақ мектебіне баратын оқушылардың, әсіресе 1, 2, 3, яғни бастауыш класқа баратын балалардың тізімін алатын болсын. Үшіншіден, ынталы топ төрт ықшам ауданды бөліп алып, үйме-үй аралап, ата-аналарға жолығып, мектепке баратын балаларын қазақ класына міндетті түрде беруге үгіттеп, түсінік жұмысын жүргізуді қолға алсын. Төртіншіден, орыс мектептеріндегі қазақ балаларын қазақ мектебіне ауысуға үгіттеп, нақты тізімдерін жасау қажет. Бесіншіден, әрбір ата-ана көрші-қолаңына, жақындарына қазақ мектебінің ашылатынынан хабардар ететін болсын. Үш сағатқа созылған жиында Шона Смаханұлы тағы мынадай, жанға бататын сөздер айтты: «Ата-аналар көбіне енжарлық танытып, белсенділік көрсете бермейді. Мәселені бізсіз де жоғары жақтың өзі шешеді деп самарқаулық танытады. Жоқ, жоғары жақ қазақ мектептерін ашу мәселесін осы уақытқа дейін шешпей келеді. Біздің ұлттық мүддеміз қаға берісте қалып жатыр. Өз мәселемізді, өз мектебімізді өзіміз тиісті орындарға ашық қоймасақ, басқа біреулерге сенудің қажеті жоқ. Мынау төрт ықшамауданнан тұратын «Айнабұлақта» бірде-бір қазақ мектебі не балабақшасы жоқ. Мұнда қазақтар тұрып, өмір сүріп жатқан жоқ па?! Ал солардың мүддесін кім шешпек? Қаланың басқа аудандарындағы жағдай да дәл осындай. Мектебіміз болмаса тіліміз жойылып, ұлттық келбетімізден, табиғи болмысымыздан айырылып қаламыз. Бұл – намысы бар адамның шымбайына, жанына тиетін жайт, ағайын. Сіздердің  бұл мәселелеріңіз бәрімізге ортақ. Біз әділетсіздікті көріп-біліп отырғандықтан, намысқа шауып алдарыңызға келіп отырмыз» деп жазылған аталмыш мақалада. «Еліміздің келешегі, ұлт болып қалудың түп негізі – отбасы мен ұлттық мектепте» деген Шона Смаханұлының пікірімен келіспейтін адам жоқ. Алайда қазақ мектебін қайта ашу ісінде дәл сол кісідей жанұшыра жүгіріп, жандәрмен қорғағандар некен-саяқ. P.S. Сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде  қазақ мектебін ашу қиынның қиыны болды. Соған қарамастан басшыларға тынбай хат жазып, үй-үйді аралап, қол жинап, қазақ мектебін ашуға бар күш-жігерін салған Шона Смаханұлы қаншама отбасының алғысына бөленген-ді. Тіпті, баласының болашағын ойлап, қазақ мектебіне берген ата-ана жолдың қашықтығына да қарамай орталыққа қатынаудан шаршамады.  Сол қазақ мектебін бітіргендер бүгінде далада қалған жоқ. Әр саланың білгір маманы. Ал мұның жанында баласын орыс сыныбына баруға мәжбүрлеген әлгі ананың әрекетіне не айтуға болады?  Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзіне иланбағаны ма? Оның бұл шешіміне қазақ мектебін ашу үшін басын бәйгеге тіккен Шона Смаханұлы не дер еді?..