Араб елдері Катармен ымыраға келуден бас тартты

Араб елдері Катармен ымыраға келуден бас тартты

Араб елдері Катармен ымыраға келуден бас тартты
ашық дереккөзі
Катар билігі Сауд Арабиясы мен оның одақтастары ұсынған жаңа "қара тізімді" таныстырып, өздерінің терроризмге қарсы күреске қосып отырған үлесіне қарамастан, "лаңкестік ұйымдарды қолдаушы" деген айыптардан неге арыла алмағанына таңданыстарын жасырмады. Мемлекет басшысы баспасөз қызметінің өкілі шейх Сайф бин Ахмед аль Тани Дохамен астыртын байланысы бар деген күдікті тізімге іліккен адамдарға кінә артуға еш негіз жоқ деп есептейді. Ол: "Араб мемлекеттерінің Катарға терроризмді қолдады деген жалған айып тағуды әлі де жалғастырып келе жатқандары таңқаларлық "тосын сый" болды", - деді. Атап өту керек, Парсы шығанағының байырғы серіктесі АҚШ-тың дағдарысты шешу үшін,  Араб мемлекеттеріне бір апталық "бойкот" жариялауы да, әлемдік қауымдастықтың көрсеткен қысымы да, олардың Катарға оң қабақ танытуына әсер ете алған жоқ. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Бахрейн мен Египеттен тұратын "төрттік" осыдан алдын құрылған, 59 жеке тұлға мен 12 топтың аттары жазылған  "қара тізімге", тағы 18 топты қосып отыр. Олардың қатарында Ливия, Йеменнің қайырымдылық қорлары, бірқатар баспасөз құралдары да бар. Шейх Сайф бин Ахмед аль Тани: "Соңғы жарияланған тізім Араб мемлекеттерінің терроризмге қарсы қарымды күрес жүргізуге мүдделі емес екендіктерін көрсетеді. Катарда лаңкестермен байланысы анықталған азаматтардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бізге қарсы блокада орнатып отырған төрт мемлекетке жалған тізімдер жасауға уақыт жұмсағанша, өз елдеріндегі терроризммен күреске шынайы көңіл бөлуге кеңес береміз".