997
Жасыл Қазақстан
Жасыл Қазақстан
Халықаралық мамандандырылған көрменің тақырыбы Астананы ғана емес, тұтас ел экономикасын «жасылдандыруға» түрткі берсе, қанекей. Расында, күн сәулесінен қуат алатын панельдер Астананың өне бойында бой көтеріп, күннен күнге саны көбейіп келеді. Қуанарлығы, Алматыда да осы үрдіс байқалатын сияқты. Желден қуат жинайтын ебелектер Жоңғар қақпасында ғана емес, қазақ даласының әр түкпіріне қондырыла бастады. Қазақстан «Болашақтың қуаты не?» деген сұрақты ЭКСПО-ның 136 қатысушы мемлекет пен халықаралық ұйымдарының алдынан тартып, адамзатқа ортақ, табиғатпен үндес шешімдер табуға үндеп отыр. Көрме қожайыны ретінде бұл бағытта жасампаздық идеялар ұсынуға да бейіл.
ЭКСПО-2017 қалашығының ең көрнекті әрі сәулетті нысаны – ЭКСПО-шар немесе «Нұр-Әлем» – Қазақстан павильоны. Обалы нешік, осы павильонның алдында күн құрғатпай жүз қаралы адам кезекте тұрады. Кейде кезекте тұрғандар саны одан екі есе көбейіп кететіні бар. Қалай дегенмен де, ЭКСПО-сити аумағына аяқ басқан әрбір қонақ, мейлі ол Қазақстан тұрғыны болсын, мейлі шет ел азаматы болсын, ең әуелі «Нұр-Әлемді» аралап көруге асық.
Көрменің ашылу салтанатын тамашалаған оқырманның есінде болар, Көктен Көк шар түсіп, Қазақ жеріне қонған. Астарлап айтқанда, ол – Болашақтың қуаты еді. Барша Адамзатқа ортақ Идея сынды. Осы Идея-Шар ЭКСПО-қалашықтың қақ төріне орныққанда, оның іші заманына сай өзгеше жобаларға толы еді. Ендеше, болашақтың қуаты не екенін ЭКСПО-көрмесінің әрбір қонағы өз көзімен көруге мүмкіндік бар.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ «ЖАСЫЛ» АУЫЛ
ЭКСПО-қалашық алыс болашақты LED-экрандардан таныстыратын таңғажайыптар алаңы ғана емес. Мұнда дәл қазір жүзеге асып жатқан нақты жобалар туралы мол мағлұмат алуға болады. Әлбетте, әркім өз іздеген көмбесіне жолығады. Осы орайда, Халықаралық ұйымдар Плазасына бас сұққанымызда, БҰҰ аясында Қазақстанда қолға алынған пайдалы бір жоба туралы айта кетудің сәті түсіп тұр. Еуропада, оның ішінде Голландияда жасалған жоба гидропоника деп аталатын технологияны пайдаланады екен. Қазақша айтқанда, топырақсыз жерге егіс егіп, шаруашылық жүргізу дегенді білдіреді. Яғни, ауыл шаруашылық өнімдері минералды суда өсіріледі. Бұл жоба БҰҰ Даму бағдарламасы тарапынан қаржыландырып, қазір Арнасай елді мекенінде іске асырылып жатыр. Астанадан бар-жоғы 30 шақырым жерде Ақмола облысы, Аршалы ауданында орналасқан ауыл Қазақстанда тұңғыш «жасыл экономика» талабына сай тірлік ететін ауыл болғалы тұр. Бастысы, «Арнасай» жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір тиын бөлінбеген. Бұл ауылда 35 «жасыл» және инновациялық жоба қолға алынған: күн биовегетарийін қолданатын жаңа тұрпаттағы жылыжай, жыл он екі ай бойы экологиялық таза өнім өсіретін фитодиодты жылыжай, тамшылап суару қондырғылары, жарық диодты лампалар, күн панельдері мен пиролиз пештері іске қосылған. «Арнасай» жасыл технологиялар орталығының Қазақстанның алты облысында филиалдары ашылған. «Арнасай» жобасы аясында республиканың түкпір-түкпірінде 20 мың «жасыл» нысан ашылса, онда 60 миллиард теңгеге дейін бюджет қаржысын үнемдеуге болады.БАЛАЛАРДЫҢ ЭКСПО-сы
Расында, ЭКСПО-қалашықтың балалар үшін өз қызығы көп. Мысалы, көптеген павильондар балаларға арнап 3D көзілдіріктер, виртуалды кеңістікке саяхат жасау қондырғыларын қойған. Мысалы, Қытай павильоны жас қонақтарға «Болашақтың қуаты» туралы шағын мультипликациялық фильм ұсынса, Ресей павильонында олар бинокулярдан Қиыр Шығыстың тірі табиғат әлемін тамашалайды. Катар павильоны балаларға арнап арнайы бұрыш ашып, оларға қайталанбалы қуат көздері туралы инновациялық жолмен түсіндіруді мақсат етіпті. Өзбекстан павильоны футбол ойнайтын роботтар мен «Жұлдызды соғыс» фильмінің кейіпкерлеріне ұқсайтын құлтемірлер тұр. Бұдан бөлек, балаларға арнап Өнер орталығы күн сайын жұмыс істейді, онда балалар сурет салумен шұғылданып, кітап оқып, деректі фильмдер көріп, білім танымын кеңейтеді. Өнерді «түсінетін», сурет салатын құлтемірлерді осы жерден табасыз. Ал Қазақстанның «Нұр-Әлем» павильонында ғарыш, күн, жел, жер, су қуат көздерімен жақынырақ танысып, арнайы мамандардан химиялық дәріс тыңдап, дәл сол жерде лабораториялық эксперименттерге куә болады. Ойын түрінде ойластырылған түрлі қондырғылар, сенсорлық экрандар жас қонақтарға баламалы қуат көздері жайлы жан-жақты әрі ұғынықты ақпарат беріп, білімдерін тереңдетуге жағдай жасайды. Ғылыми ақпарат пен сан түрлі инновациялық құралдардан шаршаған балалар «ЭКСПО-kids» алаңына барып, алаңсыз ойынға беріледі. Мұнда бір кірген баланың қас қараймай шығуы екіталай. Себебі өрмекші-адам секілді өрмелеп шығатын аспалы төбе де, инновациялық сурет салатын 3D қалам да, балалар басқаратын роботтар сайысы да, шегеге жіп орап сурет салу да, жас альпинистерге арналған жасанды жартас та, қысқасын айтқанда, қызықтың түр-түрі осында. Содан болар, бүгінгінің баласы бірінен бірі «Сен ЭКСПО-ға неше рет бардың?» деп сұрап, «Мен пәлен рет барғанмын» деп мақтанып жүргені. Ал басқалары әке-шешесіне «Мен ЭКСПО-ны көргім келеді» деп қыңқылдайды.ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ДЮ СОЛЕЙ
Канадалық дю Солей циркі Астанаға келеді дегенде, көзі қарақты көрермен олардың қойылымына ертерек билет алуға қамданған. Мұның себебі түсінікті – үш айда 71 қойылым қоятын цирк ұжымының өнерін тамашалаушылар саны қалың түмен. Дю Солейдің шеберлігінен құлағдар тұрғындар ЭКСПО-қалашыққа дәл осы циркке бола билет алып кіретіні жасырын емес. Сонда талайларды сүйсіндірген дю Солейдің біздің цирктен не артықшылығы бар дерсіз? Ең әуелі, дю Солейде бірде-бір жануар жоқ. Тоқсан минуттық қойылымды бастан-аяқ адамдар орындайды. Екіншіден, «РЕСПЕКТ» деп аталған дәл осы қойылымды цирк ұжымы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы дайындаған. Бұл қойылым қазақ жерінде ғана қойылады, бұдан соң басқа еш жерде қайталанбайды. Үшіншіден, бұл қойылым – би, акробатика, театр, балет, музыка, вокал, сайқымазақ шоу, яғни түрлі өнерден «наурыз көже» жасаған өзгеше туынды. Оған жарық пен дыбыстық эффектілерді, отты шоуды, электромобильдерді, шусыз мотоциклдерді қоссаңыз, естен кетпес ғажайып әлемнің сұлбасын елестете аласыз. Дю Солей дегеніміз осы. Тоқсан минуттың ішінде көрерменді жалықтырар бір сәт жоқ, керісінше, жас та, кәрі де сілтідей тынып, екі көзін ортадағы сахнадан алмай, бар назарымен ұйып отырғаны. Ең бастысы, дю Солей ұжымы қазақтың ұлттық тарихы және мәдениетімен жете танысқан екен, осы қойылымда олар Алтын адам, Самұрық құс бейнелерін молынан пайдаланады. Әлемге әйгілі цирк ұжымының қойылымынан қазақ даласының лебі есетіндей. Сондықтан бұл дю Солейдің жөні бөлек, себебі бұл – астаналық дю Солей.МИЛЛИОНДЫҚ МЕЖЕДЕН АСТЫҚ
10 маусым мен 16 шілде аралығында көрме қонақтарының саны 1 199 000-ға жетті. Осылайша, астаналық ЭКСПО үш айлық мерзімінің жартысына жетпей-ақ «миллиондық» межеден өтті. Орта есеппен алғанда, осы уақыт ішінде көрмені шамамен күніне қырық мың адам тамашалаған екен. Оның 130 мыңы, яғни 14 пайызы – шетелдік азаматтар. Астаналық ЭКСПО-да шетелдік туристер аз дейтіндерге берілген нақты жауап бұл. Қонақтар саны демекші, көрмеге қатысушы 115 мемлекеттің арасында келушілер саны бойынша жасырын бәсеке жүріп жатқандай. ЭКСПО-қалашықтың төрт қақпасына бекітілген бейнебақылау камералары мен есептеуіш құралдардан бөлек, әр мемлекет өз павильонының ішінен осындай қондырғылар орнатқан. Күн сайын қанша адамның кіріп-шыққанын санап, өзгелермен салыстырып отырғаны. Мысалы, Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің қоғаммен байланыс департаментінің дерегіне жүгінсек, шілде айында қонақтар неғұрлым жиірек бас қосатын павильондар ішінде Африка Плазасы, Мысыр мен Ресей павильондары алдыңғы үштікке кіреді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін ең көп қонақ қабылдаған павильон – Қазақстанның «Нұр-Әлемі». Көрменің алғашқы айының өзінде оның қонақтарының саны 303 мыңнан асқан. Бірақ бұл көрсеткіштің ішінде павильонға бірнеше қайта кірген қонақтардың есебі бар екенін есте ұстаған ләзім. Себебі сегіз қабаттан тұратын алып павильонды түгел аралап шығуға жарты күн кетеді, бірақ оның бар қызығын көру үшін қайталап кіретіндер де көп. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрмені тамашалаушылар саны миллионға жеткенде, арнайы мәлімдеме жасаған еді. «Біз ЭКСПО-2017 жұмыс істеу мерзімі ішінде барлығы миллион қонақ келеді деп есептеген едік. Бірақ қазір тек бір айы ғана өтті, ал біз миллионыншы қонақты қарсы алдық. Осындай ауқымды ұлттық жобаны жасағанда біз барша қазақстандықтарға ол ұнай ма, жоқ па деген дүдәмал ойда едік. Бұл жобаны құп көре ме? Оны осылайша қызу қолдап отырғанына қуаныштымыз» деді ол. Жалпы, көрменің тіркеу құжаттарында оған 2 миллион қонақ келеді деп жоспарланған еді. 2 миллион қонақ кемі 5 миллион рет кіріп-шығады деп болжанған. 10 шілдедегі дерекке жүгінсек, алғашқы отыз күн ішінде барлық павильондарға кіріп-шыққандар санын қосқанда 5 960 212-ге жетті. Басқаша айтқанда, кіріп-шығатындар (яғни, көрмені қайталап көретіндерді қосқанда) саны бойынша межелі көрсеткіш орындалды. Бір айдың ішінде 160 мың адамға ЭКСПО билеттері жеңілдіктермен сатылған, олар зейнеткерлер, мектеп оқушылары, студенттер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерге көрме аумағына кіру тегін екені белгілі. Бұған қоса, «АЯЛА» сияқты қайырымдылық қорлары Астана қаласы мен басқа облыстардағы балалар үйлері мен арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне ЭКСПО-қалашыққа тегін сапар ұйымдастырып, қайырлы іс жасап жатыр. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан 500 оқушы ЭКСПО көрмесін көруге арнайы келіп-кетті. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдішіндердің жол шығыны мен көрмеге кіру ақысы жергілікті бюджет пен демеушілер қаржысынан төленген. Бір айдың ішінде ЭКСПО-қалашықта мыңнан аса мәдени шаралар өткізіліп, сексеннен аса ресми шаралардың ұйымдастырылуы мұнда қайнап жатқан тіршіліктен хабар береді. Қатысушы мемлекеттердің Ұлттық күндерін тойлауы көрме аспанын түрлі әуенге толтырып, оның мазмұнын қызылды-жасылды түрлі шоу-бағдарламалармен байыта түсті. ЭКСПО-2017 көрмесінен алар дерек көп. Тың идея іздеген сергек ақылға азық болар ақпарат жетерлік. Тек сан түрлі елдердің павильондарындағы жарқыраған, көзге шағылысып, ойды шатастырып, виртуалды әлем мен шынайы өмірдің шекарасын барынша жақындатқан заманауи технологияларды жатсынбай, миды шабуылдаған мың-сан ақпараттар ағынын қабылдап, дұрыс қорытатын ерік-жігер керек. Байқағанымыз, біреулер ЭКСПО-дан қызық іздеп жүр, ал біреулер ілік іздеп жүр. Қайсысы болсын іздегенінін табатынына сеніміміз кәміл. Әйтсе де, жылт еткен әсер мен кінәмшіл сынды былай ысырып қойып, болашақта іргелі ел болу үшін бізге не керектігін ойлап көруге болады. «Өзгелердікі осы не жанталас? Ненің бәсекесі?» деген сұраққа жауап іздесек, қанекей. Себебі ЭКСПО – расында, инновациялық идеялардың жарысы. Идея кімдікі – салтанат та, болашақтың дамуы да, астаналық ЭКСПО қисынына салсақ, болашақтың қуаты да – сол елдікі.