1169
Қалада газет сатар дүңгіршек аз
Қалада газет сатар дүңгіршек аз
Ақпараттық технология дамыған бүгінгі заманда ғаламтордың бәсі басым екендігі баршаға мәлім. Әлеуметтік желі, ақпараттық порталдар бүгінде газет бизнесінің басты бәсекелестеріне айналды. Бірақ бұл бұрынғыдай дүңгіршектен газет-журнал сатып алып, оқитындар мүлдем қалмады деген сөз емес. Қаланы шарлап, дүңгіршектерді жағалап жүріп өзіне қажетті басылым түрін сатып алатындар әлі де бар. Бір өкініштісі, сол дүңгіршектерден іздеген газет-журналды табу қиын.
Газет-журналға деген қызығушылық азайды
Дамыған елдердің көпшілігінде дүңгіршектерден газет алып оқитындардың қатары көп. Метрода, аялдамада, парктерде, кафелерде газет-журнал, кітап оқып отырған жандарды көресің. Тіпті, бұл көріністі кез келген шетел фильмінен де көре аласыз. Батыстан үлгі алуға әзір тұратын елімізге осы бір үрдістің сіңіспей қойғаны өкінішті-ақ. Алайда бүгінде газет оқырмандарының азайғандығы бүкіл әлем елдері үшін ойланарлық мәселеге айналып отыр. Қазіргі уақытта елімізде қоғамдық көліктерде, тіпті, ұзақ жол жүретін пойыздар мен автобустарда да қолына газет-журнал ұстап отырған жанды көрмейтін болдық. Осы ретте, өткен жылы «Қазпошта» мекемесі елімізде соңғы 2 жылда газет-журналдарға деген қызығушылық 10 пайызға төмендегенін анықтады. Демек, шын мәнінде де дүңгіршектен газет сатып алып оқитындар аз. Мұның бір себебін дүңгіршектердің, ондағы газет-журналдардың аздығымен байланыстыруға әбден болады. Тіпті, дүңгіршектерден сатып алу түгілі газеттерге жазылушылардың да қатары жыл өткен сайын кеміп барады. Газетке жазылушылардың көпшілігі мұғалімдер, дәрігерлер мен зейнет жасындағы қариялар. Бұған халықтың өзіне қажетті ақпаратты радио-теледидар мен ғаламтордан тез арада алуы әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті. Өткен жылы газетімізде «Газет оқымайтын «оқырман» интернеттен бар керегін таба ала ма?» («Түркістан» газеті, №39, 29 қыркүйек, 2016 жыл) деген тақырыппен мақала жарияланған еді. Сонда америкалық «NOP World» компаниясының 2016 жылы жүргізген зерттеуі ұсынылған-ды. Зерттеу нәтижесі бойынша, әлемдегі ең оқымысты елдердің тізімі жасақталған. Сол тізімнен Қазақстанның қарасы көрінбеді. Есесіне, аптасына 10 сағат уақытын газет-журнал мен кітап оқуға арнайтын үнділердің ең оқымысты халық екені белгілі болды. «NOP World»-тың зерттеу нәтижесіне сүйенсек, адамдар бір аптадағы 16,6 сағат уақытын – теледидар көруге, 8,9 сағатын – ғаламторға, 8 сағатын – радио тыңдауға, 6,5 сағатын – басылымдарды оқуға жұмсайды екен. Демек, ақпарат арналарының ішінде газет-журналдардың бәсі басым. Бұрындары қоғамдық көлік жолаушылары жұмысқа немесе оқуға бара жатқанда газет-журналдан бас көтермейтін еді. Ал қазір мұндай көріністі анда-санда ғана байқайсың. Бүгінгі күні жас та, кәрі де ұялы телефоннан бас алмайды. Ал ғаламторға үйір жандар тіпті, қазақ басылымдарының интернеттегі нұсқасын да ашып оқи қоймайды-ау. «Газет оқымайтын адамды рухани өлгендердің қатарына қосу керек» деген Остап Бендердің сөзі көптің есінде бар болар. Бендердің бұл пікірі бүгінде қаншалықты өзекті? Егер газет оқымайтындарды рухани өлгендер қатарына қоссақ, Қазақстан халқының бүгінгі рухани болмысы туралы айтар сөз бар ма?Дүңгіршектен қазақ тілді басылым табу қиын
Қарап отырсақ, Алматыда газет-журнал сататын дүңгіршектер жоқ емес. Алайда қаптаған дүңгіршектен іздегеніңді таба алмайсың. Дүңгіршектердің біразында қазақ газеттерін табудың қиын екендігі талай уақыттан бері айтылып келеді. Тіпті, сол дүңгіршектерде қазақ тілді басылымдардың орысша газет-журналдардың тасасында қалып жатқанын да талай мәрте көзіміз көрді. Ал газет сатушылардан сұрай қалсаң, қазақша басылымдардың өтпейтіндігін, есесіне орыс тілді басылымдарға сұраныс жоғары екендігін айтады. Бірақ редакциямызға газет іздеп келетіндер мен дүңгіршектерден газетті таба алмадық деп хабарласатын оқырмандардың көптігін ескерсек, «сұраныс жоқ» деген сылтауға сену қиын. Шындап келгенде, мемлекеттік тілдегі басылымдардың дүңгіршектерге шықпауының себебі сұраныстың жоқтығына байланысты емес. Басты мәселе – қаражатта. Кейбір басылымдар сұраныстың жоқтығына да, сапасының төмендігіне де қарамастан, дүңгіршектерге көптеп орналастырылады. Ал дүңгіршектер желісі ешқандай басылымды тегін нарыққа шығармайтыны белгілі. Себебі газет-журналдарды тарату қызметі де оңай шаруа емес. Басылымды тасымалдау, сұрыптау сынды жұмыстарды жүзеге асыру үшін де әлгі компаниялар жұмысшы жалдайды. Оның үстіне, бұл кәсіп болғандықтан, кәсіп иелеріне пайда түсіп отыруы қажеттігі тағы бар. Дәл осы қазақ тіліндегі басылымдардың дүңгіршектерде аз болуына қатысты 2013 жылы депутат Қуаныш Сұлтанов Үкіметке сауал жолдаған болатын. Сонда халық қалаулысы Астана мен Алматы қалаларындағы жұртшылық көп шоғырланған орындардағы газет-журнал дүңгіршектерінің басым бөлігінде мемлекеттік тілдегі басылымдар сатылмайтынын атап айтып еді. Депутаттың сөзінше, кейбір дүңгіршектер қазақ тіліндегі басылымды сатуға мүдделі еместігін ашық айтып, оларды сатылымға қабылдамайтынын мәлімдеген. «Есесіне, дүңгіршектердің басым көпшілігі шетелдің беймәлім басылымдарымен толтырылған, сатушылары тіпті оларды тиімді һәм көзге жағымды көрсетуге тырысады. Әрі олардың бұл талпыныстары нәтижесіз де емес. «Неліктен қазақ газеттері жоқ?» деген сұраққа «оларды ешкім алмайды, сұраныс аз» немесе «бізге қазақ басылымдары берілмейді» деген негізсіз уәж айтады», – деген болатын Қуаныш Сұлтанов. Сұлтановтың 4 жыл бұрын айтқан сыны бүгін де өзекті. Расымен де, дүңгіршектерде қазақша газет-журналдардың орыс тілді басылымдарға қарағанда аз екендігі байқалады. Ал орыс тілді басылымдарды қаланың кез-келген бұрышынан, қалаған уақытыңда табуыңа болады. Жарнамалары да осал емес. Саны жағынан да, таралымы жағынан да алда. Өзіміздің елде шығатыны бар, Ресейден келетіні бар, әйтеуір, қаптаған орысша газет- журнал. Бірақ қазақтілді басылымдар сатылымда мүлдем жоқ деу орынсыз болар еді. Кейбір дүңгіршектер желісінде қазақ тілді басылымдарды сатып алуға мүмкіндік бар. Іздегеніңнің бәрін таппассың, дегенмен бірлі-жарым газеттерді алуға болады. Базарлардағы сауда нүктелерінде де солай.Дүңгіршектер неге жабылды?
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2 мыңнан астам газет-журнал тіркелген. Олардың ішінде 200 газет-журнал жеке дүңгіршектерде сатылатын көрінеді. Оның өзінде көпшілік негізінен шоу-бизнес, ой сергітетін басылымдарды ғана оқиды. Қаржы қол байлау болғандықтан, «Номад Пресс» секілді ірі дүңгіршектер желісі біржола жабылды. Сондықтан бұл нарықта негізінен жеке кәсіпкерлер қалды. Бұл бизнес табыс табуға тиімді еместігін ескерсек, жеке кәсіпкерлердің кейбірі күндердің бір күнінде бұл кәсіптен бас тартары анық. Қазірдің өзінде дүңгіршек сатушылары сауданың жақсы жүрмейтіндігін айтады. Тіпті, газет-журналдар өтпейтін болғандықтан, қосымша ұсақ-түйекті саудалап, сонымен жан бағып отырғандарын да жасырмайды. Бұл бұйымдарсыз, дүңгіршіктер баяғыда-ақ жабылып қалар ма еді, кім білсін?! Зерттеулерге сай, негізгі табыс теміржол вокзалы маңындағы сауда орындарынан түсуде. Алыс жолда ермек іздегендер дүңгіршектерге бас сұғатыны бар. Өткен жылы Марокко билігі газет саудасының азайғанына және пайданың кемуіне байланысты заң қабылдаған болатын. Сол заң бойынша қоғамдық орындарда газет оқуға және оны қараусыз қалдыруға тыйым салынды. Марокконың газет редакторлары федерациясының түсіндіруінше, мұнда адамдар газет оқиды. Және газет оқитындардың қарасы қалың. Алайда қоғамдық орындарда біреу газет оқып отырса, бірнеше адам оның артынан әлгі газетті оқып, жаңалықтарды біліп алады да, дүңгіршектен газет сатып алмайды екен. Бұл өз кезегінде газет саудасына зиянын тигізеді. Негізінен, әкімшіліктің рұқсат қағазы, бөлінген жер телімі болса, кез келген адам газет сататын дүңгіршек аша алады. Ал шаһарларда газет-журнал сататын дүңгіршектердің аздығына қарағанда, мұндай кәсіппен айналысуға ниеттілер көп емес тәрізді. Кейбір қалаларда газет-журнал сататын дүңгіршектерді мүлдем таба алмайсыз. Тапқан күнде де, оқитын қазақша басылымдардың болмауы да ғажап емес. Оның үстіне, жер-жерлерде жұмыс істеп тұрған газет-журнал сататын дүңгіршектердің басына қара бұлт үйіріле бастады. Мәселен, Астана қаласындағы қазақ тілді басылымдарды сататын бірден-бір «Алты Алаш» дүңгіршегінің жұмысына кедергі келтірушілердің көп екендігі ақпарат құралдарын біраз шулатқан болатын. Кейбір бақылау орындарының «Алты Алаштың» екі дүңгіршегіне жөнсіз тиісетіндігі де талай мәрте айтылған. Тіпті, былтыр оқырмандарға қазақ басылымдарын жеткізуші «Алты Алашты» жауып тастау үшін бар күштерін салып, қолдарынан келгенше кедергі болуға тырысты. Биылғы жылдың басында Алматы қаласында да көше бойындағы бірқатар дүңгіршектер алынып тасталған болатын. Жауапты органдар дүңгіршектердің орнынан алынып тасталуына мемлекеттік құжаттарының реттелмегендігін себеп болып отырғандығын атап айтқан. Яғни, кәсіп иелеріне ешкім де сол орыннан дүңгіршек ашуға мүлдем рұқсат бермеген. Үстіміздегі жылдың 1 маусымынан 1 шілдесіне дейін тағы да төрт дүңгіршек жұмысын тоқтатты. Жабылған дүңгіршектердің бәрі де жұмыстарын осыдан 15-20 жыл бұрын бастағанын да айта кетейік. Мұндай қарқынмен жалғаса берер болса, көше бойынан газет-журнал сатып алу мүлдем мүмкін болмайын деп тұр.