Жас көңілді күпті еткен

Жас көңілді күпті еткен

Жас көңілді күпті еткен
ашық дереккөзі
Мектеп бітірген түлектер өмірдің жаңа бір белесіне өтуге әзір. Алтын ұяларымен қоштасып, ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өткен түлектер қазір тамыз айын тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені тамыз айының басында мемлекеттік білім грантына ие болған талапкерлер тізімі анықталады. Бағы жанып, бабы келіскендер еліміздегі жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Осы жылы еліміз бойынша 136 мың түлек мектеп бітірді. Ал ҰБТ-ға қатысу үшін 92 827 түлек өтініш берсе, олардың 67 627-сі қазақ, 20 968-і орыс тілінде тапсыруға ниет білдірген. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріп, түлектер сынақты жаңа ереже бойынша тапсырғаны белгілі. Дегенмен, сан көңілді күпті еткен Ұлттық бірыңғай тестілеу сәтті аяқталған тәрізді. Тек тест тапсыру форматы өзгертіліп, тәртіп қатаңдатылғанымен, тыйым салынған заттарды қолданатын шәкірттер саны биыл да азайған жоқ. Тестілеу барысында оқушылардан 85 446 тыйым салынған заттар (ұялы телефондар, шпаргалкалар, оқулықтар, т.б.) алынды. Осындай тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 12 адам тестілеуден шығарылды. Сондай-ақ, 14 066 түлек ҰБТ-ның шектік деңгейінен өте алмады. Қажетті баллды жинай алмаған түлектерге Білім және ғылым министрлігі өткен жылғыдай ҰБТ мен кешенді тестілеуді қайталау түрінде екінші рет тапсыруға мүмкіндік береді. Ол үшін талапкерлер 1-9 тамыз аралығында жоғары оқу орнына барып, өз құжаттарын тапсыруы тиіс. Егер екінші рет тапсырғанда да тиісті баллды жинай алмаса, оқу орнына өтініш жазу арқылы бір семестрге шартты түрде оқуға қабылдана алады. Қабылданған жағдайда бір семестрді ақылы түрде оқып, қыста кешенді тестілеуді қайта тапсыруы керек.

Грант саны көбейді

Сонымен, Ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті баллды жинаған талапкерлер жоғары оқу орындарына құжаттарын өткізіп, нәтижесін күтуде. Жалпы, биыл мемлекеттік білім беру грантының саны өскені жұртшылықтың көңілін серпілтті. Бұған себеп жоқ емес. Мемлекеттік білім грантының саны біраз жылдардан бері алғаш рет көбейіп отыр. Мәселен, 2014-2015 жылғы оқу жылына жоғары оқу орындарына бөлінген білім грантының саны – 34 115 болса, 2015-2016 оқу жылында 32 168 білім грантын бөлген болатын. Ал өткен оқу жылында білім грантының саны мүлдем азайып, 31 702-ні құрады. Бір қуаныштысы, 2017-2018 оқу жылына бакалавриатқа 37 932 грант бөлінеді. Бұл өткен жылғы мемлекеттік тапсырыс көлемімен салыстырғанда 6 мыңға артық. Магистратураға 10 004 орын белгіленіп, өткен жылғыдан 2,5 мыңнан астам орынға көбейді. Ал PhD докторантураға 1285 орын бөлінбек. Айта кетейік, 2015 жылға дейін елімізде докторанттар тек мемлекеттік тапсырыс бойынша ғана білім алып келген. Бірақ былтырдан бастап докторантураға ақылы негізде де қабылдау жүргізіле бастады. Мемлекеттік білім грантының саны артатындығы жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ағымдағы жылдың қаңтар айында мәлімдеп үлгерген болатын. Министр демографиялық жағдайға байланысты оқушылардың саны арта түсетіндігін тілге тиек етіп, соған байланысты мемлекеттік білім беру грантының да саны көбейетіндігін айтқан. Расында да, жыл сайын елімізде мектеп бітіруші түлектердің саны артып келеді. Айта кетейік, 2016 жылы 86 999 түлек мектеп бітірген болатын. Бұл биылғы түлектер санынан 50 мыңға аз. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуде педагогикалық, техникалық және әлеуметтік, қызмет көрсету салаларының мамандықтарына басымдық беріледі. Өйткені еңбек нарығында техникалық мамандар саны азайып барады. Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар, мектептерде мұғалімдер құрамы қартаюда. Өткен жылы техникалық және технологиялық мамандықтарға 12,5 мыңнан астам, педагогикалық мамандықтарға 5 мыңға жуық грант бөлінген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз қай өңірге қандай және қанша мамандық керек екенін біліп отыруға міндеттіміз. Сол арқылы жастарды оқытып, олардың жұмысқа орналасуына жәрдем жасауымыз керек. Яғни, басты міндет – елімізге қанша маманның қажеттігі. Әйтпесе, бізде жастар Алматы мен Астанада университетті бітіреді, сосын ЖОО дипломы бола тұра, жақсы ақша табу үшін инженер мамандығын игергісі келіп, механик, болмаса металлургтің кәсіби училищесіне қайта түсіп жатады. Сонда қалай болғаны? Демек, еңбек нарығында инженерлерге сұраныс жоғары. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік білім гранты текке кетіп жатыр деген сөз!», – деген едi. Яғни, білім гранттарының текке кетпеуін бақылауға алу қажет. Ол үшін нарыққа қандай мамандар қажеттігін саралап алған жөн. Сөйтіп білім гранттары сұранысы жоғары мамандықтарға көбірек бөлінеді. Қазір бұл жағдай реттеле бастаған тәрізді. Елімізде мамандар жетіспейтін салаларға кадр даярлау үшін мемлекеттік білім грантын да белгілі бір мамандықтарға көбірек бөлетіні рас. Бұл да өз кезегінде орынды шешім. Өйткені осы арқылы техникалық мамандықтарға деген сұраныс арта бастады. Бірақ грант санының көптігі балалардың мамандыққа емес, «тегін оқуға» деген ықыласын күрт өсіріп жібергені де жасырын емес. Тегін оқуға қол жеткізу үшін көптеген оқушылар техникалық мамандықтарды таңдап, бұл факультеттерді жоғары білім алып шығудың бір жолы ретінде ғана қарастырады.

Мамандық таңдау маңызды

Заман талабына сай мамандықтардың бірі жойылып, бірінің мазмұны өзгерсе, енді бірі жаңадан пайда болады. Бұл – заңдылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарда елімізде экономика, заң саласындағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Осылайша, елімізде жоғары оқу орнын бітірген экономист, қаржыгер, заңгерлер қатарының тым көбейіп кеткендігі жасырын емес. Мектеп бітірген түлектердің басым көпшілігі осы мамандықтарды таңдайтын. Ал техника, физика, химия, тау-кен ісі саласының мамандары, инженер, металлург, құрылысшы сынды өзге де мамандықтардың иесі атануды қалайтын жастар қатары тым сирек болды. Бүгінгі ахуал мүлдем бөлек. Нарық талабына сай мамандық қажеттілігі де өзгерді. Қазіргі кезде техника және технология саласындағы мамандар, технолог, инженерлер, құрылыс мамандары, агрономдар, педагогтарды әзірлеуге баса назар аударылуда. Бізде қазір агроном, ветеринар, жалпы ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Тіпті, космонавтика, атомдық ядро, энергетика салаларында мамандарымыз жоқтың қасы. Мамандық таңдау – әрбір мектеп түлегінің алдында тұрған үлкен мәселе. Мамандық таңдау кезінде талапкер де, ата-ана да жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал. Кез келген ата-ана баласына өзінің жаны сүйетін мамандықты таңдауға мүмкіндік беруі қажет. Онсыз өз мамандығының шебері болу мүмкін емес. Жүсіпбек Аймауытовтың: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет», – дегені біздің ойымызды нақтылай түсетіні сөзсіз. Мәселен, шетел мектептерінде баланы жастайынан өзінің икемі бар саласына бейімдейді. Бұл құптарлық іс. Математикаға құмартса, ол кейін математиканың жілігін шағатын маман болып шығады. Спортқа бейімі болса, әлемге танымал спортшы болуы әбден мүмкін. Бірақ бүгінгі жастардың мамандық таңдау жағдайы басқаша. Ақылы бөлімде оқытуға шамасы келмейтін, қалтасы жұқа қарапайым жұрт айналайын баласының қай мамандық болса да диплом алып, ең бастысы, грантқа түсуін тілейді. Сол себепті грант көп бөлінетін пәнді таңдап жатады. Тіпті, ата-аналар «Басқаға балы жетпегендіктен, техникалық мамандықтарға құжат тапсырдық» деп балаларын мұндай қадамға өздері бастайды. Екіншіден, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде де мамандық таңдауға белгілі бір мөлшерде шектеу қойылатын сияқты. Байқап қарасақ, оқушылардың басым бөлігі өздеріне ұнайтын мамандықты таңдамай, Ұлттық бірыңғай тестке кіретін таңдау пәндерінің ішінен өзінің шамасы келетін, жеңілдеу пәнді таңдайды. Мақсат – ҰБТ-дан аман-есен өтіп, жоғары оқу орнына түсу. Армандарына қол жеткендей болғанымен, ол мамандықты ұнатпай, оқуды тастап кетіп жататындар да баршылық. Әу баста кеткен қателіктің салдарынан өмір бойы опық жесе, екінші ұшы грантты ұтуға балы жетпей, тегін оқуға іліге алмағандарға тиіп жатады. Осылайша, қоғамда білім үшін емес, диплом үшін оқитын топ қалыптасты. Ең өкініштісі, олардың қарасы жыл өткен сайын артуда. Ал олардың барлығы бірдей шын мәнінде білікті маман болып шыға ала ма? Мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі мамандық таңдауға немқұрайлы қарайды. Бұған не себеп? Мамандар бұған белгілі мамандыққа баулитын бағдарламалардың жоқтығы себеп екендігін айтады. Қазір жаңа технология заманы. Бірақ бұл салаға қатысты мамандықтардың насихаты аз болып тұр. Тек бұл салада ғана емес, жалпы мамандық түрлері туралы ақпараттың аз екендігі жасырын емес. Негізінен, мамандықтарға қатысты ақпараттың көп болуы баланың өз жолын табуына үлкен септігін тигізер еді. Сондықтан, сұраныс жоғары, бірақ кадр тапшы мамандықтарға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аудару қажет.