1690
Отырар төбеден ХІІІ ғасыр жәдігерлері табылды
Отырар төбеден ХІІІ ғасыр жәдігерлері табылды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар төбеден ХІІІ ғасыр жәдігерлері табылды. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары тарихи орыннан Моңғол шапқыншылығы кезіндегі кәріз жүйелері, ыдыстар мен тиындарды тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Өркениеттің ізі қалған қасиетті Отырар төбеде жұмбақ сырлар жетерлік. Тарихи жәдігерлерге толы мекенде туристер легі де толастаған емес. Себебі, тарихтың талай сырын ішіне бүгіп жатқан бұл мекеннің жұмбағы әлі де көп. Соған байланысты мұнда жоспарланған қазба жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Дәл қазір киелі жұртта Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қазба жұмыстарын жүргізуде. «Біз қазір Моңғол шапқыншылығы болған 13 ғасыр деңгейіне жеттік. Сол кезеңді бейнелейтін бұйымдар мен тиындар шығып жатыр. Оның әрқайсысы өткен өмірден сыр шертеді. Ол жәдігерлер әбден зерттеліп болған соң, мұражайға қойылады», - дейді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ильяр Акомолдинов. Қатпар-қатпар топырақтың ішінен әр дәуірдің ізін тауып, тану да үлкен біліктілікті қажет етеді. Өйткені, Отырар бүтін сақталған қала емес. Бірнеше мәрте қирауға ұшыраған. Бүгінде археологтардың көп шаруасы жергілікті тұрғындар көмегімен де ілгері басуда. Ауыл адамдары 3-ші жаңғыру тұсында елін тануға, жерін білуге құштарлық танытып отыр. Арнайы топқа қол күшімен жәрдемдесуде. «Біз осындай өлкеде туғанымызға мақтанамыз. Мұнда келушілер көп. Сондықтан осы қазба жұмыстарына ылғи қатысамыз. Бұл - біздің көмегіміз, әрі үлесіміз», - дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Иманбердиев.