Сәуірде жоғалып кеткен астаналықтың денесі көлігімен бірге өзеннен табылды

Сәуірде жоғалып кеткен астаналықтың денесі көлігімен бірге өзеннен табылды

Сәуірде жоғалып кеткен астаналықтың денесі көлігімен бірге өзеннен табылды
ашық дереккөзі
Биылғы сәуір айында із-түзсіз жоғалып кеткен Астана қаласы тұрғынының денесі көлігімен бірге Ақмола облысындағы өзеннен табылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. «16 шілде күні сағат 08.47-де Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Сабынды ауылдық округі, Алғабас ауылынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде Нұра өзенінен «Toyota Runner» маркалы көлік судан шығарылды. Ішінен 22 сәуір күні балық аулауға кетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен 1984 жылы туған ер адамның денесі табылды», - деп хабарлады Иманқұлов. Ағымдағы жылдың сәуір айында елорда тұрғыны Берік Құсайынов әріптестерімен бірге балық аулауға кетіп, үйіне қайтып оралмаған болатын. «Ақмола облысы бойынша, жақын ауылдарда және Нұра өзенінің бойымен жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілуде. Іздестіру ісі қозғалды, оның аясында жоғалған ер кісіні іздестірудің барлық қажетті шаралары қолға алынып жатыр», - деп атап өткен болатын Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен. Ал Берік Құсайыновтың зайыбы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында оның жанында болған әріптестері үйлеріне оралғандарын, бірақ қойған сұрақтарға жауап бергілері келмейтіндігін айтқан болатын. «Күйеуім әріптестерімен бірге кеткен, бірақ олар күйеуімсіз қайтып келді. Мен аудандық Ішкі істер бөлімінде болдым, олардың бірі сонда отыр. Менің қойған сауалдарыма ол жауап қатпады. Біз оның жанында отырдық, ол маған тіс жармады, іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқандығын айтпады, амандаспады да. Ол кісі үн-түнсіз үстелге қарап қана отырды», - деді ол. Ер адамның жоғалғаны туралы ақпарат Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған болатын. Онда Берік Құсайыновтың 1984 жылы туғандығы, үйден 19:00 шамасында әріптестерімен бірге Ақмола облысы Сабынды ауылына қарай балық аулауға шыққаны туралы хабарланған. Ол өзінің Toyota 4Runner көлігімен кеткен.