332
Қою сүттің қаймағы жеңсік асқа айналып кетпегей
Қою сүттің қаймағы жеңсік асқа айналып кетпегей
Төрт түлік мал өсіретін қазақтың сүт өнімдерінен алшақ болуы әсте мүмкін емес. Алайда бүгінгі күні қаладағы жұрт табиғи сүт өнімдеріне оңайлықпен қол жеткізе алмайды. Дүкен сөрелерінде жайғасқан сүт және өзге де сүт өнімдері туралы қауесет көп. Тіпті, қазіргі кезде табиғи сүттің де құнарлылығы төмендеп, майлылығы азайған дегенді жиі естиміз. Мұның сыры неде? Еліміздегі сүт өндіру ісінде қандай кедергілер бар? Агросекторлы ел саналатын Қазақстанға сүт неге шет мемлекеттен жеткізіледі?
Дамыған елдерде бір адам жылына 500 келі сүт өнімдерін тұтынуы тиіс болса, бізде бұл мөлшер небәрі 200-230 келіден ғана бұйырады екен. «Соның салдарынан дәрумендер, минералдар және микроэлементтер адам бойына тиісті мөлшерде дарымайды» дейді мамандар. Олардың пайымдауынша, дүкен сөрелеріндегі әр бесінші сүт өнімі ғана елімізде өндіріледі екен. Яғни, қалғаны сырттан жеткізіледі деген сөз. Кейбір дерек көздеріне жүгінсек, Қазақстан жылына 5 млн 400 мың тонна сүт өндіреді. Қазіргі таңда отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өнімдермен толық қамтамасыз ете алмайды. Өндірілген шикізаттың тек үштен бір бөлігі өнеркәсіптік қайта өңдеуден өткізіледі. Отандық кәсіпорындар оралған сүт өнімдерімен тұтынушылардың қажеттіліктерінің тек 27 пайызын қамтамасыз етеді.
Дегенмен, соңғы жылдары елімізде сүт өндірісінің әлеуетін арттыруға басымдық беріле бастады. Мәселен, өткен жылы сауын сиырлары бар үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру ісі қолға алынған. Жыл сайын елімізде сауылатын сүт көлемі артқанымен, өндірістік өңдеуге тек 30 пайызы ғана пайдаланылады. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Аздаған малы бар шаруалар бас қосып, ортақ ұжым құра алады. Артынша сүтті бір қоймада жинап, оны қымбат бағаға өткізуге мүмкіндік бар. Мемлекеттік демеу қаржының арқасында қайта өңдеу зауыттары кооперативтерден сүтті 70 теңгеден емес, 95 теңгеден қабылдауы шарт. Бұл екі жаққа да тиімді болса керек. Жеке сектор иелері сиыр өнімін ұтымды өткізсе, кәсіпорын өкілдері кооперативтен сапалы шикізатты талап етуге құқылы.
Бұл салаға қанша қолдау көрсетілсе де, отандық сүт өндіруші компаниялар қазақстандықтардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі уақытта елімізде сүт өнімдерін шығаратын 60-қа жуық отандық компания бар. Бірақ сүт өнімдерінің импорты азаймай отыр. Агросекторлы ел саналатын Қазақстанға сүт өнімдерінің 40 пайызы Қытай, Ресей және Қырғызстаннан жеткізіледі. Мамандар мұның бір себебін сүт шикізатының күзгі және қысқы мезгілдерде жетіспеуімен байланыстырады. Жазды күні шаруалар бар сүтін өткізуді мақсат тұтса, қыс мезгілінде керісінше, кәсіпорындарда тапшылық пайда болады. Осының салдарынан, қыста өндіріс ошақтарының қарқыны бәсеңдей түседі. Ал мұндай кезде отандық компаниялардың біразы Ресей мен Белоруссиядан жеткізілген құрғақ сүтті езіп, сұйық сүтке айналдырады. Деректерге сенсек, жаз мезгілінде сүт қыстан қарағанда 9 есе көп өндіріледі екен. Мұның негізгі себебі – шикізаттың 70 пайызы жеке сектордың иелігінде. Сондықтан, ең алдымен өнеркәсіп кәсіпорындары шаруадан алатын шикізаттың сапасын жоғарылату үшін бағасына, тасымалдау құнына, тапсырыс уақытына алдын ала келісім жасауы қажет. Негізінен, үй шаруашылығында өндірілетін Қазақстандық сүт сапа стандарттарына жауап бермейді.
Тағы бір айта кететін жайт, сүт өндіруші кәсіпорын басшыларының жеке шаруалардан алатын сүттің сапасына көңілі толмайды. Өйткені соңғы уақыттарда қол сүтінің құнарлылығы төмендеп, майлылығы азайған. Тіпті, кейбір ауыл тұрғындары сүтке су қосып жіберетін көрінеді. Ал бұл өз кезегінде өнімнің майлылығына кері әсер етеді. Осындай олқылықтар орын алатындықтан, кәсіпорындар жұмысты нақты шаруашылықтармен жүргізгенді құп санайды. Өйткені мұнда мал үнемі қатаң тексерістен өтіп отырады. Олар жем-шөпке көп көңіл бөледі. Малдардың жағдайын күнде бақылайтын ветеринары бар. Ал жеке секторда сиырларды әркім әрқилы күтеді. Бұл, әрине, сүттің сапасына әсер етеді.
Соған қарамастан, сүт өнімдерін шығаратын отандық компаниялар да тұтынушыларын алдап кететін жағдайлар тіркелуде. Мәселен, жыл басында отандық 58 компанияның 38-і өз тұтынушыларын алдағаны белгілі болды. Қарапайым халықты сан соқтырған компаниялардың қатарында беделді отандық тауар өндірушілер мен шетелдің ірі компаниялары да бар. Нәтижесінде соттың үкімімен бірқатар фирмаларға 79 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, адамның өміріне қауіп төндіретін 25 тонна тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды. Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, сүт өнімдерін шығаратын кейбір компаниялар табиғи сары майдың орнына өсімдік майын қосып, жалған өнімдер шығарыпты. Мұны Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті арнайы мониторинг жүргізу арқылы анықтаған. Комитет 372 сүт өнімдеріне арнайы тексеріс жүргізіп, 117 өнімнің жалған екенін анықтаған. Яғни, олар өз өнімдерін дайындаған уақытта шикізатты тексермеген. Осыған байланысты кейбір компаниялар өз өнімдерінің құрамында өсімдік майының болғанын да білмеген.
Қазіргі уақытта мезгілдік шикізат мәселесін шешу мақсатында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы жұмыс істеуде. Аталмыш жоба аясында шаруалар сүтті-тауарлы фермаларды ашу мүмкіндігіне ие болды. Енді тек асыл тұқымды малды ғана емес, қарапайым сиыр басын көбейтуге болады. Табиғаттың заңына бағынбай, қолдан ұрықтандырудың арқасында сиырлардың бұзаулауын жоспарлауға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде, ферма иелері сүтпен жыл бойы үздіксіз қамтылады.
Қайта өңдеу зауыттарын тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Қазақстан ортақ ережеге сай, тауар өңдірушілерді қаржылай қолдауын тоқтатуы тиіс. Демек кәсіпкерлер қосымша құн салығын төмендетілген мөлшерлемемен төлеу мүмкіндігінен қағылмақ. Қазір өндіріс ошақтары аталған салық түрін белгіленген 12 пайыздың орнына, 4 пайыздан ғана өтеп жүр. Төбе шашы тік тұрған кәсіпкерлер енді тығырықтан шығар жолды іздеп әлек.
Сүт өндірісіндегі тағы бір мәселе – отандық сүт өнімдерінің бағасы. Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасынан келетін сүт өнімдерінің бағасы отандық сүт өнімдеріне қарағанда арзан. Мыңдаған шақырым қашықтықтан жеткізілетін өнімдер бағасы өз жерімізде өндірілген тауарлардан қалай төмен болуы мүмкін? Мамандар мұндай жағдай тауар өндірушілердің ірі сауда желілеріне тікелей тәуелділігінен туындап отырғандығын алға тартады. Яғни, олардың келісімшарттары көбіне екі тарапқа бірдей тиімді болмайды екен. Ал тауар өндірушілер сауда желілерінің отандық өнімдердің бағасын өз қалауларынша қымбаттатып сататындығын айтады. Өнім бағасы өссе, жергілікті тауар өндірушілер өз тұтынушыларынан айырылуы мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Бұл орайда нарықты шетел тауарларының жаулап алатыны сөзсіз. Бұндай жағдайға жол бермеу үшін қазір Ұлттық палата өкілдері Дүниежүзілік сауда ұйымының шартына сай, сүт саласына тұтастай жеңілдік беруді қарастырып отыр. Алайда бұл жағдайда тек отандық өндірушілер ғана емес, өзге елдің кәсіпорындары да Қазақстанның демеуіне ие болады.