232
Қаруды ұстағаннан – тастаған оңай
Қаруды ұстағаннан – тастаған оңай
Астанада Сирия мәселелерін талқылаған бесінші келіссөздер өтті. Жыл басынан бері Еуразия төрінде ай аралатып өтіп жатқан ұзын-сонар процесс мұхиттың ар жағы мен бер жағының назарын түгел өзіне аудара бастады. Өткен аптада Үлкен жиырмалық басқосуы кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің бірінші кездесуіне арқау болған да осы тақырып: Сирия. Астана алаңқайы. Ғаламдық саясат.
Базбіреулер бесінші келіссөздер жемісті болған жоқ деп жалаулатып-ақ жатыр. Шамасы, алты жылдан бері соғыс өртіне оранған мемлекеттегі мүддесі әр қилы топтардың бәрін ымыраға келтіруді оңай іс көрсе керек. Шынын айтсақ, қарулы топтардың серкелері далалық полигон кебенектерін тастап, иықтарына бейбіт кезеңнің киімін киіп, соғыс майданынан үш жарым мың шақырым жерде жатқан қазақ даласына арнайы келуінің өзі орасан қажыр-қайрат пен мүлтіксіз дипломатиялық өнерді қажет ететін еңбек. Себебі соңғы екі жылда БҰҰ мұрындық болуымен Женева қаласында алты кездесу өткенін білеміз, бірақ бұл келіссөздердің кейбірі кейін қалдырылып, кейбірінде қатысушылардың саны кемшін түсіп, ортақ мәмілеге келудің сәті түспеді. Оның үстіне, Астана келіссөздерінің бір артықшылығы – мұндағы әңгімеге ресми билік өкілдерімен бірге сириялық қарулы оппозицияның басшылары араласты, ал Женевада төрелік айтуға көбіне Асад үкіметінің адамдары таласқан еді. Сондықтан астаналық келіссөздердің арқасында сіресе қатқан мұз көбесі сөгілді, сең қозғалды деп айтуға негіз бар. Осы себепті азуын Айға білеген АҚШ бұл процестен тыс қалудың тиімсіз екенін мойындап, әуелі бақылаушы ретінде қатысып, енді екіжақты кездесулерде астаналық келіссөздердің барысы мен бүгінгі нәтижелерін талдауға құлық танытып отыр.
Сирия мәселелері жөніндегі Астанадағы бесінші келіссөздердің нәтижесін іле-шала Қазақстан мен Ресей мемлекет басшылары телефон арқылы өзара әңгімелескенде талдады. Одан соң бұл тақырып Ресей мен АҚШ президенттерінің тұңғыш кездесуі барысында тағы қозғалды.
Сонымен, бесінші келіссөздердің нақты нәтижесі не? Біріншіден, оқ атылмайтын төрт аумақтың шекарасын бекіту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелер әлі де пысықтай түсуді қажет етеді. Себебі бұл үшін Асад үкіметі мен қарулы оппозициялық топтармен қоса, Сириядағы майданға араласып отырған мемлекеттердің барлығы ортақ мәмілеге келуі тиіс. Бұған дейінгі мамыр айындағы кездесуде бұл төрт аймақтың Идлиб аймағы, Хомс қаласының солтүстігі, Шығыс Гута мен Сирияның оңтүстігінде құрылатыны келісілген еді. Бірақ деэскалация аймақтарының нақты шекарасын бекіту оңай іс болмай шықты. Есесіне, осы мәселелерді талқылап, ортақ шешім қабылдау үшін бірлескен жұмыс тобы құрылатын болды. Бұл топ тамыз айының алғашқы күндері Иранда өз жұмысын бастайды.
Екіншіден, ортақ мәмілеге келе алмаса да, бұл келіссөздерге сириялық үкімет пен қарулы оппозиция делегацияларының және кепіл мемлекеттер мен бақылаушы елдер өкілдерінің төрт көзі түгел қатысқаны маңызды. Бас-аяғы алты айдың ішінде бес кездесу өткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне, бұдан ертерек басталған Женевадағы сириялық келіссөздер алты басқосу өткізсе де, оған сириялық қарулы оппозиция өкілдерінің ат ізін салмағаны мәлім. Сондықтан астаналық алаңқайдағы әңгіменің жөні де, салмағы да бөлек.
Үшіншіден, алдағы тамыз айында мүдделес тараптар қайтадан Астанаға жиналып, алтыншы келіссөздер өткізетін болды. Бұл дегеніңіз, Астана алаңқайы жұмысын одан әрі жалғастырады деген сөз. Дипломатияның күрделі тіліне салсақ, ең бастысы, келіссөздердің тығырыққа тірелмей, ортақ шешім іздеу ісінің тоқтамағаны маңызды. Мұндайда нақты нәтижеге жетумен қатар шешім іздеуде қолды бір сілтеп, шарасыздыққа ұрынудан сақтанудың өзі – жетістік. Астаналық алаңқайдың ғаламдық қауымдастыққа жолдаған анық сәлемі – Сириядағы соғысты тоқтатып, бітіспес қарсыластарды бітімге келтірудің үміті бар, қанды қанмен жууды қойып, дипломатиялық шешім табуға ұмтылу керек. Астаналық келіссөздер көрсетіп бергеніндей, алты жылдан бері қанды қырғынның ішінде жүрген оппозициялық топтардың ішінде сөз ұстауға лайық, мәмілеге келуге бейім серкелерді табуға болады. Тек кіммен қалай сөйлесудің ебін білген жөн. Бәлкім, «қалауын тапса, қар жанар» деген қазақ мәтелінің қолданылар тұсы осы.
Әйтсе де, Астананың халықаралық деңгейдегі арағайындығы мен Сириядағы әскери қимылдарға тікелей атсалысуы екі бөлек мәселе. Бірақ осы күндері “Қазақстан Сирияға әскер жібереді-мыс” деген алыпқашпа сөздің тарағаны рас. Әскер жіберу туралы жорамал ресейлік тараптан айтылған. Осыған орай, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, бұл жөнінде ешқандай келіссөздердің тіпті басталмағанын пысықтады.
Расында, жарты жыл ішінде бес бірдей басқосу өткізіп үлгерген Астана келіссөздер алаңқайының ең үлкен жетістігі – соғыс жүріп жатқан Сирия аумағында оқ атылмайтын төрт бірдей аралық аумақ құру туралы шешім қабылдау болатын. Бірақ бұл аумақтардың шекарасын бекіту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – осы келіссөздерге қатысатын кепіл мемлекеттердің, яғни Ресей, Түркия мен Иранның жауапкершілігіндегі іс. Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы резолюциясы қабылданбайынша, ешқандай аймаққа қазақстандық әскер аттанбайды. Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов бұл мәселе туралы ресми ұстанымын білдірді: «Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеу үшін мүдделес тараптардың кездесуіне Астана алаңқайын беріп отырғанының өзі біздің мемлекеттің осы іске қосқан нақты үлесі. Қазақстан Сирияға өз әскерилерін аттандыру үшін ешкіммен келіссөздер жүргізіп отырған жоқ», – деп ашып айтты.
Қазақстан биылғы жылдың басынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған. Ендеше, аймақтық қақтығыс ушыққан жерлерге осы ұйымның мандатынсыз әскер кіргізу бейбіт ұстанымдағы Қазақстанның сыртқы саясатына қайшы.
Бұл күндері Сирия мәселесін реттеуге тұсау болатын сыбыс та, сөз де біршама. Соның бірі – Ақ үйдің Башар Асад үкіметін “жаңа химиялық шабуылға дайындалып жатыр” деп айыптауы. Осылайша, АҚШ биылғы жылдың 4 сәуірінде болған Хан-Шейхун қаласындағы 80 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаны меңзеп отыр. Егер осыған ұқсас жағдай тағы бола қалса, Ақ үй елу тоғыз «Томогавкіден» нөсер жаудырған әрекетін қайталамақшы.
Астаналық жиынға сириялық оппозицияның тоғыз өкілі келіп қатысты. Бірақ бұл жолы олар қандай да мәлімдеме жасаудан бойларын аулақ ұстады. Әйтсе де, астаналық алаңқайда қарулы оппозиция өкілдерінің болуы өте маңызды. Бұған қоса, бүгінгі таңда Сирияда уақытша бітім келісіміне қарулы оппозицияның 65 тобы қосылғанын айту кету керек.
Сириялық үкіметтің делегациясын осы елдің сыртқы істер министрі Башар әл-Джаафари бастап келген. Келіссөздердің нәтижесі туралы сұраққа ол Түркияны кінәлаумен жауап берді. «Түркия делегациясы осымен бесінші мәрте оң нәтижеге қол жеткізуді қиындатып отыр», – деді ол. Сириялық үкімет өкілінің былай деуінің себебі бар. Себебі ресейлік дереккөздерге жүгінсек, Анкара Сирияның солтүстік-батысындағы Эфрин қаласын өз бақылауына алу үшін Кремльмен саудаласып отыр. Яғни, осы қала, Түркия ықпалына өтсе, онда Анкара Идлиб қаласында оқ атылмайтын аймақ құруға атсалысады. Бірақ бұл айыптау ашық айтылса да Түркия делегациясы үнсіз қалып, оның орнына Ресей президентінің арнайы елшісі Александр Лаврентьев жауап берді. «Астаналық процесте кепіл мемлекеттер арасында шешім консенсус негізінде қабылданады, деэскалация аймақтарын құруды мақсат еткенде біз үш кепіл мемлекеттің ұстанымын ескеруіміз керек. Түркия тарабы осы келіссөздер барысында қажетті келісімге келіп, шешім қабылдауға уақыт сұрады», – деді ол. Сонымен Хомс аймағы мен Шығыс Гутаға қатысты келісім бар, енді қалған екі аймаққа қатысты уағдаластыққа қол жеткізу керек.
БҰҰ Бас хатшысының арнайы елшісі Стеффан де Мистура астаналық процесті одан әрі жалғастырудың маңызын атап көрсетті. «Астанада бүгін ғана емес, бұған дейін болып жатқан келіссөздер осы процеске өз үлесін қосып отыр, себебі деэскалация біз үшін өте маңызды. Ал Женевадағы келіссөздерге келсек – тым көп нәрсе күтудің қажеті жоқ екенін ескерткім келеді, ең абзалы осы. Мен 19 қақтығыс бойынша жұмыс істедім, бұл – солардың ішіндегі ең күрделісі. Кейбір қақтығыстар бойынша талқылау 10-15 раундқа созылды, шешім содан кейін ғана қабылданды», – деді ол.
Астаналық келіссөздердің алтыншы кезегі тамыз айының соңғы аптасына жоспарланып отыр, бірақ ертерек өтуі де ықтимал. Бұл жолы тұтқын алмасу, тарихи ескерткіштерді бүлінуден сақтау, ұлттық бітімге келу жөнінде сириялық комитет құру сияқты мәселелер тағы талқыланды. Бірақ бұл мәселелер бойынша келеге келудің орайы деэскалация аймақтарын құрудың қаншалықты сәтті аяқталатынына байланысты.
Әзірге белгілісі – кепіл мемлекеттер оқ атылмайтын аймақтарда жағдайды бақылау үшін үйлестіру орталықтарын ашуға уағдаласты. Қолда бар деректерге қарағанда, бұл аймақтардағы тыныштықты бақылауды үш кепіл мемлекет өз мойнына алады: Сирияның оңтүстігінде – Ресей, солтүстігінде – Түркия мен Ресей, орталығында – Иран мен Ресей. Ресейлік делегация басшысы бұл орталықтарда жеңіл қаруланған ресейлік әскери полицияның жұмыс істейтінін хабарлады.
Астаналық келіссөзден бес күннен соң Женева келіссөздері қайта жанданды. Бұған астаналық алаңқайдың септігі тигені даусыз. Мистура мырза айтпақшы, Астана-5 пен Женева-7 келіссөздері бұдан әрі жалғасын табады, себебі соғысты тоқтатып, Сирияда бейбіт тіршілікті қайта жандандыруда бұл келіссөздердің саны емес, сапасы маңызды.