257
Омбудсмен Бас прокурорға үндеу жолдады
Омбудсмен Бас прокурорға үндеу жолдады
Алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді ұсынды Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров Бас Прокурор Жақып Асановтың атына үндеу жолдап, кәмелетке толмаған балаларды асырауға алиментті өндіріп алу тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді деп хабарлады Егемен Қазақстан.
Үндеуде елімізде ана мен баланы қорғау бағытында атқарылып жатқан игі шаралар сөз болған. Нақтылай айтқанда, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала туылуына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы көлемінің 20 пайызға өскені, мемлекеттің әлеуметтік бағдары дұрыс жолға қойылғаны, «Алимент төлемегендерге қарсы 30 қадам» атты ауқымды қоғамдық жобаны жүзеге асырудағы Бас прокуратураның маңызды рөлі атап көрсетілген. Сондай-ақ, үндеуде ұлттық құқық қорғау мекемелеріне алиментті өндіріп алу бойынша сот актілерінің орындалмағаны жөніндегі арыз-шағымдардың көптігі айтыла келіп, бұл мәселеге орай нақты шаралар көру қажеттігі қозғалған. Бұған қоса, Омбудсмен өз үндеуінде сот шешімдерінің дер кезінде орындалмауына қатысты бірнеше себептерді атаған. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің осы мәселеге байланысты дерегіне қарағанда, сот орындаушылары атқарушы құжаттарды мерзімінде жеткізбейді немесе жоғалтып алады, борышкерлерден заңнама жүзінде мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары іске асырылмайды, алимент төлеуден жалтарған азаматтарға қарсы қозғалған істі қарау кезінде құқық қорғау органдары шұғыл шешімдер қабылдамай, соның салдарынан іс барысы себепсіз созылып кетеді.
Үндеудің соңында ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, құқықтық сана-сезімді көтеру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, құқықтық білім беру, сот орындаушыларын оқыту іс-шараларын тұрақты жүргізу, медиация институтының тәжірибесін кеңейту, осы саладағы кәсіби медиаторларды дайындау және басқа да маңызды мәселелер қозғалған.