773
Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметіне - 25 жыл
Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметіне - 25 жыл
Еліміз тәуелсіздік алған бетте өзге мемлекеттермен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға қызу кірісіп, халықаралық аренада өз орнын айқындады. Бұл туралы Хабар24 арнасы хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселені жан-жақты қарастыру керек болатын. Ал біздің сыртқы саяси қызметтегі дәстүріміз жұтаң еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі дипломатиядан алыс қызметпен шұғылданатын. Осындай күрделі мәселені шешу міндеті туып тұрған мемлекеттің шетте бірде-бір дипломатиялық өкілдігі жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде тәуелсіздік алған жылдардағы мемлекетіміздің дипломатиялық қарым-қатынастарын осылай сипаттаған болатын. Шынында да егемен елдің алдында көптеген мақсаттар тұрды. Ең алдымен ТМД аясында экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістікті сақтап қалу қажет болды. Ал келесі кезеңде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүшесі болуға талпыныс жасады. 25 жыл өткеннен кейін бұл міндеттер орындалып қана қоймай, еліміз бүкіл әлемдік қауымдастықта беделі жоғары республикаға айналғанын аңғара аламыз.
Нұрлан Онжанов, ҚР Президентінің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі:
- Біздің сындарлы, бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз, көреген халықаралық бастамаларымыз дүниежүзілік қауымдастық тарапынан кең танылды. Қазақстан жауапты әрі тұрақты әлем мемлекеттерінің қатарына нық қосылды. Сыртқы саяси координаттар жүйесінде өзінің беделді де лайықты орнын таба алды. Қазақстанның тәуелсіздігін 117 мемлекет растады. Олардың 105-імен дипломатиялық қатынас орнаттық. Әлемнің 60-тан астам елінде біздің елшіліктер мен дипломатиялық миссиялар ашылды. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды бірнеше халықаралық бірлестіктің мүшесіне айналды. Ержан Қазыханов, ҚР АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі: - Сыртқы істер министрлігінің қызметі сырт көзге білінбейді. Алайда біз өте көп жұмыс атқарамыз. Оның арқасында еліміздің сыртқы саясаты алға басып, ел тұрғындарының бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып келеді. Әсіресе ядролық қарудан бас тартып, онымен күресу жолдарын іздеу туралы ұсыныстар көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өткен кезде де бұл жетістіктер ескерілді.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан көп жақты үдерістерге тәжірибелі қатысушы ретінде кіреді. Бұған дәлел ретінде БҰҰ мінберінен жария етілген және арнайы БҰҰ БА бастамаларды атап өту керек. Ол Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, БҰҰ Азия елдерінің экономикаларына арналған бағдарламасы, Арал мен Семейдің экологиялық апат аймақтарын оңалтуды атап өтуге болады. Қазақстанның дипломатиялық аренадағы тағы бірі жеңісі – Астана процесі. 2011 жылы басталған Сирия соғысы әлі өршіп тұр. Біздің мемлекет бұл күрделі түйткілді шешу үшін бар күшін салып жатыр. Жақында ғана елордада бір үстел басында келіссөз жүргізу үшін әлемдегі ірі 15 оппозициялық топ жиналды. Басқосулардың нәтижесінде кепілгер болып табылатын Ресей, Түркия және Иран мемлекеттері Сирияда деэскалация аймағын құру туралы меморандумға қол қойды. Ал бірер күннен кейін тараптар тағы бір рет Астанада бас қосып, Сириядағы жағдайды реттеуге тырысады