Бәрі ақпаратқа тәуелді

Бәрі ақпаратқа тәуелді

Бәрі ақпаратқа тәуелді
ашық дереккөзі
Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған журналистердің халықаралық саяси, экономикалық және рухани-мәдени өзгерістерге қатысты өз айтары бар. Ұдайы қат-қабат оқиғалардың бел ортасында жүретіндіктен, олар көп нәрсені өз көздерімен көреді, бірақ көңілге түйгендерінің көбісін экранның арғы жағында қалдырып, газет беттерінен тыс сақтайды. Себебі ақпарат тарату мен репортаж берудің өз заңдылығы бар: объективті болудың талабы журналистің жеке эмоциясы мен өзіндік көзқарасын шымқап ұстауға мәжбүр етеді. Сондықтан оларға өз орталарында суырылып шығып пікір айтатын, қызылкеңірдек болып айтысатын алаңқай керек. Еуразиялық медиа форум өз делегаттарына қаймықпай пікір айтуға қаншалықты еркіндік беретінін кім білсін, әйтеуір қалам ұстаған қауымның іштегі запыран ойларының бір парасын шығарып қалуға аз да болса сеп шығар. Мысалы, ғаламдық геосаясатта көкпар болған Сирия тақырыбы дәл осы Еуразия медиа форумның алдыңғы жиындарында талай рет талқыланған. Айтылып-жазылғанының кемі жоқ, бірақ Сирияның тағдырына ықпал етер күші аз. Шамасы, дәл осы тақырыпты талдап жазып жүрген журналистер бұл мәселенің ықпыл-жықпылын тереңірек түсініп, астарына үңілуіне ғана себепші болар. Бұл жиын халықаралық саясат туралы жазылатын материалдардың объективтілігі мен сапасының артуына әсер етсе, соның өзін місе тұту керек. Сонымен, форум ұйымдастырушылар Сирия дағдарысын тағы да панельдік сессия тақырыбына шығарыпты. Бір жағынан, биыл жыл басынан бері төрт дүркін өткізілген Астана келіссөздерінің тиімділігін атап өтудің мүмкіндігі. Шынымен де, сессияда сөз сөйлеген қонақтардың барлығы дерлік Қазақстанның Сирия келіссөздерін жалғастырудағы ролін атап өтті. Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Астанада Сирия келіссөздерінің қалай басталғанын, оған кімдердің мұрындық болғанын тәптіштеп, оған дейін де Қазақстанның сириялық оппозициялық топтарды шақырып, араағайын болу талпыныстарын кеңінен баяндады. Бастысы, Қазақстанның Сирия жеріне ешқандай әскер жібермейтінін ашып айтты. «Сирияға Қазақ­стан атынан бейбітшілік орнатушы отрядтар жіберу туралы ресми келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ» деді министр. Осы талқылауға Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүлдің қатысуы күрдтер мәселесін көтеруге түрткі болды. «Біз күрдтерге доспыз, бірақ олардың ішінде Күрдістан жұмысшы партиясымен ауыз жаласқан, біздің мемлекеттің жаулары да бар. Меніңше, олар аймақтағы ықпалын кеңейтіп, сосын арабтар мен басқа этностық топтарды тықсырып шығарып тастағысы келеді. Қайталап айтайын, аймақтық, саяси шекаралар бұрынғы күйінде қалуы тиіс», – деді экс-президент. Осы талқы үстінде ащы шындық та айтылып қалды, сириялық оппозициялық күштердің өкілі Салим Худайфа Сирия тағдырына ықпал етуге ұмтылған әрбір алпауыт елдің тек өз мүддесін көздейтінін ашына айтты: «Соғысып жатқан әр түрлі тараптардың артында тұрған алпауыт елдердің әрқайсысы өз мүддесін ғана көздейді. Бұл мемлекеттер өзара қайшылыққа ұрынған, енді олар жеке мүдделерін қорғау үшін сириялық қантөгіспен ойнап отыр. Рухы әлсіз сириялықтар мен жалдамалыларды өз пайдалары үшін жұмсайды. Соның нәтижесінде Сирия мен ДАИШ – қару мен оның көлеңкесіне айналды». Сирия тақырыбын қаузап жазып жүрген журналистердің ешқайсысы шынайы жағдайды дәл осылай шыншыл сипаттай алмағаны даусыз. Осымен он төртінші мәрте өткізілген медиа форумда Сирия мәселесінен бөлек жасыл экономика, сандық технологиялар, ақпараттық соғыс, Азия экономикасының ерекшеліктері, инвестициялық мүмкіндіктер сияқты көптеген тақырыптар талқыға салынған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл талқылауларға әлемнің 90-ға тарта ақпарат құралынан 920 делегат қатысқан екен. 38 мемлекетте осы форумның отырыстары тікелей эфир желісінде көретілді. Мұндайда әркім өзін мазалаған ойдан хабар беретіні түсінікті. Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазіргі таңдағы ақпараттың тым көптігін айтып, мәліметтерді мида қорытудың қиындығына тоқталды. «Біз What’s Up-та минутына 20 миллион хабарлама аламыз, YouTube-тағы көрсетілім минутына 3 миллионға жетеді. Ақпарат ауқымы арта түскен сайын адамдардың ақыл-ойына манипулияция жасаудың мүмкіндігі көбейіп келеді. Міне, біздің алдымызда тұрған мәселе осы»,– деді. Ал форум төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы журналистік этика туралы пікірімен бөлісті. «Бүгінде қоғамға ақпарат тарататын және ағартушылық іспен айналысатын мамандықты таңдаушыларға Гиппократ анты секілді ант қабылдап, дәрігерлердің «Зиян келтірме» деген маңызды қағидасын басшылыққа алу керек секілді»,– деді ол. Форум мінберінен айтылған осы екі пікірді жеке-дара алып отырғанымызда мән бар. Себебі ақпарат тасқынынан туған қатерден сақтанамыз деп, әрі журналистердің кәсіби этикасы туралы қайталап мәселе көтерудің екінші жағы бар. Ол – ақпарат алу мен тарату еркіндігі, мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын қысым мен цензураны азайтудың қажеттігі. Өкінішке қарай, форумның күн тәртібіне шығарылған тақырыптардың ішінде сөз бостандығы, журналистің шығармашалық еркіндігі мәселелері қағажу қалғандай.