Халың қалай, қара шаңырақ?

Халың қалай, қара шаңырақ?

Халың қалай, қара шаңырақ?
ашық дереккөзі
506
Журналистердің арқалар жүгі ауыр. Бүгінде журналистика саласында аянбай тер төгіп, қазақ баспасөзінің ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген аға буын әріптестеріміз де, замандастарымыз да баршылық. Ал сол қазақ журналистикасына қызмет етіп жүрген талай тарланды ұшырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті. Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне орай ұлттық журналистиканың ұландарын дайындайтын орданың ерекше еңбегін атап өткен орынды. ҚазҰУ-дың журналистика факультеті – еліміздегі журналистер дайындайтын жетекші орда. Сондай-ақ, ТМД елдері бойынша іргелі факультеттер қатарында. Журналистика факультеті халықаралық әріптестікке ерекше назар салуда. Оклахома мемлекеттік Университеті, Колумбия университеті, Дьюка (АҚШ) университеті, Квинсленд (Аустралия) университеті, Азия-Тынықмұхит Бродкастинг институты (Малайзия), Ломоносов атындағы мемлекеттік университет сынды әлемнің озық университеттерінің ұстаздары студенттер үшін арнайы дәріс оқыды. Бұл дәстүр әрі қарай да жалғасын табады. Бүгінде факультетте 3 кафедра жұмыс істейді: Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы. Сұранысқа ие мамандарды дайындайтын журналистика факультетінде білім алатын шетелдік студенттер де жетерлік. Қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздегі республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, халықаралық баспасөздерде, Президент әкімшілігінде, министрліктерде, жетекші партиялардың идеология саласында жауапты қызметтер атқарып жүр. Факультет түлектері әртүрлі саладағы шетелдік және отандық компаниялардың баспасөз қызметінде де жемісті жұмыс істеуде. Ал факультет студенттері алғашқы курстардан бастап-ақ ақпарат құралдарында өндірістік тәжірибеден өтіп, ары қарай сол ортада жұмыс істеуге шақырылып жатады. Журналистика факультетінің бүгінгі оқытушы-профессорлық құрамында тәжірибелі мамандар, білікті ұстаздар, ақпарат құралдарында қызмет атқарып жүрген журналистер бар. Олар болашақ журналистерді тәрбиелеу үшін барын салып, талапты жастардың асқақ арманына жол ашуға тырысады. Сонымен қатар, факультет ғалымдары АҚШ, Түркия, Германия және өзге де шет мемлекеттердің ғылыми конференциялары мен семинарларына қатысып келеді. Сағатбек МЕДЕУБЕК­ҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы:  width= – Жалпы, журналистика факультеті 83 жылға жуық уақыт бойы мамандар дайындап келеді. Журналистика факультеті – оқыту дәстүрі қалыптасқан, материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңғырып отырған, оқу-әдістемелік қоры молайған, маман дайындау ісін жетілдіруге үлес қосатын ұстаздар құрамы айқындалған үлкен ұжым, қара шаңырақ. Журналистика факультетінің ұстаздары қаламы қарымды, ойы орамды, айтары бар мамандарды даярлаудан ешқашан жалыққан емес. Жыл сайын жүзге жуық түлекті журналистика айдынына жөнелтеміз. Мемлекет бізге білімі мен біліктілігі жоғары журналист дайындау міндетін жүктеп отыр. Сондықтан, бізде маман дайындау процесі жаңарып отырады. Қазіргі уақытта студенттер факультетте журналистика, баспа ісі, БАҚ дизайны, қоғаммен байланыс, халық­аралық журналистика мамандықтары бойынша білім алуда. Жаңа оқу жылына аталған мамандықтар бойынша талапкерлерді қабылдау шарасы да жалғасады. Бұрын дәстүрлі түрде журналистика мамандығына талапкерлер шығармашылық емтихан арқылы қабылданатын. Одан кейін баспа ісі мамандығы бойынша да шығармашылық конкурс арқылы қабылдау енгізілді. Енді биылғы жылдан бастап қоғаммен байланыс мамандығын игеруге ниетті талапкерлер де шығармашылық емтихан тапсырады. Журналистика факультетіне аталған мамандықтарға сай ішкі дайындығы бекем, болашақта осы салада халыққа қызмет етемін деген арманы бар, мақсат-мүддесі айқын талапкерлер келеді деп сенеміз. Факультетімізде әл-Фараби телеарнасы мен радиосы жұмыс істейді. Әл-Фараби арнасы – еліміздегі бірден-бір студенттік теле және радиоарна деп айтсам, қателесе қоймаспын. Радиожурналистика бойынша біздің қол жеткізген жетістігіміз осы арнадан басталды. әл-Фараби арнасының телестудиясы студенттердің тәжірибесін арттыруға үлкен септігін тигізуде. Телеарнада да, радиода да факультет білімгерлері қызмет етеді. Кез келген студент аталған арнада бірінші курстан бастап жұмыс істеп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Тағы бір айта кететін жайт, қазір мамандықтар бойынша ағылшын топтары ашылды. Ағылшын тілін жетік меңгерген білімгерлер осы топтарда білім алып, қазақты әлемге танытуға талпыныс жасай алады. Бүгінде факультеттің көптеген түлегі шет мемлекеттерде білімін жалғастырып, өзге елдегі әріптестермен тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ, университет қабырғасында оқып жүрген студенттердің де академиялық ұтқырлық жүйесі арқылы өзге жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндігі бар. Студенттер үшін маңызды жайттардың бірі – жатақхана мәселесі. Жоғары оқу орындарында жатақхананың жетіспеушілігі жылда үлкен дауға айналатыны белгілі. Бірақ Ұлттық университетте 1-курс студенттері міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі. Жатақхананың жағдайы өте жақсы, студенттерге барлық жағдай жасалған. Магистратурада оқитын білімгерлер үшін ашылған Ғалымдар үйі де бар. Миллионнан астам қоры бар әл-Фараби кітапханасы да студенттердің игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Ал «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы білімгерлердің талай мәселесін шешіп, шаруасын жеңілдетіп береді. Кәкен ҚАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор:  width= – әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетінен түлеп ұшқан түлектердің біразы ақпарат саласында басшылық жасап жүр. Олардың бәрі журналистикаға бір жаңашылдық ұсынғысы келеді. Бұл дұрыс. Бірақ өткенсіз бүгін жоқ. Біздің ұлттық журналистика ұлттық дәстүрге сүйену керек. Оның таянышы, іргетасы да ұлттық өнеге болуы қажет. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді қалпына келтіруге өлшеусіз үлес қосқан «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс» сынды қазақ тілді газет-журналдар. Содан кейін, әрине, қазақ көркем әдебиеті. Осылардың арқасында халықтың ұлттық санасы өркендеп, өсті. Ал қазіргі баспасөздің жағдайы осы тәуелсіздік талаптарына сай болуы керек. Тәуелсіздіктің өзі жан-жақты ұғым. Ой тәуелсіздігі, сана тәуелсіздігі. Біздің журналистер күмілжуден, бүгежектеуден арылуы керек. Біз университетте дәріс оқығанда, ең басты принцип ретінде студенттерге осыны ұсынамыз. «Сіздер именбеңіздер! Арқа сүйер еліңіз бар!» дегенді баса айтамыз. Бізге келген шәкірттер осыны ұғады. Біздің үйрететініміз осы. Қазақ журналистикасының басты ерекшеліктерінің бірі – көркемдік. Жалаңаш ақпарат бермейміз. Батыстан келген «ақпараттық журналистика» деген ұғым болатын. Ал ұлттық журналистикада талдамалы, сараптамалық міндеттер басты назарда болуы керек. Теориялық журналистика газет-журналдар, радио, телеарналармен тығыз байланыста болуы керек. Мен газет-журнал басшыларымен жиі әңгімелесемін. Сонда олардың журналистика факультетінде қандай әдебиеттер, қандай теориялық оқулықтар дүниеге келіп жатқандығынан хабарсыз екендігіне көзім жетеді. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы өздерінің оқығандарын айтады. Үлкен басылымдарды басқарып отырғаннан кейін олардың теориялық білімі де жоғары болуы керек. Қазір бәсекелестіктің заманы. Мультимедияның да кенеуі кетіп бара жатыр. Біз ұлттық журналистикамызды ілгерілете отырып, өзіміздің ақпараттық нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Конвергентті, мультимедия журналистикаларының принципті жаңалығы жоқ. Бұлар бұрыннан келе жатыр. Ертеден біздің журналистер әрі жүргізуші, әрі фотосуретші, әрі оператор болатын. Осындай мамандық иелері бізде бұрыннан бар болатын. Сондықтан, біз мұны жаңалық ретінде Батыстан алмауымыз керек. Осыдан арылсақ, терминологиялар жасау бізге өз-өзінен келетін шығар деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – шәкірт тәрбиелеу. Біз шәкірт тәрбиелесек, шәкірттер бізді тәрбиелейді. Журналистика факультеті – жастар мен тәжірибелі адамдардың одағы. Бүгінгі ұстаздардың барлығы қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалаған Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов ағаларымыздан тәлім алған. Солардың дәрісін тыңдадық. Солардан көп дүниені үйрендік. Олар да осындай мәселелерді жиі айтатын. Бір әттеген-айы, кеңестік дәуірдің идеологиясымен қоса жақсы әдістерді де лақтырып жібергендей болдық. Біздің факультет шығармашылық факультет болуы керек. Жан-жақтылық қажет. Бәсекеде жан жақтылық, керемет білім жеңеді. Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ, ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы:  width= – Кеңестік дәуірде ҚазГУ-дің журналистика факультеті қазақ тілді БАҚ үшін 50 бала , орыс тілді БАҚ үшін 50 бала дайындап шығаратын. Олардың бәрі ЖОО жолдамасы бойынша жұмысқа орналасатын. Қай жерге қанша жас маман керектігі мемлекет деңгейінде жоспарланып, жас маманға тиесілі жеңілдіктер заңмен бекітілетін. Ол бүгінде жоқ. Қазір мұның бәрін ЖОО өз ішінде, қоғамдық жұмыс деңгейінде, яғни Жұмыс берушілермен екі жақты келісімшарт негізінде жүзеге асырады. Келісімшартта таңдау сабақтары анықталады. Таңдау сабақтарын оқыған студенттер келісімшартқа отырған басылымдарда өндірістік тәжірибеден өтеді, диплом жұмыстарының тақырыптары да сол жерде белгіленеді. Бұлардың арасынан үздік шыққандары кейін сол мекемеге жұмысқа алынады. Ол үшін студент төмендегідей талап деңгейінен көріне білуі керек. БАҚ саласына қызметке орналасқан тілшінің ең бірінші міндеті – редакцияға келіп түскен хаттар мен мақалаларды қорытып, дайындап, газет бетіне немесе эфирге ұсыну. Тілшіге сол үшін айлық төленеді. Ал өзі жазған мақала үшін кез келген адамға қаламақы төленеді. Бұдан шығатын қорытынды – журналистика факультетін бітірген маман алдымен мәтінді өңдеу, жөндеудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруі керек. Сондықтан да «Мәтінді өңдеу, жөндеу әдістері» деген пән негізгі пән ретінде оқытылады. Дәл осы сияқты «Жанр түрлері мен ерекшеліктері», «Журналистік шеберлікті шыңдау», «Талдамалы журналистика», «Журналистік зерттеу әдістері» сияқты пәндер де негізгі пәндер ретінде қарастырылған. Ал салалық журналистика мәселесіне келсек, ҚазҰУ журфагінде әзірге «Құқықты журналистиканың өлшемдері» атты пән ғана бар. Бұл пәнде қылмыстың орын алуы, оның ашылуы, тергелуі, прокурорлық қадағалаудан өтуі, сотта қаралуы, адвокаттың немесе прокурордың наразылығы негізінде істің бұзылуы, аппеляциялық-кассациялық сатыда істердің қайта қаралуы барысында туындаған жағдайлармен қоса куәлардың, сот-медициналық сараптамасының қорытындысын пайдалана отырып журналистік мақала жазу әдістері үйретіледі. Құқық тақырыбына қалам тартып жүрген журналистердің құқық қорғау саласына (ІІМ, Прокуратура, Сот, Адвокатура, т.б) қатысты жазылған шығармалары сарапталынады, соңынан студенттер өз мақалаларын жазады, ол да аудиторияда талқыланады. Алдағы жылдары ҚазҰУ журналистика факультетінде «Экономикалық журналистика», «Әскери журналистика», «Спорт журналистикасы» сияқты негізгі пәндер де ашылады деп күтілуде. Журналистика мамандығын таңдаған талапкерлердің көбісі осы айтылғандардан мүлдем бейхабар күйінде ЖОО-ға келеді. Мектепте бір ауыз өлең жазған оқушыға әдебиет мұғалімі журфакқа баруға кеңес береді. Сірә, қалам ұстағанның бәрін журналист деп түсінсе керек. Сондықтан мектептің сабақ кестесіне журналистика жайында, жалпы БАҚ жайында арнайы дәріс енгізу жағын Білім және ғылым министрлігі ойластыратын мезгіл жеткен сияқты. Сонымен қоса заман талабына сай жас маманды жұмысқа орналастырудың да жаңа концепциясы жасалынып, үкіметке ұсынылса, нұр үстіне нұр болар еді. Клара Қабылғазина, ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры м.а., студенттік радио жетекшісі:  width= – Оқу-тәрбие процесін шәкірттердің патриотизмін арттыруға, мораль және адамгершілік нормаларын жоғарылата түсуге, ұлтаралық келісімді түсінуі мен төзімділігін шыңдауға, физикалық және рухани дамуын арттыруға, заңды құрметтеуге дағдыландыруға бағыттау мақсатында жүргізу күнделікті талап етілуі тиіс және бұл құндылықтар қазіргі тәрбие жұмысының негізіне айналғаны жөн. Жастардың бойында өздігінен білім алу, қоғамдық өмірде өзін-өзі жан-жақты таныту үшін алған білімін тиімді пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру және қоғамға пайда келтіру мәселелері маңызды болып табылады. Бұл ретте ұлттық құндылықтарды жастар бойына сіңіру қажет. Оқу бағдарламасының көбірек бөлігін ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарға арнау толыққанды мамандардың қалыптасуына мүмкіндік тудырады. Мемлекеттің әр азаматы жергілікті халықтың өкілі ретінде сапалық мақсат-мұраттарды меңгерген жағдайда ғана білім мен тәрбиенің ұштасуы өз бағытын табады. Енді осы мақсаттарды жүзеге асырушы тетік, әрине, бұқаралық ақпарат құралдары. Сол «халықтың көзі мен құлағына» айналып отырған саланың болашақ мамандарының сапалы болып шығуына әсер етуші фактор – жоғары технология. Бұл ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадио кешенінің атқарып отырған жұмысы атап айтуға тұрарлық. Сапалы техникамен қамтамасыз етілген телестудия, радио­студия, баспахана өз өнімдерін беруде. Телестудияда хабарлар күнделікті беріледі, университет өміріне қатысты деректі фильмдер жасалады, қоғамдық маңызы бар шаралардың бәріне атсалысады. Ал студенттік радио қызметі 1997 жылы Қазақ радиосының арнасынан қазақ және орыс тілдерінде алғаш рет эфирге жол тартқан еді. Еліміздегі тұңғыш студенттік радионың хабары ұлт тілінде республикалық радиодан бастау алып, алғашқы жарты сағаттық бағдарлама менің жетекшілік етуіммен әуе толқынына шыққан болатын. Алғаш «Сана» деп аталған радио атауы өзгеріп, кейін «әл Фараби» радиосы атанды. Көптеген ғибраты, айтары, үйретері мол айдарлар ашылып, маңызды әңгімелер жүргізілетін. Өмірлері ұрпаққа үлгі адамдардың сұхбаттары «Жақсыдан шарапат» айдарымен беріліп тұратын. «Студенттердің жыр дәптерінен» немесе «Студент күнделігі» атты айдарлар тұрақты орын алып, жастар шығармашылығына жол берілетін. Кейіннен «әл-Фараби радиосы» атанған студияның қазіргі жұмысы тікелей эфирге ауысқан. Радиостудия шәкірттердің тәжірибе мектебіне айналып отыр. Хабарлар қазақша, орысша, ағылшынша аптаның алты күнінде жарты сағаттан беріледі. Күнделікті үзіліс кезінде 3 рет эфирге қосылатын студенттік радио өз жұмысын университет өмірінде болып жатқан жаңалықтардан бастайды, қосымша спорт жаңалықтары беріледі. Шығармашылық топқа енгендер алдымен тақырыптық жоспар жасап, студияға кімдерді шақыру керек деген мәселе төңірегінде ақылдасып, шешіп отырады. Бағдарламалары сапалы шығуы үшін жастарға еркіндік керек. Жетекшінің тапсырмасын ғана орындайтын студенттердің ойлау, тақырыпты таңдау қабілеті төмендейді. Сондықтан, олардың өз ойларын іске асыруына жағдай жасап, мүмкіндік туғызып отырған жөн. Осы тұрғыдан студенттердің өз іштерінен ұйымдастырушы тағайындалған болатын. Өйткені жастар бір-бірімен тезірек тіл табысады. Студенттер көкейде жүрген ойларын бір-біріне еркін жеткізіп, оны іске асыруда да жұмыла кіріседі. Қазір барлық хабарлар тікелей әуе толқынынан беріледі. Тікелей толқындағы журналист жедел ойлауға, шапшаң сұрақ қоюға жаттығады. «Тікелей толқын» қазақ тілінің көркемдігін кемітеді» деген де пікірлер бар. Бірақ тәжірибелі журналистердің көркем тілді тікелей әуе толқынында да сәтті қолданып жүргенін көзіміз көріп жүрген жоқ па? Ендеше, эфир әлеміндегі жаңа лектен біздің де тысқары қалмағанымыз абзал. Аптасына алты күн беріліп отырған хабарлар бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірін қайталамайтын өзіндік сүрлеуге түскен. Университет ұжымы жүзеге асырып отырған ҚазҰУ студенттері оқуға тиісті «100 кітап» бағдарламасы, «Айналаңды нұрландыр», «Гринкампус» сияқты жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуына радио үлкен үлес қосуда. Өндірістік тәжірибелерін өткізгеннен кейін де студент-журналистер хабарлар жасап, уақытқа үн қосып, заманның жүрдек жүрісіне ілесе алатындарын көрсетуде. Студенттік радио арқылы шәкірттер хабар жасауға төселе түсуде. Техникалық безендіруді меңгеруде. Монтажды операторлардан кем жасамауға ұмтылады. Яғни, дайын журналистер ретінде радионың ісіне араласуға әрекет етуде. Шынында да, үйрену зертханасының қазанынан қайнап шыққан студенттер хабар жасаудың қарапайым процесінен бастап, күрделісіне, дыбыс жазудан кейін монтаждап, музыкамен әрлеуге дейін меңгеруді мақсат тұтады. Қазір оларда кемшіліктер де жоқ емес. Өмірде қолданылатын жаттанды сұрақтар, шиыр болған тақырыптардың айналасынан шықпайтын әдеттер оларда да бар. Жас журналистер ертең нағыз журналистика «майданына» араласқанда ондай кемшіліктерді қайталамаулары үшін де осындай тәжірибе мектебінен өтулері тиіс. «әл-Фараби» радиостудиясы үшін жақында үлкен бір серпіліс жүзеге асырылды. Ол – студенттік радионың интернетке қосылуы. Ендігі жерде дайындалған хабарларымызды әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын отандастарымыз онлайн жүйеде тыңдай алады. Алайда бұл жаңалық болашақ журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Хабарлардың мазмұндылығын, сапасын арттырумен қатар, университет имиджін көтеру үшін қызмет етуі керек. Яғни, Ұлыбританияның жер жүзіне белгілі Quacquarelli Symonds (QS) әлемдік халықаралық агенттігі өлшемдері бойынша үздіктер қатарына қосылып отырған оқу орнының талаптарына сай радио болуы қажет.   Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:  width= – Қазіргі кезде факультетімізде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға баса назар аударылуда. Осы мақсатта тәжірибелі журналистердің шеберлік сыныптарын ұйымдастырып келеміз. Одан бөлек, студенттердің шетел тілдерін меңгеруі үшін де жағдай жасалып отыр. Дамыған шет мемлекеттердің оқытушы-ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, онлайн курстар, семинарлар өткізіліп жүр. Сонымен қатар, студенттерімізге бәсекеге қабілетті әрі шетелдік тәжірибемен таныс болуы үшін академиялық ұтқырлық бойынша шетелде білім алу мүмкіндігі берілгенін атап айтқанымыз жөн болар. Академиялық ұтқырлық – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуының негізгі басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт ішкі және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары дәрежелі мамандарды дайындауды мақсат етеді. Академиялық ұтқырлық бойынша өзге мемлекеттегі жоғары оқу орнына барған студент тәжірибе алмасып, академиялық ортаға бейімделеді. Сондай-ақ, академиялық ұтқырлық ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, басқа елдердің мәдениеті мен дәстүрімен танысуға жол ашады. Бұл ретте, журналистика факультетінің студенттері де бюджеттік қаражат есебінен жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына білім алу немесе ғылыми тәжірибеден өту үшін іссапарға жіберіледі. ҚазҰУ Ресей, Корея, АҚШ, Франция, Германия, Испания, Италия, Ұлыбритания, Малайзия сынды мемлекеттердің жоғары оқу орындары және ұйымдарымен өзара ынтымақтастық жөнінде 200-ден астам келісімшартқа қол жеткізіп отыр. Бүгінде факультетіміздің студенттері академиялық ұтқырлық бойынша әлемнің дамыған бірқатар елдерінде білім алып, тәжірибе жинақтап келді.    

Серіктес жаңалықтары