344
Ж.Досқалиев ағзасын беруге дайын
Ж.Досқалиев ағзасын беруге дайын
Еліміздің бас трансплантологі донор болуға дайын. Бұл туралы ол Ақтөбеде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Донор болудың мән-жайын түсіндірген Ұлттық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев донор болу мен одан бас тарту жайын айтып берді.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексіне сәйкес кез келген адам мекенжайы бойынша тіркелген емханаға барып, донор болуға өтініш жаза алады. Кейін арнайы медициналық тексеруден өтіп, донор болуға жарамды немесе жарамсыз деген қорытынды шығарылады. Егер жарамды болса тіркеуге алынады. Бұл түбегейлі шешім емес. Кез келген адам бұл ойынан бас тартып, емханаға барып, қайта арыз жазады. Ол кезде адамның миы өлген жағдайда дәрігерлер науқасқа қол тигізе алмайды. Егер ешқандай құжат болмаса, дәрігерлер туған-туыстарының, таныстарының келісімін күтпей адамның ағзасын ала алады.
«Мидың өлі немесе тірі екенін анықтайтын арнайы аппарат бар. Мидың өлгенін анықтайтын арнайы әдіс бар. Бұл жерде жемқорлықтың болуы мүмкін емес. Әрі шешімді бір емес, бірнеше дәрігер шығарады. 24 сағат бойы науқасты бақылаймыз, кейін шешім шығарылады. Кез келген адам донор бола алмайды. Оны қарапайым халыққа түсіндіру керек. Бірнеше тексеру жүргізіліп, гистологиялық сәйкестігі анықталады. Адамның ағзасы көліктің қажетті бөлшектері сияқты емес. Егіздердің де ағзалары бір-біріне сай келмей жатады. Мен құжатқа қол қойдым. Мен бүгін өлсем де барлық жерде ағзамды беремін. Өзімнің емханама барып, сол жерде құжатымды толтырдым», - деді Жақсылық Досқалиев.