190
Зымыраннан құлаған өрт үшін Ресей өтемақы төлемейді
Зымыраннан құлаған өрт үшін Ресей өтемақы төлемейді
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қарағанды облысында зымыранның құлағаннан кейін шыққан өрт үшін Ресейдің өтемақы төлемейтінін айтты.
"Өртті сөндіруге бағытталған жұмыстардың барлығы жасалды. Сіздер мұндай жағдайлардың жылына 2-3 рет болатынын ескермей отырсыздар. Онымен қоса, өрт шөлейтті аумақта болды, күн өте ыстық. Өртті сөндіруге қатысты шараларға кеткен шығынды ресейлік тарап алды. Олар барлық шығынды толықтай жапты", - деді министр. Атамқұловтың айтуынша, Қазақстан өрт үшін өтемақы талап етпейді. "Ол жақта тек шөп өртеніп кетті", - деді министр.
Бейбіт Атамқұлов төтенше жағдайдан қаза тапқан ер адамның отбасына және зардап шеккендерге қандай өтемақы берілетінін нақтыламады.
"Роскосмос" өкілдері көрсететін көмектің сомасы әзірше талқыланып жатыр, оны айта алмаймын. Ол Ресей Федерациясының бюджеті ғой. Көмектің барлығын ресейлік тарап көрсетеді, себебі қаза тапқан ер адам ресейлік кәсіпорынның жұмысшысы болып саналады. Сол жақтан жалақы алып жүрді, сақтандыруы және тағы басқасы", - деді министр.
Осыған дейін14 маусымда кешкі уақытта қолданушылар WhatsApp мессенджері арқылы Жезқазған маңындағы Талап ауылына зымыран құлағаны туралы хабар таратқан болатын. Хабарламада қирандыда гептил (адам өміріне өте қауіпті химиялық улы зат) бар делінді.