479
"ЭКСПО-ға кеткен қаржыға алаңдаудың қажеті жоқ"
"ЭКСПО-ға кеткен қаржыға алаңдаудың қажеті жоқ"
EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне кеткен қаржы үшін алаңдаудың қажеті жоқ, көрменің ұтымды тұстары көп. Нидерланды корольдігі павильонының комиссары Ханс Дриссер павильон таныстырылымында осылай айтты. Оның мәліметінше, нидерландықтар өз идеяларын көрсетуге 2 миллион еуро көлемінде қаржы жұмсаған, деп хабарлайды Baq.kz.
«Мен EXPO көрмесіне жұмсалған қаржы жайлы пікірімді білдіргім келеді. Көптеген қазақстандықтар көрмеге қыруар ақша жұмсалды деп алаңдап жатқанын білемін. EXPO-ға қатысқан әр ел де өз павильонына қаржысын құйды. Дегенмен, менің айтарым, көрменің артықшылықтары мен перспективалары зор, болашағы бар. Біріншіден, көрме Қазақстанды бүкіл әлемге танытады. Бұл процесс сіздерде бұрын басталған, бірақ EXPO-ның арқасында бұл үрдіс одан әрі тереңдей түсті. Көрмеге көптеген елдер қатысып жатыр. Қазақстандықтар басқа елдердің мәдениетімен танысады, басқа елдер сіздердің елдеріңізді танып, осында келе бастайды. Осындай ауқымды жобалар әлем назарын елдеріңізге аударады. Мен бұны шараның жағымды тұсы деп ойлаймын. Көрменің инфрақұрылымы тамаша. Мен өзім ЭКСПО қалашығында тұрамын, өз пәтеріме көңілім толады. Біз көрмеден кеткеннен кейін қалашық халық игілігі үшін пайдаланылады. Халық осында келеді, тұрады. Бизнесмендер де осы аумақта қызмет ететін болады. Менің ойымша, EXPO көрмесінің ұзақ мерзімді келешекте берері мол. Сондықтан, мен көрменің қаржылық аспектісін сынаудан аулақпын», - дейді Ханс Дриссер.
Комиссардың айтуынша, Нидерланды өз павильонын жасауға шамамен 2 миллион еуро жұмсаған.