328
Алматылық 168 отбасы баспаналы болды
Алматылық 168 отбасы баспаналы болды
Биылғы жаз бірқатар Алматылықтар үшін табысты болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрған 168 отбасы Атлеттер ауылында салынған су жаңа баспананың иесі атанды деп хабарлайды Егемен Қазақстан.
Қала әкімі Бауыржан Байбек қуаныш иелерін құттықтап, пәтер кілтін өз қолымен табыс етті. Баспаналы болғандардың қатарында мүгедектер, көпбалалы және толық емес отбасылар, мемлекет және бюджет қызметкерлері, әскери саланың мамандары бар. Жаңа үйдің иелері атанған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Аталған қалашықта тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. 14 тұрғын үй орналасқан Атлеттер ауылының кешені 23 гектар аумақты алып жатыр. Оның айналасы заманауи видеобақылау жүйесімен, өрт қауіпсіздігімен толық қамтылған.
Халыққа қызмет көрсету орталығы, емхана, супермаркет, сұлулық салоны, банк және почта бөлімшесі, полицияның тірек пункті жұмыс істеп тұр. Жаңа қоныстанушылар үшін «Алматы арена» спорт кешенінің секцияларында жаттығу жасау үшін толық мүмкіндік бар. Соңғы 5 жыл ішінде Алматыда 10 мыңнан астам пәтер үлестірілген. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да 4,5 мың пәтер өз иесін тауып,кезекте тұрған әрбір төртінші отбасы баспаналы болмақ.
– Атлеттер ауылында қазіргі кезде 1748 пәтер бар. Тұрғын үй басқармасы тұрғын үй комиссиясының сүзгісінен өткен 1655 пәтер иелерінің тізімін жіберді. Жалға беріліп, кейін сатып алатын 900 пәтер иелерімен келісім жасалды. Қазіргі кезде қалада тұрғындарға пәтер бөлу шешімдерінің барынша ашық жүруі үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Пәтер кезегінде тұру, оның жылжуы тек электронды режимде жүргізіліп, электронды үкімет порталында жүзеге асады.