Қазақстанда құрылыс материалдарының экспорты 0,02 пайызды ғана құрайды
Қазақстанда құрылыс материалдарының экспорты 0,02 пайызды ғана құрайды
Ел экономикасы үшін құрылыс саласының мән-маңызы айтарлықтай рөл ойнамақ. Дамыған елдерде құрылыс материалдарының өндірісі экономиканың аса маңызды салаларының құрамына кіретін құрылыс кластерінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Ал бізде құрылыс индустриясын 700-ге тарта өнеркәсіптік кәсіпорындар құрайды. Олардың қызметі құрылыс материалдарын өндірумен ғана шектеліп отыр.
Құрылыс индустриясы объектілерін жекешелендіру, құрылыс ұйымдарын қайта құру және мемлекет иелігінен алу кезеңінде құрылыс жұмыстарының көлемі күрт төмендегенімен қоса, құрылыс индустриясы кәсіпорындарының өнімдеріне сұраныс та азайып кетті. Бұл осы саладағы көптеген ірі кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына және жойылуына алып келді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аталмыш саланың өнеркәсіптік өндірістегі үлесі 2,2 пайызды құрады. «Қазақстан-2050» стратегиясы бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларында елімізге инвестицияларды тарту, жаңа технологияларды игерген, бәсекеге қабілетті, үлкен тәжірибеге ие алпауыт компаниялардың шикізат секторынан тыс өндірісті дамыту және импортты азайтып, экспортты көбейту мәселесіне сәйкес индустриялық және арнайы экономика аймақтарының инфрақұрылымын дамытуға көптеген қаржы бөлінді. Бұл саладағы мемлекеттен қолдау тапқан бастамаларға білек сыбана кіріскенмен, елдегі құрылыс жағдайының оңалып кетуі екіталай күйде тұр. Таяуда Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Құттықожа Ыдырысов құрылыс саласына қатысты мәселенің мән-жайына назар аударып: «Қазіргі таңда елдегі бірқатар аймақтарда әртүрлі бағыттарға икемделген өндіріс зауыттарын іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қоса, біршама заңдық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Елімізде бірегей нысандардың ауқымды құрылысы басталуда, оның ішінде транзиттік потенциалды жоғарылатуды көздейтін «Қорғас-Шығыс» құрғақ портының құрылысы, Көлік-логистика Хаббы, жоғары дәрежеге сай Елордамыз – Астана әуе жайының жаңғыртылуы күтілуде. Дүниежүзілік спорттық сайыстардың Қазақстан елінде жоғары деңгейде өту үшін лайықты спорт ғимараттары мен стадиондар құрылысы жүргізілмек. 2014 жылғы 1 тамызда Елбасы бекіткен «Қазақстан Республикасын индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес 6 басымдық өңдеуші өнеркәсіп көзделіп, соның ішінде 14 сектор, ал оның ішінде өндіріс құрылыс материалдары айқындалған. Дегенмен де, елімізде құрылыс материалдары бағасының өсуі және сырттан келетін импорттың едәуір өсуі байқалады. Бәсекеге қабілетті отандық өндірушілер саны азаюда, оның себебі бірегей өнімдердің шығарылмауы, көптеген бағытқа арналған құрылыс материалдарды өндеу жұмысының жолға қойылмауы, еңбектің төмен өнімділігі және аспаптар мен технологиялардың ескі екендігіне байланысты болып отыр. Осыған орай табиғатымыздың шикізаттары рәсуа болып, негізінде тек қана құрылыс материалдары өңделуде, оның ішінде цемент және кірпіш өндірісі ғана енді бір жүйеге келіп отыр. Елімізде металургия комбинаттарын қайта жаңғырту және кеңейту бағдарламалары қабылданып, энергетика салалары да дамуда, жалпы айтқанда ауқымды индустриализациялануға бағыт алған. Үлкен қалаларымызда аяқ басатын жер қалмай, көлік тұрақтары тұратын жердің қажеттілігі сезілуде, сонымен қатар орталықта аулалардың таршылығына байланысты халықаралық стандарттарға сай автоматтандырылған көп қабатты көлік тұрақтары тұратын ғимараттарды салу мәселесі тезірек шешімін табу қажеттігі жайлы көп жылдар бойы айтылып келеді. Жоғарыда атап көрсетілген барлық жоспарланған және айтылған нысандардың құрылысына негізінде 50-80% аралығында құрылыс материалдарының басым бөлігі жоғары сапалы өңделген темір-болат бұйымдарынан жасалатыны бәрімізге де айқын. Атап айтқанда, өндіріс орындары, зауыттар мен комбинаттар өздерінің жұмыстарында ауыр крандар, гидравликалық қондырғылар және әртүрлі аспаптарды қолданады. Дамыған елдердің басым бөлігінде осы жаңа технологиялармен өнделген темір-болат конструкция өнімі 60-пайыздан аса әр өндіріс экономикасында қолданылып келеді. Неге десеңіз, ең алдымен қауіпсіз әзі арзан, икемді және жоғары сапаға сай болып отыр. Қосымша артықшылығын қарап көрсек, баға жағы, сапасы, көпке шыдамдылығы және жедел құрылыс жасауға икемділігі жақтарынан басқа құрылыс өнімдеріне қарағанда едәуір жоғары болып келеді. Қазақстанның сыртқы экспортының ішінде осы атап айтқан металқұралымның өндірісі 0,02 пайыздан аспайды, яғни жыл санап азаюда және жоғарыда көрсетілген ауқымды құрылыстарды ескерсек, онда импорт пайызы едәуір өсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан осы саланы еліміздің экономикасын дамыту мәселесінде инвестициялық басым жобалар қатарына қосуға толық мүмкіндік бар және инвесторларды осы саланы дамытуға келтіру өте орынды деп санаймыз», ̶ деді. Депутат көтерген мәселе мен қойылған сауалдың астары ел экономикасының күре тамырын дөп басты. Соңғы уақытта исі қазақ жайдарлы жазда жатпай-тұрмай үй жөндеумен айналысатын болған. Күн жылысымен құрылыс материалдарының да бағасы аспандап кететіні белгілі. Оның сыры да жалпақ жұртқа аян сияқты. Құрылысқа қажетті материалдарды өзімізде өндіру мүмкіндігі төмендеу әрі сапасы сын көтермейтіндігі жасырын емес. Ал сырттан әкелінген құрал-жабдықтардың бағасы екінің біріне қолды емес болып отыр.
Қолда барды іске жарата алмаймыз ба?
Соңғы бес жылдықта құрылыс кластерін қалыптастырып, елді барынша отандық жоғары сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы ретте атқарған жұмыстың нәтижесі де жоқ емес дейді кейбір шенділер. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы елімізде гипс картонын және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша ішкі нарықта өндіріс көлемі 90 пайызға жуықтапты. Бұл салада «Жамбылгипс» АҚ, «Alina» ЖШС, «Knauf Kazakhstan» ЖШС, «Alit» ЖШС секілді 4 кәсіпорын бар. Республика аумағында 110 кірпіш өндіруші қызмет етеді. Сондай-ақ, 7 жаңа кірпіш зауытының құрылысы аяқталып, қуаттары іске қосылғаннан кейін 2016 жылға қарай өнімнің осы түрін импорттаудан толығымен бас тарту жоспарланып отыр екен. Лак-бояу материалдары бойынша жаңа енгізілген зауыттардың арқасында, қазір ішкі нарықтың 60 пайыздан астамы отандық өндірістегі материалдармен қамтамасыз етілмек. Атап өтетіні, 2012 жылы терезе мен есіктер үшін профиль өндіру бойынша 2 жоба жүзеге асырылды. Оңтүстік Қазақстан облысында «Триумф М.М.С» зауытында» қуаттылығы жылына 7000 тонна өнім және Астана қаласында – «Функе Кунсштоффе» ЖШС, оның қуаттылығы жылына 6000 тонна өнім болады деп жоспарланды. Десе де біздегі құрылыс өнiмдерiн шығаратын зауыттар өнiмге қосатын құрғақ қоспаларының көпшілігін шетелден алатындықтан баға мәселесінде тығырыққа тіреліп отыр. Сол себептен де отандық құрылыс материалдарының бағасы қымбат дейді кейбір сарапшылар. Елімізде арматура мен цемент шығаратын өндіріс орындары саусақпен санарлық. Сондықтан да өнімнің бұл түріне сұраныс қажетінше қанағаттандырылмай отыр. Одан бөлек құрылысқа аса қажетті материалдың бірі – ағаш өнімдері. Елімізде орман қоры аз болғандықтан еденінен бастап, шатырын жапқанға дейінгі жұмыстарға қажетті ағаштарды амалсыз тағы да шеттен тасымалдаймыз. Құрылыс саласының қазіргі артта қалуы негізінен, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың техникалық деңгейінің төмендігі және технологиялық құрал-жабдықтар паркінің тозуынан туындап отырса, тағы бір мәселе өндіріс орындары қажетті сапалы шикізат түрлерін дайындап беретін арнайы жүйенің болмауынан туындап отыр. Оған қоса, сыртқы сауда нарығының қарқыны еш баяулар емес. Құрылыс материалдарын тұтынушы мемлекеттердің қатарына жататын біздің ел қажетті құрылыс материалдарының көп бөлігін сыртан алады. Атап айтсақ: ағаш құрылыс құрастырмалары және ұсташылық өнімдер, тұсқағаздар, табақ шыны, керамикалық отқа берік өнімдер, кірпіштер, плиткалар, күйдірілген балшықтан жасалған құрылыс өнімдері тағы басқалары. Бұл салада экспорттан импорттың басым екендігін де аңғару қиын емес. 2009 жылға цемент импорты 1265574,09 тоннаны құраған. Қазақстанға импортталатын цементтің едәуір үлесін Қытай, Өзбекстан, ТМД елдері иеленеді екен. Бүгінгі уақыттағы елдің құрылыс индустриясындағы оң өзгерістерге қарамастан, құрылыс тауарлары нарығындағы орын алып отырған тапшылық негізінен, едәуір көлемде импорттық өнімдер есебінен толықтырылып отыр деп топшылауға негіз бар. Осы уақытқа дейін құрылыс саласында импорттық өнімдердің енгізілуі өспесе кеміген емес. Отандық өндірушілердің шығаратын өнімдері сыртқы нарықтарда бәсекеге төтеп беруге әрқашанда қабілетті бола алмайтыны тағы бар. Соңғы уақыттарда ТМД елдерінен және Қытайдан әкелінетін құрылыс материалдары бағаларының өсу қарқыны отандық өндірістің материалдарына қарағанда әлдеқайда төмен болып отыр. Бұл жағдай импорттық құрылыс материалдарының отандық материалдармен салыстырғанда бәсекелік артықшылықтарын тудыруда. Біздің елде құрылысқа қажетті шикізат қорының игерілмеген мол мөлшері шоғырланған. Мысалы, мергель, гипс, отқа төзімді, баяу балқитын, фосфорлық саздар, әктас, құм, асбест, мәрмәр, гранит, тағы басқалардың қоры бар. Мұның бәрі құрылыс саласын барынша дамытуға мол мүмкіндік бермек. Бірақ өте жақсы шикізаттық базаға ие болуына қарамастан құрылыс материалдарының импортына тым тәуелділігіміз жойылмай келеді. Себебі, өндіріс орындары әлі де аз. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын өндіру бойынша қызметті шектейтін білікті жұмысшылардың жетіспеушілігі сияқты факторлар, сондай-ақ, құрылыс материалдары өндірісінің техникалық деңгейін арттыру да маңыздылығын жоймауда. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында да құрылыс материалдарының, жылылықты оқшаулайтын, жабындық материалдардың, керамика бұйымдарының, табақ шыны, полимер материалдарының өндірісін дамыту әрі қарай жалғаса беретіні айтылуда.
Отандық құрылыс дамымай, баспана арзандамайды
Соңғы жылдары Елбасының тапсырмасына орай мемлекеттік мекемелер баспана бағасын төмендетудің жолдарын қарастыруға білек сыбана кірісіп кеткен болатын. Осылайша, елімізге цемент тасымалдайтын кәсіпорындардың жұмысы қырағы назарға алыныпты. Ірі компаниялар мемлекеттік реестрге енгізіліп, олардың бағаны тұрақтандыруына қатысты бірқатар шаралар қолға алынды. Тиісті сала мамандарының айтуына қарағанда, құрылыс материалдары бағасының тұрақтандырылуы – еліміздегі баспана бағасын айтарлықтай төмендетуге септігін тигізбек. Елбасының бастамасымен жаңа «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарламаның басты бағытының бірі – жылына 6 миллион текше метр шамасында тұрғын үй салуды қамтамасыз ету. Оған 2011-2013 жылдарға бюджеттен 40,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Сол тұста қара халықтың қолына пәтер кілті тиеді деген сенім болған еді. Артынша құрылыс материалдары қымбаттап, пайдалануға берілетін баспананың бағасы да арзан болмайтыны анықталды. Жасырары жоқ, қарқын алған құрылыс саласына қажетті материалдардың дені шеттен тасымалдануда. Кезінде Индустрия және сауда министрлігі (қазіргі Инвестициялар және даму министрлігі) қазақстандық құрылыс компаниялары жыл сайын 900 миллион доллардың құрылыс материалдарын сырттан әкеледі деп мәлімдеген. Ал Статистика агенттігінің мәліметтеріне жүгінсек, құрылыс материалдарын тұтынуда импорттың үлесі 50 пайыздан асатынға ұқсайды. Ағымдағы жылғы наурызда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда құрылыс ұйымдары сатып алған материалдар, бөлшектер және конструкциялар бағасының индексі 100,5 пайызды құрап, пластмассадан жасалған құрылыс бұйымдарының бағасы 1,8 пайызға, асфальттан немесе ұқсас материалдардан жасалған бұйымдар – 1,4 пайызға, бетондар мен құймалар – 1,1пайызға, кірпіш – 0,9 пайызға, қиыршықтас – 0,3 пайызға өскен.
Отандық өнімге қолдау көрсетілсе...
Қазақстандық автоклавты газобетон ассоциациясының баспасөз қызметі ірі инфрақұрылымдық объектілер, соның ішінде EXPO-2017 отандық материалдарсыз салынып жатыр деп хабар таратқан болатын. Қазақстандық өндірушілердің сөзіне сүйенсек, рубль мен теңге курсының айырмашылығынан Қазақстанда Ресейден әкелінетін құрылыс материалдарын көбірек алуға мүмкіндік бар. Негізінен, сапалы деген материалдар іріктелініп алынады да, оның ішінде бағасы бойынша ең арзан деген өнім әкелінетін көрінеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рахим Ошақбаев: «Құрылыс индустриясы курстық айырмашылықтарға байланысты тығырыққа тіреліп отыр. Қазіргі күні жергілікті кәсіпкерлерге тапсырыс бергеннен Ресейден цемент, газобетон, кірпіштер сынды материалдарды әкелген тиімдірек. Отандық өнімдерді қолдау бағдарламасын әрі қарай дамыта беру керек. Елбасының қазақстандықтарға неғұрлым көп жұмыс орнын ашу туралы тапсырмасы бар. Яғни, ірі инфрақұрылымдық объект өкілдері Ресейден материалдар әкелген тиімдірек дегендері үшін қоғамдық сөгіске ұшырайды. Бұл жерде патриоттық сезім мен бизнестің қоғамдық жауапкершілігі туралы сөз болады. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілер өз материалдарын белсенді түрде ұсына білулері тиіс. Ал, ірі тапсырыс беруші компаниялар олардың ұсыныстарын барынша қабылдап, жобалық-есептік құжатнаманы жүргізулері шарт», – дейді. Мекеме таратқан мәлімет бойынша, EXPO-2017 объектілері үшін Санкт-Петербургтен ірі форматты керамикалық блок алынғандығы көрсетілген. Блоктың сапасы отандық материалмен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ әрі бағасы да арзан көрінеді. Материалдарды жеткізу бағасын қосқанның өзінде бағаның арзан болуы көптеген әзірлеушілерді алаңдатып отыр. Ресейден одан бөлек, біздің елге газобетон тасымалданады. Ал Қазақстанның тоғыз зауытында газобетонның жоғары сапалы түрлері өндіріледі. Бізде өндірілген газобетонның сапасы Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы дейді сарапшылар. «Бізді мазалайтын бір сұрақ: неге энерготиімділігі жағынан барлық нормаларға жауап берсе де, отандық өнімнің қолданыс аясы тар? Бұрыннан бері құрылысшы боп келе жатқан, ескі мектептің шәкірттері әлі күнге дейін газобетонға силикат кірпіш деп қарайды. Десе де, бізде осымен 10 жылдай бұрын іске қосылған экологиялық газобетон даярлайтын зауыт бар. Көптеген халықаралық зерттеулер нәтижесінде, автоклавты газобетонның сапасының жоғары екендігі дәлелденген. Қазақстанда тоғыз зауыт жылына 1 млн м/куб газобетон өндіре алады. Бірақ олар тиісті дәрежеде қолданылмай жүр», – дейді Қазақстандық автоклавты газобетон өндірушілер ассоциациясының директоры Дәулет Сүтемгенов. Расында, Рахим Ошақбаев айтқан патриоттық сезім мен бизнестің қоғамдық жауапкершілігі сауда нарығында бетпе-бет келіп қалатын тұстар болып тұрады. Бірақ бәсекеге қабілетті өнімнің сапалы болғаны кім-кімнің де сұранысын қанағаттандырары сөзсіз.
Астана қаласы