Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдаманы ресми түрде иеленді. Канада командасына қарсы тартысты бәсекедегі шешуші ұпайды Юлия Путинцева еншіледі.
Ол тарихи матчта US Open турнирінің экс-чемпионы Бьянка Андреескуды жеңді. Матч есебі: 7:6 (7:5), 3:6, 7:6 (7:4).
Қос құрама көшбасшыларының кездесуі 3 сағат 39 минутқа созылып, нағыз теннис триллеріне айналды. Бұл ойын екі теннисшінің де кәсіби мансабындағы ең ұзаққа созылған матч ретінде тарихқа енді.
Бьянка Андрееску кортқа жұптық сыннан кейін бірден шыққанына қарамастан, айтарлықтай қарсылық көрсетті. Бұл бәсеке төзімділік сыналған шахмат партиясын еске түсірді: әрбір гейм ұзаққа созылған ұтыстармен өтіп, жеңіс таразысы соңғы сетке дейін ауытқып тұрды. Шешуші сәттерде Юлия Путинцева темірдей тәртіп пен физикалық төзімділік танытып, жанкүйерлердің зор қолдауымен қарсыласын қапы қалдырды.
Путинцеваның бұл жеңісі Қазақстан құрамасына Канададан мерзімінен бұрын басым түсуге мүмкіндік берді. Осы айтулы жетістіктің маңыздылығына тоқталған Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов былай деді:
«Біздің ұлттық құрама өз тарихында төртінші рет ең беделді командалық турнирдің финалдық кезеңіне өтті. 2022 жылдан бері біз оның шешуші сатысында тұрақты өнер көрсетіп келеміз. Бұл – бүкіл қазақстандық спорт үшін маңызды оқиға. Командалық әлем чемпионатының қатарынан табылуымыз құрама мен еліміздегі теннис жүйесінің жоғары деңгейін растайды. Мұндай нәтиже көпжылдық мақсатты жұмыстың жемісі және біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі. Бұл табыс тек мақтаныш қана емес, бүкіл еліміздегі жас өрендер үшін үлкен серпін болмақ. Қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі сенімді ойынын көрген өскелең ұрпақ жаңа белестерге ұмтылуға шабыт алады».
Енді ұлттық құрама жылдың басты додасына дайындалады. Әлемнің ең үздік 8 командасы бақ сынайтын Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 2026 жылдың күзінде Қытайда өтеді.
Қазақстан – Канада матчының нәтижелері (3:1):
Юлия Путинцева – Кайла Кросс – 6:3, 7:5
Соня Жиенбаева – Бьянка Андрееску – 4:6, 6:7
Анна Данилина / Жібек Құламбаева – Бьянка Андрееску / Кайла Кросс – 7:5, 6:1
Юлия Путинцева – Бьянка Андрееску – 7:6, 3:6, 7:6